Азаттық радиосы

Серікболсын Әбділдин: Назарбаевпен ешқандай араздығым жоқ. Бірақ...

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Жел. 31, 2020

Мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдиннің қайтыс болғанына жыл толды. Азаттық саясаткердің көзі тірісінде айтқан сөздерін жинап шықты.

Серікболсын Әбділдин 1967 жылдан бастап көп уақыт Қазақ ССР жоспарлау комитетінде жұмыс істеді, ауыл шаруашылығы министрлігінде басшы қызметтер атқарды, Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды.

1990 жылы он екінші шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Әбділдин кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ал 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болды. Ол басқарған Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" декларацияны қабылдады.

Биліктен кеткен соң Әбділдин Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болып сайланып, оппозициялық ұйымды 14 жыл басқарды. Ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан авторитарлы билік жүйесін сынады. 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына Назарбаевқа балама кандидат ретінде қатысты. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 13 пайызы қолдаған оппозициялық саясаткер екінші орын алды, бірақ Әбділдин "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп мәлімдеді.

Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (оң жақта) мен вице-президент Ерік Асанбаев (сол жақта) Жоғарғы кеңес төралқасында отыр. Мінберде - Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1990 жылдардың басында түсірілген фото.

1999 жылы күзде парламент мәжілісінің депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын сынады. Елде азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары бұзылып жатқанын мәлімдеп, билікті демократиялық реформа жасауға үндеді. Оппозициялық саясаткер атышулы "Қазақгейт" жанжалына қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелеуге атсалысты. Ол 2003 жылы парламент үкіметтің талабы бойынша қабылдаған "Жер туралы" даулы заңға қарсы дауыс берді.

Әбділдин "бір лауазым, бір орынтаққа мәңгілік жабысуға болмайтынын" көрсеткісі келгенін айтып, 2010 жылы компартия басшылығынан кеткеннен кейін ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. 2015 жылы билік түрлі сылтаумен оппозициялық партияны жапты.

Серікболсын Әбділдин 2019 жылы 31 желтоқсанда 82 жастан асқан шағында Алматыда дүниеден өтті.

Серікболсын Әбділдиннің Азаттыққа әр жылдары берген сұхбаттарынан үзінді ұсынамыз:

"Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен айырылмай ұзақ жыл отырғаны мемлекеттің дамуына теріс әсер етті. Отыз жылымыз, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарымызды босқа кеткен жылдар деп есептеймін".

1 желтоқсан 2019 жыл

"Теңге құпия дайындалды деген мәлімет өтірік. Себебі ол кезде теңгені дайындау Жоғарғы Кеңестің құзіретіне кіретін. Өйткені Ұлттық банк төрағасы мен министрлердің бәрін Жоғарғы Кеңес бекітетін. Теңгені дайындау жұмысын Жоғарғы Кеңес өз бетінше, ешкім айтпай-ақ бастады. Депутат Тимур Сүлейменов дизайнын жасады. Сауық Тәкежановтың (депутат – ред.) Жоғарғы Кеңестегі экономикалық реформалармен шұғылданатын комитетіне ақша дайындауды жүктедік. Комитет жұмысы өз арамызда ашық жүрді. Төралқада қаралған теңгенің жұмысы жұртқа да тарайды ғой. Ал кейінірек теңге дайындау жұмысы туралы президентке баяндадым. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондағы реакциясы осы күнге дейін есімде. "Ойбай, оны Ельцин біліп қойса қайтеміз" деді. Себебі ол Борис Ельцинмен (1991-99 жылғы Ресей президенті – ред.) "рубль аймағында боламыз" деген әңгімені бастап жүрген еді. Ал біз мемлекет болғаннан кейін өз валютасы болуы керегін ескеріп, ешкімнен жасырмай-ақ [жұмыс] істегенбіз. Ол кезде Ресей орталық банкінің төрағасы Виктор Геращенконы өте жақсы танитын едім. Ол Қазақстан сұраған ақшаны беріп тұрды. Бір жолы "Өз ақшаларыңыз қашан болады?" деп қалжыңдады. Мен "жұмыс істеп жатырмыз" дедім.

15 қараша 2018 жыл


"Назарбаев Қазақстанның бүкіл байлығын иемденіп, қожайыны болып алды. Шындап келгенде, ол Қазақстанның байлығын, жер қойнауын миллиардтап ақша жинап алу үмітімен сатып жіберді, мен бұған сенімдімін".

3 қаңтар 2018 жыл


"Біреулер Одақ путч кезінде ыдырап кетті десе, біреулер ол күн ретінде Беловеж кездесуі өткен 8 желтоқсанды атайды. Ал жұрттың көбі СССР Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде түпкілікті ыдырады деп жүр. Өз басым Совет одағы ыдырай бастағанын бір жыл бұрын – Мәскеуде жұмыс істеп жүргенде сезіне бастадым. Экономика құлдырап кетті, мемлекетті басқаруға Горбачевтің (Совет одағының бірінші әрі соңғы президенті – ред.) шамасы келмей республикалар егемендігін жариялай бастады".

7 қараша 2016 жыл


"Өз басым Назарбаевпен ешқандай жеке араздығым жоқ. Мені оның өтірік айтатыны ғана алаңдатады. Мүмкін, дәлел керек дерсіз, бірақ Назарбаевтың өз уәделерін орындамай қойғанынан артық қандай дәлел керек? Кез келген уәдесінен тайқып шыға келеді. Бүкіл материалдық дәулетін заң жүзінде ешкім тиіспейтіндей етіп алса, бірдеңені дәлелдеп қайтемін. Егер адал еңбекпен тапқан байлығы болса, оны неге жасырады?"

7 қараша 2016 жыл

"Депутат болған бес жылым зая кетті деп есептемеймін. Көптеген маңызды мәселелер көтердім. Олардың бірі – "Қазақгейт". "Әлгі ақшаны тықпай, беріңдер" деп Нұрсұлтанға ашық жаздым. Ақыры ол ақшаны үкімет қоры мен "Бота" қорына аударды емес пе. Бұған қоса, әнұранды өзгерту жайлы мәселе шықты (2001 жылы – Азаттық). Әуелі жалғыз мен қарсы болдым, ал талқылай келе депутаттардың бәрі қарсы болды. Ақыры Назарбаев әлгі мәселені күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болды (2006 жылы әнұран бәрібір өзгерді – Азаттық)".

7 қараша 2016 жыл


"Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты еш жазықсыз алғаш қамап тастады. Екеуінің саяси айыптармен отырғанын білетінмін. Негізі, мен Назарбаевқа зейнетке шығу жасына байланысты мәселемен кірген болатынмын, бірақ әлгі мәселені де қозғадым. Екеуміз әңгімелесіп біраз отырдық, бір-бірімізді аздап қыжыртып алдық. Назарбаев "өкінеміз деп менің атыма хат жазып берсін" деді. Мен "олар жазбайды, өйткені кінәсі болса, ондай хатты сотқа дейін жазып берер еді" дедім. Ақыры Назарбаев менің міндетім болмаса да "екеуіне колония бастығынан мінездеме алып кел" деді. Әлгі кездесуден кейін Әблязов пен Жақияновқа көзқарасы аздап жылыды, өйткені екеуі сотталған мерзімнің аяғына дейін отырған жоқ".

7 қараша 2016 жыл


"1999 жылы мәжіліс сайлауында оппозицияның көп дауыс ала бастағаны байқалды. Сол кезде Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновтың сайлау нәтижесін бұрмалағысы келмеуі біздей билікті сынап жүрген адамдардың депутаттыққа өтуіне ықпал етті".

24 ақпан 2016 жыл


"1999 жылы қаңтарда өткен президент сайлауында бірнеше облыста Назарбаевтан көп дауыс алғаныма бақылаушылар арқылы көз жеткіздік. Оны кейін сайлауды ұйымдастырушылардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға шыққанда растады, сол кездегі премьер Нұрлан Балғымбаев та айтты".

24 ақпан 2016 жыл


"Қазақстанда ашық, азаматтық қоғам дамымай қалды. Азаматтық белсенділік жоқ. Халық сайлауға енжар, өйткені өз дауысының сайлау процесіне әсер ететіне сенбейді. Осы күйге жеткізген – қазіргі билік".

16 наурыз 2015 жыл

"1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ ССР-і Конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты советтік Қазақстанның президенті етіп сайладық. Сөйтіп салтанатты ант қабылдау рәсімі, яғни инаугурациясы 10 желтоқсанға белгіленді. Сол екі ортада Беловеж оқиғасы араласып, СССР-дің таратылғанын жариялады.

Ол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасы болған Ерік Асанбаев вице-президенттікке сайланып, төраға міндетін мен атқарып отырғанмын. Беловеж келісімінен соң біздің алдымызда "Жаңадан сайланған президентті қандай елдің президенті деп атау керек?" деген мәселе тұрды. Сол себепті желтоқсанның 10-ы күні таңертең инаугурациядан бұрын республиканың атын Қазақстан Республикасы деп асығыс өзгертуге тура келді. Түстен кейін сағат 15.00-де қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс өткізіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің атынан қаулыға қол қойып, Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қазақстан Республикасының президенті" деген куәлік тапсырдым. Назарбаев осылайша Қазақ ССР-інің президенті болып сайланып, Қазақстан Республикасының президенті болып шыға келді".

8 желтоқсан 2014 жыл


"Ресей мен Қазақстаннан басқасының бәрі тәуелсіздігін жариялап қойған. Сол себепті тәуелсіздік жарияланатыны айдан анық еді. Ол кезде Жоғарғы Кеңес жылына екі-ақ рет жиналатын. Тұрақты жұмыс істейтін парламент болған жоқ. Ол жолы күзгі жиын-терім аяқталған соң ғана Жоғарғы Кеңес отырысы шақырылды. Сөйтіп тәуелсіздік жариялау 1991 жылғы желтоқсанға сәйкес келді. Оның үстіне Беловеж келісімі тездетіп жіберді. Нұрсұлтан Назарбаев жаңарған одақ болады деп үміттенді. Тәуелсіздік туралы заңды қабылдауды тек 14 желтоқсанда бастадық".

8 желтоқсан 2014 жыл


"Невада-Семей" қозғалысының қалай құрылғаны көз алдымда. Полигонды жабуға тікелей осы қозғалыс себеп болды десек, біржақтылық болады. Ықпал еткені рас. Бірақ Семей полигонын жабу туралы әрекеттер одан бұрын басталғанын ұмытпау керек. Сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев компартияның орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачевқа бұл жөнінде арнайы хат жолдап, мәселені бірінші көтерген болатын".

27 ақпан 2014 жыл


"Байқоңырдан ұшырылатын зымыранға гептилді пайдаланбау жөнінде талап қойып, наразылық білдірген жастарды біртіндеп те, тобымен де жазаға тартып жатқанын көріп жүрміз. 1990 жылдары "Невада-Семей" қозғалысы да халықтың талап-тілегін көтерді. Әлгінде айтқанымдай билік оған қарсы болған жоқ, жазалауды былай қойғанда. Халықтың қолдан жасалған экологиялық апаттардың әлі күнге зардабын тартып отыруы, менің ойымша, қазіргі Қазақстандағы саясаттың олқылығы. Өкінішке қарай, тіпті қазіргіні айтпағанда бұрынғы Семей полигонының зардабын жою жұмыстары да сол күйі аяқсыз қалды".

27 ақпан 2014 жыл

Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына сұхбат беріп отыр. 30 қараша 2015 жыл.

"Нұртай Әбіқаевтың Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қаншалықты қатысы барын айта алмаймын. Осы қазадан кейін біраз шу болғанда Әбіқаев "менің кінәм жоқ екенін біліп жүрсін, оппозицияға да құлағдар етсін" деген өтінішпен маған Асқар деген көмекшісін жіберген еді. Рахат Әлиевтің жазғандарын да оқып жүрмін. Оны да біржақты теріске шығаруға болмайды".

18 маусым 2012 жыл


"Өзіміз егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға енді жетті дегенде, біздің мемлекетті ұрылар басқарып, билікте отыр. Мұны Назарбаевтың өзі де жасырмайды, оның орысша: "Коррупция – национальная проблема" деп айтып қалғаны бар. Сөз жүзінде күрессе де, осының бәріне жол беріп отырған Назарбаевтың өзі. Біз бұл жағдайдан құтылу үшін саяси билікті өзгерту керек. Оны Назарбаев өзгертпейді".

8 желтоқсан 2011 жыл


"Қазақтардың тіл үйренуге деген құштарлығын құптаймын, бірақ ана тілінен ажырауды дұрыс деп санамаймын. Қазір де сондай орыстандыру саясаты бары рас, бірақ санасы бар жастар ондай саясатқа ілеспейді, оны қабылдамайды деп есептеймін".

8 желтоқсан 2011 жыл


"Оппозициясыз алға басу, даму болмайды, "сын түзелмей, мін түзелмейді" демекші, оппозиция – өркениетті қоғамның ажырамас бөлігі, әркезде керек. Тек бір адамның ғана аузына қарап, соның алдында еңбектеп, құрдай жорғалағаннан ұлт та өспейді, ондай халық бақытқа да қол жеткізе алмайды, ол – бишаралықтың бір түрі. Ал біз бишара халық емеспіз, басқа дамыған елдер сияқты қазіргі заманғы өркениетті қоғам орнатып, бақытты өмір кешуге лайықты елміз".

8 желтоқсан 2011 жыл


"Бірде-бір рет компартияның тұтқасын ұстамаған адаммын. Мықты болсаңдар, Назарбаевтан кешірім сұратыңдар. Өйткені компартияның ең соңғы жетекшісі сол болатын. Ал қазіргі компартияның ішінде ол кезде дүниеге келмегендері де бар".

21 сәуір 2010 жыл


"Қандай да бір себептермен Назарбаев биліктен кете қалса, ертең-ақ оны жаппай айыптау басталады. Ал оның ертеңіне "Назарбаев конституцияға қайшы әрекеттермен билікті озбырлықпен тартып алды", "жеке басына табындырды", "Назарбаев өз билігінің басынан аяғына дейін Қазақстанның экономикалық және демократиялық дамуына кедергі жасап келді" деген шешім қабылданады".

5 сәуір 2011 жыл


"1986 жылдың 6 ақпанында Қазақстан компартиясының 16-съезі басталды. Сол жиында бірнеше делегат күтпеген жерден Дінмұхамед Қонаевты сынай жөнелді. Әрине, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Оның үстіне мұндай съездерде республиканың бірінші басшысының атына сын айтылмайтын. Ол Қонаевты "бетімен кеткен інісін жөнге салмай отыр" деп айыптады. Сол кезде бұл сөзді есту өте қолайсыз болатын. Неге дейсіз ғой? Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бюро мүшесі, Дінмұхамед Қонаевтың сүйіктісі болатын. Оны Қазақстанның жоғары басшылығына Қонаев алып келген. Сондықтан оның айтқан сөзінің мағынасын емес, оқиғаның этикалық жағын қабылдау жайсыздау болатын. Бұл әрі ешкім күтпеген, әрі адамгершілікке жатпайтын сөз болды".

7 ақпан 2011 жыл


"Конституция күні мен Астана күнінің, жай кездің өзінде де, Тәуелсіздік күніне қарағанда әрдайым жақсырақ тойланатынын білемін. Ал шындығында 16 желтоқсан біз үшін ғасырлар бойы аңсап күткен тарихи күн емес пе? Бұл күні көп қан төгілді және қазақтардың тәуелсіздікке қандай қиындықпен қол жеткізгенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік күні Қазақстанда барлық мерекелерден жоғары тұруы керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының қалай аталып өтетіндігін білмеймін. Бірақ күні кешеге дейін ол елеусіз қалып келді".

25 қазан 2010 жыл


"Хабар", "Қазақстан" сияқты телеарналарды Қазақстанның кез келген бұрышында жұрт көре алады. Ал олардың сюжеттеріне қарасаң, Қазақстанда коммунизм баяғыда орнағандай әсерде қаласың. Гүлденген Қазақстан өзге мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Жер шарының ешқандай проблемасы жоқ өлкесі секілді көрінеді. Сондықтан, мен біздегі барлық оқиғаларға, заңдарға қос стандарт, қос сипаттама жасалған деп есептеймін".

25 қазан 2010 жыл


"Біз егемендік жариялаған, президент сайлаған кезде мен Назарбаевты қатты қолдап жүрдім. Кейін ол азаматтың іс-қимылы теріс болғандықтан біз ажырадық. Мен негізінде оның көптеген іс-қимылына наразылық білдіріп, оппозициямен шұғылдандым".

21 сәуір 2010 жыл

"Өз басыма байланысты жағдайды айтайын, осы Назарбаевтың ақша тығып жүргенін біліп, бір депутаттық сауал жасаған кезде Иманғали Тасмағанбетов келіп, оның бір миллиард долларды 1996 жылы шетелге апарып тығып қойғанын айтуға мәжбүр болды. Сол себептен, коммунистер парламентте отырғанда халықтың жағдайына ықпал жасайтындай шешім қабылдауға күшіміз [бар еді], аз болса да, сөзіміз өтімді болатын".

21 сәуір 2010 жыл


"Конституцияның 78-бабында референдум өткізу үшін президент парламенттің келісімін алуға тиіс деп көрсетілген болатын. Ал енді сол Ассамблеяны құра салып, парламентті қуып таратып, Ассамблеямен "келісіп", өзінің билік құзырын 7 жылға ұзарту – Конституцияны аяққа таптау деген сөз".

6 сәуір 2010 жыл


"Сол уақыттағы заң Назарбаевқа бәсекелес болуға мүмкіндік берді. Бірақ бәсекеге ешкім ұмтылған жоқ. Хасен Қожахмет қол жинап, сайлауға түскісі келіп еді, оның өтінішін Назарбаев, қалай екенін білмеймін, қабылдатпай тастады. Тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауы бұдан бұрынғы совет заманындағы сайлаулардың жалғасы іспетті болды. Советтер кезінде азаматтардың дауысын бергісі келсін-келмесін бергізіп, 99-100 пайызға жеткізетін арнайы комиссиялар болатын. Сол сияқты 1991 жылы халық 98 пайыз дауыс берді деп жарияланды. Бірақ олардың ішінде қарсы дауыс бергендер болды, оны біз кейін біліп отырмыз ғой. Сондықтан менің ойымша, біздің тәуелсіз елдің тарихында әділетті сайлау болған жоқ".

2 желтоқсан 2009 жыл

Серікболсын Әбділдинді соңғы сапарға шығарып салу рәсімі. 3 қаңтар 2020 жыл.

"Жалпы объективтілік қандай да бір фактілерді келтірген кезде сақталады. Мысалы, мен мемлекет байлығы, ақшасы Батысқа өзенше ағылды десем, мен тек жарлық нөмірін ғана емес, сонымен қатар оның мерзімін, құпия жарлықтың нөмірлерін келтірем. Мен миллиард пұт астық жинады деп айтып, Назарбаев халықты алдады десем, мен миллиард пұттың 16 млн тонна екенін ескерте кетем".

25 қараша 2009 жыл


"Біздің Конституциямызда не жазылмаған? Бәрі жазылған. Адамның құқығын қорғау, оның ішінде наразы болса көшеге де шығуға болады деген сияқты, бәрі бар. Бірақ іс жүзінде ешкім өз құқығын пайдалана алмайды".

25 қараша 2009 жыл


"Назарбаевтың жақсы қасиеттерінен айтсам – мұны жоққа шығарудың қажеті жоқ – ол сүйкімді адам. Кез келген ортада, кез келген кездесуде ол әңгіменің басын да, ортасын және соңын да таба біледі. Оның қарапайым еңбеккердің де, мемлекет қайраткерінің және басқаның да тілін таба білуі таңғалдырады. Мұны мойындамасқа болмайды. Дей тұрғанмен, оның сөзі мен ісі ешқашан бір жерден шықпайды. Ол жалған саясатқа, өтірікке беріліп кеткен. Жалпылай келгенде, ол ешкімді аямайды. Ол әуелі өзінің ең жақын адамдарын былыққа "батырады" да, өзіне тәуелді етіп қояды".

7 қазан 2009 жыл