Accessibility links

АҚШ пен тәліптер арасындағы келіссөз қалай аяқталды?


Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің өкілі.
Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің өкілі.

Катар астанасы Дохада тоғыз раундқа созылған АҚШ-Талибан келіссөзі аяқталды. Келісімге сай, АҚШ бес айдың ішінде Ауғанстандағы 5400 сарбазын елден шығаруы тиіс.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Ауғанстан бойынша өкілі Залмай Халилзад қыркүйектің 2-сы күні Азаттықтың Ауған қызметіне сұхбат беріп, екі тараптың келісімі әлі күшіне енбегенін айтты. Оның сөзінше, құжаттың соңғы нұсқасына АҚШ президенті Дональд Трамп қол қоюы тиіс.

Халилзадтың айтуынша, Талибан Ауғанстанда бақылауда ұстап отырған аймақтарында террористерді паналатпауға, АҚШ пен оның одақтастарына шабуылдамауға келіскен.

«Екі тараптың келісімі Ауғанстанда толық бейбітшілік орнатуға бастама болады» деді ол.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Ауғанстан бойынша өкілі Залмай Халилзад (оң жақта) Дохадағы келіссөзде отыр. 12 тамыз 2019 жыл.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Ауғанстан бойынша өкілі Залмай Халилзад (оң жақта) Дохадағы келіссөзде отыр. 12 тамыз 2019 жыл.

Келіссөзге қатысқан Талибан өкілі халықаралық ақпарат агенттіктеріне Халилзадтың сөзін растап, АҚШ Ауғанстандағы 5400 әскери маманын әкететінін айтқан. Қазір Ауғанстанда АҚШ-тың 14 мың сарбазы бар. Вашингтон Ауғанстан билігі мен Талибан арасындағы бейбіт келіссөздер сәтті жүрсе, әскерін толық шығармақ.

Халилзад қыркүйектің 1-і күні Дохадан Кабулға келіп, Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен кездескен. Ол Ғаниге АҚШ-Талибан қол қойған құжатты таныстырған. Ауғанстан президентінің әкімшілігі құжаттарды толық зерттеп шығатындарын мәлімдеді.

АҚШ билігі мен Талибан қозғалысы Ауғанстанда 18 жылға созылған соғысты доғару жайлы бейбіт келісімге қол жеткізуге шақ қалған тұста Кабулда ірі жарылыс болды.

Кабулдағы жарылыс. 2 қыркүйек 2019 жыл.
Кабулдағы жарылыс. 2 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 2-і күні Кабулдағы халықаралық ұйымдар өкілдіктері орналасқан "жасыл аймақ" деп аталатын ауданда бомба орнатылған автокөлік жарылды. Артынша қарулы содырлар оқ атқан. Шабуылдан 16 адам қаза тапты, 119 адам жараланған. Бұл жарылысты Талибан өз мойнына алды.

ТАЛИБАН ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?

1989 жылы Совет одағының әскері Ауғанстаннан шыққан соң 90 жылдары Пәкістанның солтүстігінде Талибан қозғалысы құрылды. 1994 жылы күзде Талибан Ауғанстанға да келді. 1995 жылы күзде Иранмен шекараласатын Герат провинциясын, 1995 жылы күзде Кабулды алды. 1998 жылға дейін тәліптер Ауғанстан аумағының 90 пайызын бақылауда ұстады.

Талибан делегациясы Мәскеуде өткен келіссөзден шығып кeледі. Мәскеу, 30 мамыр 2019 жыл.
Талибан делегациясы Мәскеуде өткен келіссөзден шығып кeледі. Мәскеу, 30 мамыр 2019 жыл.

Ауғанстан мен Пәкістанда пуштундар көп тұратын аймақтарда тәліптер үстемдігін арттырып, ислам және шариғат заңдарын енгізе бастады. Олар өзі бақылаған аймақта адам өлтіргендерді, некесіз қосылғандарды жұрт көзінше өлім жазасына кесті, ұрлық жасағандардың қолын шапты. Ерлерге сақал өсіруді, әйелдерге бетін толық жауып тұратын бурка киюді міндеттеді. Тәліптер музыка, кинотеатрларға тыйым салды. Қыз балалардың білім алуына қарсы шықты.

Халықаралық ұйымдар «Сауд Арабиясы тәліптерге қаржылай қолдау көрсетті, ал Пәкістан Талибан ұйымының құрылуына жағдай жасады»деп айыптады. Исламабад бұл айыпты жоққа шығарады.

2001 жылы 11 қыркүйекте Усама Бен Ладен мен «Әл Каида» ұйымы Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығына шабуыл жасады. Кейін АҚШ «Талибан қозғалысы Бен Ладен мен «Әл Каида» ұйымына қолдау көрсетті» деп айыптап, Ауғанстанға басып кірді. Артынша тәліптерді биліктен құлатты. Осыдан соң Талибан содырлар ұйымына айналып, Ауғанстан мен Пәкістанда жүздеген теракт ұйымдастырды. 2001 жылдан бері тәліптер Ауғанстан және АҚШ әскерилерімен қақтығысып келеді.

2003 жылы БҰҰ Талибанды террорлық ұйым деп жариялады. Талибан Қазақстанда да террорлық ұйымдар тізіміне енгізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG