Accessibility links

АҚШ пен Еуропадағы оқудың ерекшелігі


АҚШ-тағы Колумбия университеті.
АҚШ-тағы Колумбия университеті.

АҚШ-та оқып келген студенттер білім алуға жасалған мүмкіндіктер мол дейді. Ал Қазақстанда оқып жатқан студенттер қарапайым проблемалардың шешілмегенін, «оқытушылардың сабақ өту тәсілі советтік кезеңде қалғанын, олармен арада бір шек бар екенін» айтады.

Global classroom студент алмасу бағдарламасы бойынша Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде бір ай шамасында оқып келген Гауһар Қадірсізова – ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс магистранты. Ол АҚШ оқу жүйесінің ұтымды тұсы – университеттің өндірісте жұмыс істеп жүрген жеке саладағы мамандарды шақырып, дәріс оқытуы екенін айтты.

«ЕҢ ҰНАҒАНЫ - КІТАПХАНА ТҮНГІ ОНҒА ДЕЙІН АШЫҚ ТҰРАДЫ»

- Бұл университет - АҚШ-тағы беделді сегіз университеттің бірі. 50 мыңнан аса студенті бар. Оқыту жүйесі посткеңестік елдерден мүлде өзгеше. Яғни пәнге қатысы бар нақты маман өз тәжірибесімен бөліседі, - деді Гауһар Қадірсізова Азаттық тілшісіне.

Гауһар АҚШ университетінде студенттерге білім алуға жағдай жасалғанын, ізденушілерге көптеген еркіндіктер берілгенін айтып берді.
Нью-Йорктегі Колумбия университетінде оқып келген Гауһар Қадірсізова. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.
Нью-Йорктегі Колумбия университетінде оқып келген Гауһар Қадірсізова. Алматы, 24 мамыр 2012 жыл.

- Пәнге қатысы бар мамандармен сөйлесу Қазақстаннан барған 11 студентке тілді жатық үйренуге үлкен септігін тигізді. Екіншіден, жаңа ойлармен қайттық. Сонымен қатар студенттерге интернет пайдалануға өте жақсы жағдай жасалған. Нью-Йоркте ақысыз WiFi кез келген жерде ұстайды. Маған ең ұнағаны - әр факультетте жеке-жеке кітапхана бар. Олар түнгі 10-ға дейін ашық тұрады. Инфрақұрылым өте тиімді, әртүрлі мүмкіндіктерді қамтиды. Бізде тіпті кейде аудитория таппай қаламыз ғой. Оларда кітапханалардағы конференция залдары студенттер үшін ашық жатады - емін-еркін кіріп, кез келген студенттік жұмысыңмен айналысуға мүмкіндік берілген, - дейді ол.

Гауһардың айтуынша, Нью-Йорк қаласында жалдап тұрған пәтерлерінің қымбат болғаны сонша, Алматыдағы пәтер жалдау бағасымен салыстыруға келмейді.

- ҚазҰУ-де бір кредит бағасы 15 мың теңгедей болса, бұл университетте 1 мың 500 доллар. Сондықтан Колумбия университетінде бай студенттер оқиды, - дейді ол.

«НАҚТЫ ЗЕРТТЕУЛЕР КӨП БОЛСА ДЕЙМІН»

Биолог мамандығын оқып жатқан 3-курс студенті Нұргүл Исатаева IASTE бағдарламасымен Германияның Берлин қаласында практикадан өтіп келген. Ол
Берлин университетінде Иран студенттері дәріс тыңдап отыр. 1 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Берлин университетінде Иран студенттері дәріс тыңдап отыр. 1 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
шетелдегі студентердің білімі Қазақстан студенттерімен шамалас дегенді айтады. Алайда Нұргүл Германия студенттерінің көбінше нақты зерттеулермен айналысатынын ондағы білім жүйесінің артықшылығы деп бағалайды.

- Мысалы, оларда бензинді үнемдеу үшін жүгері өсіреді. Яғни жанармай ретінде пайдаланады. Студенттер өнімнің шектік концентрациясын өлшеп, тексеріп, зерттейді. Осы сынды ғылыми жұмыстар бізде көп болса деймін. Ал студент стипендиясы профессордың айлығынан екі есе ғана төмен. Менің стипендиям 650 евро (бүгінгі бағаммен 120 мың теңге) шамасында болды, - дейді Азаттық тілшісіне.

«БІЗДЕ ТОПТЫҚ САНА БАСЫМ»

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, АҚШ-тың Оклахома университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша бір тәжірибе жинап келген Қарлыға Мысаева өзі көрген университеттің оқыту жүйесі туралы:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері асханада кезекте тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері асханада кезекте тұр. Алматы, 14 желтоқсан 2011 жыл.

- Кез келген жағдай жасалған. Олардың нақты салаға бағытталған білім беру тәсілдерін біздің оқу жүйемізге енгізуді құп көремін. Үйренуге тұрарлық дүние - жекелікке ұмытылу. Бізде топтық сана басым. Сонымен қатар АҚШ-та кітаппен қамтамасыз ету өте жоғары деңгейде, әрі мүмкіндік өте мол. Спорттық журналистиканы оқытуға, бұқаралық коммуникацияның дамуына, жаңа медиаға баса назар аударылған, - дейді.

«ШЕТЕЛДЕ ОҚУ БАҚЫТЫ БҰЙЫРСА...»

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 3-курс студенті Толғанай Дәуренқызының айтуынша, бұл оқу орнының шетел университеттерімен жасасқан студент алмасу келісімдері мен бағдарламалары туралы ақпараттар студенттерге толық жете бермейді. Ол ондай бағдарламалардың көбі жүзеге аспай жататынын да айтты.

- Өткенде Майкл Браунның (сәуір айында ҚазҰУ-де дәріс оқыған, АҚШ-тың Вайоминг университеті журналистика департаментінің профессоры) лекциясына қатыстым. Маған профессор Майкл Браунның сабақ жүргізу тәсілі ерекше ұнады. Әртүрлі тренингтер ойнадық. Ол әртүрлі ақпараттарды қызықты етіп жеткізеді және
Студенттер "Тұңғыш президенттің өмірі мен қызметі" атты дәрісте отыр. Алматы, 15 мамыр 2011 жыл.
Студенттер "Тұңғыш президенттің өмірі мен қызметі" атты дәрісте отыр. Алматы, 15 мамыр 2011 жыл.
онысы студенттердің есінде қалады. Біздегі оқытушылардың көбі советтік кезеңнен келе жатыр. Сондықтан сабақ өткізу процесі сол жүйеде қалып қойған. Бір айтатыным - бізде оқытушылармен арада бір шек бар. Студент алмасу бағдарламасымен шетелге кем деген де бір-екі айға оқып келу бақыты бұйырса деп армандаймын, - дейді Толғанай Азаттық тілшісіне.

Қазақ-Британ техникалық университетінің халықаралық бөлімі директоры Ринат Ысқақов:

- Қазақстан университеттері студент алмасу бағдарламалары арқылы студенттерді 1 немесе 2 семестрге шетелге оқуға жібере алады. Бірақ шетелдегі университеттер бұл студенттерді қабылдай бермейді. Ол үшін мемлекет ішіндегі академиялық ұтқырлық пен білім беру жүйесін дамыту керек, - дейді.

Ал Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов «Шетелде студент оқыту бағдарламаларының жетілдіретін тұсы көп» деген пікірін айтты.

Халықаралық бағдарламаларға іріктеу шарттары шетелдік университеттерде әртүрлі. Алайда барлығына ортақ шарт - студенттің ағылшын тілін білуі (IELTS немесе TOEFL) мен жоғары оқу үлгерімі.
XS
SM
MD
LG