Желтоқсанда Францияда болған наразылық шаралары кезінде шерушілер әр жүргізушінің көлігінде жүретін “сарғылт жилет” киіп шықты. Сарғылт түсті жилет Франциядағы шерудің символына айналды. Әлемде болған түрлі толқуларда наразылар билік назарын аудару үшін визуалды белгі немесе түс таңдайды. Соңғы отыз жыл көлемінде болған "түрлі-түсті" толқуларды шолып шықтық.
“САРҒЫЛТ ЖИЛЕТТІЛЕР” НАРАЗЫЛЫҒЫ. ФРАНЦИЯ. 2018 ЖЫЛ
Бір айдан бері Францияны “Сарғылт жилеттілер” наразылығы дүрліктіріп тұр. Ел билігі жанармай салығын көтермек болған, бірақ халық қарсы шықты. Парижде манифестанттар полицейлермен қақтығысып, дүкендерді қиратты, көліктерді өртеді. Наразыларды жұмылдырып тұрған белгі – Францияда көлік жүргізушілер көліктерінде алып жүруі тиіс сары жилет. Наразылар "жилет - үкімет күштеп кигізген қамыт" деп сипаттайды. Наразылықтан кейін ел президенті Эммануэль Макрон жанармай салығын өсіруге жарты жыл мораторий жариялады. Бірақ "сарғылт жилеттілер" орташа айлықты өсіруді, салықты азайтуды талап етіп, тағы да көшеге шықты. Макрон орташа жалақыны 100 еуроға өсіріп, табысы аз азаматтарды және зейнеткерлерді салықтан босатуға уәде берді.
АБОРТТЫ ҚОЛДАУШЫЛАРДЫҢ ЖАСЫЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ. АРГЕНТИНА. 2018 ЖЫЛ
Аргентина депутаттары биыл тамызда аборт жасатуға рұқсат беретін заң жобасын қолдамады. Осы шешімнен кейін халық аборт жасату құқығын қолдайтын қозғалыстардың символына айналған жасыл орамалдарын желбіретіп, Аргентина көшелерінде жаппай шерулетті. Наразылықтан еш нәтиже шыққан жоқ. Бірақ бүкіл Латын Америкасындағы әйел құқығын қорғайтын қозғалыстар аборт жасау құқығы үшін күресе беретіндерін мәлімдеді.
ҚОЛШАТЫР ҚОЗҒАЛЫСЫ. ГОНКОНГ. 2014 ЖЫЛ
Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы Гонконгте халық жаппай қарсылық акциясына шықты. Пекин Гонконгтің сайлау заңын өзгертпек болды. Қытай "Гонконгтің сайлау комитеті алдымен үш кандидатты анықтап, сайлаушылардың дауыс беруіне ұсынуы керек" деген талап қойды. Халық комиссияның үш кандидат қана ұсынатынына қарсы шығып, барлық кандидаттарға тең құқық беруді сұрады. Спрей мен жас ағызатын газдан қорғану үшін көтерілісшілер қолшатыр қолданды. Батыс басылымдары наразылықты "Қолшатыр қозғалысы" деп атады. Сары түсті қолшатыр қозғалыстың символына айналды.
ЖАСЫЛ ҚОЗҒАЛЫС. ИРАН. 2009 ЖЫЛ
Ирандағы президент сайлауында Махмұд Ахмадинежадтың жеңіске жеткені хабарланды. Ахмадинежадтың саяси қарсыласы Мир-Хусейн Мусавидің жақтастары наразылыққа шықты. Мусави "Ирандағы басқару жүйесіне өзгеріс енгіземіз" деген ұранмен жасыл түсті таңдап алды. Мусавиді қолдау жиындарының бірінде ақын Екбал Мансуриан “Өмірімізді қайтадан жасыл етейік, қайта жауын жауғызайық, қайта үміт отын маздатайық” деп халықты рухтандырды. Наразылық кезінде ондаған адам қаза тауып, мыңдаған адам қамалды. Қауіпсіздік күштері демонстрацияларды күшпен басты.
ШАФРАН РЕВОЛЮЦИЯСЫ. МЬЯНМА. 2007 ЖЫЛ
2007 жылы Мьянмада бензин мен газ бағасы қымбаттаған соң елдің әскери үкіметіне қарсы жаппай наразылық басталды. Наразылық басында буддист монахтар тұрды. Олардың киімдерінің түсіне байланысты бұл шеру “Шафран революциясы” деп аталды. Елдің діни астанасы – Мандалайдағы шеруге 10 мыңға жуық монах қатысқан. Билік шеруді күшпен таратты. Мьянма тұрғындарының басым бөлігі – буддистер. Монахтар арасындағы саяси белсенділік 1920 жылдардан бастау алады. Сол жылдары Бирманы (Мьянманың ескі атауы – ред.) Ұлыбритания бодандығынан шығарып, тәуелсіздік алып берген қозғалысқа монахтар да белсене қатысқан.
САРЫ ЖЕЙДЕЛІЛЕР VS ҚЫЗЫЛ ЖЕЙДЕЛІЛЕР. ТАЙЛАНД. 2006 ЖЫЛ
Тайландтағы “сары жейделілер” мен “қызыл жейделілер” қарама-қайшы саяси қозғалыстың символына айналды. “Сары жейделілер” бұрынғы премьер-министр Таксин Чинаватқа қарсы болса, “қызылдар” оның саясатын қолдады. “Сары жейделілер” марқұм король Пхумипон Адульядеттің атымен байланысты сары түсті таңдады. Толқу нәтижесінде “билігін асыра пайдаланды" деп айыпталған Таксин Чинават орнынан кетті. Осы тұста Чинават қолдаушылары – "Қызыл жейделілер" қарсылыққа шықты. Қызыл – Тайланд туындағы үш түстің бірі, “ұлт” деген мағынаны білдіреді. Ал тудағы ақ түс дінді, көк түс монархияны білдіреді.
ҚЫЗҒЫЛТ САРЫ РЕВОЛЮЦИЯ. УКРАИНА. 2004 ЖЫЛ
2004 жылғы президент сайлауында Виктор Янукович жеңіске жетті. Сайлауда жеңілген батысшыл кандидат Виктор Ющенконың жақтастары "сайлау әділ өтпеді” деп, жаппай наразылыққа шықты. Көтеріліс “қызғылт сары революция” деп аталды. Бұл - Ющенконың сайлауалды науқанының түсі. Жаппай наразылыққа байланысты билік сайлау нәтижесін жоққа шығарып, қайта сайлау өткізді. Екінші рет өткен сайлауда Ющенко жеңіске жетті. Ресей "наразылыққа қолдау білдірді" деп Батысты айыптады.
САРЫ РЕВОЛЮЦИЯ. ФИЛИППИН 1986 ЖЫЛ
Филиппин оппозициясының басшысы Кіші Бенингно Акино көп жыл шетелде жүріп, 1983 жылы тамыздың 21-інде отанына ұшып келгенде сары түсті жейде, көйлек, қалпақ киіп, сары лента таққан демократияшыл жұрт Акиноны қолдау үшін Маниладағы халықаралық әуежайға жиналды. Бұл түс 1973 жылы ең көп сатылған “Tie a Yellow Ribbon Round the Ole Oak Tree” (Сары лентаны кәрі ағашқа байлап кет - ред.) әнінен алынды. Синглде түрмеден шыққан адам “үйіме келгенде мені баяғыдай қарсы ала ма?” деп сұрақ қояды. Акино әуежайда оққа ұшты. Бұл қастандық халықты одан сайын ашуландырып, негізінен бейбіт сипаттағы жаппай наразылық өршіп кетті.Толқуға шыққандар бастарына сары лента тағып, сары ту ұстап шықты. Ақыры үш жылдан соң авторитар басшы Фердинанд Маркос биліктен кетіп тынды.