Accessibility links

Сотталған күйеуі мен өлген баласын жоқтаған әйел


Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаева 2012 жылы тамызда баласы өлген үйдің жанында жүр. Алматы облысы, Бағанашыл кенті, 14 қараша 2013 жыл.
Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаева 2012 жылы тамызда баласы өлген үйдің жанында жүр. Алматы облысы, Бағанашыл кенті, 14 қараша 2013 жыл.

Азаттық тілшісі арнайы операция кезінде 13 адам қаза тапқан Алматы түбіндегі Бағанашыл кентінде болды. Қаза тапқандардың бірі - 10 жасар Ислам. Осы оқиғалар бұл шаңыраққа нәубет әкелді.

Алматы облысы Қарасай ауданы Таусамалы кентінде 2012 жылы шілденің 11-і күні болған жұмбақ жарылыс пен өрт ресми дерек бойынша, «радикалды сипаттағы шағын мұсылман қауымы мүшелеріне қатысы бар бес әйел мен төрт баланың өмірін қиды».

Бас прокуратура үйдің гаражынан «қару-жарақ, оқ-дәрі, полицей киім-кешегі және діни кітаптар табылды» деп мәлімдеді. Кейінірек «заңсыз сақталған жарылғыш заттарды пайдаланбақ болғанда, абайсызда бұл заттар жарылып кеткен болуы мүмкін» деген болжам жасалды.

Ақтөбе облысының тумасы, 35 жастағы Шынар Бисенбаева Таусамал кентіндегі Сейфуллин көшесіндегі екі қабатты үйдегі жарылыста тірі қалды. Онымен бірге осы үйде болған қызы да аман.

- Қызым екеуміз бірінші қабатта болғандықтан тірі қалдық, ал жарылыс екінші қабатта болды, - дейді Шынар Бисенбаева.

Азшылық мұсылман қауымына мүше жас келіншек өзі тірі қалғанымен, бір айдан кейін 2012 жылдың тамызында жүргізілген полиция арнайы операциясы кезінде 10 жасар ұлы Исламнан айырылды.

Бағанашылдағы арнайы операция өткен үйдің қазіргі жағдайын Азаттық тілшісі түсіріп қайтқан еді:

Бағанашылдағы операциядан соң
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Ал бір жылдан кейін, 2013 жылдың қарашасында күйеуі Саян Хайыров терроризм бабы бойынша сотталды. Бұл Саян Хайыров билік «террористік топ құрды, 2012 жылы тамыз айындағы Ақсай шатқалындағы 13 адамның жұмбақ өліміне қатысы бар» деп айыптаған Хайыров еді.

Осынша шытырман оқиғаларды бастан кешіп, бір жылдың ішінде баласынан айырылып, күйеуі көп жылға сотталып кеткен келіншек қызымен абақтыға да отырып шықты.

Бисенбаеваның айтуынша, кезінде Батыс Қазақстан облысында тұрған отбасы Алматыға мұсылман елдерінің біріне түпкілікті қоныс аудару үшін 2011 жылдың желтоқсанында Орал қаласынан көшіп келген. Бірақ әлдебір түсініксіз жайттарға қатысы бар отағасы жазда Қазақстаннан Қырғызстанға қашып, сол жақтан ұсталады.

ҚАРУЛЫ АДАМДАРДЫҢ АРАСЫНДА БАЛАЛАР ҚАЙДАН ЖҮР?

10 жасар Ислам 2012 жылы тамыздың 17-сі күні Бағанашыл кентіндегі қарулы топқа қарсы арнайы операция кезінде қаза тапты.

Билік «олар - террорист болған» деген болжам айтты. Сол жолы қаза тапқан 13 адамның екеуі - бала. Оның бірі - 10 жасар Исламды жоқтайтын адамдары бар.

Ал екінші бала туралы ешкім тіс жармайды. Қаза тапқан баланың анасы - содан бір ай бұрын Таусамалдағы жұмбақ жарылыс кезінде, ал әкесі Бағанашыл операциясы кезінде қаза тапқан.

Қарулы топты ұстау кезінде атыс болғаны интернетке шыққан видеода да бар. Арнайы жасақтың бір сарбазы жараланғаны ресми хабарланды. Бас прокуратура «Беріліңдер» деген бірнеше мәрте ескертуден бас тартқан террористер арнайы бөлімше қызметкерлеріне оқ жаудырды» деп мәлімдеді.

"Терроризм" бабы бойынша айыпталған Саян Хайыров сотта тұр. Алматы, 7 қараша 2013 жыл.
"Терроризм" бабы бойынша айыпталған Саян Хайыров сотта тұр. Алматы, 7 қараша 2013 жыл.
Алматыдағы бұрын-соңды болмаған шайқас кезінде екі бала қаза тапты. Екеуі ол жерде қайдан жүр? Саян Хайыровтың соты кезінде оның адвокатының «баласын ол кепіл ретінде ұстаған» деген болжамы дәлелденген жоқ.

Шынар Бисенбаеваның айтуынша, 2012 жылдың мамыр айынан бастап күйеуі Хайыровты көрмеген. Кейінірек, маусым айында Ислам осы қауымның ерлер жағына қосылып, ал қызы Айшат анасымен бірге әйелдер жағында қалып кеткен.

Бұл арада «қалып кеткен» деген сөзді қолдану да қисынсыз сияқты. Қауымға мүше ерлер әйелдерді бір жерден бір жерге, бір үйден бір үйге көшіріп алып жүргені, тіпті Ақсай шатқалындағы орманда шатырға жасырып келгені белгілі болды.

Бисенбаеваның айтуынша, «қауымға кірген ер адамдардың қолынан қару көрмеген». Ол қауымды «жамағат» деген терминмен де атамайды. Қауымдағы ер адамдар туралы «басқа әйелдердің күйеулері» дейді.

САЯН ХАЙЫРОВ ПЕН ОНЫҢ ОТБАСЫНЫҢ ҚАЙҒЫЛЫ ТАҒДЫРЫ

Шынар Бисенбаева 1999 жылы Орал қаласындағы университетті «араб тілі, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген соң Саян Хайыровқа тұрмысқа шыққан. Онымен үшінші курста оқып жүрген кезінде танысқан.

Шынар Орал қаласындағы мектептердің бірінде қазақ тілі пәнінен біраз уақыт сабақ берген. Ал «бұзақылық» бабы бойынша айыпталып, сотталған күйеуі түрмеде ислам дініне бет бұрған. Бір жарым жылдан кейін Хайыров түрмеден намаз оқитын мұсылман болып шығады. Ол күйеуінің бұл бастамасын өзі де діндар отбасынан шыққандықтан қолдаған.

Сотталған Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаева. Алматы, 1 қараша 2013 жыл.
Сотталған Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаева. Алматы, 1 қараша 2013 жыл.
Күйеуі түрмеден келген 2007 жылы Шынар хиджаб киіп, намазға жығылады. Ол кезде мектепте сабақ беретін ол бірінші санатты мұғалім деген біліктілік категориясын алуға тырысып, журналдарға мақалаларын жариялап, кітапша шығарған. Бірақ Шынар Бисенбаеваның айтуынша, «мектептің оқу меңгерушісі «хиджабыңды таста» деген талап қойған». Ақыры 2011 жылы қазан айында мұғалімдік жұмысын тастап кетеді.

Саян Хайыров та сотта «полицейлер сақал жіберіп, қысқа балақ шалбар кигенім үшін қысым көрсетті» деп мәлімдеді. Хайыровтың айтуынша, «әйелі екеуі мұсылман елдерінің біріне қоныс аударуды жоспарлай бастаған».

Шынардың айтуынша, «оның таныстары тұрып жатқан Біріккен Араб Әмірліктеріне көшкісі келген, ал күйеуі нақты бір елді атамай, араб елдерінің біріне көшуді ұсынған». «Ауғанстанға кетпек болдық» деген сөзді ол күйеуінен сот кезінде ғана естіген. Күйеуімен «мұсылман еліне бірге барамыз, ол жаққа виза қажет емес» деп уағдаласқан адамдар кейін қаза тапты.

АЛМАТЫ МЕН ОНЫҢ МАҢЫНДА СЕНДЕЛУ

«Болашақта мұсылман елдерінің біріне көшуді» жоспарлаған Хайыровтар отбасы екі баласымен 2011 жылдың желтоқсанында Алматыға қоныс аударған. Отбасы жеке баспана жалдап тұрған, ал шетелге кету үшін ресми рұқсат алмақ болған Хайыровтың әрекетінен ештеңе шықпаған.

Шынар Бисенбаеваның айтуынша, «ештеңе айтпастан бір жаққа жоғалып кеткен күйеуі Саян Хайыровты 2012 жылдың мамырынан бастап көрмеген». Діни қауымның ер адамдары оны маусым айында Алматы түбіндегі Таусамал кентіндегі үйге көшіріп апарған. 10 жасар қызы Айшат екеуі ол үйде басқа әйелдермен бірге тұрған. Ал баласы Ислам қауымның ер адамдарымен бірге болған.

Шамамен тамыздың 14-і күні әйелдерді Бағанашыл кентіндегі Таң ықшам ауданындағы үйлердің біріне жапсарлас салынған баспанаға көшірген. Бағанашылдағы бұл үй - арнайы операция кезінде ішінде екі бала бар, 13 адам қаза тапқан жер. Әйелдер балаларымен осы жерде екі күн тұрған. Кейін оларды басқа пәтерге апарған.

- Бұдан кейін бізді басқа үйге көшіріп, ер адамдар Бағанашылдағы үйге бекініп алды. Бір күннен кейін оларды атып тастады, - дейді Шынар.

Тамыздың 17-сі күні әлгі үйді арнайы жасақ сарбаздары қоршап алып, атыс басталып кетеді. Үйге бекінген ер адамдар мен екі бала сол қақтығыста қаза тапты. Бірақ баласының қаза тапқанын Шынар бірден естімеген.

YouTube сайтына жарияланған арнайы операцияның видеосы:



ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАНЫҢ МІНЕЗДЕМЕСІ

Шынар Бисенбаеваның айтуынша, әйелдер Бағанашыл кентіндегі арнайы операция туралы теледидардан естіген. Көп ұзамай арнайы қызмет адамдары келген. Шынар Бисенбаеваны - тамыздың 25-і күні, қалған әйелдерді тамыздың 18-і күні қамауға алған. Оларды астыртын пәтерлерге апарып қамаған. Ұсталған әйелдер әуелі ҰҚК-нің (Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті - ред.) Таусамалдағы коттеджінде тұрған. Кейін оларды ішкі істер департаментіне тиесілі пәтерлерге бөліп орналастырған.

Сол жылдың желтоқсанында, босатар алдында, әйелдерді тағы жинап бір коттеджде ұстаған. Олар үйқамақта 2012 жылдың желтоқсан айының аяғына дейін отырған.

Шынармен бірге тұрып жатқан қызы Айшат 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Таусамалдағы мектепке барған. Қамауға алынған әйелдердің отбасыларындағы мектеп жасындағы жалғыз бала сол ғана. Оны бұл мектепке билік орындары орналстырған. Баланы мектепке күзетпен апарып-әкеліп жүрген.

- ҰҚК қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбаздары бізді әлдебір қылмыскерлер сияқты тұтқындады. Сосын үйқамаққа отырғызып қойды. Қызым жанымда болды. Тамақты үйге әкеліп тұрды. Тергеуді ҰҚК қызметкерлері жүргізді. Бағанашылда қаза тапты ма деп қорқып, олардан «ұлым тірі ме?» деп сұрап жүрдім. Бірақ бір ай бойы маған «ұлың тірі» деп жүрді, - дейді жасқа булыққан Шынар.

Шынар кейін мәйітханада екі баланың мүрдесі жатқанын естиді. Интернетте қарулы адамдарға қарсы арнайы операция туралы әуесқой видео жарияланып, кейбір ақпарат құралдары бір баланың күйіп қалған мүрдесін көрсеткен.

- «Өз баламның денесін танимын ғой, екеуінің мүрдесін көрсетіңдерші» деп сұрап едім, олар көнбей қойды. Маған «Бұл сенің ұлың емес. Сенің балаң тірі. Балаңа мінездеме бер. Ол қандай еді?» деп сұрады. Оларға «балам - тәрбиелі, сабағын жақсы оқыған, грамоталары бар, мектепте белсенділердің қатарында болған бала» деп айтып бердім. Ол кітап оқығанды жақсы көретін. Қолынан энциклопедия түспейтін. Сынып жетекшісі де жақсы көруші еді, - дейді Шынар Бисенбаева.

ТЕРГЕУ

Шынарға тиісті адамдар «балаң тірі, әкесімен бірге болуы мүмкін» деуден танбаған. Бағанашылдағы арнайы операция кезінде ересектер Исламды үйден шығармай қойғанын, сосын өздерін жарып жібергенін, баласының қаза тапқанын ол бір айдан соң естіген.

- Маған «Балаңның денесін алып кетіп, жерлеуіңе болады. Жаныңда ҰҚК қызметкерлері еріп жүреді. Бірақ балаңның мәйітін көре алмайсың» деді, - дейді Шынар Бисенбаева.

Көп ұзамай Оралдан күйеуінің үлкен ағасы келіп, баланың денесін мәйітханадан алып, оны Оралға ұшақпен жөнелтудің қамын жасайды. Бұл - арнайы операциядан бір ай өткен соң, қыркүйекте болған оқиға. Ал Шынар Бисенбаеваға баласының мәйітін сол күйі көрсетпеген.

- Қайын ағам маған «Сен көрмей-ақ қой. Баланың аяқтары жоқ...» деді. Мені Орал қаласына ҰҚК қызметкерлері апарды. Ұлымды жерлегеннен кейін тағы да Алматыға әкеліп, үйқамаққа отырғызды, - дейді Шынар Бисенбаева.

Баласын жерлеу үшін Шынарды Орал қаласына үш күнге ұшақпен апарған. Қызы екеуінің де жанында күзетші болғандықтан, қолдарына кісен салмағанымен, өздерін түрмедегі жандардай сезінген. Күзетші Шынар мен қызының жанынан, тіпті әжетханаға барғанда да, бір елі қалмай ілесіп жүрген.

Бағанашылдағы арнайы операция өткен, өртеніп кеткен үйдің қабырғалары (ортада). Фото Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылынан түсірілген. 3 желтоқсан 2013 жыл.
Бағанашылдағы арнайы операция өткен, өртеніп кеткен үйдің қабырғалары (ортада). Фото Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылынан түсірілген. 3 желтоқсан 2013 жыл.
Баласын жерлеп қайтқан соң Алматыдағы тергеу қайта жалғасқан. ҰҚК-дегі тергеуге оны «Газель» сияқты шағын автобуспен немесе жеңіл көлікпен апарып жүрген. Көлік терезесінде тор болмағанымен, қараңғылап тастаған. ҰҚК-дегі кезекті тергеу кезінде Шынар Бисенбаева баласының қалай қаза тапқанын түсіндірмек болған тергеушілерге дауыс көтерген.

- Олар жарылған гранатаға түсіп қалды деп түсіндірмек болды. Әйелдерге «Күйеулерің шашлыққа айналды» деген сияқты толып жатқан кемсіту сөздерін айтты. Әлгі үйде нақты не жарылғанын да, ұлымның неден қаза тапқанын да түсінген жоқпын, - дейді Шынар Бисенбаева.

ҰҚК МЕН ІІД-ГЕ ҚАРСЫ ТАЛАП-АРЫЗ

10 жасар Исламның жылдығы 2013 жылдың жазында Орал қаласында ата-анасы - Шынар Бисенбаева мен Саян Хайыровтың қатысуынсыз берілген. Шынар Бисенбаева Алматыда, терроризм бабы бойынша айыпталып, тергеуге алынған, кейін 11 жылға сотталған күйеуіне барып жүрген. Сотталған күйеуі мен қаза тапқан ұлының ісінің әуресімен жүрген Шынар қазір де Алматы қаласында.

Туыстарының үйінде тұрып жатқан қызы Айшат Орал қаласындағы мектепте оқиды. Саян Хайыровтың әйелінің айтуынша, мектептегі балалар «әкең ондай-мұндай, ағаң қаза тапқан» деп, естігендерін бетіне басады екен.

Шынар Бисенбаева баласы Исламның қазасына Бағанашыл кентінде арнайы операция өткізген арнайы жасақ кінәлі деп санайды. Ол ұлының қазасына нақты кінәлілер ретінде Алматы қалалық ҰҚК департаменті мен Алматы қаласы ІІД-сін (Ішкі істер департаменті – ред.) атайды. Қос департаменттің үстінен сотқа талап-арыз берген Шынар Бисенбаева өтемақы ретінде 20 миллион теңге (130 мың долларға жуық) өндіріп беруді сұрайды. Тамыз айында аудандық сот оның талап-арызын қараудан бас тартты. Бірақ қарашаның 14-і күні апелляциялық сот істі алғашқы сотқа кері қайтарып, Шынар Бисенбаеваның талап-арызын қарауды міндеттеді.

Өзгеше сипаттағы бұл іс бойынша бұдан басқа процедуралық әрекеттер әлі басталған жоқ.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG