Қазақстан парламенті сенаты маусымның 14-і күні пленарлық отырысында "Сайлау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасын мәжіліске қайтарды.
"Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған депутат Владимир Волков түзетулер лауазымға сайлаудың және лауазымнан босатудың қолданыстағы тәртібін сақтау қажеттігіне байланысты енгізілгенін айтты" деп хабарлайды Қазақпарат.
Өткен айдың соңында мәжіліс мақұлдап, сенатқа жолдаған заң жобасында мәслихат депутаттарын пропорционалды сайлау жүйесі бойынша (яғни, партиялық тізіммен) сайлау, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы жергілікті тұрғындардың сайлауы, округтік сайлау комиссияларын тарату, сайлаушылар тізімін цифрландыру мәселелері көзделген болатын. Сонымен бірге жобада "Мәслихаттардың депутаттары аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынған партиялық тізім бойынша сайланады" деп көрсетілген.
Бұған қоса, жобада интернетте үгіт-насихат жүргізу, "сайлау туралы объективті, шынайы және кәсіби деңгейде" ақпарат тарату үшін БАҚ жұмысын жүйелеу мәселелерін реттеу қарастырылған.
Бейсенбідегі пленарлық жиында сенат депутаттары аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін тікелей емес, қолданыстағы заңда көрсетілгендей жанама түрде сайлауды қалдыруды ұсынып, жобаны кері қайтаруды ұйғарды.
Оқи отырыңыз: Мәслихат та тізіммен сайланса, не болмақ?
Бұған дейін заң жобасын әзірлеген Әділет министрлігі "заң жобасы сайлау принциптерін, азаматтардың ерік-жігерін білдіру бостандығын, ашық және демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге бағытталған" деп түсіндірген.
Әділет министрлігі Азаттыққа берген жауабында "пропорционалды жүйе барлық саяси партиялардың толыққанды өкілдігін қамтамасыз етеді, партиялық құрылысты дамытуға, елдегі қоғамдық-саяси өмірде партиялардың рөлін арттыруға, халықтың мүдделерін толығымен ескеруге мүмкіндік береді. Мұнан кейін азаматтар өзін-өзі мәслихат депутаттығына кандидаттыққа ұсына алмайды" деген түсініктеме берген еді.
Оқи отырыңыз: Мәслихат та тізіммен сайланса, не болмақ?
Парламент мәжілісіндегі билікті қолдайтын партиялар өкілдері "Сайлау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасын мақұлдаған болатын.
Мәжіліс депутаттары мәслихатты партиялық тізіммен сайлау туралы (2 мамыр 2018 жыл)
Қазақстанда қолданыстағы заңға сәйкес жергілікті мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Мәслихат сайлауына кандидаттарын қосатын партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен қатар жеке азаматтар да өздерін ұсына алады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және ел астанасының әкімдерін қызметке Қазақстан президенті, облысқа қарасты аудан және қала әкімдерін - облыс әкімі тағайындайды.
Ал аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің ұсынысы бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды деп көрсетілген.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заң 1995 жылы қабылданып, одан бері бірнеше рет өзгертілген. 2007 жылдан бастап парламенттің төменгі палатасы мәжілістің депутаттары партиялық тізіммен сайланып келеді.
ПІКІРЛЕР