Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Вашингтон НАТО-ға Ауғанстандағы өз күштерінің қатарын 8 мыңға дейін ұлғайтып, Ирақ күштерін оқыту миссиясын өз қолына алады деп үміттенеді.

БРЮССЕЛЬ: НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер НАТО-ның Ауғанстан мен Ирақтағы міндеттерін кеңейтуге шақырумен одаққа мүше 26 елдің сыртқы істер министрлерінің бас қосуын ашты. Оның атап көрсетуінше, НАТО-ның міндеттерін кеңейту – аталған екі ел үшін де, одаққа мүше елдер үшін де маңызды. Брюссельде министрлер Бағадта әскери училище ашу мәселесін шешеді деп күтілуде. Вашингтон НАТО Ауғанстандағы өз күштерінің қатарын 8 мыңға дейін ұлғайтып, Ирақ күштерін оқыту миссиясын өз қолына алады деп үміттенеді. НАТО мен Ресей сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Украинадағы саяси ахуал ең басты тақырып болып отыр. Брюссель мен Мәскеу терроризмге қарсы күрестің бірлескен “іс-қимыл жоспарын” құрады деп күтілуде.

В.Ющенконың қолдаушылары Киевтегі билік кеңселерінің көпшілігін қоршаудан босатты.

КИЕВ: Украина парламенті - Жоғарғы Раданың конституция мен сайлау заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын қабылдауына байланысты президенттікке оппозициядан түскен үміткер В.Ющенконың қолдаушылары Киевтегі билік кеңселерінің көпшілігін қоршаудан босатты. Ендігі жерде сайлау нәтижесін бұрмалауға жол бермеу шаралары қарастырылуда. В.Ющенконың хабарлауынша, тәуелсіздік алаңындағы шатыр үйлер қалашығы 26 желтоқсандағы қайта дауыс беруге дейін қалады. Оппозиция лидері өз қолдаушыларын 21 қарашадан бастап үзбей наразылығын шеруін өткізу арқылы Жоғарғы Раданың конституция мен сайлау заңына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдауына және Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамын бекітуге жеткізген, оның өз сөзімен айтқанда, “Үлкен жеңісімен” құттықтады. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Украина таяу болашақта президенттік-парламенттік республикаға айналады.

Н.Сингх: АҚШ-тың Пәкістанға қару сатуы – Исламабад пен Дели арасындағы бейбіт келіссөздерге кесірін тигізіп, Вашингтон мен Дели арасындағы қарым-қатынастың салқындауына себеп болуы мүмкін.

ДЕЛИ: Үндістанға сапарға келген АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд бүгін Делиде үнді лидерлерімен кездесті. Д.Рамсельдтің Үндістанның қорғаныс министрі Пранаб Мухерджимен және үнді сыртқы істер министрі Натвар Сингхпен арадағы келіссөздері АҚШ-тың Пәкістанға қару-жарақ, оның ішінде барлау ұшақтары мен танктерге қарсы зымырандарды сату жөніндегі шешіміне Делидің ащы наразылық білдіруінің ізінше өтті. Кеше үнді парламентінде сыртқы істер министрі Натвар Сингх АҚШ-тың Пәкістанға қару сатуы – Исламабад пен Дели арасындағы бейбіт келіссөздерге кесірін тигізіп, Вашингтон мен Дели арасындағы қарым-қатынастың салқындауына себеп болуы мүмкін деп ескертті.

Токио өз әскерінің Ирақта болатын мерзімін тағы бір жылға ұзартты.

ТОКИО: Жапония өз әскерінің Ирақта болатын мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Күншығыс елі жауынгерлерінің Ирақтағы мандаты 14 желтоқсанда аяқталуға тиіс болатын. 550 жауынгерден тұратын жапон әскері Ирақта негізінен құрылыс жұмыстарымен және қайырымдылық шараларымен шұғылданады.

И.Тасмағамбетовті өз әкімшілігі басшылығынан Алматы қаласының әкімі, президент әкімшілігі басшылығы міндеті соңғы 1.5 жылда ҚР-сының өнеркәсіп және сауда министрі болған Ә.Жақсыбековке жүктеді.

АСТАНА: Қазақстан президенті Н.Назарбаев бүгін И.Тасмағамбетовті өз әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатып, республиканың бұрынғы астанасы – қаржы орталығы - Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Президент әкімшілігі басшылығы қызметін Н.Назарбаев 7 жылдай Астана қаласының әкімі болған, соңғы 1.5 жылда ҚР-сының өнеркәсіп және сауда министрі болған Әділбек Жақсыбековке жүктеді. Президент кеңсесі жаңа тағайындауларға әзірше ешқандай түсініктеме бермей отыр. Қазақ оппозициясы Алматының жаңа әкімін жемқор әрі жуырда өткен парламент сайлауының нәтижесін өрескел бұрмалап, президенттің “Отан” партиясына парламент мәжілісінен негізсіз көпшілік мандат алып берді деп айыптады.

Г.Шредер мен Жапония премьер-министрі БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелеріне Қарар қабылдауға тоқтау салу немесе вето қою құқының берілуіне келіседі.

Г.Шредер мен Жапония премьер-министрі БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелеріне Қарар қабылдауға тоқтау салу немесе вето қою құқының берілуіне келіседі. ТОКИО: Германия канцлері Герхард Шредер мен Жапония премьер-министрі Дзюньитиро Коидзуми Токиода БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелеріне Қарар қабылдауға тоқтау салу немесе вето қою құқының берілгеніне өздері келісетіндерін мәлімдесті. Аталған екі лидер бүгін Токиода бас қосып, оның артынша баспасөз-маслихатын өткізді. Коидзумидің атап көрсетуінше, Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі және жаңа мүшелерінің арасында ешқандай айырмашылық болмауы керек. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей – Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі тұрақты мүшелері де, Германия мен Жапония тұрақты мүшелікке өтуді көздейді.

Мемлекеттік хатшы К.Пауэлл Украина парламентінің бүгінгі шешіміне “өте риза”.

БРЮССЕЛЬ: Батыс елдерінің ресми өкілдері Украина парламентінің бүгін қабылдаған заңдары елдегі саяси дағдарысты шешу жолындағы ірі жетістік деп бағалауда. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл қараша айындағы президент сайлауы нәтижесінің жойылуына байланысты 26 желтоқсанға жоспарланған қайта дауыс беруге дейін парламенттің жаңа Орталық сайлау комиссиясы туралы шешім қабылдауына жоғары баға берді. Брюссельде жүрген К.Пауэлл өзінің “өте риза” болғанын атап көрсетті. Гаага қаласында ЕуроОдақтың сыртқы саясатының жетекшісі Хавьер Солана да Жоғарғы Раданың бүгінгі шешімін “өте маңызды” деп қуаттады.

Еуропалық қайта құру және даму банкісінің президенті: “Қазақстан ұлттық экономикасының шикізаттан басқа саласынан дамытуға тиіс”.

АЛМАТЫ: Еуропалық қайта құру және даму банкісінің президенті Жан Лемьер бүгін Қазақстанның қаржылық астанасы - Алматыда Қазақстан үкіметін елдің экономикалық дамуын одан әрі ынталандыру үшін және Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануына кепіл болатын шараларды жүзеге асыруға шақырды. Оның айтуынша, шетелдік инвестициялардың келуін ынталандыру мен Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануын жақындату үшін Қазақстан ұлттық экономикасын, әсіресе экономиканың шикізаттан басқа саласынан дамытуға тиіс. Қазір Қазақстан экономикасын негізінен мұнай-газ саласы жетелеп келеді. Алдағы 20 жылда Қазақстан әлемнің мұнай экспорттаушы ең ірі 5 елінің қатарына қосылады деп күтілуде.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Ресей теледидарында көрсетілген деректі фильмді “тәжіктерге қарсы” фильм деп бағалады.

ДУШАНБЕ: Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі жуырда Ресей теледидарында көрсетілген деректі фильмге ащы наразылық білдіріп, оны министрлік “тәжіктерге қарсы” фильм деп бағалады. 5 желтоқсанда шыққан бағдарлама тәжік-ауған шекарасындағы Ресей әскерін алмастырған Тәжікстан шекарашыларының шекараны күзете алуына күмән келтіреді. Министрліктің өкілі Игорь Сатторовтың “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында атап көрсеткендей, аталған фильм Тәжікстан шекара бойында заңсыз есірткі саудасынан пайда көргісі келеді деген ой туғызады.

НАТО Украина өкілімен Киевте “жаңа әрі заңды үкімет билікке келгенде” ғана кездеседі.

БРЮССЕЛЬ: НАТО одағындағы ақпарат көнзінің хабарлауынша, одаққа мүше елдердің Брюссельде бас қосқан сыртқы істер министрлері Украинаның сыртқы саясат министрімен бейсенбіге жоспарланған кездесуін кейінге қалдырды. Ақпарат көзінің айтуынша, кездесу Украинада, оның өз сөзімен айтқанда, “жаңа әрі заңды үкімет билікке келгенде” болады.

Мак-Кейн: “Біз өлкелерде араздықты қойып, Ауғанстандағы бейбіт саяси үрдіске атсалысуға ниет білдірген кісілерді көрдік”.

КАБУЛ: Ауғанстандағы АҚШ бастаған коалициялық күштер өкілдерінің хабарлауынша, Тәліптер қозғалысының кейбір мүшелері өздеріне кешірім жасалған жағдайда, елдегі саяси процесті қолдауға ниет білдірген. Бүгін коалициялық күштердің өкілі Марк Мак-Кейн Кабулда баспасөз-маслихатын өткізіп, осы жайтты хабарлады: “Біз өлкелерде араздықты қойып, Ауғанстандағы бейбіт саяси үрдіске атсалысуға ниет білдірген кісілерді көрдік”.

Вен Цзябао: ЕуроОдақтың Қытайға қарсы қабылдаған экономикалық жазасы – эмбарго – “Қырғиқабақ соғыстың” нәтижесі.

ГААГА: Бүгін Қытай премьері Вен Цзябао ЕуроОдақ басшылығымен өткізген кездесуінде ЕуроОдақтың Қытайға қарсы қабылдаған экономикалық жазасы – эмбарго – “Қырғиқабақ соғыстың” нәтижесі және ол Брюссель мен Пекин арасындағы ынтымақтастыққа қарама-қайшы келеді деп мәлімдеді. Гаага қаласында ЕуроОдақ басшылығымен өткен келіссөзінен кейін ұйымдастырған баспасөз-маслихатында Қытай премьері осылай деп хабарлады. Екі жақ бірлесіп қабылдаған мәлімдемесінде эмбаргоны жою мақсатындағы бірлескен іс-қимылын әрі қарай жалғастыра беретіндері атап көрсетілген. Осы кездесудің алдында ЕуроОдаққа төрағалық етуші Голландияның сыртқы істер министрі Бен Ботт “ЕуроОдақ Қытайға қарсы қабылдаған эмбаргосын жоюға әлі дайын емес, бірақ ол жазаның биыл жойылуына үміт артатынын мәлімдеген болатын.

В.Литвин: “Біз Украина президентіне [Л.Кучмаға] рақмет айтуымыз керек, өйткені біз бүгін екі жаққа да тиімді шешім қабылдадық”.

КИЕВ: Украинаның Жоғарғы Радасы бүгін конституцияға өзгерістер енгізу мен 26 желтоқсандағы президент сайлауында қайта дауыс беру туралы заң жобаларын көпшілік дауыспен мақұлдады. Бас-аяғы 450 депутаттың 402-сі, сонымен қатар, негізгі билік құзырларын президенттен парламентке және үкіметке беретін конституциялық реформаны да қолдап шықты. Жоғарғы Раданың спикері Володимир Литвин: “Біз Украина президентіне рақмет айтуымыз керек, өйткені біз бүгін екі жаққа да тиімді шешім қабылдадық”, -деп атап көрсетті. 26 желтоқсанға белгіленген қайта дауыс беру кезіндегі көз бояушылыққа жол бермеу үшін сайлау заңына өзгеріс енгізуді Украина оппозициясы талап еткен болатын. Бірақ оппозиция премьер-министр В.Януковичтің құзырын кеңейтетін конституциялық реформаға қарсы болды. Украина парламенті оппозицияның талабы бойынша Орталық сайлау комиссиясының қазіргі құрамын тарату мәселесін де дауысқа салды.

Б.Ботт: “ЕуроОдақ осыдан 15 жыл бұрын Қытайға қарсы қабылдаған экономикалық эмбаргосын жоюға әлі дайын емес”.

ГААГА: Голландияның сыртқы істер министрі Бен Боттың мәлімдеуінше, ЕуроОдақ осыдан 15 жыл бұрын Қытайға қарсы қабылдаған экономикалық шарасы – эмбаргоны жоюға әлі дайын емес. ЕуроОдаққа төрағалық ететін Голландия бұл көзқарасын ЕуроОдақ басшылығы мен Қытай премьері Вен Цзябао арасындағы бүгін басталған 2 күндік бас қосуы алдында білдірді. Оның барысында Тайвань проблемасынан бастап, адам құқықтары және экономика саласын қамтитын ауқымды мәселелер талданбақшы. Пекин 1989 жылы Тиняньмень алаңындағы студенттердің толқуын басып-жаншуынан кейін өзіне қарсы енгізілген эмбаргоны бұзуды өтінеді. Франция мен Германия оны қолдап тұр. Бірақ ЕуроОдақтың өз ішінде ол жайында әлі ортақ пікір жоқ.

Ғ.Әл-Яуар: “Иран Ирақтың саяси істеріне, әсіресе оңтүстік-шығыс бөлігіне негізсіз килігіп жатыр”.

ВАШИНГТОН: Иордания патшасы Абдулланың мәлімдеуінше, Иран Ирақта 30 қаңтарға жоспарланған сайлауға ықпал етуді көздеп, Ираққа мыңдаған өкілі мен қаржысын жолдамақшы. “Вашингтон пост” газетіне бүгін берген сұхбатында иордан патшасы Иран Ирақтан ислам ресбупликасын көруге мүдделі деп атап көрсетті. Ал Ирақтың уақытша президенті Ғази Әл-Яуар “Вашингтон пост”-қа Иран Ирақтың саяси істеріне, әсіресе оңтүстік-шығыс бөлігіне негізсіз килігіп жатыр деп мәлімдеді. Аталған екі лидер де осы аптада Вашингтонда АҚШ президенті Дж.Бушпен кездесті.

Федерация Кеңесі облыс губернаторларын тікелей сайлау жүйесін жою туралы президент В.Путиннің жоспарын мақұлдады.

МӘСКЕУ: Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация Кеңесі бүгін облыс әкімдері – губернаторларды тікелей сайлау жүйесін жою туралы президент В.Путиннің жоспарын мақұлдады. Аталған заң жобасы енді президенттің қол қоюы үшін Кремльге жіберілді. Бұл заңға сәйкес, облыс әкімдерін облыс думаларының мақұлдауымен Ресей президенті тағайындайтын болады. Жаңа заң демократиядан кейін шегіну деп бағаланып отыр.

Ирақта бүгін Ұлы Британияның қорғаныс министрі Джеф Хун бүгін Ирақ өкілдерімен және британ армиясымен кездеспекші.

БАҒДАД: Бүгін Ирақта жергілікті халық пен АҚШ жауынгерлеріне қарсы шабуылдар жасалып, кем дегенде 3 адам оққа ұшты. Ирақ полициясы өкілінің хабарлауынша, Самарра қаласындағы полиция кеңсесіне қарулы бірнеше кісі шабуыл жасап, 1 полицей қаза тапты. Рамади қаласында АҚШ армиясының бақылау-тексеру пунктіне жаслған шабуылдан кем дегенде 2 жергілікті тұрғын құрбан болды. Бағдадтың оңтүстігіндегі жол шетіне орнатылған бомбаның жарылысынан 2 АҚШ жауынгері жараланды. Хилла қаласында Ұлттық ұланның қызметтен аластатылған жауынгерінің өлігі табылды. Оңтүстік Кәрей президенті Ирбиль қаласындағы 3.6 мыңдық кәріс күшіне астыртын түрде келді. Басра қаласында Ұлы Британияның қорғаныс министрі Джеф Хун бүгін Ирақ өкілдерімен және британ армиясымен кездеспекші.

Украина Парламенті сайлау заңдарына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда.

Өкіметшіл фракциялардың айтуынша, олар сайлау заңдарына өзгерістерді тек Ата заңға енгізілетін реформалармен қатарлас жағдайда ғана қабылдаған дұрыс, деп отыр. Ал, Леонид Кучма болса, өкімет басшысы Виктор Януковичтің сайлау алдында еңбек демалысын алуына рұқсат берді. Украинаның еңбек заңы бойынша еңбек демалысында жүрген азаматты қызметінен кетіруге ешкім хұқылы емес. Демек, елбасы Кучма оны жұмысынан қумайды деген сөз. Бұл сауал- батысшыл бағыттағы оппозицияның қойып отырған ең басты талаптарының бірі.

Ирақта белгіленген қаңтар сайлауларына байланысты Ресей елбасы Владимир Путин өз пікірін білдірді.

Мәскеуге сапармен келген Ирақ өкімет басшысы Лиад Аллауимен Кремльдегі кездесу барысында Путин мырза: “Шынын айтқанда, елді толық түрде шетелдік күштер бақылауда ұстап отырған жағдайда, сайлауларды қалай өткізуге болатындығын мен елестете алмаймын”-, деді. Ирақтағы жағдайларды жіті қадағалап отырғандықтарын да ол айтып өтті. Аллауи мырза болса, сайлаулардың белгіленген уақытында өтетіндігін мәлімдеген болатын. АҚШ елбасы Джордж Буш та сайлау алдында Ирақта күш қолданулардың одан әрі өрістей түсуі мүмкін екендігін айта келіп, сайлаулардың межелі мерзімде өтетіндгін ол да баса айтты.

“Әлемдік қауымдастық Дарфур дағдарысын шешуден тыс қалып отыр”,- деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі.

“Әлемдік қауымдастық Дарфур дағдарысын шешуден тыс қалып отыр”,- деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі. Бас хатшы Кофи Аннан тарапынан жазылған Дарфур дағдарысына байланысты баяндама Қауіпсіздік кеңесіне жеткізілгеннен кейін елші Джон Данфорс мырза аталған сынды айтып отыр.

Құрама Штаттарының Өкілдер палатасы елдегі барлау агенттіктері жұмысын реформалау жөніндегі заңды қабылдады.

Ол бойынша, Ұлттық барлау қызметінің директоры тағайындалатын болады. Ал, ол өз қызметі барысында 15-тей құпия бақылау агенттіктерінің жұмысына бақылау орнатпақшы. Аталған заң сондай-ақ, күдікке ілінген лаңкестердің телефондарын тыңдау үшін рұқсат беріп және әуе мен шекара қауіпсіздігі жұмысын жандандыруға ықпал ететін болады.

Еуропадағы әріптестік пен ықпалдастық ұйымына қосатын қаржысынан бас тартуы мүмкін екендігін Ресей ескертіп отыр.

ОБСЕ ұйымы өзінің жұмыс істеу тәсілін өзгертпеген жағдайда бұл ұйымға қаржылай үлес қосуын Ресейдің тоқтататындығын Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ұйымның екі күндік басқосуында мәлімдеді. Оның себебі, аталған ұйымның Украйнадағы саяси дағдарысқа араласуына және басқосу барысында Ресейдің Грузия мен Молдовада тұрған әскери күштерін тезірек шығаруы жөніндегі қойылып отырған талапқа ресми Мәскеу риза емес.

Ауғанстанның алғашқы сайланған елбасы ретінде Хамид Қарзай сейсенбі күні ант қабылдады.

Ислам шарттарына бағынып, оны қолдауға Қарзай мырза ант етті. “Мен Ауған халқының хұқықтары мен қызығушылықтарын қорғаймын. Құдыретті Алланың және халықтың қолдауымен еліміздің гүлденіп, көркейе түсуіне бар күшімді саламын. Құдыретті Алла маған жар болсын!-“ деді елбасы Қарзай. Ол сондай-ақ өте сапалы және мықты кабинет жасақтауға уәде берді.

Милошевичке қорғаушы болу міндеті заңгерлер мойнынан алынып тасталған жоқ.

Югославияның бұрынғы елбасы Милошевичтің денсаулық жағдайына орай сот ісінің бөгеле бермеуін қамтамасыз ету үшін қыркүйек айында соғыс қылмыскерлерінің ісін қарайтын халықаралық трибунал британиялық екі заңгерді, Милошевичтің қарсылығына қарамастан, оған қорғаушы ретінде белгілеген болатын. Бұл екі заңгер аталған міндеттерін орындауды доғаратындары жөнінде сотқа арыз берген еді. Оның себебі Милошевич бұл заңгерлермен әріптестікте жұмыс істуден бас тартуда екен. Алайда, сот өкілдері қос заңгердің аталған өтінішін қабыл алмады.

Л.Кучма 26 желтоқсанға тағайындалған қайта сайлауға дейін Орталық сайлау комиссиясын таратып, сайлау заңына өзгерістер енгізуге келісті.

КИЕВ: Украинадағы саяси дағдарыс бойынша өз арасындағы келіссөзі барысында елдегі саяси күштер ең өзекті мәселелер бойынша әлі уәжге келмеді. ЕуроОдақ өкілдерінің дәнекер болуымен Украина президенттігіне үміткерлер В.Ющенко мен В.Януковичтің қазіргі президент Л.Кучмамен арадағы 6 сағатқа созылған келіссөзі нәтижесінде мемлекет басшысы 26 желтоқсанға тағайындалған қайта сайлауға дейін Орталық сайлау комиссиясын таратып, сайлау заңына өзгерістер енгізуге келісті. Алайда Л.Кучманың В.Януковичті премьер-министрліктен аластату туралы оппозицияның талап-шартын орындауға келіскен-келіспегені жайында әзірше ешқандай хабар жоқ.

Тағы

XS
SM
MD
LG