Accessibility links

WSJ: Трамп әкімшілігі Орбанды БҰҰ Бас хатшысы лауазымына ұсынбақ

Виктор Орбан
Виктор Орбан

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбанды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына қолдап отыр. Бұл ұсынысқа Ресей мен Қытай да қосылуы мүмкін. Бұл туралы үш елдегі дереккөзге сілтеме жасаған The Wall Street Journal хабарлады. Айта кетейік, материал басылымның "Көзқарас" (Opinion) бөлімінде жарияланған.

Басылымның жазуынша, Вашингтон Орбанды сайлауға түсуге шақырған. Орбан шешім қабылдады ма, жоқ па белгісіз.

Газеттің дерегіне сенсек, Вашингтонмен бұған дейін болған келіссөздерге қарағанда, Ресей мен Қытай да бұл жоспарды қолдауы мүмкін. Жоспарға сәйкес, Орбан үш елдің ортақ кандидаты болуы тиіс. АҚШ пен тағы бір елдің шенеуніктері басылымға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Вашингтон, Мәскеу және Пекин бір нәрсені қаласа, әдетте соған қол жеткізеді деген.

WSJ мақаласына Будапешттен де, Вашингтон, Мәскеу және Пекиннен де реакция болған жоқ.

БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің өкілеті биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Бас хатшыны Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша БҰҰ Бас ассамблеясы тағайындайды. Ол үшін үміткер кеңестің 15 мүшесінің кемінде тоғызының дауысын алуы және бес тұрақты мүшенің ешқайсысы вето қоймауы керек.

Бұған дейін халықаралық БАҚ ресми кандидаттардың ешқайсысы Қауіпсіздік кеңесінің ортақ қолдауын әзірге ала алмай отырғанын, БҰҰ хатшысын таңдау тығырыққа тірелгенін жазған еді.

Өткен аптада бәсекеге Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік министрі Лана Заки Нусейбе қосылды. Ол 2013–2024 жылдары БАӘ-нің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған. Сайланса, ол ұйым тарихындағы алғашқы әйел бас хатшы және мысырлық Бутрос Бутрос-Галиден кейінгі Таяу Шығыстан шыққан екінші басшы болмақ.

22 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің бұл бастамасын құптап, Нусейбенің кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Министрлік сайлау Қауіпсіздік кеңесінде консенсусқа қол жеткізудегі қиындықтармен қатар жүріп жатқанын атап өтіп, үміткерлер санының артуын сындарлы диалогты жалғастыруға және өзара қолайлы шешім табуға берілген қосымша мүмкіндік деп бағалады.

Бұған дейін британдық The Guardian басылымы БҰҰ бас хатшылығына ықтимал бейресми үміткерлер арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімін атаған. Тоқаев БҰҰ-дағы лауазымға бару ниеті жоқ екенін бірнеше рет қайталаған. Сарапшылардың пікірінше, негізгі тартыс қазан-қарашадағы жабық дауыс беру кезінде өрбіп, басты үміткер желтоқсанда анықталуы мүмкін.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG