Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бүгін Асқар Ақаев Қырғызстан президенті қызметінен өзінің кететіні жөніндегі мәлімдемеге қол қойды

Қол қою рәсімі Мәскеудегі қырғыз елшілігінде өтті. Қырғыз халқына арнаған жолдауында Ақаев республикадағы жаңа билікпен күреспейтінін мәлімдеп, елде демократиялық реформалардың жалғаса беруіне тілек білдірді.

Жексенбі күні Ресей астанасына қызметінен кеткен президентпен келіссөз жүргізу үшін Қырғызстаннан парламент делегациясы келген еді. Делегация өкілдерінің бірі Ақаевтың өкілеттігі ресми түрде көкектің 5-інде тоқтатылады деді. Енді парламент ресми түрде Ақаевтың отставкасын қабылдап, елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтетінін жариялауы тиіс.

Бүгін Молдово парламенті елдің жаңа президентін сайлайды

Бұл лауазымға екі үміткер тіркелген болатын: бірі – елдің қазіргі басшысы Владимир Воронин және Молдавия ғылым академиясының президенті Георгий Дука. Жеңіске жету үшін үміткер 120 дауыстың кем дегенде 61-іне ие болуы тиіс. Воронин жетекшілік ететін коммунистердің парламентте 56-ы орны бар.

Рим католиктері шіркеуінің жетекшілері Ватиканда бас қосып, Иоанн Павел ІІ-шіні жерлеу рәсімін талқылауда

Ватиканда 100 мыңнан астам адам сенбі күні 84 жасында дүниеден өткен Рим Папасы Иоанн Павел 2-шімен қоштасуға жиналады. Бүгін, дүйсенбіде марқұм Папаның денесі Қасиетті Петр шіркеуіне қойылды. Мәйіт жерленгенге дейін сол арада болады. Марқұммен қоштасуға алаңға 10 мыңдаған адам келді.

Ресей және Белорус басшылары Сочи қаласында келіссөз жүргізді

Ресей президенті Владмир Путин мен оның белорустық әріптесі Александр Лукашенко дүйсенбі күні Қара теңіз жағасындағы Сочи қаласында келіссөз жүргізді.

ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, келіссөздер кезінде қауіпсіздік бойынша өзара ынтымақтастық, әскери және одақтастық келісім мәселелері талқыланған. Белорусь елі алдағы жылда орыс рубліне өтуді ниет етіп отыр. Осы кезге дейін президент Путин өзара одақтастық шартына сенімсіздікпен қарап келген. Путин мен Лукашенко ТМД елдеріндегі реформаларға тоқталған.

Сауд Араб елінің қауіпсіздік күштері оңтүстік уалаятта бір үйде жасырынып жатқан топтың 3 адамын атып өлтірді

Әл-Қасым уалаяты әкімінің тілшілерге айтуынша, жексенбі күнгі атыс кезінде Ал-Рас қаласында тағы да екі кісі жараланған. Ханзада бин Әбдел Әзиздің айтуынша, лаңкестермен болған ол шайқас 12 сағатқа жалғасқан.

Хатами ядролық қарулардың қолданылуына қарсы

Иран президенті Хатами Австрия президенті Фишермен Венада кездескенде, Иран ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда дамытуды қалайтынын, бірақ ядролық қарулардың қолданылуына қарсы екенін айтқан. Британия, Франция және Германия Иранмен келіссөздер жүргізіп, байытылған уран пайдалануды тоқтатуды сұрайды.

АҚШ президенті Д.Буш Украина президенті В.Ющенкомен кездесті

Бүгін Вашингтонда АҚШ президенті Джордж Буш пен Украина президенті Виктор Ющенконың арасында келіссөздер өтуде. Кездесу барысында басқа сауалдармен қатар, осыдан төрт жыл бұрын Украина, халықаралық санкцияларға қарамастан, Иран мен Қытайға зымыран сатып жібергені туралы да сөз болмақшы.

Ирақ парламенті сәрсенбі күнгі отырысында елбасы мен оның орынбасарын анықтайтын болады

Ұлттық Ассамблеясының жаңадан сайланған төрағасы Хажем әл-Хассанидің айтуынша, Ирақ елбасы болса, өкімет басшысын анықтамақшы. Сүнні мұсылман өкілі, Өнеркәсіп министрі Әл-Хассани жексенбі күні төраға ретінде сайланған болатын. Шиилер өкілі, ғалым Хуссейн әл-Шарастани және күрдтер өкілі Ареф Тайфур оның орынбасарлары ретінде сайланды.

Ливаннан Сирия әскерлері ай соңына дейін шықпақшы

Ливандағы әскер күштері және құпия қызмет өкілдерін толық түрде, көкетің 30-на дейін шығаратындарына Сирия уәде беріп отыр. БҰҰ-ның өкілі Терйе Роед-Ларсен бұл жөнінде Сирия елбасы Башар әл-Асадпен және Сыртқы істер министрі Фаруқ әл-Шарамен кездесуден кейін айтты. Ол сондай-ақ бұл үдерісті БҰҰ-ның бақылайтындығын да хабарлап отыр. Сирия күштері Ливанда 1976-шы жылдан бері тұр. Оның елден шығарылуын талап еткен БҰҰ-ның 1559-шы арнайы қарары 2004-ші жылы жарияланған болатын.

Тайландта үш бомбалық жарылыс болды

Тайландтың оңтүстігінде кеше болған үш бомбалық шабуылдан кем дегенде бір адам қаза болып, 50-ден астамы жараланған. Бомбалар әуежайда, супермаркетте, қонақүйде жарылған екен. Қауіпсіздік күштері бұл оқиғалар үшін мұсылман жауынгерлері кінәлі деп отыр. Тайландтың оңтүстігінде негізінен мұсылмандар басым тұрады. Өткен жылдың қаңтар айынан бері жікшілдік бағыттағы көтерілістер кесірінен мұнда 600-ден аса адамның өмірі қиылған.

Қытайға қару сатуға салынған тиымды алып тастау жөніндегі шешімге АҚШ қарсы пікір білдіріп отыр

АҚШ Мемлекттік хатшысының орынбасары Роберт Зоелик қару сатуға байланысты кезінде Қытайға салынған тиымды Еуропа одағының алып тастауы бұл ұйым мен Құрама Штаттары арасындағы қауіпсіздік саласындағы саудаға әсер ететін болады, деді. Тиымды алып тастау жөніндегі ұмтылыстарының АҚШ қызығушылығына кері әсер етпеуін де ескеретіндерін Еуропа одағы бұған дейін айтқан еді. Ол тиым 1989-шы жылы Тиянанмың алаңында демократиялық бағыттағы шерулерді Қытай өкіметінің басып-жаншығанына жауап ретінде салынған болатын.

Б.Тарасюк (Украина): “Ресми Киев Вашингтонмен арада стратегиялық әріптестік орнатуға ұмтылады”

КИЕВ. Бүгін Украина президенті Виктор Ющенко АҚШ-қа 4 күндік ресми сапарын бастайды. Вашингтонда оның АҚШ президенті Дж.Бушпен және Конгресс өкілдерімен келіссөздері өтеді. Одан соң В.Ющенко украин диаспорасы тұратын Бостон және Чикаго қалаларына барады. Украинаның сыртқы істер министрі Борис Тарасюктің мәлімдегеніндей, ресми Киев Вашингтонмен арада стратегиялық әріптестік орнатуға ұмтылады.

Мысыр президенті Рим Папасы Иоанн ІІ-Павелді “махаббат пен бейбітшіліктің символы” деп атады

ҚАЙЫР. Бүгін Мысыр президенті Хосни Мүбәрәк Рим Папасы Иоанн ІІ-Павелдің қаза болуына байланысты шын жүрегімен көңіл білдіріп, оны “махаббат пен бейбітшіліктің символы” деп атады. Х.Мүбәрәк Рим Папасының араб елдері мен Палестина халқына қолдау көрсеткенін ерекше атап көрсетті. Иоанн ІІ-Павелдің қазасына байланысты Мысыр президенті елде 3 күндік азанама жариялады. Жаңа мыңжылдықтың сапары аясында Рим Папасы Мысырға және оның ізінше Израиль мен Палестинаға және Иорданияға 2000 жылы барды. Мысырдың христиан дінін, оның ішінде католик дінін ұстанушы қауымы 250-300 мың адамды құрайды.

Сәрсенбі күні Ирақ парламенті жаңа президент пен 2 вице-президентті сайлауға тиіс

БАҒДАД. Ирақ парламентінің бүгінгі - үшінші отырысында ғана оның төрағасы болып сайланған Хаджим Әл-Хассанидің мәлімдеуінше, парламент өзінің сәрсенбілік отырысында президент пен 2 вице-президентті сайлайды. Олар, өз кезегінде, жаңа премьер-министрді тағайындауға тиіс. Ирақ паламентінің спикері Әл-Хассани –уақытша өнеркәсіп министрі, Ирақтағы сүннилердің өкілі болып табылады. Депутаттар алдында спикер: “Ирақ халқының құқын қалпына келтіретін кез келді. Ендігі жерде Ирақтың шийт пен сүнни, араб пен күрд және түркімендерден тұратын бүкіл халқы үшін федеративтік елдің тәуелсіз де демократиялық құқықтарын пайдаланатын уақыт келді”, -деп мәлімдеді. Бұрынғы физик ғалым, шийттердің өкілі Хуссеин Әш-Шарастани мен күрд Ариф Тайфур – парламент спикерінің 2 орынбасары болып сайланды.

Қырғызстанның елден қуылған президенті А.Ақаев - биліктен кетуге келісті

МӘСКЕУ. Бүгін Қырғызстан парламентінің делегациясымен Мәскеуде өткізген келіссөзінде елден қуылған президент А.Ақаев биліктен кетуге келісті. Бүгін журналистерге А.Ақаевтың өзі хабарлағандай, президент билігінен бас тартатыны туралы хаттамаға өз қолын қойды. Оның биліктен кетуі – Қырғызстандағы саяси ахуалды қалпына келтіру үшін аса маңызды қадам. Қырғызстанның уақытша үкіметі президент сайлауын 26 маусымға тағайындады. Егер А.Ақаев президенттіктен бас тартпаған күнде, ол сайлау заңсыз болып саналатын еді.

Марқұм Иоанн ІІ-Павелдің католик және ислам дінін жақындату үшін атқарған ісін ислам елдері де жоғары бағалайды.

РИМ. Бүгін Ватикан Рим Папасы Иоанн ІІ-Павелдің қайтыс болғаны туралы ресми куәлікті жариялады. Куәлікке Рим Папасының жеке дәрігері Ренато Буссонетти қол қойды. 84 жастағы Иоанн ІІ-Павел сенбі күнің күн батқанда дүние салып, оның денесі бүгін Ватикандағы Апостол сарайына қойылып, онымен дін басылары, Италия үкіметінің мүшелері және шетелдік дипломаттар қоштасуда. Бір Италияда емес, оның туған елі – Польшада және тіпті Куба аралында да “Ұлттық азынама” жарияланды. Иоанн ІІ-Павелдің католик және ислам дінін жақындату үшін атқарған ісін ислам елдері де жоғары бағалады. 2001 жылы Сирияға сапары барысында Рим Папасы католик жетекшілерінің ішінен ең бірінші болып мешіттің табалдырығын аттаған болатын. Кардинал Кароль Войтыла - Рим-Католик шіркеуінің тағына 1978 жылы отырды. Ол соңғы 4.5 ғасырдан бері осы таққа отырған ең бірінші италияндық емес азамат болды. Ватикан тағында отырған 26 жылда Иоанн ІІ-Павел 120 елде сапарда болып, католик пен өзге діндердің арасында түсіністік болуына зор үлес қосты. Бүгін Ватиканға барлық кардинал жиналып, алдағы 15-20 күннің ішінде жаңа Рим Папасын сайлауға тиіс.

Ауғанстанда тәліптер үкімет мекемесіне шабуыл жасап, үкімет армиясының 9 жауынгері оққа ұшты

КАБУЛ. Бүгін тәліптердің жасағы Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд өлкесінде үкімет мекемесіне шабуыл жасап, ауған армиясының 9 жауынгері қаза болды. Өлкелік полицияның бастығы Хаджи Мухаммед Рахимнің хабарлауынша, армия күштері тәліптерді ығыстырып, өлкелік үкіметтің кеңсесін өз бақылауына алды. АҚШ бастаған халықаралық күштердің 18 мыңдық қолы және таяуда ғана оқу-жаттығудан өткен Ауғанстанның ұлттық армиясы мен полициясы 2001 жылы құлатылған Талибан қозғалысының қалдықтарымен шайқасуда.

Ирақ парламентінің үшінші отырысында оның спикері мен 2 орынбасары сайланды

БАҒДАД. Бүгін Ирақтың жаңа парламентінің төрағасы мен оның екі орынбасары сайланды. Спикерлікке осы елдегі сүннит мұсылмандарының өкілі, өнеркәсіп министрі Хаджим Әл-Хассани, оның екі орынбасары болып қаңтар айындағы парламент сайлауында басым дауыс алған шийтердің және күрдтердің бір-бір өкілін сайлады. Ирақ парламентінің үшінші отырысы ғана осындай нәтиже берді. Бірақ, елдегі ахуал әлі күрделі қалпында. Сенбі күні Бағдад түбіндегі Әбу-Грайб түрмесіне қарулы шабуыл жасалып, 40 минутқа созылған атыста түрмені күзетіп тұрған 40-тан аса АҚШ жауынгері мен 12 тұтқын жараланды. Шабуылдағандардың бірі оққа ұшты.

Сирия өз армиясын Ливаннан 30 көкекке дейін толық шығаруға міндеттенді

ДАМАСК. БҰҰ-ының өкілі Терье Ройд-Ларсеннің бүгін хабарлағанындай, Сирия үкіметі өз армиясы мен барлау қызметін Ливаннан 30 сәуірге дейін толық алып кетуге міндеттеніп отыр. Бұл құлақтандыруын ол Сирия президенті Башар Әл-Асадпен және Сирияның сыртқы істер министрі Фарух Әш-Шараамен кездесуінің ізінше жасады. Ливанға 1976 жылы орналастырылған Сирия армиясын шығаруды БҰҰ-ы 2004 жылы қабылдаған №1559 қарарында талап етті. Әйтсе де Ливанның бұрынғы премьер-министрі Рафик Әл-Хариридің ақпан айында қастандықтан қаза болуынан кейін Сирияға деген халықаралық қысым бұрынғыдан да арта түсті.

Түркияның үкімет армиясы мен күрд сепаратистері тағы да қақтығысып, 3 кісі қаза болды

АНКАРА. Түркияның оңтүстік-шығысында үкімет күштері мен күрд сепаратистері қақтығысып қалып, 3 кісі оққа ұшты. Армия өкілдерінің мәліметі бойынша, 2 партизан мен ауыл милицейі қаза болды. “Ауыл милициясы” деп аталатын құрылымның 50 мың қызметкері үкімет армиясының қолдауымен күрд сепаратистерінің базалары шоғырланған ауданда тінту жүргізу үстінде. Күрд сепаратистері мен Түркия үкіметінің арасындағы 20 жылдан көп уақыт бойы жалғасып келе жатқан қақтығыстарда 30 мыңнан астам адам құрбан болды.

Иоанн Павел Екінші қайтыс болды

Рим католик шіркеуінің басшысы Иоанн Павел Екінші дүние салды. 84 жастағы Рим папасы Астана уақыты бойынша бүгін түнде, сағат бірден 37 минут өткенде қайтыс болды. Рим папасының өлгені жарияланғанда Ватикандағы Қасиетті Петр алаңында мыңдаған халық жиналып тұрды. Мұнда бірден қасиетті шаралар басталып кетті. Иоанн Павел Екінші католик шіркеуін 26 жыл бойы басқарды, 120-дан астам елге барып дәнекерлік қызмет атқарды. Италия үкіметі елде үш күн аза тұтуды жариялады.

Ақаев бүгін қызметінен түскені туралы ресми құжатқа қол қоюы тиіс

Қырғызстан парламентінің арнайы комиссиясы бүгін Мәскеуге келіп, биліктен кетірілген президент Асқар Ақаевпен кездеседі. Мақсат – Ақаевтың қызметінен түсу жөніндегі ресми арызын қабылдау. Қырғызстан парламентінің төрағасы Өмірбек Текебаев Ақаев ресми арызын елге оралмай беруге келісті деді.

Келіссөз Мәскеудегі Қырғыз елшілігінде өтуі тиіс. Конституциялық сот төрайымы Чолпон Баекова Қырғызстанда жаңа президент сайлауы маусымның 26 күні өтеді, Ақаев қызметінен кету арызын берсе де, бермесе де бұл мәселе шешілген деді. Бішкекте наурыздың 24-күні ереуілшілер үкімет үйін басып алған соң, Ақаев Ресейге қашып кеткен болатын.

Әлем жетекшілері Рим папасының орны ерекше болды дейді

АҚШ президенті Джордж Буш Иоанн Павел Екінші парасатты да қарапайым, еш нәрседен қорықпайтын діни басшы болды, тарихтағы ең мықты моральдық жетекші ретінде оны әрқашан есте сақтаймыз деп сипаттады. Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса Иоанн Павел Екінші болмағанда коммунизм құрымас еді, не болмаса коммунизмнің соңы қантөгіске соғар еді деді. Бұрынғы совет басшысы Михаил Горбачев Рим папасын әлемдегі бірінші гумманист деп атады. Осындай сипаттағы лебіздерін БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан, Ұлыбритания бас министрі Тонни Блейер, Франция президенті Жак Ширак, Израиль сыртқы істер министрі Сильван Шалом, Араб Лигасының бас хатшысы Әмір Мұса да айтты.

БҰҰ елшісі Ливаннан толық шығару кестесін талқыламақ

БҰҰ елшісі Терджи Ройд Ларсен бүгін Сирия астанасы Дамаскте Сирия әскерін Ливаннан толық шығару кестесін талқыламақ. Ларсен Сирия президенті Башар Әл-Ассадпен келіссөз қиын болатын шығар деді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирия Ливаннан барлық әскерін шығарсын деп ертеде айтқан. Биылғы ақпан айының 14-күні жасалған қастандықтан Ливанның бұрынғы бас министрі Рафик Харири қаза болған соң талап өсе түсті. Ливандағы кейбір қайраткерлер қастандықты Сирия ұйымдастырды деп біледі. БҰҰ Ливанда мамыр айында сайлау болады, Сирия әскері осы мерзімге шейін ол елден әкетілсін дейді.

Бағдадтағы Абу Ғрайып түрмесіне шабуыл жасалды

Ирақтағы көтерілісшілер Бағдадтағы Абу Ғрайып түрмесіне шабуыл жасады. Кемінде 20 американдық қызметкер және 12 түрме тұтқыны жараланды. Арадағы оқатыс шамамен 40 минутқа созылды. Абу Ғрайып түрмесі қатаң күзетке алынды. Көтерілісшілер жағынан адам шығыны болғаны не болмаса біреулері тұтқындалғаны әзірше анық емес. Тұтқындар азапталады деген шатаққа өткен жылы тап болған Абу Ғрайып түрмесінде 3340 тұтқын отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG