"ГУЛАГ орналасқан жер өлімге тойған"

Мәскеулік блогер әрі фотограф-фрилансер Павел Огородников Ресей мен шетелдегі қараусыз қалған нысандарды суретке түсірумен айналысады. Оның Instagram парақшасына 49 мың адам жазылған. Қыркүйек айында екі досымен бірге бір аптада Колыманы көктей өтіп, 1200 километр жол жүрген. Бұрынғы ГУЛАГ лагерьлері мен қаңыраған ауылдарды аралаған. Бұл сапар туралы ақпараттарды Twitter парақшасынан 278 мың адам қараған. Бұл - блогердің басқа саяхаттарының қаралымынан әлдеқайда көп.

Огородников қазір шетелге аз шығады, көбіне Ресейді аралайды. Өйткені оқырмандар Еуропаның қараусыз қалған қамалдарынан гөрі, Ресей тарихына көбірек қызыға бастаған. Павел Огородников Сибирь.Реалии сайтының тілшісіне Колыманың "алтын сақинасы" арқылы жүрген сапары туралы айтып берді.

– Сіз Колымаға Юрий Дудьтің атақты фильмінен кейін бардыңыз. Фильмнен шабыттандыңыз ба?

– Жұрттың бәрі солай ойлайды. Олай емес екенін дәлелдеу мүмкін емес. Бірақ «Колымаға барамыз» деген ой осыдан төрт жыл бұрын туған. Бұл идеяны серіктерімнің бірі Саша айтты. Ол сол кезде Рио-де-Жанейро мен Магаданның қайсысына барарын білмей, ойланды. Өйткені билет бағасында үлкен айырмашылық жоқ. Мен оған Риоға баруға кеңес бердім. Ол ұзақ ойланып, айтқаныма көнді. Өткен қыста Колымаға бару туралы сөйлесе қайта бастағанымызда, Дудьтің фильмі шықты. Осыдан кейін Колымаға міндетті түрде барамыз деп шештік.

Павел Огородников
Павел Огородников

– Колыманы таңдауға не себеп болды?

– Ресейді көп араладым. Бір жолы Мәскеуден Владивостокқа дейін бір жарым ай жүріп, жолай әртүрлі қалаларға тоқтап, суретке түсірдім. Бұл шетелге барғаннан да қызық. Уақыт өте келе елдің жағдайын білгің келеді. Колымаға барудағы мақсат ГУЛАГ лагерьлері мен иесіз қалған ауылдарды суретке түсіру болды.

– Сізді қуғын-сүргін тақырыбы неге қызықтырды?

– Бізде қуғын-сүргін тақырыбын қозғамауға тырысады деп ойлаймын. Бұл туралы ешқашан ашық айтылған емес. Бұл туралы мектепте, мемлекеттік ақпарат құралдарында, телеарнада аз айтылады. Сондықтан ағартушылық рөлін өз мойнымызға алуға тура келді. Сөйтіп есте сақтауға тиісті дүниелер жайлы ақпарат беруге бел будық. 23 жастамын. Айналамдағылар қуғын-cүргін туралы біледі. Осы тұста "досыңның кім екенін айтсаң, ..." деп басталатын мәтелді қолдануға болатын сияқты. Араласатын адамдарды әдетте ортақ көзқарас біріктіреді. 20-30 жастағылар қуғын-сүргін жайлы, ГУЛАГ туралы білмейді. Соңғы уақытта Сталинді жақтап, "Сталиннің кезінде бәрі соншалық жаман болмаған" деген пікірлер айтыла бастады. Бұл – қауіпті құбылыс.

Устьев-Омчук елдімекеніндегі ГУЛАГ құрбандарына қойылған ескерткіш.
Устьев-Омчук елдімекеніндегі ГУЛАГ құрбандарына қойылған ескерткіш.

– Сіздің ойыңызша қазіргі ресейліктер Сталинге неге соншалық назар аудара бастады?

– Ересек адамдар Совет одағы тұсында дүниеге келді, советтік тәрбиемен өсті, енді оны өзгерте алмаймыз. Ал жастар мемлекеттік үгіт-насихатқа ереді. Жақында теледидардан Микоян туралы (Анастас Микоян – Совет одағының партия және мемлекет қайраткері, 1937 жылы Армян ССР-індегі қуғын-сүргінді басқарған. – ред.) деректі фильмді кездейсоқ көріп қалдым. Фильмде оның адал адам болғаны, елдің дамуына үлес қосқаны айтылады. Оның қуғын-сүргінге қарсы "күресі" де баяндалған. Бірақ Микоянның атылатын адамдардың тізіміне қол қойғаны туралы еш айтылмайды.

Жұртының көбі көшіп кеткен Синегорье кенті.
Жұртының көбі көшіп кеткен Синегорье кенті.

– Сіздің отбасыңыз Сталин саясатынан зардап шекті ме?

– Менің арғы атам – еврей. Оның отбасын Еврей автономиялық облысына көшірген. Атам сол жерде туған. Ол дүниеге келе сала отбасы Костромаға барған. Апамның арғы атасы коммунист болған, соғысқа қатысқан. Сондықтан қуғын-сүргін көрмеген. Жолы болып, абақты мен лагерьге түспеген. Осы тұрғыдан қарағанда Колымамен байланысым жоқ. Бірақ кейін маған алғыс жаудырып, туыстары Колымада болғанын айтқандар болды. Тарихын осы жермен байланыстыратын адамдардан жылы лебіз естідім.

Атка кенті.
Атка кенті.

– Колымадан қандай әсер алдыңыз, ондағы адамдардың жағдайы қалай екен?

– Адамдардың тұрмысы оңай емес – сегіз ай қыс пен өте қысқа жаздан тұратын ауа райынан бастап, бәрі қиын. Бәрі қымбат – қаймақ 200 рубльден асады. Инфрақұрылымы да нашар. Мен мұндайды Орталық Ресейден, Сібір мен Қиыр Шығыстан да көрген емеспін. Электр жарығының жоғы таңғалдырды. Сусуман ауылындағы қонақ үйде жарық болмады. Бізге "жарық жанады" деп уәде де берген жоқ. Жарық біз ұйқыға жатқанда, түнде бір-ақ қосылды. Устьев-Омчук ауылындағы қонақ үйде жарық мүлде болмады. Бірақ көрші үйлердің терезесінен жарық байқалды. Бұл жайт мені қайран қалдырды. Өйткені жарық тұрмыс-тіршілікте болуы тиіс ең қарапайым нәрсенің бірі емес пе? Бұл өңірге турист тартуға болады екен. Колыма қараусыз қалған үйлері мен ГУЛАГ лагерьлерін көрсете алады. Мысалы, Чернобыль мен Припятьқа экскурсиялар бар ғой, сол сияқты...

– Қараусыз қалған үйлер мен иесіз ауылдар қандай әсер қалдырды?

– Біздің компания Ресейде не Еуропада болсын, қараусыз қалған нысандарды түсіруге маманданған. Еуропада да иесіз тұрған қамалдар мен католик шіркеулері көп. Бірақ Колымада бұл қаттырақ байқалады. Онда тұтас ауылдар қаңырап бос тұр. Мысалы, Кадыкчанда бұрын 13 мың адам тұрған. Оның тарихы Колыма өміріндегі кәдімгі сценарийдің бірі. Тіршілігін қамтамасыз етіп тұрған кәсіпорын жабылған соң, ауыл да бос қалған. Кадыкчанда көмір шахтасы болған. Онда жарылыс болған соң, қайта қалпына келтірмеген. Неге екенін білмеймін, Кузбасста да үнемі бірнәрсе жарылады. Бірақ шахтаны қалпына келтіріп, кен өндіруді жалғастыра береді. Ал мұнда шахтаны жабуға әдейі сылтау іздеген сияқты көрінді…

–Елеске айналған қала – Кадыкчанды суретке түсіргенде қандай сезімде болдыңыз?

– Интернеттен "бос қалған қалалар" деп жазсаңыз, алғашқы ондықтан Кадыкчанды табасыз. Мұнда екі мектеп, кинотеатр, дүкен, мәдениет үйі, емхана, Ленинге арналған ескерткіш орнатылған алаң, тұрғын үйлер болған. Қандай сезімде болдым? Ештеңе сезінбеген сияқтымын. Қаңырап қалған жерлерге көп баратындықтан әдетте ондай жерлердің мұңды өмірін жүрегіме жақын қабылдамауға тырысамын. Басқа адамдар көзімен көруі үшін, визуалды контент дайындаймын. Әрине, тіршілігі тоқтап қалған қалаға қараған ауыр тиеді.

Қазір онда ешкім жоқ. Жалғыз тұрғын – саханы кезіктірдік. Бір пәтерді өмір сүруге жарамды етіп жөндеп, терезесін бекітіп, буржуйка пеш қойып алыпты. Екі-үш адам боп, металл кесумен айналысады. Металды жинап, 30 тонналық көлікке артып, 700 километр жердегі Магаданға жібереді. Ол жақта металдың бір килограмын 9,5 рубльге сатады. Басқа жұмыс болмаса, осындаймен де айналысуға тура келеді. Өте мейірімді адам, қонақ келгеніне қуанып, бізді түскі асқа шақырды. Біз көлікте тамақ дайындап жатқанбыз, сондықтан бас тарттық. Онымен әңгімелесіп, қуанып қалдық.

Кадыкчандағы пәтерлердің бірі
Кадыкчандағы пәтерлердің бірі

–"Бутугычаг" лагеріне сапарыңыз, онда көргендеріңіз туралы айтып беріңізші?

– Жолға шықпас бұрын ГУЛАГ тарихы мұражайымен байланысып, ақпараттық қолдау сұрадық. Бізге қуана көмектесті. Бұл – жәдігерлері мен ақпаратты жеткізу техникасы жөнінен Ресейдегі ең үздік мұражайлардың бірі. Біз лагерьдің күре жолдан 15 километр қашықта жатқанын білдік. Алғашқы жеті километрді "Уралға" ұқсас жүк көлігімен өттік. Бізде "Тойота" джип көлігі болды. Бірақ онымен бір километрден артық жүре алмадық. Көлікті қалдырып, ары қарай сирек жүретін "Урал" көліктерінен қалған жолмен жаяу жүруге тура келді.

Бұл жол осында өндірілген уранды байытумен айналысқан фабрикаға барып тіреледі. Мұнда радиация деңгейі қалыпты мөлшерден он есе көп – сағатына 70–80 микрорентгенге жетеді. Музей қызметкерлері "ол жерде көп жүрмесеңіздер, радиация аса қауіпті емес" деді. Фабриканың ішіне кірген жоқпыз. Әрі қарай өзен арнасымен лагерь мен барактар орналасқан жазыққа көтерілдік. Онда байланыс жоқ, сондықтан бағытымызды ажырата алмадық. Коптёр ұшырдық. Төрт сағаттан кейін бірінші баракқа жеттік. Жол өте қиын болды. Бұл бүкіл сапар барысындағы ең ыстық күн болды. Үш адамға бір бөтелке су ғана алғанбыз. Өзен суы радиоактивті болғандықтан, оны іше алмайсың. Ол жердегі тағы бір қауіп – аюлар мен құнулар (сусардың бір түрі – ред.). Біз қатты сөйлеп, ысқырып жүрдік. Жергілікті халық бұл аңдар жиі кездесетінін ескерткен. Жолымыз болып, оларды көрген жоқпыз.

– Бұл жерден қандай әсер алдыңыз?

– Осы жерде жаңа бір сезім болды… Барлық жерді көрінісі мен мәніне қарап бөлуге болады. Сыртқы көрінісіне қарап баға берсек, бұл жер - сұрықсыз. Тастан салынған үйлер тұр, металл бөлшектер, шөміш, ағаш, сым темір, қалбыр ыдыстары шашылып жатыр. Әлемде қаңырап бос қалған жерлерді көп көрдім. Сондықтан бұл жердің тарихын білмесем, сыртына қарап, бұған дейін көргендерімнің жанында түк емес дер едім. Мұнда адамдар бірінен кейін бірі өле берген. Яғни, өте тез, үздіксіз. Жер адамның көз жасына тұнып, өлімге тойған. Лагерь орналасқан жазықты «Өлім жазығы» деп атайды. Бұл өте қатты әсер қалдырды. Мен бір сәт суретке түсіруді қойып, ол жердің тыныштығына құлақ түрдім. Сыртқы көрінісі әдемі болмағанымен, мәні терең… Онда тек тұтқындар емес, күзетшілер де өлген. Бізге ол жерде күзетшілер зираты барын, олардың басына «әскери борышын өтеу кезінде қаза тапты» деп жазылғанын айтқан. Оны іздеуге шамамыз келмеді. Сонда орналасқан қатаң режимдегі барактың ішінде тұтқындардың аяқ киімдері үйіліп жатыр. Әдетте бұл көріністі Освенциммен салыстырады. Онда да өлген адамдардың аяқ киімі жиналған.

Ол жердегі қайғыны орыс ұлтының өкілі ғана түсінеді деп ойладым. Ол жермен, тарихпен туыстық байланысың барын сезінбесең, шатыры жоқ барактар мен иесіз қалған ауылдар үлкен әсер қалдырмауы мүмкін. Магадан әуежайынан шетелдіктерді көрдік. Олардың әсерін сұрағым келген, бірақ олар ағылшын тілінде сөйлей алмайтын испандықтар боп шықты. Колымаға Сталинді жақтайтын жастарды апарып, бәрі шын мәнінде қалай болғанын көрсету керек. Қуғын-сүргін мен лагерьлерді ешкім ойлап тапқан жоқ, осының бәрі шынымен болған. Бұл алған әсерім жөнінен ең күрделі сапарым болды. Әлгі жерлерді көргенде жаным ауырды. Бірақ қазір елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша, ауруды жасырмай ашық айту керек деп есептеймін.

–ГУЛАГ-тың басқа лагерьлерінде болдыңыз ба?

– Осы сапар барысында "Омчак" лагерінде және "Талая" түрмесінде болдық. "Талая" түрмесі ГУЛАГ құрамына кірмеген. Өйткені түрме салынып біткенде, Сталин қайтыс болып, қуғын-сүргін тоқтаған. Сталин лагерьлерінің жобасымен салынған нысанды жай түрме ретінде пайдалануға берген. Бұл түрме 2005 жылы жабылған. "Омчак" лагері 1941 жылы табылған алтынды өндіру үшін салынған. Екіқабатты корпуста үш мыңға жуық тұтқын ұстаған.

Устьев-Омчук елдімекені.
Устьев-Омчук елдімекені.

– Мәскеу қаласының тұрғыны ретінде жақында болған митингілер туралы не ойлайсыз? Колымаға сапарыңыз кезінде танысқан әлеміңізбен қазіргі жағдай арасында ұқсастық байқадыңыз ба?

– Жазда Мәскеуде өткен бейбіт шеруге қатыстым. Президент Владимир Путиннің бірнеше жыл бұрын "қазір 37-жыл емес, ешкімнің артынан қара мәшине бармайды" дегені есімде. Бірнеше жыл бұрын 37-жыл болмаған да шығар. Бірақ қазір қара мәшине келмейді деген сезім жоқ. Мұндайда жағдай сол кезді еске сала бастайды. Бұл бірінші кезекте, адамның әрекеті мен жазаның арасындағы алшақтықтан байқалады. Лагерьлерде көбіне жазықсыз немесе болмашы әрекеті үшін жазаға тартылғандар болған. Қазір болмашы әрекет үшін ГУЛАГ-қа жібермесе де, қатаң жазаға кеседі. Қазір дәл сондай тенденция бар дей алмаймын, бірақ ол кездің қайта оралғанын қаламаймын.

– Сіздің ойыңызша, сондай кезең қайта оралуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, мүмкін емес, өйткені ол кезде қазіргідей ашықтық пен байланыстың алуан түрі болған жоқ. Қазір интернет арқылы кез келген ақпарат өте тез тарайды. Тіпті колониядағы азаптаулар туралы да деректер шығып жатыр. Ал тұтқындарды азаптағандар бұл туралы ешкім естімейді деп ойлайды. Интернетке салынған бір видео арқылы ақпарат бәріне жетеді. Сондықтан ГУЛАГ сияқты жүйені құру мүмкін емес, өйткені оны қайталау ниеті бірден белгілі болады.

– Колымаға тағы да барғыңыз келе ме?

–"Бутугычагқа" оралғым келеді. Бәрін асықпай түсіру үшін дайындалып, сол жақта түнеуге барар едім. "Днепровский" лагеріне барып қайтуға болады. Біз осы жолы ол жаққа үлгермедік. Онда ГУЛАГ тарихы мұражайы арқылы танысқан жақсы адамдар тұрады. Олармен тағы да кездескім келеді. Олардың бірі Андрей – Магадандағы жалғыз кітап баспасының дизайнері. Ол Колымада туған. Біз оған "Неге кетіп қалмайсың? Өз ісіңді жақсы білесің, кез келген үлкен қаладан жұмыс табу қиын емес" дедік. Ол жақта Магаданнан құрлыққа көшу жиі кездесетін құбылыс деп естідік. Ол "Мен осында тудым. Колыманы дамытқым келеді" дейді. Ерте ме, кеш пе, бәрібір кетуге тура келетінін іштей түсінетін сияқты. Бірақ әзірге құлшынысы жақсы. Жұмыс істегісі келмейтін адамдарды да көрдік. Жарығы жоқ қонақүй келушілер болмағандықтан, жабық тұрды. Есікке телефон нөмірі жазылған тақтайша ілінген. Хабарластым, келген әйел бізге қызмет көрсетуге ерініп, қонақ үйде қалғанымызды жаратпады. Бізге көлік жалға берген азаматтан да сондай көңіл-күйді байқадым. Біз одан жалға беру мерзімін бір тәулікке ұзартуды сұрадық. Бірақ ол ақшадан бас тартып, көлікті қайтаруды талап етті. Қызмет көрсетуге ұмтылыс жоқ. Монополистерге тән қасиет шығар.

–Жол қалай екен?

– Магаданнан басталатын асфальт жол 100 километрге дейін ғана жалғасады. Әрі қарай Якутскіге дейін 2000 километр жолға қиыршық тас төселген. Біз осы жолмен 1100 километр жүріп, айналып, Магаданға келдік. Кадыкчаннан бұрылып, кейін қайттық. Осыны "Колыманың алтын сақинасы" деп атайды. Жол қиын. Ең жоғарғы жылдамдық 80 км/сағ болды. Қиын жерлерде 40-50 км/cағ жылдамдықпен жүрдік. Одан жылдам жүрсе, көлік апатына ұшырау қаупі бар. Жол бойында қаза тапқан жүргізушілерге қойылған ескерткіш белгілер көп. Дөңгелек тез жарылады – бүкіл трассада дөңгелектің резеңкесі жатыр. Мұны сондағы халыққа айтқанымда, олар жолда көлігі бұзылған адам қар астынан дөңгелектің резеңкесін қазып алып, отқа жағып, жылынатынын айтты. Ескі дөңгелектердің резеңкесі таусылғанда, өз көлігінің дөңгелегін, кейіннен тұтас көлігін отқа жағады екен. Тірі қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Жазда жолда көлік көп. Ал қыста бірнеше сағат бойы жолда ешкім кездеспеуі мүмкін. Байланыс жоқ. Бірақ көмек сұраған адамға кез келген жүргізуші бірден тоқтайды. Сапар алдында жолдың жайын ойлап, уайымдадым. Магаданнан алыстаған сайын, жанармай қымбаттай түседі. Ең қымбат жанармайдың бір литрін 75 рубльден сатып алдық.

– Бұл сапарға қанша ақша кетті?

– Әр адам 40 мың рубльден жұмсады. Әдетте Мәскеуден 50-60 мыңға алатын билеттерді біз 25 мың рубльден сатып алдық. Біз ерекше жайлылықты қажет етпейміз. Бірінші кезекте, түсірілім маңызды. Колыма тредінен кейін маған: "Мен де Колымаға барамын" деп жазғандар болды. Бұл маған ұнайды. Байкал көлін түсіргенімле де осындай жағдай болған. Бәрі түсіріп жүрген көл ғой. Бірақ бір оқырманым "Байкалға баратын болдым" деп жазды. Менің суретім біреуге шабыт бергеніне қуандым.

Азаттық радиосының "Сибирь. Реалии" жобасының тілшісі Григорий Кронихтің мақаласы орыс тілінен аударылды