Тяньаньмэнь қырғынына 32 жыл

4 Маусым 2021
32 жыл бұрын, 1989 жылы Қытай әскері Тяньаньмэнь алаңындағы шерушілерді басып-жаншыған. Оқиға хроникасы

32 жыл бұрын, маусымның 4-і күні Қытай әскерилері мен танкілері алаңға кіріп, бірнеше айдан бері қарсылық білдіріп тұрған жастарға оқ атқан. Ресми Пекин халықаралық қауымдастықтың талабына қарамастан наразылықтан қанша адам қайтыс болғанын ашық айтпай отыр. 32 жыл бұрынғы Тяньаньмэнь қырғыны қалай басталып еді? Еске алайық.

Әртүрлі деректерге сай, қырғыннан 300-ден бастап бірнеше мыңға дейін адам мерт болған. Қытай билігі бұл қырғын жайлы әлі күнге дейін айтқысы жоқ.

Студенттер алаңға сәуірден бастап палаткалар тігіп, наразылық бастаған. Кейін оларға Пекиндегі жұмысшылар мен қарапайым тұрғындар қосылды. Жүздеген адам алаңнан кетпей, сонда қонып жатты.

1989 жылы 18 сәуірдегі наразылық. Пекин.
1989 жылы 18 сәуірдегі наразылық. Пекин.

Пекинде наразылыққа шыққандар демократиялық өзгерістер жасауды, шенеуніктер арасындағы жемқорлықты жоюды, Қытай Компартиясының авторитарлы басқару әдісін құртуды талап етті. Студенттер елдегі жұмыссыздық пен инфляцияның артуына да наразы болды.

Наразылар алаңда. 1989 жылдың мамыры
Наразылар алаңда. 1989 жылдың мамыры

Пекиндегі митингіге Коммунистік партия Орталық комитетінің бұрынғы басшысы Ху Яобанның өлімі түрткі болды. Ол Қытайдағы либерал реформатор ретінде халық арасында өте танымал болған еді. 1987 жылы саяси қарсыластары Яобанды «билікке талап қойғандарды қолдады» деп айыптаған. Осыдан соң ол басшылықтан кетті. 1989 жылы ол партия жиынында жүрегі ауырып, кейін ауруханада көз жұмды.

Алаңдағы наразылар.
Алаңдағы наразылар.

Пекинде басталған наразылық шарасы Қытайдың басқа қалаларында да жалғасты. БАҚ тілшілерінің қолына түскен партиялық құжатта митинг 341 қалада өткені жазылған. Ал 5-8 маусым арасында – Тяньаньмэнь алаңындағы наразыларды атқаннан кейін 151 қалада жұрт наразылыққа шыққан.

Алаңда отырған студенттер. 1989 жылдың мамыры.
Алаңда отырған студенттер. 1989 жылдың мамыры.

Мамырдың соңында Қытай билігі елде әскери жағдай енгізді. Басылымдар наразыларды басып-жаншуға әскерилер дайындалып жатыр деп хабарлады. Тяньаньмэнь алаңында әскери тікұшақтар келіп, Компартияның атынан парақшалар шаша бастады. Қағазда Компартия наразылардан тарауды талап еткен.

Тікұшақ наразыларға парақша шашып жатқан сәт.
Тікұшақ наразыларға парақша шашып жатқан сәт.

Араға екі ай салып – маусымның 4-і күні Тяньаньмэнь алаңында танкілер мен әскерилер кіріп, наразыларға оқ жаудырды.

Наразылар танкілердің бірін өртеп жатыр. 4 маусым 1989 жыл.
Наразылар танкілердің бірін өртеп жатыр. 4 маусым 1989 жыл.

Маусымның 5-і күні наразыларды күшпен тарқатқан соң танкілер алаңнан кетіп бара жатқанда белгісіз бір адам олардың алдына тұрып, жолын бөгеген. Кейін екі адам оны күштеп алаңнан алып кетті. Белгісіз адамның танк алдында тұрған сәтін AP ақпарат агенттігінің фотографы Джефф Уайденер түсіріп алған. Фото Тяньаньмэнь алаңындағы қырғынды еске салатын ең маңызды суретке айналды.

Куәгерлердің сөзінше, адамдар алаңда, полиция бөлімшелерінде және ауруханада өлген. Наразыларды күшпен басып-жаншу полицияға деген өшпенділікті арттырып жіберді. Ақпарат құралдары полицейлердің де мерт болғанын жазды. AFP ақпарат агенттігінің фотографы түсірген суретте өртенген денеден полиция формасы байқалады.

Алаңда тұрған танкілер. 5 маусым 1989 жыл.
Алаңда тұрған танкілер. 5 маусым 1989 жыл.

Қытай билігі тірі қалғандар мен жасырынып үлгермегендерді түрмеге қамады. Кейбір наразыларды дарға асқан. Еңбек лагерьлеріне кеткендер де бар.

Қытайдың қазіргі билігі де бұл оқиғаның шындығын ашпай отыр. Мемлекеттік басылымдар да қырғын жайлы жаза бермейді. Тарих оқулықтарында да деректер жоқ. Ресми Пекин Тяньаньмэнь қырғыны жайлы интернеттегі барлық ақпаратты бұғаттайды.

Алаңдағы наразылық.
Алаңдағы наразылық.

Былтыр, Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғаға 30 жыл толғанда, Қытай ішкі істер министрі Вей Фенгхе «наразыларды атуға себеп болғанын, осыдан кейін Қытайдағы жағдай тұрақталғанын» айтты.

«Тяньаньмэнь алаңындағы митинг саяси бассыздық болды. Сондықтан орталық билік наразыларды күшпен таратуына тура келді. Билік бұл бассыздықты тоқтату үшін қолдан келгенін істеді. Қытайдың 1989 жылдан кейін қалай дамығаны биліктің сол кезде дұрыс шешім қабылдағанын көрсетеді» деді ол.