Азаттық радиосы

Қазақстан және олимпиада. Токио додасы алдында сіз білу керек он дерек

Руслан МЕДЕЛБЕК

21 шілде, 2021

Қазақстан олимпиада тарихында қанша медаль алып еді? Қазақстан құрамасында олимпиадаға қатысатын ең ересек (ең жас) спортшы кім? Риода жүлде алған қанша қазақстандық спортшы Токиода медальға таласады? Қанша қазақ басқа елдің атынан ойындарға қатысады? Токио додасы алдында негізгі деректерді ұсынамыз.

1. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиада ойындарына жетінші рет қатыспақ. 1996 жылдан бері бұл ел жазғы олимпиадада 15 алтын, 21 күміс, 28 қола (барлығы 64 медаль) жеңіп алған. Қазақстан допинг дауына байланысты Пекин олимпиадасының бір алтынын, Лондонның төрт алтынын қайтарып берген. ХОК 2008 және 2012 жылғы олимпиадада алынған допинг сынамаларын қайта тексергенде қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедованың сынамаларынан рұқсат етілмеген препарат табылғаны хабарланған. Ильин Пекин мен Лондон алтынын, қалған үшеуі Лондон олимпиадасының алтынын кері қайтарған. Допинг дауына ілінген Чиншанло екі жылдық жазасын өтеп, спортқа қайта оралды. Ол Токио олимпиадасына қатысады.

2. Рио олимпиадасында жүлде алған Дмитрий Баландин (жүзу, алтын), Елдос Сметов (дзюдо, күміс), Василий Левит (бокс, күміс), Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо, қола), Элмира Сыздықова (әйелдер күресі, қола), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика, қола) Токио олимпиадасына қатысады.

Ольга Рыпакова Рио олимпиадасында.

3. Үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова төртінші олимпиадасына қатысады. Ол осыған дейінгі үш олимпиадада жүлде иеленген. Рыпакова Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері, Лондон ойындарының чемпионы, Риодағы олимпиадада қола алған.

4. Токио олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылардың жасы үлкені – 45 жастағы Наталья Сергеева (каноэ мен байдарка есу), ал ең жасы – көркем гимнастикадан сынға түсетін 19 жастағы Алина Әділханова. Сергеева 2004, 2012 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.

Алина Әділханова.

5. Қазақстан 1996 жылдан бері жазғы олимпиададан алтынсыз қайтпаған. Алтын бойынша ең төменгі нәтиже 2004 жылы Афина олимпиадасында болған еді. Грекиядағы ойындарда Қазақстаннан тек боксшы Бақтияр Артаев чемпион атанған. Қазақстанның ең үздік нәтижесі Рио олимпиадасында болды – 3 алтын, 5 күміс, 10 қола.

Бақтияр Артаев Афина олимпиадасында чемпион атанған сәт. 2004 жыл.

6. Спорттық гимнастикадан Милад Карими бір өзі Токио олимпиадасына жеті жолдама жеңіп алды. Ол спорттық гимнастиканың жеті түрінен жүлдеге таласады.

Милад Карими

7. Токио олимпиадасына Түркиядан көшіп келген қазақ Жансель Дениз (таэквондо) қатысады. Ұлттық құрамада басқа елден келген легионерлер де бар. Теннисшілер Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Ярослава Шведова, Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев Ресейден; дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг Моңғолиядан; ауыр атлет Зүлфия Чиншанло Қытайдан; еркін күрестен Нұрислам Санаев (Қазақстанға келгенге дейін Артас Санаа атымен сынға түскен), Юсуп Батырмурзаев Ресейден келген.

Түркиядан келген қазақ Жансель Дениз 2018 жылы Азия ойындарында күміс алған.

8. Қытай қазақтары Уәлихан Серікұлы (грек-рим күресінен 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) мен боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы осы елдің атынан Токио ойындарына қатысады. Өзбекстан құрамасының сапындағы қазақтар Елмұрат Тасмұратов (грек-рим күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері) және Елнұр Әбдірайымов (бокстан 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) да Токиода жүлдеге таласады.

Елмұрат Тасмұратов Рио олимпиадасында.

9. Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы төртінші рет олимпиада қатысады. Ұлттық құрама 2000, 2004, 2012 жылғы олимпиадаға барған. 2016 жылғы олимпиадаға жолдама ала алмаған еді. Араға бір олимпиада салып, су добынан Қазақстан ерлер құрамасы ойындарға оралды.

10. Қазақстан олимпиада бағдарламасына енді енген каратэ мен құзға өрмелеуден де жүлдеге таласады. Каратэден бес жолдама, құзға өрмелеуден бір лицензия бар.