Азаттық радиосы

«Жаздым, жаңылдым. Көкірегімнен итере бермеңіздерші». Айдана

Жаңагүл ЖҮРСІН

Ақп. 16, 2021

Ақтөбеден Стамбулға қыдырып барған жас отбасы 2015 жылы сегіз айлық сәбиімен бірге Сирия асып кеткен. Таяу Шығыста өткен төрт жылы туралы Айдана (есімі өзгертілген-ред) Азаттыққа баяндап берген еді.

«КӨЛ БОЛҒАН КӨЗ ЖАСЫМ КҮЙЕУІМДІ РАЙЫНАН ҚАЙТАРА АЛМАДЫ»

Он сегіз жасқа тола сала өзімнен 13 жас үлкен, дін жолын ұстанатын жігітке күйеуге шықтым. Тұрмысқа шықпас бұрын намаз оқитынмын, діни бұйымдар дүкенінде сатушы болғанмын. Үйленген бойда күйеуім жұмыс істеуіме тыйым салды.

Күйеуім жоғары білімді инженер болатын. Қаражанбас мұнай компаниясында жұмыс істеді. Ол мені ешқашан ренжіткен емес, қалаған нәрсемді сатып әперіп, әрдайым әлпештеп отыратын. Мүмкін соның әсері болар, жастығым ба әлде әкесіз өскендіктен бе маған оның әр сөзі заң еді.

2015 жылы мамырда біз Стамбулға қыдырып бармақшы болдық. Ол кезде ұлымыз сегіз айлық еді. Қалтамызда саяхатқа деп жинаған қаржымыз, Түркияға барып-қайту билетіміз бар. Стамбулдың көрікті жерлерін армансыз аралап, ертең елге қайтамыз деген күні күйеуім «Сирияда шариғат заңдарымен өмір сүретін Ислам мемлекеті құрылғалы жатыр. Бүгін түнде отельге бізді Түркия мен Сирияның шекарасына дейін жеткізіп салатын адамдар келеді. Қазақстанға қайтпаймыз!» деп кесіп айтты.

Сирияда шариғат заңдарымен өмір сүретін Ислам мемлекеті құрылғалы жатыр. Бүгін түнде отельге бізді Түркия мен Сирияның шекарасына дейін жеткізіп салатын адамдар келеді. Қазақстанға қайтпаймыз!

Күйеуімнің Сириядағы «браттармен» біраздан бері сөйлесіп жүргенін сол күні білдім. Көл болған көз жасым оны райынан қайтара алмады. Ұзақ жол жүріп, шекараға жеттік. Түн ортасы болғанда шекараны заңсыз кесіп өтіп, жүгері өскен алқаппен жанұшыра жүгіргеніміз есімде.

Ақтөбеден барған екі отбасы Сирияның шығысындағы Әл-Меядин қаласына (бұл қаланы 2014 жылы шілдеде ИМ жаулап алған, ал 2017 жылы қазанда үкімет әскері қайтарып алды – ред.) іргелес мұнай кенішіне қоныстандық. Күйеуім ағылшын тіліне жетік, тәжірбиелі инженер болғандықтан бізге жайлы баспана беріп, барлық жағдайды жасады.

Екінші отбасының иесі де мұнай саласының маманы болатын. Олардың үш баласынан Қазақстанға алты жастағы Асан (есімі өзгертілген – ред.) ғана аман оралды. Яғни, екі үйдегі сегіз адамнан елге үшеуміз – Асан, мен және балам – ғана аман жеттік...

Әл-Хол лагеріндегі дүкенде тұрған әйелдер мен бала. Сирия, 8 қаңтар 2020 жыл.

Біз тұратын кеніште Судан, Тунис, Индонезия азаматтары өте көп болды. Күйеуім мұнай кенішіндегі жұмысына ерте кетіп, кеш келетін. Ара-тұра алыстан бомба жарылғаны естіліп жататын. Ондай кезде әйелдер жағы балаларды алып, жертөлені паналайтынбыз.

Әл-Меядин қаласында жарты жылдай тұрақтап, біз Сирияның солтүстігіндегі Әт-Табка қаласына қоныс аудардық. Күйеуімнің қалауы солай болды. Бұл 2016 жылдың басы болатын.

Табкаға көшіп келген соң мен «елге қайтайықшы» дегенді жиі айта бастадым. Бұл кезде осы қаладағы қару-жарақ қоймасын күзететін күйеуімнің де ДАИШ-қа («Ислам мемлекеті» террор тобының тағы бір атауы – ред.) қатысты көзқарасы өзгере бастаған еді. Бірде ол маған «Бұл жерден шығуымыз қиын. Егер мен өліп қалсам, баламыз үшін бекем бол. Қазақстанмен байланысыңды үзбе!» деді. Дәм-тұзының таусыларын жүрегі сезген сияқты. «Аллаhқа қайтатын шығармын» деген әңгімені телефонмен Ақтөбеде қалған анасына да айтқан. 2016 жылғы 23 желтоқсан күнгі әуе шабуылы кезінде Әт-Табкадағы қару-жарақ қоймасына бомба тасталған. Күйеуім сол күні кезекшілікте болатын. Әуе шабуылы кезінде мерт болғанын [Сирияда жүрген] ақтөбеліктер келіп естіртті. Сол жылы ол 36 жасқа шыққан еді...

«БАЛАСЫН ЖЕРЛЕУ ҮШІН ЖЕРДІ ҚОЛЫМЕН ҚАЗДЫ»

Сирияда өткен төрт жыл өмірімді дұшпаныма да тілемес едім. Әсіресе соңғы екі жарым жылым тіршілік үшін арпалысумен өтті. Таң алдында жарылған бомба айналаны жап-жарық қылып жібергенде аспанға қарап, «ажалым осы ма екен?» деп ойлайтынмын. «Өліп кетсем, ұлымның күні не болады?» деп қорқушы едім.

Күйеуі өліп, жалғыз қалған әйелді ДАИШ «Жесірлер үйіне» орналастыратын. Ол жер біраз уақыт менің де тұрағым болды. «Жесірлер үйіне» түскен әйел төрт ай он күн аза тұтады. Мерзімді уақыт аяқталған соң тұрмыс құруына рұқсат етіледі. Маған да құда түсушілер көп болды. Бірақ менде оқ пен оттың ортасынан баламды аман алып шығудан өзге ой болмады.

Ракка қаласының алаңындағы қираған ғимараттар. Сирия, 18 қаңтар 2017 жыл.

Сириядағы соңғы екі жылда үздіксіз көшіп-қонумен болдық. Кейде бір елдімекеннен екіншісіне жаяу жететінбіз. Қай жерге барсақ та көшелер үнемі оқ-дәрінің иісі мен қан сасып тұратын. ДАИШ жасақтары мен жергілікті тұрғындар мәйіттерді көміп үлгере алмайтын. Өйткені аспанда тынымсыз ұшып жүретін ұшқышсыз басқарылатын аппарат қыбыр еткеннің бәрін атып түсіретін.

Ракка қаласында болған бір жайт күні кешегідей көз алдымда. Атыраулық келіншектің 13 жастағы ұлы мерт болып, мәйіті көшеде біраз жатып қалды. Шешесінің «баламды жерлеп беріңдерші?» деп жалынбаған адамы жоқ. Жұрт көшеге шығуға қорқады. Әлгі әйел жер бауырлап барып, ұлын өз қолымен көмді. «Балам ит-құсқа жем болмасын» деп жерді жалаң қолымен қазды...

Окопты паналаған күндеріміз де аз болмады. ДАИШ-тың ақырғы тұрағы болған Багуз қаласы қоршауға алынған кезде Евфрат өзенінің жағалауында ашық аспан астында да түнеп жүрдік. Атауы есімде қалмапты, өзен алқабында қолшатыр сияқты бір шөп өсетін. Соны бидай кебегімен араластырып талғажау қылып жүрдік. Күн ашық кезде анар ағашының бұтақтарын сындырып, шүберекке орап қоятынбыз. Анар ағашы ас дайындап, бой жылытатын отынымыз болды.

ИМ содырлары Багуз қаласындағы қақтығыста. 10 мамыр 2019 жыл.

Багузда қалсақ, ажалдан өзге ештеңе күтпесін ұқтым да, 2019 жылы қаңтарда тәуекелге бел будым. Қолымдағы соңғы ақшамды, 200 долларды жергілікті тұрғынға беріп, күрдтер лагеріне баратын жолды көрсетуін өтіндім. Қоршауда қалған тұрғындар арасында жолбастаушылар туралы түрлі әңгімелер айтылатын. «Ақшаңды алып, алдап кетеді екен», «мина алқабына кіргізіп жібереді екен» дейтін. Қорыққаным рас, бірақ менің басқа амалым қалмады. Осылайша 2019 жылы қаңтарда күрд жасақтарының Әл-Хол босқындар лагеріне келіп қосылдым.

Сирияға барған жылы мұнай кенішінде көрші тұрған ақтөбелік отбасының үлкен ұлы Асанмен Әл-Хол лагерінде кездестік. Әке-шешесі қайтыс болған Асан қарындасынан бомба жарылысы кезінде көз жазып қалған. Інісі аштан өлген. Өзі босқындар лагеріне жетім қалған араб балаларымен бірге жеткізілген екен.

Күрд тілін білетінімінің пайдасы Асанды сұрай барғанымда көп тиді. Босқындар лагерінің арабтар қоныстанған бөлігіне ұлымды жетектеп күнде баратынмын. Бастапқыда олар маған Асанды бергісі келмеді. Қылқылдап жүріп, ақыры алып кеттім. Біз Әл-Холдағы босқындар лагерінде де, Ақтаудағы оңалту орталығында да бірге болдық. Қазір 7 жастан асқан Асан Ақтөбеде нағашыларының қолында. Балам оны өзінің ағасы санайды.

Хасака провинциясындағы Әл-Хол лагері. Сирия, 1 сәуір 2019 жыл.

«АНАМДЫ ӘЛПЕШТЕП ӨТСЕМ ДЕЙМІН»

Қазақстан өз азаматтарын әкетейін деп жатыр деген хабарды Сыртқы істер министрлігінің мамандары келгенде білдік. Олар лагерьді аралап жүріп, қазақстандықтарды іздеді. Қазақстанның арнайы операция жүргізіп, өз азаматтарын Сириядан әкетпекші екенін бір-біріңе хабарлаңдар деді. Алдымен тізім жасап, кейін автобуспен әуежайға әкетті.

Сириядан ұшып шыққан ұшақ Ақтаудың әуежайына 2019 жылы 7 мамыр таң алдында келіп қонды. Кеудемді алғыс пен ұят араласқан түсініксіз сезім кернеп, алай-дүлей күй кешкенім есімде. Таң алдындағы тұнық ауадан жусанның иісін сездім. Ақтаудағы оңалту орталығында бір ай болып, Ақтөбеге де жеттік. Ата-енем жалғыз ұлынан қалған тұяқты құшақ жая қарсы алды.

2015 жылы Ақтөбеден Стамбулға барғанымызда күйеуім ұлына ойыншық мәшине сатып әперген болатын. От пен оқтың ортасынан сол ойыншығымызды ғана алып шықтық. Ұлыма әкесінің сыйлығы туралы да, қаза болғаны жайлы да айттым. Балам қазір кішкентай болғандықтан күйеуімнің қайтыс болғанынан өзге ештеңе айтпадым. Есейген соң әкесінің қателесіп Сирияға барғанын, сол жақта әуе соққыдан мерт болғанын айтамын. Ештеңені жасырғым келмейді. Есейген соң түсінеді деп ойлаймын.

Мен де анамның жалғыз перзентімін. Қазір балам екеуміз Қандыағаш қаласында анамның қолында тұрып жатырмыз. Ұлым биыл бірінші сыныпқа барды. Шахмат ойнағанды ұнатады. Жақында алғашқы жарысынан жүлде алып келді.

Өзім Ресейде Қазан университетінде теолог мамандығы бойынша сырттай білім алып жүрмін. Баламды патриот етіп өсіріп, дипломымды алып, отанымның, анамның үмітін ақтағым келеді. Ол бұрын менен көп үміт күтетін. Төрт жылға созылған жан азабының өтеуі үшін анамды әлпештеп өтсем деймін.

Әл-Хол лагеріндегі әйелдер. 8 қаңтар 2020 жыл.

Мен діни сауатымның аздығынан адастым. Қателігімді өзгелердің қайталамағанын қалаймын. Болашақта тәжірбием мен біліміме сүйеніп, өзгелерге көмектескім келеді.

Өмірімнің төрт жылы босқа кетті. Мүмкін ол менің маңдайыма жазылған тағдыр болар... Сондықтан өткенді қазбалап, о дүниелік боп кеткен күйеуімді кінәлағым келмейді. Ол да қателесті, адасты. Қателескенін түсінген кезде тым кеш еді.

Сондықтан өткенді қазбалап, о дүниелік боп кеткен күйеуімді кінәлағым келмейді. Ол да қателесті, адасты. Қателескенін түсінген кезде тым кеш еді.

Сирияға баратынымыздан бейхабар едім десем, маған біреулер сенбеуі де мүмкін. Ол үшін ешкімге де ренжімеймін. Өйткені жұрт бір-бірінің қателігін көргіш, ал тәубасын Алладан өзге ешкім де көргісі келмейді. «Ақ болсаң, ақталма» деуші еді ғой. Бұл – ақталғаным емес. Иә, мен оңбай адастым. Айналаңызға қараңызшы, адасқан тек мен бе екен?! Иә, менің қателігім өзгелердің қателігіне ұқсамайды. Оны да жақсы білемін. Жаздым, жаңылдым деп отырмын ғой. Мені көкірегімнен итере бермеңіздерші...

Бүгінім үшін Аллаға мың да бір шүкір! Кейде осының бәрі түсім емес пе екен деп қорқамын.

Оқи отырыңыз:

«Діннен безіп кетпеспін». Сабинелла

Сабинелла Аязбаева үш баласымен бірге күйеуіне еріп, Сириядағы қақтығыс аймағына кеткен. Ол жақта жүріп тағы екі баланы өмірге әкелген жас ана төрт жылдан көп уақыт Таяу Шығыста тұрған.