Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сауд Арабия басшылары Сирия күштерінің Ливаннан тезірек шығарылуын қолдайды

Сирия елбасы Башар әл-Асад наурыздың 3-і күні Сауд Арабиясының басшысы Абдулламен және басқа да басшылармен Риядта кездескен болатын. Кездесу барысында Сирияның Ливандағы 14 мың әскері мен құпия қызмет өкілдерінің толық түрде шығарылуы талап етілді. Олай болмаған жағдайда Сирия мен Саудия арасындағы байланыстар салқынқабақ болатыны ескертілді. Асад мырза наурыздың 23-іне белгіленген Араб елдері саммитіне дейін-ақ Ливаннан өз күштерінің алғашқы бөлігін шығару жөніндегі мүмкіндіктерді қарастыратынын айтты. Сирия күштерінің елден шығарылуы Ливанда демократияның өрістеуіне әкелер еді деді АҚШ елбасы Джордж Буш.

Еуропа ұйымдары Әзірбайжан журналисінің өліміне байланысты наразылық білдірді

“Әзірбайжандық белгілі журналист Елмар Хусейновтың өліміне себепші болғандар жауапқа тартылуы тиіс” деген талаптарын Еуропадағы халықаралық ұйымдар нақты түрде қойып отыр. Осы мәселеге байланысты әзірбайжан оппозициясы ел азаматтарын жаппай шеруге шығуға шақырды. Оппозиция өкілдері жұма күніне белгіленген марқұмның жерлеу рәсімін елдегі билікке қарсы наразылықты көрсететін үдеріс ретінде ұйымдастыратындарын хабарлап отыр. Бейсенбі күні елбасы Ильхам Әлиев журналист өліміне байланысты жедел түрдегі зерттеулерді жасатқан болатын. Бұл жағдай елдегі демократиялық үдеріске жасалған соққы болды деді И.Әлиев мырза.

АҚШ елбасы Д.Буш Иранды халықаралық келісімдерді елемей отыр деп айыптады

Бұл мәлімдемесін Буш мырза Орталық Барлау агенттігінің Вашингтондағы бас пәтеріне бейсенбі күні барғанында жасады. Оның айтуынша Еуропа одағына мүше елдер және Ресей елбасы Путин де Иран ядролық қаруларын дамытпауы тиіс деген тұжырыммен келісіп отыр. Теһран өкіметі болса мұндай айыптауларды жоққа шығаруда. Елдің атомдық бағдарламасы тек электр қуатын өндіруге бағытталған бейбіт бағдарлама деп отыр Иран тарабы.

Израильдің Ликуд партиясы Газа аймағынан шығуға байланысты референдум өткізуді қолдады

Үкімет басшысы Ариель Шаронның Ликуд партиясының басшылығы Газа аймағынан еврей қоныстарын шығару мәселесіне байланысты референдум өткізуді қолдап дауыс берді. Партияның парламенттегі депутаттарына осы мәселеге байланысты бастама көтеріп, оны алға жылжыту тапсырылды. Шарон жоспары бойынша Газа аймағынан осы жылдың соңына қарай 8,5 мың еврей тұрғындарын, сондай-ақ Батыс жағалаудан 230 мың тұрғынды көшіру белгіленген. Осы қадамдары арқылы олар палестиналықтармен арадағы жанжалдарға тоқтау салмақшы.

Миллионер ұшқыш еш жерге тоқтамай ұшудан рекорд жасады

Миллионер саяхатшы Стив Фоссет ешқайда қонбай және ұшағына қосымша май құймастан жер шарын айналып ұшып өткен алғашқы ұшқыш болып отыр. 67 сағат 01 минутқа созылған сапарынан Фоссет мырза Канзасқа оралғанда салиналықтар оны ыстық ықыласпен қарсы алды. 60 жастағы бұл ұшқыш бұған дейін газ толтырылған балонмен ұшып, сондай-ақ, теңізші ретінде де талай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген болатын.

Бірқатар елдер Индонезия сотының мұсылман діни қайраткеріне шығарған үкіміне байланысты қынжылыс білдірді

АҚШ, Жаңа Зеландия және Австралия елдерінің ресми өкілдері мұсылман діни қайраткері Әбу Бәкір Башірді 30 айлық мерзімге бас еркіндігінен айыру жөніндегі Индонезия соты шешіміне байланысты қынжылысты сезімдерін білдірді. Жакарта соты Башірдің 2002-ші жылы Балиде болған, сондай-ақ Жакартадағы «Мариотт» қонақ үйіндегі бомбалық жарылыстарға қаншалықты қатысы барлығын қараған болатын. Бес адамнан тұратын сот алқасы 66 жастағы Әбу Бәкір Башір мырзаға тағылған біраз айыптардан оны ақтап алды. Айыпталушының сот үкімі шыққанға дейін қамауда отырған 10 ай мерзімі сот үкім еткен 30 айдан шегерілетін болды.

Бүгін Индонезия соты мұсылман дінін уағыздаушы Әбу Бәкір Башірді екі жарым жылға соттады

Ол 2002 жылы Бали аралында болған террорлық жарылысқа қатысы бар деп айыпталып отыр. Ол жерде 202 адам қайтыс болған еді. Бұл іс бойынша Әбу Бәкір Башірге тағылған үлкен айыптар алынған, негізі тергеушілер Балидегі жарылыстар мен 2003 жылы Жакартадағы «Мариотт» қонақ үйінде жасалған террорлық актілерді Башір ұйымдастырды деп санайды. Прокурорлар Башірдің әл-Қаида террористік ұйымымен байланысы бар деп айыптап, оны 8 жылға соттауды талап еткен болатын. Ал, сот үкімі шыққан соң сыртта Әбу Бәкір Башірді қолдаушылар оның 2,5 жылға ғана сотталғанына қуанып жатты. АҚШ пен Австралия өкілдері Башірге ұзақ мерзім берілмегеніне өздерінің көңілдері толмағанын айтты. Бали аралындағы террорлық жарылыстан қаза болғандардың 90-ға жуығы Австралия саяхатшылары болатын. - Ол 2,5 жылға сотталып отыр, бірақ ол абақтыда отырған 10 ай үкімде аталған мерзімнен шегерілетін болса, бұл жаза бәлендей ұзақ емес боп шығады, - деді Австралияның сыртқы істер министрі Александр Даунер.

Бүгін Бағдадтағы ішкі істер министрлігі жанында екі көлік жарылысы болды

Онда кемінде 5 полиция қызметкері қаза болған. Ирақ полициясы Мохаммад Жаафардың айтуынша, жарылғыш қойылған екі көлік министрліктің бақылау бекетіне қарай шапшаң жылдамдықпен келе жатқан кезде, көлікті тоқтату үшін полиция оған оқ атқан. Әйтпегенде осы жарылыстан құрбан болғандар саны бұдан да көбейіп кетер еді дейді ол. Сол сияқты, АҚШ әскерилерінің сөзіне қарағанда, сәрсенбі күні Бағдадтың оңтүстігіндегі Бабил провинциясында американдық бір теңіз жаяу әскері қаза болған. АҚШ-тың Ирақтағы соғыс операциялары басталған кезден бері, 1140 американ әскері көз жұмған.

Әзірбайжан полициясы кісі қолынан қаза болған журналистің өлімін тексеріп жатқанын айтады

Әзірбайжан полициясы елдегі оппозициялық «Монитор» журналының бас сарашысы Елмар Хусейновтің өліміне қатысты тергеу ісін жүргізіп жатқандарын айтуда. Журналист сәрсенбі күні кешкісін Бакудегі үйінің маңында белгісіз кісі қолынан қаза тапқан еді. Оған қарсы атылған оқтың екеуі жүрегінен тиген. Елмар Хусейновтің басшылығындағы басылымда бірнеше рет билікті, оның ішінде президент Ильхам Әлиевті қатты сынаған мақалалар жарияланған болатын. Сондай-ақ, Хусейновке қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оның журналына айыппұл салынған еді. Адам құқығын қорғайтын ұйым - Хельсинки комитетінің Бакудегі өкілі Арзул Абдуллаева Елмар Хусейновтің өлімін баспасөзге қарсы жасалған террорлық шабуыл деп айыптады. Сонымен бірге, Еуропадағы қауіпсіздк және ынтымақтастық ұйымының Бакудегі өкілі де бұл істі мұқият зерттеуге шақырды. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев журналист өліміне қатысты тергеуді тезірек жүргізуге тапсырма берді. Журналистердің қойған сұрағына берген жауабында ол мұны Әзірбайжан демократиясына соққы болды деп мәлімдеді.

- Бұл - Әзірбайжанның жаңа тарихындағы осындай алғашқы оқиға. Осы уақытқа дейін мұндай оқиға кездеспеген, журналистер бейбіт жағдайда жұмыс істеп келді. Бұл біздің елімізге үлкен ұятты жағдай әрі елімізге үлкен соққы болды, - деді Әзірбайжан президенті.

Бүгін таңертең Қырғызстанда оппозиция жетекшісінің үйінде жарылыс болған

Роза Отынбаева өзінің үйіне қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, жарылғыш зат бұрқ еткен кезде үйде ешкім болмағанын айтып отыр. Елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, әрі президент Асқар Ақаевты сынап жүрген Роза Отынбаева билік тарабының бұл оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген ойын білдірді. Бірақ, мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Әбділ Сегізбаев үкіметтің бұл жарылысқа жауапкершілікті алмайтынын және билік осы оқиғаға қатысы қазір тергеу жүргізіп жатқанын айтты.

Бүгін Қайырда Араб елдері Лигасының сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр

Онда олар Таяу Шығыстағы өзекті мәселеге айналған - Сирияның Ливаннан өз әскерін шығару жайын талқылайтын болады. Араб Лигасының бас хатшысы Әмір Мұса:

- Сирия-Ливан дағдарысы бүгінгі отырыстың күн тәртібіне енген мәселе емес еді, бірақ барлығы осы жағдайды көтере бастаған соң, біз де оны қараймыз, - деді.

Бұл кездесу Ливан еліндегі оппозиционерлердің, Сирия өз әскері мен барлау қызметін бұл елден шығарсын деген талаптарынан соң өтіп отыр. Ақпан айында Бейрутта болған жарылыста Ливанның бұрынғы премьер-министрі Рафик Харири қаза тапқан соң, халықаралық қауымдастық тарапынан Сирияны Ливаннан 15 мың әскерін әкетуге шақырған үндеулер үдеп кетті.

Батыс жағалаудағы еврейлер қорымының жанындағы Израиль әскерінің қасында көлік жарылысы болды

Бірақ, полицияның айтуынша, бұл жарылыста Израиль азаматтарынан ешкім жапа шекпеген. Палестина қаласы Наблустағы бірнеше ғимаратты қиратқан жарылысқа қатысты жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алмаған. Бұл жағдайлар, бүгін Қайырда жүздесбекші болған Палестина басшысы Махмұд Аббастың Мысыр президенті Хосни Мүбаракпен кездесуі алдында болып отыр. Ол кездесуде Аббастың осы аптада Европаға болатын сапары жөнінде әңгіме болмақ. Махмұд Аббас алдымен Брюссельге барып, онда Европа Одағының өкілдерімен кездеспек. Сейсенбі күні Махмұд Аббас Лондонда өткен Палестина реформалары конференциясына қатысқан болатын. Онда Европа Одағының Палестина институттарын реформалауға халықаралық қолдау көрсетуде, үйлестіруші рөлді атқаратыны айтылған.

Ливан оппозициясы бұл елден Сирияның әскері мен құпия қызметінің толық кетуін талап етіп жатыр

Олар сондай-ақ Сирияның қолдауына сүйенген Ливан қауіпсіздік өкілдерінің қызметтен кетуін талап етті. Елде жаңа үкімет құрылғанға дейін елбасы Емиле Лаходтың оппозиция талаптарымен санасуы тиіс екендігі де айтылды. Ливандағы наразылық шерулері салдарынан бұрынғы үкімет құрамы дүйсенбі күні қызметтен кеткен болатын.

Әзірбайжанда оппозициялық журналдың бас редакторын өлтіріп кетті

Сәрсенбі күні кешкісін белгісіз біреулер Бакудегі өз пәтері алдында «Монитор» атты журналдың негізін салған әрі оның басшысы Елмар Хусейновті атып өлтірді. Атылған 7 оқтың екеуі оның жүрегіне тиген. Полиция қызметкерлері бұл іске байланысты тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Елмар Хусейновтің басқаруындағы «Монитор» журналы Әзірбайжан басшылығын батыл түрде сынап келген еді. Жарияланған мақалалары үшін ол билік тарапынан талай рет тергеуге алынған болатын. Халықаралық Адам хұқықтарын қорғаушы Хельсинки комитеті бұл өлімді “баспасөзге қарсы лаңкестік әрекет” деп бағалады.

Югославия армиясының бұрынғы басшысы өз еркімен трибуналға берілмекші

Генерал Момсило Перисичтің БҰҰ жанындағы Гаага трибуналына өз еркімен берілетіндігі жөнінде Белград өкіметі хабарлап отыр. Перисич сотқа наурыздың 7-күні келмекші. Ол 1990 жылға дейін, Милошевич билігі тұсында армия басшысы болған. Кейін оппозиция жағына шығып, Милошевичті биліктен кетіруге атсалысқан адам.

Сауд Арабиясында муниципалдық сайлаулар өтіп жатыр

Елдің оңтүстігі мен шығысында ер азаматтар сайлаудың екінші кезеңінде дауыс беріп жатыр. Шығыс бөлігінде көп тұратын шииттер өкілдері үміткер ретінде қатысып отыр. Бұл сайлаулардың алғашқы кезеңі өткен айда ел астанасы Рияд маңайында болған-ды. Ал соңғы кезеңі келер айда Мекке мен Медина қалаларында болмақшы. Сауд Арабиясында әйелдер сайлауға қатыса алмайды.

Иран елі “халықаралық тексерушілермен тығыз әріптестік орнатпады” деп айыпталып отыр

Еуропа елдерінің басшылары, АҚШ және халықаралық Атом энергиялық агенттігі басшысы Иран елін ядролық бағдарламаға байланысты аталған ұйыммен тығыз әріптестік орнатпады деп сынады. Бұл мәлімдеме сәрсенбі күні, БҰҰ Атом энергиялық агенттігінің басқарма кеңесінің Венадағы басқосуы барысында жасалды.

- Иран атқаруы тиіс аса маңызды үш нәрсе бар деп айтар едім. Олар - айқындық, айқындық және айқындық дер едім, - деді халықаралық Атом энергиялық агенттігі басшысы Мұхаммед әл-Барадей.

Ирақтың сот өкілі баласымен бірге өлтірілген

Ирақтың бұрынғы президенті Саддам Хусейн мен оның үкімет мүшелерінің ісін қарайтын трибуналда жұмыс істейтін судья Барвез Мұхамед Махмуд пен оның баласы, осы трибуналда қызмет атқарған Ариан Барвез әл-Мерваниді сәрсенбі күні үйлерінен шығып бара жатқан кезде белгісіз біреулер атып өлтірген. Осыдан бір күн бұрын ғана Саддам Хусейн билігінде жоғары лауазымды қызметтерде болған бес адамның ісі сотқа тапсырылған екен.

Сондай-ақ, Бағдаттағы Ирақ әскери базасы маңында болған көліктегі бомбалық жарылыстан ирақтық алты солдат қаза болып, 25-і жараланған. Келесі бір осындай жарылыстан тағы да төрт адам қаза болған.

Тәжік оппозициясы шағымдары дұрыс тексерілмесе жаңа парламентке бойкот жариялайтындарын мәлімдеді

Тәжікстандағы парламенттік сайлауда біршама жеңіске жеткен қос оппозициялық партия сайлау барысында орын алған заңсыздықтарға орай жасаған өз шағымдары байыпты түрде зерттелмеген жағдайда парламентке бойкот жариялайтындарын айтты. Исламдық Қайта өрлеу партиясы және Тәжікстан коммунистік партиясы егер елде қайта сайлаулар болмаса, онда парламенттегі және жергілікті кеңестердегі өз өкілдерін кері шақырып алатындарын мәлімдеп отыр. Олар парламенттегі екі және төрт орынды ғана иеленген екен.

Украина прокуроры журналист Гонгадзенің өліміне байланысты кейбір деректерді айта бастады

Украинаның бас прокуроры Святослав Пискун мырза журналист Георгий Гонгадзенің өліміне қатысы бар деп күдікке ілінгендердің қамауға алынғанын растады. Оның айтуынша, марқұм журналисті қылмыскерлер көлікке алдап мінгізген. Ол көлікті журналист такси деп ойлап қалса керек. Оның ішінде үш полиция қызметкері журналисті өлімші етіп сабап, содан кейін оны қала сыртына алып шығып өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртемек болған.

- Қылмыстық істерге байланысты күдікке ілінгендерге қарсы қылмыстық айып тағылғанға дейін олардың есімдері аталмайды, - деді Пискун мырза.

Журналист Гонгадзенің өліміне қатысы бар 2 күдікті қамауға алынды

КИЕВ. Украинаның бас прокуроры Святослав Пискун, журналист Георгий Гонгадзенің өліміне қатысы бар деген күдікпен екі жоғары шенді полиция өкілі тұтқынға алынғанын хабарлады. Прокурордың хабарлауынша, қамауға алынғанның екеуі де полиция полковниктері екен. Жемқорлық туралы мақалалар жазған журналист Г.Гонгадзе 2000 жылы қыркүйек айында жоғалып кетіп, кейіннен оның басы кесілген денесі Киевтен тыс жердегі орманда табылған болатын. Журналисттің өліміне елдің бұрынғы президенті Кучманың қатысы бар деген сөзде айылып келді. Ал Кучманың өзі бұл айыптауларды мойындамайды.

Ирақта Саддам Хуссейн мен оның бұрынғы режим мүшелерінің сот ісін қарайтын судьяны өлтіріп кетті

БАҒДАД. Полиция өкілдері хабарлағанындай, сейсенбі күні судья Баруез Мохаммед Махмуд және оның туысы Бағдадтағы үйінен шығып бара жатқан кезде, атып өлтірілген. Сонымен қатар, бүгін Бағдадтағы әскери базаның жанындағы жарылыстан, кем дегенде Ирақтың 6 әскері қаза тауып, 25 адам жарақат алған. Дүйсенбіде Хилладағы жарылыстан 120адам қаза тапқаннан кейін, Ирақтың уақытша премьер-министрі Айад Аллауи елде аза тұту күнін жариялады.

БҰҰ-ның есірткі жөніндегі ұйымы Ауғанстандағы есірткі көлемінің ұлғайғанына алаңдаушылық білдірді

ВЕНА. БҰҰ жанындағы есірткі жөніндегі ұйымның жылдық баяндамасында, Ауғанстанда Тәлібан режимі құлағаннан кейін, есірткі өндіру 2004 жылы күрт жоғарылағаны айтылған. Сондықтан, БҰҰ Ауғанстанның есірткі мемлекетіне айналып кету қауіпі бар екенін ескерткен.

Бүгін Брюссельде Палестина президенті Махмұд Аббас Еуроодақ жетекшілерімен кездесті

БРЮССЕЛЬ. Бельгия астанасындағы бұл кездесу Лондон конференциясында Палестинаның реформалар бойынша жоспарына қолдау көрсетілгеннен кейін өтіп отыр. Еуроодақ Палестина реформаларына қаржылай және халықаралық қолдау көрсету шарасында негізгі роль атқармақ. Лондондағы жиналыста Палестинаның өкілдері қауіпсіздік реформаларын жүргізуді, шілде айында сайлау өткізуді және жемқорлықпен күресуді уәде еткен-ді. Израиль бұл конференцияға қатыспады.

БҰҰ мен оның одақтастары Сириядан Ливанның істеріне араласуды тоқтатып, Ливандағы әскерін тез арада шығаруын талап етіп отыр

ЛОНДОН. АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Британ телеарнасына берген сұхбатында Сирия Таяу Шығыс елдерінің жақсырақ өмір сүруіне және демократиялық келешегіне кедергі жасап отырғанын айтты. Райс ханым Ливанда Сирияның қауіпсіздік күштерінің әрекеттерін, Ирақтағы бүлікшілдер мен Израильге қарсы күштердің Сириямен күмәнді байланысын атап көрсетті.

Тағы

XS
SM
MD
LG