Назарбаевтың «тоқалы», сайлау, Иманбек һәм Жамбылдағы жарылыс

2021 жылдың маңызды оқиғалары

Автор: Руслан Меделбек

Фото: Петр Троценко, Манас Қайыртай,
Аян Қалмұрат, Асылхан Мамашұлы, Reuters

Дизайн: RFE/RL's Pangea Digital team

10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп, парламенттегі басым орынды биліктегі «Нұр Отан» партиясы иеленді. Билікке жақын «Ақ жол» мен «Қазақстанның халық партиясы» (бұрынғы – Қазақстанның коммунистік партиясы) жеті пайыздық межеден өтіп, мәжілістен орын алды. Сайлау күні полиция билікке және сайлауға қарсы бейбіт наразылыққа шыққан жүздеген адамды ұстады. Арнайы жасақ «Демпартия» құрғысы келетін бастамашыл топ пен Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділерін суықта 8-9 сағат кеттлингте ұстады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) сайлауды халықаралық талаптарға сай емес деп бағалады.

28 ақпанда оппозициялық топтар – «Демократиялық партия» құрғысы келетін бастамашыл топ пен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы билікке қарсы бейбіт митинг өткізді. Бұл күні арнайы жасақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда белсенділерді тағы да бірнеше сағат кеттлингте ұстады. Наразылыққа келгендер «саяси тұтқындарға бостандық!», «Назарбаев – хан емес!» деп айғайлады.

Қазақстандық диджей Imanbek (Иманбек Зейкенов) музыка әлеміндегі беделді саналатын Grammy сыйлығын жеңіп алды. Оның америкалық рэпер Saint Jhn-ның «Roses» әніне жасаған ремиксі үздік (Best Remixed Recording) деп танылды.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні бірнеше феминистік ұйым бастамасымен жүздеген адам гендерлік теңдікке үндейтін шеруге шықты. Бұл феминист белсенділердің биліктің келісімімен өткізген алғашқы акциясы болды. Шара кезінде әйел құқығы, әйелдер теңдігі мәселесі мен саяси талаптар айтылды.

Биыл Қазақстанда жұрт азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасы қатты қымбаттағанын айтып шағымданды. Жазда елде сәбіз, картоп, жеміс-жидек бағасы шарықтады. Сәбіздің бір келісі 800 теңгеге дейін жетті. Билік азық-түлік бағасының өсуін тоқтатуға шара қабылдадық десе де тамақ пен көкөніс құны әлі өсіп жатыр.

Биыл Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жауын болмай, құрғақшылық қысып, жұрт талай малынан айырылды. Қызылорда облысында төтенше жағдай жарияланды. Маңғыстау халқы биылғы қуаңшылықты жұт деп атаған. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар биліктен жем-шөппен жәрдемдесуін сұрады. 10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қуаңшылыққа дұрыс дайындалмады деп сөгіп, қызметінен босатқан. Шаруалар құрғақшылықтың зардабын әлі тартып жатыр

Жаз айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күрт көбейіп, індет қайта ушықты. Денсаулық сақтау министрлігі 6 тамызда 7899 адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді. 27 тамызда коронавирустан 153 адам қайтыс болғанын хабарлады. Бұл – ресми статистика бойынша рекорд. Бірақ сарапшылар Қазақстандағы коронавирус дерегіне күмән келтіреді. Үкімет қазанда вирус жұқтырғандар саны азая бастағанын хабарлады.

Шыңжаңда қалған туыстарын іздеген бір топ адам биыл жыл бойы Алматыдағы Қытай консулдығына, Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне барып, жақындарын босатуды талап етті. Жақындарын іздегендер Алматыдағы Қытай консулдығына қатарынан 300 күндей барды. Жақындарын іздегендерге Қытай елшілігінен я консулдығынан ешкім шықпады. Қазақстан оларды «Бейбіт митинг заңын бұзды» деп айыптап, бірнеше рет айыппұл салды. Кейбірін 10-15 тәулікке қамады. Туыстарын іздегендерге салынған барлық айыппұл құны екі миллион теңгеден асып кетті.

Токиода өткен жазғы олимпиадада Қазақстан тек 8 қола медаль иеленіп, алтын я күміс жүлдесіз қалды. Қазақстан 1996 жылдан бері жазғы олимпиададан алтын медальсіз қайтпаған. Токио ойындарынан кейін Есеп комитеті президент Тоқаевтың тапсырамасымен олимпиадаға дайындыққа бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексеріп жатыр.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі қоймада оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласты. Әскери қоймаға жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Жарылыстан 17 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың бәрі – әскери қызметкерлер мен құтқарушылар. Оқиғадан соң Қылмыстық кодекстің 462-бабы («Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша іс қозғалған.

24 қарашада диссидент ақын Арон Атабек 68 жасында ауруханада көз жұмды. 1 қазанда Павлодар қалалық №2 соты Арон Атабекті денсаулығына байланысты түрмеден босатқан еді. Қамаудан шыққан соң оның жағдайы ауырлап, бірнеше рет жансақтау бөліміне түсті. Арон Атабек 2006 жылы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген. Құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныған.

27 қазанда Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында мектеп ауласында ұйғыр және қазақ оқушылары төбелесіп, соңы ауылдағы жанжалға ұласты. Мектептегі төбелестен бір оқушы, ал жанжалдан 53 жастағы ер адам зардап шекті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның ұлтаралық сипаты жоқ деп мәлімдеді. Бірақ елде халықтар достығын нығайту керек деді.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) 3 қазанда жариялаған «Пандора құжаттары» зерттеуінде «Назарбаевтың „тоқалы“ Әсел Құрманбаева Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген аса табысы жоқ офшорлық компаниясын Назарбаевқа жақын олигарх Владимир Ниге 30 миллион долларға сатқанын» жазды. Зерттеуде Қазақстан британиялық саясаткер Джонатан Айткен 2009 жылы Назарбаевты мадақтайтын кітап шығарғаны үшін 166 мың фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 96 млн теңге) алғаны айтылады. «Пандора құжаттарында» айтылған деректерге Назарбаев пен билік ешқандай пікір білдірген жоқ.

Аудионы шертіңіз