Accessibility links

Халық санымен бірге некесіз туған бала саны да өсіп барады


Бөбектер үйінің тәрбиеленушісі. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет
Бөбектер үйінің тәрбиеленушісі. Шымкент қаласы, 26 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет

БҰҰ Даму бағдарламасының «Адам дамуы туралы – 2010» баяндамасында Қазақстан адам әлеуетінің даму деңгейі жоғары елдердің қатарына қосылды (66-шы орын). Алайда елдің ресми статистикасына ден қойып қараса, керісінше нәтиже көрінеді.


Астана рейтингілер туралы қорытынды құжаттарға ерекше мән береді. Билікке жақын институттар ресми түрде жарияланған «Әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосылу» стратегиясынан алшақтамауға тырысады. Ақорданың өзінде бұл ұран жайлы ұмытып кеткен дейді скептиктер. Тек Астананың үгіт-насихат құралдары Қазақстандағы экономикалық реформалардың жеміс беріп жатқаны, атап айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайының шынымен жақсарап жатқаны туралы Батысты хабардар етіп отырудан танбайды. Алайда Қазақстанның ресми статистикасына қарапайым сараптама жасап, ондағы қарама-қайшылықты байқауға болады.

Сонда да қазақстандықтар өмірлерінің, айтайық, он жыл ішінде қалай өзгергендігін білуге құштар. Қарапайым азаматтың еңбекақысы оның отбасының күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыра ала ма, баспана күйі жақсарды ма, лайықты денсаулық сақтау қызметін пайдалана ала ма, оның бала-шағасы лайықты білім алып жатыр ма, т.с.с. сұрақтар көптің көкейінде тұр.

Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің бірнеше шарттары мен мәліметтерінің негізінде Азаттық радиосы қазақстандықтардың соңғы он жыл ішіндегі өмір сүру деңгейінің жалпы қарқынын анықтауға тырысты. Біз көрнекілік үшін 2001 жыл мен 2010 жылдың ресми мәліметтерін салыстырып, кесте құрдық.

ЕУРОПАЛЫҚТАР ҚАЗАҚТАН КӨП ЕТ ЖЕЙДІ

Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, елдегі тақыр кедейлік индексі 2001 жылғы 14,8 пайыздан 2010 жылы 1,1 пайызға дейін төмендеген. Жан басына шаққандағы көрсетілген ақшалай кіріс орташа есеппен 2001 жылы 7670 теңге (52,26 доллар) болса, 2010 жылы 40 473 теңгеге (274,67 доллар) өскен. Осы уақыт аралығында халықтың ақшалай кірістері бес есеге жуық өсіпті.

Осыған қарамастан, азық-түлікті тұтыну орташа есеппен жан басына шаққанда айтарлықтай арта қойған жоқ. 2001 және 2010 жылдардың нәтижелерін салыстырғанда, орташа есеппен бір айға адам басына есептелген негізгі азық-түлік түрлерін тұтыну көрсеткіштері мынадай:

Азық-түлік
2001 жыл
2010 жыл
Нан өнімдері мен жарма дақылдары 10 кг 10,2 кг
Ет пен ет өнімдері 3,7 кг 4,4 кг
Балық пен теңіз өнімдері 0,7 кг 0,8 кг
Сүт пен сүт өнімдері 19,6 литр 17 литр
Май мен майлы өнімдер 1,5 кг 1,1 кг
Азық-түліктер (картопсыз) 7,9 кг 5,9 кг
Жұмыртқа 9,1 дана 10,8 дана
Жеміс-жидек 1,5 кг 1,1 кг
Картоп 5,5 кг 3,5 кг
Қант, джем, шоколад, кондитерлік
бұйымдар
2,2 кг 2,5 кг


Айтпақшы, 2010 жылы Еуропа Одағы елдеріндегі ет пен ет өнімдерін тұтынудың орташа айлық мөлшері айына 6,8 килограмға тең келді. Бір қызығы, бұл «ет жегіш қазақтардың» тұтыну көрсеткішінен 2,4 килограмға артық.

Азық-түлік тауарларына кететін қазақстандықтардың ақшалай шығыстары 2001 жылы ақшалай кірістердің жалпы сомасының 54 пайызын құрады, 10 жылдан соң бұл көрсеткіш 41 пайызға дейін түсті. Парадокс, бірақ статистика адамдардың көбірек табыс таба бастағанымен, бұрынғыша тамақтанатынын көрсетіп отыр.

АУЫЛДАРДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САПАСЫ НАШАРЛАЙ ТҮСКЕН

Қазақстандағы тұрғын үй қоры он жылдың ішінде 21,3 миллион шаршы метрге өсіп, 2010 жылдың нәтижелері бойынша 260,7 миллион шаршы метрге жетті. Халықтың тұрғын үймен орташа қамтылу деңгейі де өсті, бір тұрғынға есептелген тұрғын үйдің жалпы ауданы 16,5-тен 18,4 шаршы метрге артты. Ресми статистика осылай дейді. Алайда метраждың өсімі адамдардың тұрғын үй сапасына, оның жабдықталу деңгейіне қанағат етуін білдіре бермейді.

Осылайша, тұрғын үй мәселесін шешуге байланысты биліктің күш салуына қарамастан (мысалы, ипотекалық несиелеуді енгізу), аталмыш салада айтарлықтай сапалы өзгерістерге қол жетпеді. Азаттық радиосының экономикалық шолушысы құрастырған кестеге тағы бір мәрте көз салайық.

Тұрғын үй қорын
жабдықтау деңгейі (пайызбен)

2001 жыл
2010 жыл
су құбыры 50,6 57,1
канализация 46,3 45,6
орталық жылу 46,0 39,0
ванналар 41,5 40,8
газ 69,8 86,3
ыстық сумен жабдықтау 34,9 34,0
электроплиталар 7,6 8,6


Кестеден көрініп тұрғаны, 2001 жылдан 2010 жылға дейін біраз көрсеткіштер мардымсыз өскен тұста басқалары (аса маңыздылары) мүлдем түсіп кеткен. Осы кестедегі бір қарапайым сандық көрсеткішке қарап, қазақстандықтардың жартысынан көбі әлі сол еденінде тесігі бар үйшік дәретханаға барып жүр деуге болады. Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының кем дегенде жартысы 21-ші ғасырда канализация мен су құбырына зәру.

Қазақстанның үкіметі жаңа астана, яки жаңа қала сала білді. Ал ауылдарда балалар мен әйелдер суды сол баяғыша арбамен тасып жүр. Ауылды мекендерде дұрыс дәретхана әлі де жоқ. Ауылдарда ванна мен душ бөлмесі жайлы бүгінгі Қазақстанның инфрақұрылымының негізі салынған Брежнев тұсындағы дамыған социализм заманында да ешкім армандамаған болатын.

2010 жылы елдің тұрғын үй қорының 97,5 пайызы жеке меншік, 2,5 пайызы – мемлекеттік болып шықты; тұрғын үй қорының 58,4 пайызы қалада орналасқан болса, 41,6 пайызы – ауылда тұр. Жалпы ауылдағы тұрғын үйдің сапасы нашарлап барады, ал ауыл тұрғындарының саны көбейіп келеді. Осылайша, қарастырылып отырған уақыт ішінде олардың саны бір миллионнан астам адамға артып, елдегі халықтың жалпы санының 45,5 пайызын құрады, осы тұста қала тұрғындарының саны 500 мыңнан сәл астам адамға өсті. Атап өту керек, соңғы жылдары статистика жөніндегі агенттік ауылды мекендердегі тұрғын үй сапасына қатысты көрсеткіштерді жариялауын қойды.

НЕКЕДЕН ТЫС ТУҒАН БАЛАЛАР САНЫ ӨСІП БАРАДЫ

Соңғы он жыл ішінде Қазақстан халқының саны 1,3 миллионнан астам адамға көбейді, сөйтіп 2010 жылы халықтың жалпы саны 16 204 617 адамға жетті. 2001 жылы адам өмірінің ұзақтығы 65,8 жылды құрайды деген болжам болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 68,4 жылды құрады. Елде ер адамдарға қарағанда әйелдер көп, ал олардың өмір жасы ұзақтығы арасындағы айырмаға келсек, әйелдер он жылға жуық көбірек жасайды.

Соңғы жылдары некесіз туған бала санының анық өсімі байқалады. 2010 жылы шамамен әрбір бесінші босанған әйелдің сәбиі дәл сондай жағдайда дүниеге келген. Жалпы 2010 жылы 70,8 мың бала некеден тыс туды, басқа жылдары бұдан да көп болатын. Мұндай үрдіс бес жыл бойы сақталып келеді, бұл дегеніміз миллионның үштен бір бөлігі.

Некесіз туған балалардың тең жартысы өмір сүру деңгейі төмен жағдайларға душар болып, дұрыс тәрбие, лайықты білім алу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан осындай отбасылар мемлекеттің жәрдеміне аса мұқтаж.

2010 жылы қазақстандықтардың миллионға жуығы айына 4058 теңге (27,53 доллар) мөлшеріндегі арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып тұрды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, күніне екі долларға күн көру – бұл сіңірі шыққан кедейліктің белгісі.
XS
SM
MD
LG