Азаттық радиосы

Украинадағы Голодомордың жарияланбаған суреттері

Дмитро Джулай

Наурыз 26, 2021

Совет билігі Голодоморды фотоға түсіруге тыйым салған. Ондай суреттерді тәркілеп, жойып отырды. Украинада қолдан ұйымдастырылған аштыққа дәлел болатын суреттер сирек, бірақ бар. Канаданың Торонто қаласындағы Голодоморды зерттеу бойынша ғылыми орталық сондай жүздей суретті жинап, Holodomor Photo Directory сайтына жариялады.

Жоба авторы америкалық зерттеуші Лана Бабий "жобаны дайындап жатқанда Голодомордың мүлде жарияланбаған фотоларын таптық" дейді.

Бұл фотолардан жұрттың тамақ іздеп босып кеткенін, көшеде қараусыз жүрген аш балалардың көптігін, советтік номенкулатураның бай өмірі мен қарапайым халықтың кедейлігін анық көруге болады.

Жобаға енген суреттердің ішінде австриялық Александр Винербергердің, америкалық Джеймс Эббе пен Уайтинг Уильямстың, украиналық Николай Боканьның фотолары бар.

Александр Винербергер (1891-1955)

Александр Винербергер, австриялық инженер-химик. Alexander Wienerberger / Samara Pearce Archive

Австриялық инженер Александр Винербергендің суреттері – Голодомор жайлы негізгі дәлелдердің бірі.

"Оның суреттерінен Кремль жасырғысы келген геноцидті көруге болады" дейді Лана Бабий.

1932 жылы күзде Винербергер Мәскеуден Харьковқа пойызбен бара жатқан жолда ұжымдастыруға қарсы шыққан ауылдың отқа оранғанын көрген. Ол әр станция сайын пойызбен Сібірге айдалып бара жатқандарды да көзі шалған.

Қаңыраған үйлер, игерілмеген жер, шіріген бидай. Бұл Винербергердің Харьковқа барар жолда көргендері еді.

"Көркейген елді осындай үйіндіге айналдыру үшін адамгершіліктен жұрдай болу керек" деп жазады ол.

"Егер жауымыз берілмесе, онда көзін құрту керек". Александр Винербергер жазбасы. Бұл сөз Максим Горькийдің публицистикалық шығармасында кездеседі. Кейбір ғалымдар Горькийдің осы мақаласы Совет одағындағы жаңа репрессияның басталуына түрткі болды деп санайды. Фото 1933 жылы түсірілген. Alexander Wienerberger/Samara Pearce Archive

Мамандығы химик Винербергер Харьковтағы пластмасс зауытында жұмыс істеген. 1933 жылы аштық күшейгенде ол немістің Leica II фотоаппаратымен Харьковқа ас іздеп, өлімін тапқандарды суретке түсіре бастаған.

"Украинадағы халқы аштықтан қырылған ауылдардың бірі" (авторлық сипаттама). Фото А. Винербергер, "Hart auf hart. 15 Jahre Ingenieur in Sowjetrußland. Ein Tatsachenbericht, Salzburg 1939" кітабынан

Инженер Харьковтағы тамаққа кезекті, бос дүкендерді, қараусыз қалған балаларды, ашыққан малдар мен көшеде шашылып жатқан мәйіттерді түсірген.

Аштық құрбаны. Харьков. 1933 жыл. Alexander Wienerberger/Samara Pearce Archive

"Көшеде шашылып жатқан мәйіттерді жинаған сәтті көргенде жүрек қарс айырылады. Өлген баланы анасының құшағынан алып кетіп жатты. Анасының құрғақ омырауынан сүт шығара алмай жылаған балаларды да әкетті. Балалардың жанұшыра жылаған даусынан құлақ тұнады" деп жазды Винерберген.

Аштық құрбандары. Харьков. 1933 жыл. Alexander Wienerberger/Samara Pearce Archive
"Аш балалар мен анасы" (автордың сипаттамасы). Харьков, 1933 жыл. Alexander Wienerberger / Samara Pearce Archive
"Харьковтағы жұмысшыларға арналған уақытша баспана" (автордың сипаттамасы). 1933 жыл. Alexander Wienerberger/Samara Pearce Archive
"Аштықтан қырылғандардың зираты". Харьков шеті. 1933 жыл. Фото: Александр Винербергер. Alexander Wienerberger / Samara Pearce Archive

Винербергер бұл суреттерді сақтап қалу үшін Австрия елшілігіне тапсырып отырған. Ал елшілік дипломатиялық хаттар арқылы суреттерді Венаға жіберген. Инженер 1934 жылдың басында Австрияға оралып, Голодомор туралы лекциялар оқи бастады.

Александр Винербергертің фотолары жайлы Лана Бабийдің зерттеуінен оқи аласыз.

Джеймс Эббе (1883-1973)

Америкалық фотограф Джеймс Эббе 1927 жылы Совет одағына келген кез. James Abbe/James Abbe Archive

Америкалық фотограф Джеймс Эббе 1920 жылдары кино және театр жұлдыздарын суретке түсіріп танылған. Оның объективіне Гитлер, Муссолининің өзі ілінген.

Ол 1932 жылы Иосиф Сталинді суретке түсіру үшін Мәскеуге келген. Эббе – Сталинді суретке түсірген санаулы шетелдіктің бірі.

Фотограф үш апта бойы Кремльге кіре алмай жүреді. Кейін шетелдік басылымдар Сталиннің "ауыр сыртқатқа шалдыққаны" туралы хабар таратты. Эббе совет шенеуніктерін "егер Сталинді шетелдік фотограф суретке түсірсе ғана әлем оның сау екеніне сенеді" деп көндіреді.

Кейін Эббе Сталинмен кездеседі. Фотограф Кремльдегі Сталиннің кабинетін өмірінде көрген ең ұзын бөлме деп сипаттады.

Эббе Сталинмен бес минут кездесудің орнына 25 минуттай уақыт өткізеді. Кейін әлем совет диктаторының күлік тұрған фотосын көрді. Осы фотосессиядан кейін Эббе Кремльдің "сенімді адамдар" тізіміне еніп, Совет одағында жарты жылға – 1932 жылдың қыркүйегіне дейін қалып, "Союзфото" агенттігінде істейді. Америкалық фотограф Совет одағындағы шынайы өмірді суретке түсіргісі келеді.

ДнепроГЭС жұмысшылары тұрған үй. 1932 жыл. James Abbe/James Abbe Archive

Эббе Гололомордың куәсі болды. 1932 жылы жазда ол лас әрі сасыған вагонмен Украинаға жетеді.

Оған жолда кездескен жолаушылардң бірі "Ауылымда адамдар тамақ іздеп, таппаған соң тышқандар мен бақалар сияқты өліп жатыр. Ал ұжымдастыруға көнбегендерді Сібірге айдап жатыр" деген. Фотограф олардан "Сібірден ауылына оралған соң не істейсіздер?" деп сұрағанда тұрғындар "біз өмір сүреміз деп үміттенбейміз, ол жаққа өлуге бара жатырмыз" деп жауап берген.

Эббе станцияларда ашыққан шаруаларды түсіргені үшін бір рет ұсталып, кейін босатылды. Совет одағында теміржол мен вокзалды суретке түсіруге тыйым салынған еді.

Эббе Харьковта түсірген осы суреті үшін ұсталған. James Abbe/James Abbe Archive

Эббе жолай көп зауыт, фабрика салынып жатқанын көрген. Бірақ өзі тұрған қонақ үйден нан, шай, қант таба алмаған. Ол Донбассқа барғанда совет билігінің тапсырысымен шахтерлердің "қуанышты жүзін" суретке түсірген. Фотограф пленкаға "олардың аш құрсағы ілінбегеніне" өкініш білдірген.

ДнепроГЭС дамбасының маңында тамақ алу үшін кезекте тұрған жұмысшылар. Эббенің жазуынша, Совет одағында кез келген кезекті суретке түсіруге тыйым салынған. 1932 жыл. James Abbe/James Abbe Archive

Америкалық фотограф жұмысшылар ашығып жатқанда өзі мен совет шенеуніктеріне мол дастархан жайылғанын жазды. "Кен өндіретін аудандарға барған тоғыз күнімізде үстелден икра, қуырылған тауық, балық, бифштекс түспеді" дейді ол.

"Жұмысшылар ашығып жатқанда біздің құрметті шетелдік қонағымыз Донбасстағы аштықты көрген жоқпын деген құжатқа қол қойып, өте жақсы өмір сүріп жатыр". (Эббенің "I photograph Russia" кітабынан). Фото Донецк облысында түсірлуі мүмкін, 1932 жыл. James Abbe/James Abbe Archive

Кейін Эббе Мәскеуде тыйым салынған жерді суретке түсіріп жүріп, тағы ұсталған. Совет билігі оны елден шығарып жіберді. Ол түсірген фотоларын кіші ұлының шалбарына салып өткен. Эббе кейін "Ресейді суретке түсірем" (I Photograph Russia) атты кітап жазып, онда Совет билігінің бақылауының кесірінен талай көрген сәттерін суретке түсіре алмағанын айтады.

Джеймс Эббенің Голодомодан түсірген суреттері жайлы мына сілтемеден оқи аласыз.

Уайтинг Уильямс (1878-1975)

Уайтинг Уильямс

"Адамдар шыбын сияқты өліп жатты" деп жазды америкалық журналист, еңбек жөніндегі маман Уайтинг Уильямс Украинада 1933 жылы тамызда көргені жайлы.

Ол 1933 жылы турист ретінде Донбассқа келгенде нағыз трагедияның куәсі болды. Уильямс Харьков, Киев, Горловка, Донецк көшелерінде аштан қырылған адамдардың мәйітін көрді. "Әйелдер мен еркектердің бар ойы бір тілім нан еді" деп жазады журналист.

Советтік органдар америкалық адамның Совет одағына сапарын қатаң бақылаған, бірақ ол тығылып Украинадағы аштан қырылған адамдардың суретін түсіріп үлгерген.

Аштықтың зардабын көрген әйел. Уильямс түсірген сурет. 1933 жылдың тамызы. Whiting Williams Photographs/Western Reserve Historical Society

Ол газеттердің бірінен еркектің адамдарды өлтіріп, оның етін базарда сатқаны туралы мақала оқыған. Кейін Уильямс жұрттың аузынан Украинадағы аштық кезінде каннибализм белең алғанын аңғарған.

"Менің туысым түрмеде бір әйелді кездестірген. Ол әйел өз ұлының етін жегені үшін қамалған. Әйел бала сияқты әлсіз болғаны үшін ұлын жегенін айтқан" дейді Уильямс.

Бірақ америкалық журналисті бәрінен бұрын көшелерде босып жүрген аш балалар таң қалдырған. "Олар жабайы аңдар сияқты өмір сүріп, солар сияқты өліп жатты" дейді ол.

"Жұмысшылар аштықтан өлген кішкентай баланың жанынан өтіп бара жатыр" (Автор Уильямстың сипаттамасы). 1933 жыл. Whiting Williams Photographs/Western Reserve Historical Society

Шаруалардың кейбірі тамақ табылып қалар деген үмітпен балаларының қалада қалдырған. Кейбір балалар марқұм болған ата-аналарын тастап, қалаға келген.

Уильямс Харьковта тоғыз жасар баланың базардағы қоқыс маңында жұмыртқаның қабығынан тіске басар бірдеңе іздеп отырғанын көрген. Келесі күні америкалық турист ол баланы қоқыстың жанынан тағы да кездестіреді. Бұл жолы бала қозғалыс жатқан еді…

Америкалық турист Харьковте милициялардың қараусыз жүрген балаларды ұстап жатқанын суретке түсіріп алған. 1933 жылы мамырдың өзінде ресми органдар көшеде тоғыз мыңдай баланы ұстағанын хабарлаған.

Полицейлер Харьков көшесінде жүрген балаларды ұстап жатыр. Уильямс түсірген фото. 1933 жылдың тамызы. Whiting Williams Photographs/Western Reserve Historical Society

Балаларды жетімдер үйіне жіберген. Уккраинадағы жетімдер үйінде де тамақ жоқ еді. Ондағы өлім-жітім деңгейі 30 пайыз болды. Сондықтан жетімдер үйіне түскен балалар ол жақтан қашып, қайта көшелерге оралатын. Уильямстың айтуынша, кейбір балаларды вагонға тиеп, иен далаға әкеп тастаған.

"Бір күні үш вагонға балаларды қамап тастады. Үш күннен кейін вагонды ашқанда, ешкім тірі қалмапты" деп жазады ол.

Ферманың бірінде жеміс жинап жүрген "еріктілер". Бұл уақытта шаруалардың көбі өлген я Сібірге айдалған еді. Whiting Williams Photographs/Western Reserve Historical Society

Уильямс Совет одағындағы аштықты әлем білсін деп америкалық журналдарға бермек болады. Бірақ америкалық басылымдар оның мақаласы мен фотосын жариялаудан бас тартады.

"Ол уақытта АҚШ бизнес үшін Совет одағымен қарым-қатынасты бұзғысы келмеді. Сонымен қатар, Американың Совет одағын мойындауы жөнінде көп дау жүріп жатқан еді. Кейін 1933 жылы қарашада президент Рузвельт Совет одағын одақ ретінде мойындауды қолдады" дейді зерттеуші Бабий.

Уильямс америкалық фотограф Джеймс Эббенің арқасында британиялық журналға жазғандары мен түсіргендерін жариялауға мүмкіндік алады.

Holodomor Photo Directory зерттеушілерінің сөзінше, 1934 жылы наурызда лондондық Answers журналына Уильямстің Голодомор жайлы фотолары жарияланды.

Уильямстің лондондық Answers журналына шыққан Голодомор жайлы фотолары

Уайтинг Уильямс пен оның фотолары жайлы Лана Бабийдің зерттеуінен оқи аласыз.

Николай Бокань (1881-1942)

Николай Бокань

Украиналық кәсіби фотограф Николай Бокань Голодомор кезінде өз отбасының трагедиясын фотоға түсіріп алған.

"Аштықты суретке түсірген фотографтардың көбі аштықтың зардабын тартпаған шетелдіктер болды. Ал Николай Боканьның отбасы сол аштықтың құрбанына айналды" дейді зерттеуші Дарья Глазкова.

1932 жылдың ортасында сегіз баласы бар Бокань аштықтың зардабын шеге бастады. Фото түсіру ешқандай табыс әкелмеді. Жетпістей адам фотоның ақшасын бермей кетті.

Осы уақытта ол отбасында болған барлық жайтты суретке түсіре бастады. "300 күн бойы нансыз отырмыз" деп жазған Бокань фотоларының біріне.

Бокань отбасы. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2

"Нан таппай қалған соң басқа азық-түліктің бағасы да өсіп кетті. Сондықтан балаларымды аштан құтқаруды ойлана бастау керек" деп жазды ол.

1932 жылы маусымда Бокань 25 жастағы ұлы Владимирді басқа жаққа барып тамақ табуға жібереді.

Николайдың отбасы Владимирді сапарға шығарып салып тұр. 1932 жылдың маусымы. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2

Владимирдің бала кезінен көзінде жарақат болды, бірақ Николай бұған қарамастан ұлын жұмысқа жіберуге шешім қабылдайды. Сол кезде әке мен бала ұрсысып қалып, Владимир терезені шағып, үйді өртеймін дейді. Бала әкесін "отбасын асырай алмады" деп айыптайды.

Владимир Батурин қаласындағы май зауытына жұмысқа тұрады. Николай ұлының өмірін "Қайыр тілеу, ұрлық, бұзақылық" деп сипаттады.

Николай Бокань мен ұлы Борис Владимир бір күні келіп, үйді өртеп жібере ме деп қауіптеніп, су толы шелектерді дайындап қояды. 16 маусым 1932 жыл СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2

1933 жылы аштық өршіген тұста Николайдың отбасы он ай бойы нан жемеген еді. Осыдан соң оның 22 жастағы ұлы Константин өз еркімен колхозға жұмысқа кетті. Ол бір күні жұмыстан келе жатып, әлі құрып жолда құлап көз жұмады. Бокань баласының өлі жатқанын да суретке түсіріп алады.

"Балам екі ай бойы колхоздағы еңбегі үшін ақы ретінде зираттан орын алды" деп жазды фотограф.

Николай Боканьның тағы бір ұлы ағасы Константин өлген жерде отыр. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2
Николайдың ұлы Константин табытта жатыр. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2
Дәрігердің Константиннің өлімі жайлы анықтамасында "әлсіздік" деп жазылған. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2
Николай ұлы Константиннің зиратында тұр. Ол ұлының басына "1933 жылы 30 маусымда ауыр жұмыс пен аштықтан өлген" деп жазып қойды. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2

1937 жылдың соңында Николай Бокань мен ұлы Бористі "антисоветтік агитация мен пропаганда жасады" деп айыптап, қамауға алды. Тінту кезінде 42 фото тәркілеген. Осы фотолар үшін Николай сегіз жылға, ұлы бес жылға лагерьге айдалды. Олар жазасын өтеп келді. Борис 1939 жылдың соңында, Николайдың өзі 1942 жылы көктемде қайтыс болды.

Николай Бокань мен ұлы аштықтан өлген Константинді еске алып отыр. СБУ мемлекеттік архиві. фонд 6, дело 75489-фк, том 2

Николай Бокань мен оның отбасы жайлы мына зерттеуден оқи аласыз.

Азаттықтың Украин қызметінің мақаласы аударылды.