Accessibility links

«Оқытушы бопсасына» шағымданған студент көбейе түсті


Диплом жұмысын ұстап тұрған студент. (Көрнекі сурет)

Азаттықтың «Диплом жазатын студентті оқытушы «бопсалайды» деген мақаласынан кейін редакцияға хабарласып, диплом жұмысын сатып алуға итермелейтін оқытушылар туралы шағым айтқан студент көбейе түсті.

Қазақстан жоғары оқу орындарында (ЖОО) диплом қорғау маусымы басталған шақта, яғни маусымның 1-і күні Азаттыққа «Диплом жазатын студентті оқытушы «бопсалайды» деген тақырыппен Алматыдағы кей студенттердің шағымы жайлы мақала шыққан. Онда кейбір оқытушылардың студенттерді дайын диплом жұмысын сатып алуға мәжбүрлейтіні жазылған еді. Мақала шыққан соң ондай оқытушылар тек Алматыда емес екені білінді. Қазақстанның басқа өңірлеріндегі ЖОО студенттері де дәл осы мәселе бойынша шағым айтып хабарласа бастады.

Атырау мұнай және газ университетін бітіріп жатқан, аты-жөнін айтуға жасқанатынын мәлімдеген студент Азаттыққа хабарласып, диплом жұмысын жетекшісіне «еріксіз» жаздырғанын айтып шағымданды. Ол диплом жұмысын «жаздыру» үшін университетке «250 мың теңге бергенін» баяндады.

Диплом жұмысын сатып алдым. Мұғалімдер бірден айтты - «сатып алмасаң, өткізбейміз» деді. Толық диплом жұмысына әр студент 250 мың теңге бердік.

- Диплом жұмысын сатып алдым. Мұғалімдер бірден айтты - «сатып алмасаң, өткізбейміз» деді. Толық диплом жұмысына әр студент 250 мың теңге бердік. «Жартысын бастап, әкеп тастаңдар» деді. Диплом қорғау кезінде айтатын сөзді де дайындап берді. «Төрт» алдым. Мен өзім жазғым келген, бірақ қорғауда проблема болатынын айтты, - дейді студент.

Оның сөзіне қарағанда «тобында бірге оқитын 8 студент те диплом жұмысын сатып алған».

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫН САТУДЫҢ ТҮРЛІ ТӘСІЛДЕРІ

Атырау мұнай және газ университетінде, студенттердің сөзіне қарағанда, диплом жұмысын сатып алу туралы ашық талап қойылса, кейбір ЖОО-ларда «сауда» түрлі қитұрқы жолдармен жүретіні аңғарылады. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4-курс студенті диплом қорғайтын студент пен диплом жұмысын жазып беретін мұғалімді байланыстыратын «посредниктер» бар екенін айтады.

- Университетте оқытушылар диплом жазады. Бағасы 60 мың теңгеге дейін болады. Әр кафедрада бір-екі мұғалім бар. Өздері диплом жазып береміз деп ұсыныс айтады. Студент пен мұғалімді байланыстыратын «посредниктер» де бар. Бірақ өзі жазып, жақсы баға алып жатқан студенттер де бар, - дейді ол.

Алматыдағы ЖОО студенттері. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы ЖОО студенттері. (Көрнекі сурет)

Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің аты-жөнін жариялауға рұқсатын бермеген студентінің сипаттауынша, бұл ЖОО-да диплом жазып беретінін оқытушылар ашық айтпайды және жаздыру туралы талап қоймайды. Процесс «құпия жүреді».

- Бізде де оқытушылар диплом жазып береді. Бағасы 100 мың теңгеден болады. Бірақ диплом жазамыз деп өздері айтпайды. Студенттер мен мұғалімдер өте құпия түрде келісіп, бір-бірін тауып алады, - дейді студент.

Ал Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап жатқан Азамат (студент өтінішімен аты өзгертілді) бұл мәселенің өздерінде «ерікті» түрде шешілетінін айтады. Азамат «дипломын жетекшісіне жаздырғанын» жасырмайды.

- Өзің жазасың ба, жазбасаң 100 мың теңге бер, өзім реттеп беремін деді. Ақша ұсындым, ол қарсы болмады. Бірақ біздің университетте оқытушылар «дипломды өзің жазбайсың, мен жазамын» деп талап қоймайды. Студенттің өзіне байланысты, - дейді ол.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Сурет университеттің ресми сайтынан алынды).
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Сурет университеттің ресми сайтынан алынды).

«ӨЗІМІЗ ДЕ КҮРЕСІП, ІЗДЕСТІРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Азаттық тілшісі аталған ЖОО-лардың басшылықтарына хабарласқан еді. ЖОО әкімшіліктері өкілдерінің бірі «диплом жазатын оқытушылар жоқ» десе, кейбірі «бұл мәселемен күресіп жатқандарын» мойындайды.

Мәселен, Атырау мұнай және газ университетінің баспасөз қызметі өкілі Гүлшара Дәрібаева «оқу орны коррупциямен күресуге дайын» екенін, «қысым көрген студенттер ректорға келіп шағымдануына болатынын» айтады.

Қорықпасын, ректордың атына жазсын. Бізге келсін, ректорға бірге кірерміз. Біз студенттерге қысым жасаумен, коррупциямен күресуге, оны түбірімен жоюға мүдделіміз.

- Ректор студенттермен жиі кездесіп, «коррупция ұшқыны сезілді ме -айтыңдар» деп ескертіп тұрады. Студенттер қорғамай тұрып неге айтпайды? Қорықпасын, ректордың атына жазсын. Бізге келсін, ректорға бірге кірерміз. Біз студенттерге қысым жасаумен, коррупциямен күресуге, оны түбірімен жоюға мүдделіміз. Студенттер қорықпасын, келіп айтсын, қорғауға дайынбыз. Мұғалімдерді анықтайық, бірге анықтайық. Заң жүзінде бәрін реттейік. Алдағы уақытта мемлекеттік аттестациялауды өзгертіп, диплом қорғау емес, үлкен жоба жасау жағын енгіземіз, - деді ол.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Қанат Байболов «диплом жазатын оқытушыларды анықтау үшін арнайы жиналыс пен сауалнама өткізгендерін» баяндады.

- Бізде студенттер диплом қорғап болды. «Осындай факт бар ма?» деп бітірген студенттер арасында жиналыс өткізіп, сауалнама жүргіздік. Сауалнаманы студенттерге қысым болмасын, қорықпасын деп диплом қорғап болған соң ұйымдастырдық. Студенттерге «қорықпаңыздар, ашығын айтыңыздар, бізге ол күресу үшін керек» деп ескерттік. Бірақ барлық студент «өзіміз жаздық» деп жауап берді. Факті болмаған соң, ештеңе істей алмаймыз, - дейді ол.

Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің техникалық факультетінің деканы Саяхат Нүкешов «Бұл іс өте құпия түрде жүреді. Өзіміз де күресіп, іздестіріп жатырмыз. Университеттегі шағым кітабы мен жәшіктерді ашық қойдық» дейді.

Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттері диплом алған сәт. Астана, 1 маусым 2017 жыл. Фото университеттің ресми сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)
Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттері диплом алған сәт. Астана, 1 маусым 2017 жыл. Фото университеттің ресми сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы Раушан Амренова «мұндай дүниені бірінші рет естіп отырмын. Шағымданған студенттер басқа университетте оқитын шығар, бізде ондай жоқ» деп, қысқа жауап қайтарды.

«КУРС ӨТКІЗІП ПАЙДА ТАПСА, ӘЛДЕҚАЙДА СЫЙЛЫ БОЛАР ЕДІ»

Жоғарыда аталған мақалада Азаттық тілшісі мұғалімдердің диплом қорғайтын студенттерді ақша төлеуге итермелеуінің себептерін де зерттеп көрген еді. ЖОО-да бірнеше жыл оқытушы болғанын айтқан, аты-жөнін жариялағысы келмеген ғылым магистрі бұл құбылыстың төркінін «университетте сабақ беретіндер бұл қадамға жалақының аздығынан», яғни қосымша пайда табу мақсатында барады деп түсіндірген еді. Алайда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің осы мақалаға жоғарыда пікір берген студенті бұл пікірмен келіспейді. Дипломын өзі жазғанын айтқан ол:

- Оқытушының диплом жазуы үйреншікті жағдайға айналып кеткені қынжылтады. Бұл оқытушылардың өз біліміне сенбейтінін білдіреді. Олар жалақымыз аз дер, бірақ біліміне сенсе, ақша табамын десе, түрлі курстар, тренингтер өткізу арқылы ашық түрде пайда табуына болады. Жеке курстарын өткізіп, ақша тапса, студенттер арасында, қоғамда әлдеқайда сыйлы болар еді, - дейді.

Қазақстан білім заңы және білім беру стандарттары бойынша студенттің диплом тақырыбы 3-курстың соңында не бітіретін жылдың басында бекітіледі. Студентке жетекші тағайындалып, ол студентке диплом жұмысын қалай жазу жөнінде кеңестерін айтып, күнтізбелік жоспар құрып береді. Гуманитарлық мамандықта оқитын бакалаврлар кем дегенде 60 бет, ал техникалық ғылым саласында оқитын студенттер 30 бет диплом жазуы тиіс. Жетекші студентке қажетті әдебиеттерді, анықтамалықтарды, дереккөздерді ұсынып, күнтізбелік жоспардың орындалуын қадағалайды. Соңында жұмысты тексереді және қол қояды. Жазған дипломдарын студенттер комиссия алдында 7-10 минут қорғайды және 100 балдық шкаламен баға алады. Егер бағалау комиссиясы диплом жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берсе, студент оны келесі жылы қайта жазып, қорғауы керек.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG