Accessibility links

«Saule540» видеосы түсірілген үйдің тұрғындары сөйлесуден қашқақтайды


Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді делінетін 33-үй. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді делінетін 33-үй. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасына байланысты видеоның бірі YouTube-ке «Saule540» деген қолданушының атынан жүктелген еді. Сол видео түсірілуі мүмкін 33-үйдің тұрғындары әлі қорқыныштан арылмаған.

Азаттық тілшісінің Жаңаөзенге сапарының басты мақсаты – былтырғы оқиғаны түсірген «Saule540»-ты іздеу болды. Сол видео арқылы жұрт 2011 жылы 16 желтоқсанда полицейлердің халыққа қарсы оқ атқанын, жараланып, құлаған жерлерінен тұра алмай жатқан адамдарды резина сойылмен аяусыз сабағанын, кейбір ереуілшілердің оқ тиген бетте жантәсілім еткенін көрген.

33-ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Жаңаөзенде бұдан бір жыл бұрын бүлінген ғимараттар қалпына келтіріліп, орталық көшелердегі үйлердің сырты түрлі түске боялыпты. Кейбір пәтер иелері кооперативтері жетекшілері айтуынша, модернизациялау бағдарламасы Жаңаөзен үйлерін жаңартуға әлі кірісе қоймаған.

Жаңаөзен оқиғасының куәгерлерін – 3-ықшам аудандағы 33-үй тұрғындарын әңгімеге тарту оңай болмады. Біразы «үйде болғамыз жоқ» деп құтылса, енді бірі «ештеме білмейміз» десті. Олар кей тұрғындардың пәтерлерін ауыстырып, бұл маңнан көшіп кеткенін де айтты.
Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді деген 33-үйдің терезесінен қарағандағы көші көрінісі. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді деген 33-үйдің терезесінен қарағандағы көші көрінісі. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.

Былтырғы желтоқсандағы оқиғаны естеріне алған бірнеше адам аты-жөндерін айтпауды өтінді.

Бірінші тұрғын: «Әдетте шұбырып сапқа тұрып, қару асынған солдаттарды тек кинодан көретін едік қой. Өз көзіңмен көрген басқаша екен. Әсіресе қап-қара болып киінген омондар шеп құрып, қалқандарын дубинкамен сартылдатып соғып келе жатқанда тізең дірілдеп жүре алмай қалады екенсің. Қатты психологиялық әсер етеді».

Екінші тұрғын: «Үйіміздің астындағы дүкендегі сатушы әйел «Қарап тұрдық, адамдар жүгіріп келе жатып құлап түседі, жүгіріп келе жатып құлап түседі» деді. Негізі мобильді телефонға түсіргендер көп болды. Бірақ оларды омондар көшеде тартып алды. Олар кім екеніне қараған жоқ – әйелден де, баладан да бәрін тартып алды».

Үшінші тұрғын: «Бірсыпыра адамдар бес жасар бала оқ тиіп өлгенін көрген. Бірақ оның ата-анасы дабыл көтермеді».

Төртінші тұрғын: «Зорланған қыздар туралы да әңгіме бар. Көргендер бар, бірақ олар айтпайды».

Бесінші тұрғын: «Көрдік қой көзімізбен, сеуіп тастады ғой оқты адамдарға полиция, сеуіп тастады».

69-ПӘТЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Жаңаөзендегі халықтың көбі «Saule540»-тың әйгілі видеосы 33-үйдің үшінші қабатынан түсірілгенін айтты. Олар «видеоны осыдан түсірілген шығар» деп 69-пәтерді көрсетті.

Аула тұрғындарының сөзінше, 69-пәтерде 62 жастағы Талшын Қалиева ұлы, келіні және немерелерімен бірге тұрады – «ол пәтерде Айзада, Айна, Гүлназ тұрады» деді жұрт. Талшын апаны танитындардың айтуынша, ол кісі ұзақ жылдар мұнай саласында қызмет істеп, зейнетке шыққан.
Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді деген 33-үйдің баспалдағы. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы туралы Saule540 видеосы түсірілді деген 33-үйдің баспалдағы. Жаңаөзен, 10 желтоқсан 2012 жыл.

Азаттық тілшісі келгенде пәтер есігі ашық тұр екен. Үй иелері есіктегі пәтер нөмірін алып тастапты. «Кім бар?» деген дауысымызға ешкім жауап бермеген соң ішке кірдік.

– Ау, бісміллә, бір дауыс естіледі. Амансыңдар ма? Кел, кел. Төрге шық, – деп алдымыздан жолығып, үйге бастап кіргізген ұзын бойлы, денелі, ақжарқын кісі Талшын апа екен.

Үйде жас әйел (келіні болар деп шамаладым) мен бірнеше ересек қыз бала жүрді. Олардың қайсысы Айзада, Айна, Гүлназ екенін сұрап үлгермедім. Жайғасып отырған соң:

– «Saule540» бейнежазбасы сіздің үйіңізден түсірілгені туралы..., – деп әңгімені бастай бергенімде Талшын апаның өңі күрт бұзылып кетті. Қасымда отырған ол кісі креслодан атып тұрып:

– Жоқ! Болмайды! Кешіріңіз! Кешіріңіз! Нан ауыз тиіңіз! Рұқсат! – деді.

Апаның сөзін бірден түсінген келіні де нан ұсынып, есікті нұсқады.

– Сол видео үшін осы үй адамдарына қысым жасалғаны рас па? – деген сауалыма «білмеймін» деп жауап беріп, есікті жылдам жауып алды.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін көп ұзамай «Saule540» деген атпен Youtube желісіне жарияланған видео:

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында болған оқиғадан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған еді. Ол оқиғаға қатысты 37 мұнайшы жауапқа тартылған. Сот оларға үкімді 2012 жылы маусымның 4-і күні шығарды: 37 айыпталушының үшеуі толық ақталды, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушы шартты жазаға кесілді, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
XS
SM
MD
LG