Азаттық радиосы

Осман империясының армяндарға қарсы қырғыны. 1915 жылы не болып еді?

Азаттық радиосы

Сәуір 28, 2021

1915 жылы 24 сәуір. Осман империясының полициясы Константинополь қаласында 250-дей армян интеллигенциясын ұстап, соттады. Кейбірін дарға асты. Бұл күн тарихта "Қанды жексенбі" деп аталады. Кейін 1915-1916 жылдары Осман империясы, әртүрлі деректерге сай, өз аумағында тұрған 664 мыңнан 1,2 миллионға дейін армянды өлтірген. Оқиғадан бір ғасыр өтсе де Осман империясының бұл әрекеті геноцид пе әлде геноцид емес пе деген мәселе әлі даулы күйінде қалып келеді. 24 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Осман империясының армяндарды жаппай өлтіруін геноцид деп таныды.

Арменияда әр жылдың 24 сәуірі Осман империясының армяндарға қарсы қанды науқанын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Ал Түркия мен Әзербайжан ресми түрде геноцид айыбын жоққа шығарады.

1915-16 ЖЫЛДАРДАҒЫ ОҚИҒА

Тарихшылардың дерегінше, 1915-1916 жылдары жүздеген мың армян Анатолиядан (қазіргі Түркияның шығысы) Сирия мен Месопотамияның адам тұрмайтын шөл далаларына депортацияланды. Армяндардың көбі өлтірілді я аштық пен аурудан көз жұмды.

Дарға асылған армяндар. Константинополь, 1915 жыл.

Бұл науқан кезінде қанша адам қайтыс болғаны туралы дау көп. Армяндар 1,5 миллион адам өлді десе, Түркия билігі өлген армяндардың саны 300 мыңнан аспайды дейді. Ал Геноцидті зерттеушілердің халықаралық қауымдастығы (IAGS) есебінше, бір миллионнан аса адам опат болған.

ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ МҰНДАЙ ҚАДАМҒА НЕГЕ БАРДЫ?

19 ғасырдың соңында Осман империясының құрамындағы екі миллиондай армян ұлттық құндылықтарын қорғай бастады. 1894-1896 жылы Анатолияда Осман империясы қырғын жасап, ондаған мың армянды өлтірді. 1896 жылы армяндар Константинополь (қазіргі Стамбул) қаласында Осман банкін басып алған соң тағы бірнеше мың армян өлтірілді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясы мен Ресей арасындағы қақтығыста көптеген армян партизандық топ құрып, Ресей әскерилеріне көмектесе бастады.

Ресей әскеріне көмекке келген армяндар. 1914 жыл.

Осыдан соң түріктер 1915 жылы 24 сәуірде армян интиллегенциясының жүздеген өкілін тұтқындады я өлтірді. Ал 1915 жылы армяндарды жаппай депортациялай бастады.

АРМЯНДАРДЫ ӨЛТІРУ ӘДЕЙІ ЖАСАЛДЫ МА?

Қазір тарихшылар да, әлем елдері де Осман империясы армяндарды әдейі, алдын ала жоспарлап өлтірді ме деген сауал төңірегінде әлі дауласып келеді.

Армяндарды депортациялау.

Кейбір тарихшылар мен армяндар Осман империясы 1915 жылы қырғынды әдейі әрі жүйелі түрде ұйымдастырды деп санайды. Бұл пікірмен келіспейтін тарихшылар да бар.

ТҮРКИЯ НЕ ДЕЙДІ?

1923 жылы Осман империясы құлаған соң құрылған Түркия армяндардың жаппай өлтірілгенін мойындағанымен, "науқан жүйелі түрде ұйымдастырылды" дегенді жоққа шығарады. Анкара "Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазықсыз түріктер де өлді" дейді.

Армяндарды дарға асу. 1915 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ президенті Байден армяндардың қырылғанын геноцид деп тануын сынап, Вашингтонды бұл шешімін қайта қарауға шақырды.

Түркияның өзінде бұл тақырыпты қоғамда талқылауға тыйым салынған. Армяндарды өлтіру жайлы теріс пікір айтқандар елдің Қылмыстық кодексінің 301-бабына сай, "түрік ұлтын қорлады" деген айыппен жазаланады.

ҚАЙ ЕЛДЕР ГЕНОЦИД ДЕП ТАНЫДЫ?

АҚШ-қа дейін Осман империясының армяндарға қарсы науқанын Австрия, Сирия, Ватикан, Италия, Аргентина, Бельгия, Канада, Ресей, Франция, Италия, Бразилия, Боливия, Чили, Кипр, Чехия, Германия, Швеция, Швейцария, Литва, Ливан, Грекия бастаған 20-дан астам ел геноцид деп таныған.

Еуропарламент те бұл оқиғаны геноцид деген.

Депортацияланған кезде қаза болған армяндардың сүйектері. 1915-1916 жылдар

ҚАЗІР АРМЯН-ТҮРІК ҚАТЫНАСЫ ҚАЛАЙ?

2009 жылы қазанда Армения мен Түркия дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, шекара ашу жөнінде келісімге қол қойған. Бірақ бұл құжат екі елдің парламентінде мақұлданған жоқ. Ереван мен Анкара бір-бірін "құжатты өз ыңғайына өзгертпек болды" деп айыптайды.

Армения 2018 жылы бұл келісімнен бас тартты. Былтыр Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақтағы территория үшін қақтығыста Түркия ашық түрде Бакуді қолдады.

Reuters, BBC ақпараттары негізінде жазылды