Путиннің Валдайдағы резиденциясынан 50 шақырым радиуста әуе шабуылына қарсы қорғаныс мұнараларының тағы бір шебі пайда болды. Ол Путин жиі пайдаланатын Хотилово "қосалқы аэродромы" мен Лисий аралындағы құпия биологиялық зертхана арқылы өтеді.
Азаттықтың Орыс қызметі мен X әлеуметтік желісінде @jembobineuse деген атпен жазатын OSINT-талдаушы спутниктік суреттерді зерттеп, қазан айында резиденцияның оңтүстігінде, яғни Украина жаққа қараған бағытта, 15-тен астам жаңа мұнара салынғанын анықтады. Оларға, болжам бойынша, «Панцирь» немесе «Тор» зениттік-зымыран кешендері орналастырылуы мүмкін. Қорғаныс шебінің солтүстік бөлігіндегі орындарды әзірге анықтау мүмкін болмады. Бәлкім, олар алдағы айларда салынады.
Осы сыртқы шептегі мұнаралардың бірі 2026 жылғы наурызда-ақ Путин жиі пайдаланатын Хотилово әскери базасының аумағында салынған. Бұл базадан Валдайдағы резиденцияға арнайы тартылған теміржол желісі арқылы пойызбен жетуге болады. «Азаттық» радиосы Путиннің осы «қосалқы аэродромы» туралы маусым айында жарияланған зерттеуінде толығырақ жазды.
Әуе қорғанысының тағы бірнеше позициясы Вышний Волочёк су қоймасының жағасына салынған. Ал су қоймасының ортасындағы Лисий аралында ресейлік әскери күштер жаңа зертхана кешенін тұрғызған. Болжам бойынша, ол Ресейдің биологиялық қару жасау бағдарламасымен байланысты болуы мүмкін.
Азаттықтың аралдағы құпия зертхана туралы зерттеуі 3 қыркүйекте жарияланды. Дәл осы кезеңде аралда әуе қорғанысына арналған екі мұнараның құрылысы басталған.
Қаңтарда Ресей әскері Украина Валдайдағы Путин резиденциясына дрондармен шабуыл жасауға әрекеттенгенін мәлімдеген. Алайда Киев бұл айыптауды жоққа шығарды. Мұндай шабуыл талпынысы болғанына тәуелсіз сарапшылар да, АҚШ орталық барлау басқармасы да күмән келтіреді.
Путиннен бөлек, Валдайдағы резиденцияда оның екі ұлының анасы Алина Кабаева да көп болады. «Система» жобасының 2026 жылғы маусымда жарияланған зерттеуіне сәйкес, президенттің балаларына батыстық гувернанттар жалданған. Олардың міндеті — ұлдарды жастайынан «білімді еуропалықтар» деңгейінде тіл меңгеруге үйрету.
Қазір Валдайдың айналасында әуе шабуылына қарсы қорғаныстың 50-ден астам позициясы бар. Бұл — Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеу мен Мәскеу облысында салынған осындай нысандар санынан небәрі екі есе аз. Онда 20 млн халық тұрады. Ал Валдаида, Валдай ауданында және одан 50 шақырым радиуста 100 мыңға да жетпейтін адам тұрады.
Путиннің Валдайдағы резиденциясын қоршаған әуе қорғанысы нысандары мен спутниктік суреттері көрсетілген интерактивті картаны мына сілтемеден табуға болады.