Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шешенстан қөтерілісшілерінің жетекшісі Аслан Масхадов қаза болғаннан кейін, Шешенстандағы жікшілдік бағыттағы топтар Мәскеудің саясатына қарсы күресті жалғастыра беретінін айтты

МӘСКЕУ. А.Масхадовтың Лондондағы өкілі Ахмад Закаев ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында, енді қарсылық әрекеттер жалғасатынына сенімді екенін айтқан. А.Закаев Масхадовтың орнына кім болатыны алдағы күндері анықталады деді. Сейсенбі күні Шешенстанның Толстой Юрт ауылында Ресей Федерациясы қауіпсіздік күштерінің арнайы операциясында Аслан Масхадов атып өлтірілді деген хабардан кейін, Ресей президенті Владимир Путин Шешенстанда айтарлықтай әлі көп жұмыс атқару керектігін айтты. Аслан Масхадов 1994-96 жылдары тәуелсіздік үшін соғыс кезінде Ресей күштеріне қарсы күрескен шешен жікшілдеріне жетекшілік еткен. Алғашқы соғыс аяқталып, Ресей күштері кері қайтқанда А.Масхадов Шешенстанның президенті болып сайланған болатын.

Қызметінен кеткен Косово үкімет басшысы Рамуш Харадинадж бүгін Гаагаға аттанды

ПРИШТИНА. Косово үкімет басшысы қызметінен кеткен Харадинай БҰҰ-ның қылмыстық істер трибуналының айыптауына байланысты жауап беру үшін өз еркімен бармақшы. Харадинай, сондай-ақ, 1998-99 жылдары Косовада Сербия күштеріне қарсы болған қақтығыста әскери басшы ретінде соғыс қылмыстарын жасамағанын және айыпты еместігін айтты.

Бүгін бүлікшілдер Бағдадтың орталығында орналасқан Ирақтың ауыл шаруашылығы министрлігіне шабуыл жасады

БАҒДАД. Осы жарылыста кемінде 2 адам қаза тапты және жарақат алғандар да бар. Әл-Қаида ұйымына қатысты бар делінетін Әбу Мұсаб әл-Зарқауи жетекші ететін топ бұл әрекетті өз мойнына алып отыр.

Полицияның хабарлауынша, Ирақтың Басра қаласында болған жарылыстан бір адам қаза тауып, 3 адам жарақат алған. Сонымен қатар, бүгін Сирия шекарасына жақын тұстағы Қаим қаласының жанында 19 адамның денесі табылған.

Бүгін Украина президенті Виктор Ющенко Германия канцлері Герхард Шрёдермен кездеседі

БЕРЛИН. Президент В.Ющенко бүгін неміс парламентінің төменгі палатасы – Бундестаг депутаттары алдында сөз сөйлейді. Осы сапары барысында, В.Ющенко өз елінің Еуропа Одағына қабылдану мәселесін тағы да алға тартпақшы. Кеше Германия телеарнасына берген сұхбатында, В.Ющенко мырза Украина Еуроодақ елдерінің азаматтарына визасыз тәртіп орнатпақшы деді.

Шешенстанның жікшіл жетекшісі, бұрынғы президент Аслан Масхадов қаза тапқан

Шешенстанның жікшіл жетекшісі, бұрынғы президент Аслан Масхадов сейсенбіде ресейлік федералдық күштерімен Толстой Йуртта болған атыс кезінде қаза тапқан. Азаттық радиосының Грозныйдағы тілшісі бұл ақпаратты Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйеніп хабарлады. Генерал И.Шабалкинның айтуынша, атыс аяқталған соң марқұм А.Масхадовтың қаза тапқаны анықталған. Сондай-ақ, Масхадовтың 3 серігі тұтқындалған. Бұл оқиғадан хабардар болған Ресей президенті В.Путин, кеше «Шешенстанда атқарылар әлі талай жұмыс бар. Шешенстандағы және Ресейдегі азаматтарды қорғап қалу үшін жедел әрекетке кірісу қажет» деген.

Аслан Масхадов 1994-96 жылдары тәуелсіздік үшін соғыс кезінде Ресей күштеріне қарсы күрескен шешен жікшілдеріне жетекшілік еткен. Алғашқы соғыс аяқталып, Ресей күштері кері қайтқанда А.Масхадов Шешенстанның президенті болып сайланған болатын.

Косованың бас министрі Рамуш Харадинай сейсенбі күні өз қызметінен кетті

Енді ол Балқан соғысы кезіндегі ықтималды заңсыз әрекеттері үшін Гаагадағы халықаралық сот алдында жауап береді. Косова үкіметінің кезектен тыс төтенше мәжілісінен кейін сөйлеген сөзінде бас министр Р.Харадинай өзіне тағылған айыптарды мойындамай, халықаралық соттан аман-есен қайтатынына сенімді екендігін айтты.

- Менің кінәм жоқ. Маған тағылған айыпқа байланысты қызметімнен әзірше бас тартып отырмын. Ертең Гаагаға жолға шығамын. Менің мақсатым - Косованың тәуелсіздігі жолында күресе беру, - деген Косова бас министрі Р.Харадинай.

Харадинай 1998-99 жылғы сербтермен ұлтаралық соғыс жанжалы кезінде косовалық албан күштеріне қолбасшылық етті. Сербия соты 36 жастағы Рамуш Харадинайға лаңкестік, кісі өлімі, зорлық-қорлыққа қатысты айыптайтын 100 шақты кінә тағып отыр. Харадинаймен тілектес Косованың еңбек министрі Ахмет Исуфи де қызметінен кетті.

Сейсенбі күні Бейрутте сириялық әскердің Ливаннан кетпеуін жақтаған жиынға 100 мыңдай адам қатысты

Ливан туларын желбіреткен шерушілер батыс елдерінен Ливанның ішкі істеріне араласпауын талап етті. Бұл наразылық шарасын Сирияны қолдайтын «Хезболлаһ» ұйымдастырған. Ал АҚШ президенті Д.Буш Сирия күштерін Ливаннан түгелдей шығып кетуге шақырып отыр.

- Мамыр айында Ливанда болатын сайлаулардың еркін және әділ өтуі үшін сириялық әскери күштер мен барлау қызметі Ливаннан толық шығып кетуі керек, - деді АҚШ президенті Д.Буш.

Ал Сирия мен Ливан президенттері дүйсенбі күні сириялық күштердің алғашқы тобын кері қайтаруға келіскен болатын.

Израиль Йерихон және Тулкарм қалаларын бақылау құқығын Палестина әкімшілігіне өткізбек

Израильдің қорғаныс министрі Шауыл Мофаздың айтуынша, Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Йерихон және Тулкарм қалаларының бақылау құқығын жақын күндері Палестина әкімшілігіне өткізбек. Бірақ, министр Мофаз оның нақты мерзімін атамады. Бұл хабар сейсенбі күні Израиль және Ғаза аймағымен екі арадағы Ерез бақылау-тексеру бекетінде Ш.Мофаз бен Палестин автономиясының басшысы Махмұд Аббастың кездесуінен кейін жария етілді.

Сирия әскері Ливанның шығысындағы Бекаа жазығына қарай осы айдың соңына дейін жылжитын болады

Бұл жөнінде қос елдің басшылары Дамаскіде дүйсенбіде өткен кездесуінде келісімге келді. Алайда Сирия президенті Башар әл-Ассад пен Ливан елбасы Емиль Лахуд аталған әскери күштердің елден нақты түрде қашан шығарылатыны туралы арнайы кестені ұсына қойған жоқ. Олар тек қана біріккен Әскери комитеттің арнайы құжат әзірлеп жатқанын айтты. Ол құжатта Сирияның әскери күші Ливан жерінде қашанға дейін тұратындығы көрсетілмекші. Бейруттен келіп түскен хабарларға қарағанда, Ливанның көптеген жерінен сарбаздар мен әскери техника Бекаа жазығына қарай жылжытыла бастаған. Сирияға қарсы бірнеше күндік шерулерден кейін енді Бейрут көшелеріне Сирия өкіметінің саясатын қолдайтын шерушілер шықпақшы. Бұл жиынды «Хезболлаһ» тобы ұйымдастырып отыр.

Украина елбасының Германияға екі күндік сапары басталды

Бүгін кешке Виктор Ющенко арнайы сапары барысында Германия канцлері Герхард Шрөдермен кездеспекші. Ал, сәрсенбі күні ол неміс парламентінің төменгі палатасы – Бундестаг депутаттары алдында сөз сөйлейтін болады. Екі күнге жалғасатын осы сапары барысында В.Ющенко мырза өз елінің Еуропа одағына қабылдану мәселесін тағы да алға тартпақшы.

Ирақта қарулы шабуылдар жалғасуда

Бағдаттың солтүстігінде болған түрлі шабуылдар барысында 25 адам қаза болып, бірнеше ондаған адам жараланған. Көптеген шабуылдар үшін жауапкершілікті әл-Қайда ұйымы өз мойнына алып отыр. Самава қаласында голландиялық 350-ге жуық әскер өз қызметін аяқтаған тұста елдегі қарулы қақтығыстар жиілеп кетті. Мүшелерінің басым бөлігі шийттерден тұратын Біріккен Ирақ одағы болса Күрд басшысы Жалал Талабанидің елбасы болуына келісім беріп отыр.

Мадридте бүгін лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес конференциясы ашылды

Мадридтегі халықаралық бұл басқосуда лаңкестік әрекеттердің әсері және оны азайту шаралары қарастырылмақшы. Жұмаға дейін жалғасатын жиынға БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан, Ауған елбасы Хамид Қарзай және басқа да бірқатар мемлекеттер мен үкімет басшылары қатысып отыр. Конференция барысында террорлық әрекеттердің саяси, экономикалық, діни негіздеріне сараптама жасалмақшы.

Джон Болтон БҰҰ-дағы АҚШ елшісі боп тағайындалды

Қару-жарақты тексеру жөніндегі сарапшы Джон Болтон БҰҰ-дағы АҚШ елшісі боп тағайындалды. АҚШ елбасы Джордж Буш осындай шешімге келіп отыр. Бұл жөнінде мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс ханым арнайы мәлімдеме жасады. Бұған дейін мемлекеттік хатшының орынбасары қызметінде болған Д.Болтонның мамандығы заңгер. Ол бұдан бұрын БҰҰ-ын тиімді жұмыс жүргізбей отыр деп сынаған еді. Оның жаңа қызметке тағайындалуына енді АҚШ сенатының мақұлдауы қажет.

Қырғыз оппозициясы елбасы сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді айтып отыр

Өткен айдың соңында болған парламент сайлауының ресми қортындысын да жоққа шығаруды қырғыз шерушілері талап етіп жатыр. «Ата-Жұрт» атты оппозициялық қозғалыс та елбасы сайлауын ертерек өткізуді және парламенттің қазіргі құрамының жұмысын тағы бір жылға ұзарту жөніндегі ұсынысты қолдап шықты. Елдегі шерулер әлі жалғасып жатыр.

Ирақтағы АҚШ күштері италияндық журналисті өлтіру үшін әдейі нысанаға алды деген пікірді Ақ үй жоққа шығарды

Ақ үй өкілі Скот МакКлейлан, Америка сарбаздары жазықсыз азаматтарды нысанаға алуда деген пікір миға сыймайды деп мәлімдеді. Журналист Джулиана Сгрена бір айдан аса кепілдік-тұтқында болған жерінен босатылып, еліне қайтуға Бағдат әуежайына келе жатқан кезде, ол мінген көлікке АҚШ әскерилері оқ жаудырған болатын. Соның салдарынан журналисті тұтқыннан босату ісін жүзеге асырған италияндық құпия қызмет офицері Никола Калипари көлік ішінде оққа ұшқан еді. Марқұм кеше Римде қаһарман ретінде жерленді.

Бүгін Рим жұрты италияндық журналист әйелді АҚШ жауынгерлерінің оғынан қорғаймын деп қаза болған барлаушысымен қоштасты

РИМ. Бүгін Римде Ирақтағы АҚШ әскерінің оғынан қаза болған италияндық барлаушы Никола Калипаримен қоштасудың және жерлеудің мемлекеттік рәсімі өтті. Онымен қоштасуға келген мемлекет қайраткерлерінің арасында Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони де болды. Н.Калипари италияндық журналист әйел Джулиана Сгренаны экстремистердің тұтқынынан босатып, өткен жұма күні Бағдад әуежайына автокөлікпен алып келе жатқан сәтінде АҚШ жауынгерлері жаудырған оққа тап болып, әйелді денесімен бүркеймін деп, өзі қаза тапты. Италия үкіметі марқұм барлаушысын “Ерліктің Алтын медалі” мемлекеттік наградасымен марапаттады.

Ливан мен Сирия Ливаннан сириялық күштерді шығарудың бастапқы кестесі бойынша келісімге келді

ДАМАСК. Бүгін Дамаскіде Ливан президенті Эмиль Лахуд пен Сирия президенті Башар Әл-Ассад Сирияның 14 мыңдық қолын Ливаннан шығарудың бастапқы кестесі бойынша өзара келісімге келді. Екі жақты келіссөздің артынша олардың өздері мәлімдегендей, Ливанның шығысындағы Сирия күштері наурыздың аяғына қарай шығарылады. Ал Сирия мен Ливанның бірлескен комиссиясы сириялық күштердің Ливаннан қанша уақыттың ішінде шығарылатынын бірлесіп шешетін болады. Өткен сенбіде парламент мінберінен айтқан сөзінде президент Башар Әл-Ассад Сирияның 14 мыңдық қолы екі елдің шекарасындағы Бекаа алқабына кезең-кезеңімен шығарылады деп мәлімдеген болатын.

Ирақта қантөгіс толастамай, Балад және Бакуба қалаларында тағы 30-ға жуық адам қаза болды

БАҒДАД. Бүгін жанпидашыл лаңкес айдаған автокөліктің жарылысынан Балад қаласында 15 адам қаза тауып, көтерілісшілердің Бакуба қаласындағы бірнеше дүркін шабуылынан кем деген тағы 10 Ирақ жауынгері мен полиция қызметкері мерт болды және одан екі есе көп кісі жараланды. Екі қала да Бағдадтан солтүстікке қарай орын тепкен. Балад қаласында Ирақ армиясы өкілінің үйі сыртындағы автобомбаның жарылысынан екі Ирақ жауынгері және басым көпшілігі бейбіт тұрғындар қаза болды. Ал Бакуба қаласында бомба қойылған автокөлік пен жол бойына орнатылған 3 бомба іске қосылып, мина-атқыштан атқыланды және полицияның екі кеңсесіне шабуыл жасалды. Ирақта, сондай-ақ, экстремистер иорданиялық кәсіпкерді ұрлап кетіп, оны босату үшін 250 мың доллар құн талап етіп отыр.

Рим папасы Иоанн ІІ-Павел бір апталық діни мерекеге байланысты ауруханадан шығарылады

РИМ. Ватиканның хабарлауынша, Рим папасы Иоанн ІІ-Павел наурыздың 20-сында басталатын бір апталық діни мерекеге байланысты ауруханаданы шығатын болады. Ватиканның ресми өкілі Хоакин Наварра-Волстың журналистерге бүгін хабарлағанындай, понтификтің денсаулығы жақсарып келеді. Тынысы тарылған Рим папасы ақпанның 24 күні Джемелли ауруханасына жатқызылып, тамағына операция жасады. Наварро-Волстың атап көрсетуінше, Иоанн ІІ-Павелдің тамағына тыныс алуы үшін орнатылған білтені қашан алу керектігін дәрігерлер әлі шешпеген. Дәрігерлер папаға көп сөйлемеуге кеңес берген.

Молдовадағы парламент сайлауында билік басындағы компартия жеңіске жетті

КИШИНЕВ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бүгін шығарған мәлімдемесінде жексенбі күні Молдовада өткен парламент сайлауы “Молдованың ЕуроКомиссия мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы алдындағы міндеттемелеріне негізінен лайық өтті” деп атап көрсетілді. Бірақ, сөз бостандығы мен өзге бірқатар міндеттемесін орындамағаны айтылды. Сайлаудың ақырғы нәтижесі бойынша, молдован президенті В.Воронин бастаған коммунистік партия сайлаушылардың 46 пайыз дауысын жинап жеңіске жетті. 29 пайыз дауыс алған “Демократиялық Молдова” саяси бірлестігі екінші орынға ие болса, “Христиандық-демократиялық халықтық партиясы” – 10 пайыздан кем дауыс алып, парламентке 11 депутатын өткізді.

Хорватия Иранмен арадағы экономикалық және ғылыми ынтымақтастығын кеңейтуді қалайды

ЗАГРЕБ. Бүгін Хорватия президенті Стипе Месичпен және хорват премьер-министрі Иво Санадермен келіссөз өткізу үшін Иран президенті Мухаммад Хатами Загребке сапармен келді. Оның 2 күндік сапарының барысында тараптар екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастық пен байланыс саласына қатысты бірнеше құжатқа қол қоймақшы. Ресми Загреб Теһранмен арада өнеркәсіп пен ғылым саласындағы, оның ішінде кеме тұрғызу және дәрі-дәрмек өндірісі салаларындағы ынтымақтастығын өркендетуді көздейді. М.Хатами Босния және Герцеговинаға да қысқа сапармен барады деп жоспарланып отыр.

Қырғыз оппозициясы президент сайлауын 3 айдың ішінде өткізуге шақырады

БІШКЕК. Бүгін Қырғызстан оппозициясының жетекшілері президент сайлауын ертерек өткізуге және өткен айдың соңында болып өткен парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап етті. Жексенбі күні елдің Жалалабад қаласында бұрынғы премьер-министр, “Қырғызстанның халық қозғалысы” оппозициялық бірлестігінің лидері Құрманбек Бакиев наразылық шеруіне жиналған халықтың алдында конституцияға сәйкес, президент сайлауын үш айдың ішінде өткізуге шақырып, қос палаталы қазіргі парламент өз жұмысын әрі қарай жалғастырып, елдегі саяси ахуалға өз бағасын беруге тиіс деп атап көрсетті.

Жексенбі күні Молдовада болған парламент сайлауында коммунистер алда келеді

Молдовадағы жексенбіде өткен парламент сайлауы барысында билік басында отырған және батысшыл бағыттағы Коммунистік партия алға шығып отыр. Алдын-ала есептеулерге қарағанда, коммунистер 42 пайыз, ал “Демократиялық Молдова” блогы 28 пайыз дауысқа ие болса, Христиан-Демократиялық партиясы 14 пайызға қол жеткізген. Орталық сайлау комиссиясы бұл орайдағы қорытындыларды бірнеше сағаттың ішінде жариялауы мүмкін. Бұл саяси науқанға елдегі сайлаушылардың 54 пайызы қатысқан екен. Елде дауыс беруге құқылы 2 миллион 300 мың сайлаушы бар. Бұл жолғы сайлауда парламенттегі 101 орын үшін 1100 үміткер бақ сынасты.

Ливан министрінің айтуынша, Сирия әскері Ливаннан дүйсенбіден бастап шыға бастайды

Осыған орай Ливан елбасы Эмиль Лахуд пен Сирия елбасы Башар әл-Асад әскерді шығару үдерісінің егжей-тегжейін ақылдасу үшін бүгін кездеспекші. Ливан қорғаныс министрі Абдел Рахим Мұраттың айтуынша, әскер жасақтары Ливан таулары және солтүтік Ливаннан шығыстағы жазыққа қарай жылжымақшы. Біпақ оның нақты қанша уақытқа ұласатыны жайлы әлі толық айтыла қойған жоқ.

Италияндық журналист өзін атқылаған тараптың осы оқиға жайлы берген түсінік-дәлелдерін қабылдамай отыр

Америка әскерилерінің атқан оғынан жарақаттанған Италия журналисі Жулиана Сгрена бұл оқиғаға орай АҚШ-тың Ирақтағы күштері тарапынан жасалған түсініктемені қабылдамай отыр. Кепілдік-тұтқыннан босатылған Сгрена ханым өзіне мақсатты түрде оқ атылуы мүмкін екенін айтады. Ақ үй бұны “жантүршігерлік оқиға болды” деп атап, оны толық зерттеп-тексеруге уәде беріп отыр. Жулиана ақпанның 4-і күні Бағдатта кепілдікке алынған болатын. Содан босатылған журналист жұма күні Бағдат әуежайына бет алған кезде олар мінген көлікке Ирақтағы АҚШ әскерилері оқ жаудырып, Жулиананың жанындағы италияндық құпия қызмет офицері қаза болды. Иығына оқ тиген журналист сенбі күні еліне қайтқан еді. Қазір ол жарақатын емдетіп Рим ауруханасында жатыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG