Accessibility links

MH17 ісі. Толықтырылған нұсқа


Бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясы басталардан жарты сағат бұрын таңертең тергеу тобы өкілдерімен сөйлескен "Боинг" апатында қаза тапқандардың туыстары журналистер алдына шығып, бірлескен тергеу тобы апатқа кінәлі деп тапқан 4 адамның аты-жөнін атады. Ол есімдер сәрсенбі күні Нидерланд бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған тізіммен толық сәйкес келмейді.

Қаза тапқандардың туыстарына сенсек, аты-жөні аталған 4 адамның соты 2020 жылы наурыздың 9-ы күні басталады. Жауапқа тартылатындар: Ресей азаматы Игорь Стрелков (Гиркин), Украина азаматы Леонид Харченко (лақап аты - "Крот"), Ресей азаматы Олег Пулатов (лақап аты –"Гюрза") және тағы бір ресейлік Сергей Дубинский (лақап аты – "Хмурый"). Bellingcat жариялаған жаңа зерттеуде төрт адамның апатқа қандай қатысы бары түгел жазылған.

Иван Безъязыков пен Сергей Мучкаев бұл тізімде жоқ.

Игорь Стрелков "Интерфакске" сәрсенбі күні берген сұхбатында "Донецк халық республикасы" күштерінің "Боинг" апатына қатысы жоғын тағы да мәлімдеген.

Кейінірек бұл тізімді Нидерланд полициясының ресми өкілдері растады. Аттары аталған төрт адамға халықаралық іздеу жарияланады. Бірақ тергеу тобы Ресей мен Украинадан бұл азаматтарды экстрадициялауды сұрамайды. Өйткені Ресей мен Украина конституциясында ел азаматтарын басқа мемлекеттің құқық қорғау органдарына беруге тыйым салынған. Алайда бірлескен тергеу тобы Ресей мен Украинаға күдіктілерді тергеуді сұрап, хат жібереді.

Сот отырысы күдіктілер оған қатысудан бас тартқан жағдайда да өтеді.

Бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясында ресейшіл сепаратистер басшылары Игорь Стрелков пен Александр Бородайдың Мәскеу аннексиялаған Қырым басшысы Сергей Аксенов пен Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Владислав Сурковпен және өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" жетекшісімен телефон арқылы сөйлескен жазбалары жарияланды. Бұл әңгімелерде Стрелков пен Бородай Ресей сепаратистеріне әскери көмекті күшейтуді сұраған.

Бірлескен тергеу тобы оқиға куәгерлерінен өздерінде бар ақпаратпен бөлісуді тағы да сұрады. Бұл үндеу ең алдымен тергеу тобы Ресейден Украинаға "Букты" жеткізумен айналысқан деп топшылайтын Курск қаласындағы 53-зениттік зымыран бригадасы әскерилеріне бағытталған.

Ресей сыртқы істер министрлігі сәрсенбі күні кешке бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясында Ресейге таққан айыптарын "бос сөз" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG