Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласының тұрғыны Еркін қыркүйектің 8-і күні бірнеше жанар-жағармай бекетіне барса да, бір литрінің бағасы 128 теңгеден деп жазылып тұрған АИ-92 маркалы бензинін еш жерден таппағанын айтады.
– Таңертеңнен бері АИ-92 бензинін құю үшін бірнеше жанар-жағармай бекетіне бардым. Бәрі бітіп қалғанын айтты. Кейбірі тек талонмен ғана беріп жатыр. Ары-бері жүру керек, амалсыздан АИ-80 бензинін құйып жатырмын, – деді «Гелиос» жанар-жағармай бекетінің алдында тұрған Еркін Азаттық тілшісіне.
Азаттық тілшісі де қала ішіндегі жанар-жағармай бекеттеріне барып, АИ-92 бензинін сұрап көрді. Тілші барған бес бекеттің біреуінде ғана бұл бензин еркін сатылып жатты.
«БЕКЕТТЕРДІҢ ЖАНАРМАЙ ҮНЕМДЕЙТІН КЕЗІ»
Шымкентте көлік иелері көп алатын АИ-92 бензині тапшы екенін қаладағы жанар-жағармай бекеттерінің бірінің жұмысшысы Ержан (аты-жөнін атамауды сұрады – ред.) да айтты.
– Мәселен, бүгін АИ-92 бензині қалмады. Талоны бар жүргізушілерге де тауып бере алмай отырмыз, – дейді Ержан.
Оның айтуынша, Шымкентте үш аптадан бері АИ-92 бензині тек талонмен сатылып келген.
«Жанар-жағармай» ассоциациясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілділігінің төрағасы Қайыпбек Қамбаров та аймақта АИ-92 маркалы бензин тапшы екенін растады.
– Он күннің ішінде тұрақтылық болады. Жетіспеушілік бар, – деді Қайыпбек Қамбаров Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, бұл өңірдің АИ-92 бензиніне айлық қажеттілігі – орташа есеппен 50-55 мың тоннна. Өңірдегі ол өнімді сататын 550-ге жуық жанар-жағармай бекетінің – 60-ы ірі компаниялардың, өзгесі – шағын кәсіпкерлердің меншігінде.
Қайыпбек Қамбаровтың сөзінше, «Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынатын АИ-92 бензинінің 40 пайызға жуығы Ресейден тасымалданады, бензин қымбаттаған соң тасымал азайған».
– Ал бекеттерде бензин сатуды шектеп немесе талонмен беріліп жатқаны – дұрыс, қалыпты жағдай. Ай сайын ескі айдың 25-інен жаңа айдың 10-ына дейін аймақтағы көпшілік жанар-жағармай бекеттері үнемдеуге көшеді. Бүгінде аймақта бензин жетіспеушілігі сезіліп жатқаны содан, – дейді «Жанар-жағармай» ассоциациясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілділігінің төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
Қазақстандағы мұнай өңдейтін ірі үш зауыттың бірі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.
ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ТАПШЫЛЫҚ
Қазақстанда тамыздың ортасынан бері жанар-жағармай мәселесі жұртты алаңдатып тұр.
Тамыздың соңына таман Ақтауда да негізгі көлік отыны ретінде қолданылатын сұйық газ бағасы екі есе өсіп, жанар-жағармай бекеттерінде кезек күту көбейген. Жергілікті тұрғындар «тапшылық қолдан жасалды» десе, әкімдік пен «ҚазГазӨңдеу» мекемесі «ішкі сұраныстың өскенін» айтады.
Тамыздың 21-інде елдегі ірі мұнай компанияларының бірі «ҚазМұнайГаз» компаниясы жанармай бағасы 10-15 пайызға өсетінін жариялаған. Компания директорының маркетинг бойынша орынбасары Ерлан Қойбағаров бұл қымбатшылыққа екі нәрсе – девальвация мен жанармай құнының маусымдық өсуі себеп болғанын мәлімдеген.
Бензин бағасы қымбаттағаннан кейін Алматыдағы кейбір жанармай құю бекеттері АИ-95 маркалы бензинді талонмен сата бастаған еді. Ал қыркүйектің 3-інен бастап Астанадағы бірнеше жанармай құю станциясы да АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиндерді талонмен сату жүйесін енгізген.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жанармай бағасының шегін белгілеп, дизель отынының бір литрінің бағасы – 115 теңгеден, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңгеден, АИ-92/93 маркалы бензин – 128 теңгеден аспауы керегін ескерткен.
Қазақстанда соңғы үш жылда көлік жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 бензинінің бағасы бірнеше рет өсіп, бір литрінің құны 128 теңгеге жетті.
Қазір Қазақстандағы мұнай базаларындағы АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 95 мың тонна деп хабарланды. Энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Қазақстанда бір жылда тұтынылатын бензиннің 30 пайызы Ресейден жеткізіледі.