Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасынан соң арзандаған газ бағасы құбылып тұр


Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтауда жанар-жағар май құю бекеттерінің алдында көліктердің кезекке тұруы әдетке айналды. «Жаңаөзен оқиғасынан кейін бағасы төмендеген газ қазір қайта қымбаттай бастады» дейді Маңғыстау тұрғындары.

Ақтау қаласының тұрғыны Еркін Серікқалиев қала жүргізушілері көліктеріне газ құйдыру үшін «Қазмұнайгаз» жанар-жағар май құю бекетінің алдында екі-үш сағатқа дейін кезекке тұратынын айтты.

«ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТЕ САРЫЛЫП ТҰРУ КЕРЕК»

Оның сөзінше, дәл осы бекетте газ бағасы басқаларына қарағанда арзанырақ – 31 теңгеден. Ал басқа жерлерде 35 теңгеден, тіпті кей бекеттерде 50 теңгеден де сатылады.
Ақтау қаласындағы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтау қаласындағы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындардың айтуынша, 2011 жылғы желтоқсан айында болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін газ арзандаған.

- Бұрын 90-100 теңгеден сатылып келген газ бағасы 35 теңгеге түскен, - дейді Еркін Серікқалиев.

Ал Маңғыстау облысына қарасты Шетпе кентінің тұрғыны Берік Атабаев:

- Қазір де сол бағаны ұстап тұр. Бірақ дәл сол бағамен газ құйғысы келетін жүргізуші жанар-жағар май бекетінің алдында ұзын-сонар кезекте сарылып тұруы керек, - деді.

Оның айтуынша, «Шетпе кентіндегі он шақты жанар-жағар май бекеті бар, бірақ соның екі-үшеуінен ғана газ табуға болады».

- Газ жетіспей жатқаны рас, - дейді Берік Атабаев.

Ал Жаңаөзен қаласында көлік газы тапшы емес. Осы қала тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиевтің сөзіне қарағанда, «Жаңаөзенде әзірше ұзын-сонар кезек жоқ».

«ЖАУАП БЕРЕТІН ЕШКІМ ЖОҚ»

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы мен Шетпе кентіндегі газ тапшылығы жөнінде Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жауап бере алмады.

Маңғыстау облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшыларының бірі бұл мәселе өзінің құзырына кірмейтінін айтты. Ол орнынан кетіп қалғанын, ал орынбасарының сырқаттанып жатқанын, яғни сауалымызға дәл қазір жауап беретін ешкім жоқ екенін хабарлады.
Қазақстанның батыс аймағындағы жанар-жағар май құю бекеттерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның батыс аймағындағы жанар-жағар май құю бекеттерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысында газ тапшылығы мен қымбашылығы 2011 жылы желтоқсан айының 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасынан бұрын да бар еді. 2011 жылғы қараша айының бас кезінде облыстағы ақпарат құралдары газ тапшылығына байланысты Ақтау қаласындағы автобустардың тең жарымынан астамы жүрмей қалғанын хабарлады.

Сол кезде Маңғыстау облысының өнеркәсіп пен кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лиза Олжабаева негізгі жанар-жағармай қоры Астана мен Алматы қаласына жіберіліп жатқанын айтқан.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін облыстың барлық аудандарында газдың литрі 30 теңгеге төмендетілді.

2012 жылдың көктемінде Маңғыстау облыстық әкімшілігі сығымдалған газ бағасының литріне 30-35 теңгеден аспайтынын айтып, жұртты сендірген.

Алайда биыл мамыр айынан бастап (маусым, тамыз айларында) Ақтаудағы көлік жүргізушілері газ бағасының қайтадан көтеріліп, 80 теңгеге дейін жеткеніне куә болды.
XS
SM
MD
LG