Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ауғанстан үкіметі АҚШ ұшақтарының бейбіт қышлақты бомбалауын өзі тергейді

КАБУЛ. Бүгін Ауғанстан президенті Х.Қарзай өзінің өкілі арқылы АҚШ әуе күштерінің соққысынан 17 бейбіт тұрғынның қаза болуына өзінің “қатты алаңдап, көңілі бұзылғанын” білдірді. Президент өкілінің хабарлауынша, жұма күні АҚШ ұшақтарының Кунар өлкесіндегі бейбіт ауылды бомбалауының жай-жапсарын ауған үкіметі өзі тергемекші. Ауғанстандағы АҚШ күштерінің басшылығы 2 барлаушысының өткен аптада Кунар өлкесінде хабар-ошарсыз жоғалғаны туралы хабарға еш түсініктеме бермеді. Одан бұрын ақпарат агенттіктері АҚШ өкіліне сілтей отырып 2 жауынгердің оққа ұшқанын хабарлаған болатын. Барлаушыларды іздеуге жіберілген тікұшақ атып құлатылып, АҚШ-тың 16 жауынгері қаза болды.

Бүгін Ирақта тағы бір шетелдік дипломатқа – үшінші елшіге қастандық жасалды.

БАҒДАД. Бүгін Бағдадтың Мансур ауданында қарақшылар Пәкістанның Ирақтағы дипломаты отырып келе жатқан автокеруенге тасадан оқ жаудырып, күзетшілер қарсы оқ атқан соң бас сауғалап үлгерді. Жапа шеккендер жайында хабар жоқ. Оның алдында қарақшылар Бахрейн өкілінің автокөлігін тасадан атқылап, оны жаралаған болатын. Белгісіз топ Мысырдың С.Хусеин биліктен құлатылған Ираққа жіберілген тұңғыш елшісін өткен аптаның соңында ұрлап алып кетті. Ирақ үкіметінің мәлімдеуінше, дипломаттарға қарсы бағытталған бұл шабуылдар - Ирақпен арадағы қарым-қатынасын жетілдіруді көздеген елдерді қорқыту мақсатында іске асырылып жатыр.

БҰҰ-ы: Қазақстан өзбек босқынын Өзбекстан үкіметіне беруге тиіс емес

ЖЕНЕВА. Бүгін БҰҰ-ының босқындардың істері бойынша Жоғарғы комиссарының өкілі Рон Ридмонд адам құқықтарын қорғаушы Лутфулло Шамсуддинов пен оның 6 жаннан тұратын отбасына Жоғарғы комиссариат 24 маусымнан бастап, яғни Өзбекстаннан Қазақстанға қашуынан 1 ай өткен соң “босқын” мәртебесін берді деп хабарлады. Оның атап көрсетуінше, Қазақстан үкіметі Шамсуддиновты өзіне беру туралы Өзбекстанның талабын орындауға тиіс емес, өйткені 1951 жылғы Женева келісіміне сәйкес, өзге елдерден саяси баспана сұрағандар мен босқындарды өз елдеріне күштеп қайтаруға болмайды. Әндіжандағы қантөгістен кейін Өзбекстаннан көрші елдерге жүздеген халық қашты.

Айодхиа қаласындағы үндістер мен мұсылмандардың қасиетті шіркеуіне шабуыл жасалды

ДЕЛИ. Бүгін Үндістан полициясы үндістер үшін де, мұсылмандар үшін де қасиетті шіркеу болып табылатын Айодхиа қаласындағы храмға шабуыл жасаған қарулы 5 адамның көзін жойып, алтыншысы өзін-өзі жарып өлді. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, 2 сағатқа созылған қақтығыстан кейін полиция әлгі діни кешенді өзінің толық бақылауына алды. Бұл шабуылды әзірше ешқандай топ өз мойына алмай отыр. Үндістан одағының ішкі істер министрі Шиврадж Патилдің хабарлауынша, қасиетті шірукеуге ешқандай нұқсан келмеген, ал полиция оққа ұшқан қаскүнемдердің аты-жөндерін анықтауға кірісті.

Ауғанстанда хабарсыз жоғалған 2 барлаушысын іздестіру барысында 16 АҚШ жауынгері қаза болды

КАБУЛ. Ауғанстандағы АҚШ күштерінің басшылығы 2 барлаушысының өткен аптада Кунар өлкесінде хабар-ошарсыз жоғалғаны туралы хабарға еш түсініктеме бермей отыр. АҚШ күштері басшылығының өкілі 2 жауынгерді іздестіру шарасының әлі жалғасып жатқанын ғана хабарлаумен шектелді. Одан бұрын ақпарат агенттіктері АҚШ өкіліне сілтей отырып 2 жауынгердің оққа ұшқанын хабарлаған болатын. Ал осыдан 2 күн бұрын барлаушы топтың 1 мүшесі аман табылды. 28 маусым күні барлаушыларды іздеуге жіберілген әскери тікұшақ атып құлатылып, АҚШ-тың 16 жауынгері қаза болды.

Дж.Буш: Вашингтон «Киото хаттамасына» қосылмайды

ЛОНДОН. Шотландияның Эдинбург қаласында “Үлкен сегіздіктің” сәрсенбі күні басталатын кезекті бас қосуы қарсаңында британдық ITV-1 телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дж.Буш ғаламдық ауа райының құбылуы – ұзаққа созылатын айтарлықтай проблема, бірақ Вашингтон “Киото хаттамасы” сынды келісімге қол қоймайды, өткені ол келісім АҚШ экономикасына нұқсан келтіреді деп мәлімдеді. Онымен қарама-қатар “Үлкен сегіздіктің” бас қосуы өтетін Эдинбург қаласында бүгін наразылық шеруіне шыққан халық пен пролиция қақтығысып, 20-ға жуық адам мен полиция қызметкері жарақат алды.

ШЫҰ-на мүше 6 ел АҚШ-ты өздерінің ішкі істеріне араласпауға шақырады

АСТАНА. Бүгін “Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына” мүше 6 ел – Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан лидерлері Астанадағы бас қосуында АҚШ бастаған халықаралық күштерді Орта Азия елдеріндегі әскери базалардан кетуінің нақты мерзімін белгілеуге шақыратын арнайы Декларация қабылдады. Ресей президенті В.Путиннің атап көрсетуінше, бұл Декларация – нені құрметтеу керек, нені қорғау қажет деген ортақ көзқарастан және өркениеттің сан-алуандығы мен дамудың түрлі моделі туралы 6 елге ортақ түсініктен туып отыр. Аталған Декларация, В.Путиннің мәлімдеуінше, демократияның шаблоны мен стандартарын күштеп немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы енгізбеуге шақырады.

Еуропа мен Орталық Азияның 52 елі балаларды қорғау проблемасын талдауда

ЛЮБЛЯНА. Словения астанасы – Любляна қаласында балаларды қорғау проблемасына арналған 3 күндік халықаралық конференция өтіп жатыр. Еуропа мен Орталық Азияның 52 елінен келген ресми билік өкілдері балаларды жанұядағы, мектептегі және қоғамдағы зорлық-зомбылықтан қалай қорғаудың амал-тәсілдерін және ол үшін қандай бағдарламалар қабылдап, ұлтық заңдылықтарға нендей өзгерістер енгізу қажеттігін талдау үстінде.

Ирақта өткен аптада жоғалған Мысыр диптоматының ізі әлі табылған жоқ

БАҒДАД. Ирақ астанасында Бахрейннің өкілетті өкілі жараланды. Бүгін оның автокөлігі тасадан атқыланды. Бүгін сондай-ақ Иранның Бағдадтағы елшілігі алдында жарылыс болды. Жапа шеккендер жайында әзірше хабар жоқ. Ирақта Мысырдың өткен аптада хабарсыз жоғалған осы елдегі елшісін іздестіру жалғасуда. Мысырлық дипломатты кімнің немесе қандай топтың ұрлап алып кеткені әлі де белгісіз.

ЕҚЫҰ-ның бастапқы есебі бойынша, Албаниядағы парламент сайлауы демократияға сәйкес өтпеді

ТИРАНА. Албанияда болып өткен парламент сайлауының бастапқы нәтижесінің тағы бір бөлігі бүгін жариялануға тиіс. Жексенбі күнгі сайлауда берілген дауыстардың 5 пайызын есептегенде оппозициядағы Демократиялық партияның премьер-министр Фатос Нано бастаған социалистердің партиясынан басым дауыс алғанын көрсетіп берді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйымның бақылаушылары бастапқы есебінде Албаниядағы сайлаудың халықаралық стандарттарға жартылай ғана сәйкес өткендігін нұсқап отыр.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше алты ел басшылары бүгін Астанада бас қосты

Астанадағы саммитте лаңкестік әрекеттерге, жікшілдікке, экстремизмге қарсы күрестің біріккен шаралары, сол арқылы Орта Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету басты назарға алынған. Бірнеше бірлескен құжаттарға қол қойылмақшы. Қазақ елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саммитке келген Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекет басшыларын қарсы алып отыр. Бақылаушы мәртебесі Иран, Пәкістан, Үндістан елдеріне берілмекші.

Албания сайлау комиссиясының сейсенбі күні хабарлауынша, Парламенттік сайлаулардың жекелеген қорытындылары белгілі бола бастаған

Ол бойынша жексенбідегі сайлауларда бұрынғы елбасы Сали Беришаның демократиялық партиясы алда келеді. Алайда, сайлау заңдарындағы күрделіліктерге байланысты соңғы қорытынды тек бүгін ғана белгілі болмақшы. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа кеңесі және Еуропа Парламенті бірлескен мәлімдемесінде Албанияда өткен бұл жолғы сайлаулар халықаралық талаптарға толық сай келмеді деп баға берісті. Сайлаушылардың бұл науқанға қатысу деңгейі 56 пайызды құраған болатын.

АҚШ және Ирақ күштері дүйсенбі күні Бағдаттың шет аймағында тазалау шараларын жүргізді

Мұның өзі 100-ге жуық көтерілісші қамауға алынған кезекті қатаң шаралар барысында жүзеге асырылып отыр. Бұл шаралардың орын алу себебі, сенбі күні Мысырдың Ирақтағы бас дипломаты Ихаб әл-Шериф кепілдік-тұтқынға алынған болатын. Американың Тәуелсіздік күнінде сөйлеген сөзінде АҚШ елбасы Джордж Буш “Ирақтағы көтерілісшілер бұл елдегі демократиялық үдерістерге кедергі келтіре алмайды. Жеңіске жеткенге дейін ол жерде АҚШ әскерлері тұратын болады” деді. Ирақта күш қолданулар одан әрі жалғасуда. АҚШ базасына жұмысқа бара жатқан сегіз ирақтықты қарулы топ тұтқындаған.

Ауғанстандағы АҚШ күштері өткен аптада Кунар аймағында жоғалып кеткен американдық әскери-теңіз арнайы топ мүшелерінің екеуінің мәйітін тапты

Жексенбі күні олардың бірі тірідей құтқарылған болатын. Ал, төртінші адамның тағдыры әлі белгісіз. İшінде 16 солдаты бар американдық тікұшақ арнайы тапсырмамен бара жатқан кезде жерден атып түсірілген еді.

АҚШ әскери ұшақтары 17 бейбіт тұрғынды, оның ішінде әйелдер мен балалар да бар, өлтірген. Бұл жөнінде Кунар аймағының губернаторы Асадулла Вафа айтты. Аталған шабуылдар Талибан қоныстарын көздей отырып жасалған дейді хабарлар. Жұма күні қаза болған азаматтар Чичал ауылының тұрғындары екен. АҚШ әскерилері де “лаңкестерге қарсы шабуылдар барысында бейбіт тұрғындар қаза болды” деп мойындап отыр. Алайда, олардың саны әзірге айқын емес дейді американдықтар.

Палестинаның біріккен үкімет құрамына Палестина басшысы Махмуд Аббастың шақыруын Хамас тобы қабыл алмады

Аббас мырза бұл шақыруды Газа аймағынан тамыз айында Израйль күштерін және тұрғындарын икемді түрде шығаруға көмектесу мақсатында және ол жерлерге кейінірек тиісті бақылау орнату үшін жасаған болатын. Хамас тобы болса әлгіндей үкімет бірлестігінен гөрі, Газа аймағынан Израйль күштерінің шығарылу жоспарын бақылау үшін, Палестинаның ұлттық комитетін құруды жақтап отыр. Олар осы комитет құрамына Палестинадағы барлық фракция өкілдерінің енгізілуін қалайды. Израйль болса, қарулы топтардың Палестина өкіметі құрамына енуіне қарсы.

АҚШ-тың ғарыштағы снаряды Темпел-1 кометасын соқты

ПАСАДЕНА. АҚШ-тың “Дип Импакт” зерттеу аппараты ұшырған ғарыштағы зондты Темпел-1 кометасын сәтті соқты. 372-килограмды снаряд сағатына 37000 километр жылдамдықпен үлкен кометаға ұрылды. Калифорниядағы НАСА өкілдері бұл соғылысуды тамаша деп сипаттады.

- Навигациясы тамаша болды. Бұдан артық болуы мүмкін емес еді, - деді НАСА өкілдері.

Соғылысу туралы хабар түскен соң енді комета ядросының құрамы туралы, сонымен қатар, күн жүйесінің пайда болуы туралы көбірек білуге болады дейді ғалымдар.

Қазақстан мен Қытай арасында ынтымақтастық декларациясына қол қойылды

АСТАНА. Бүгін Қазақстанның астанасы Астанада Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай президенті Ху Цзинтао екі ел арасында стратегиялық серіктестік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Журналистерге берген сұхбатында, Қытай президенті қол қойылған декларацияның тарихи маңыздылығы бар деді. Ал Назарбаев болса бұл келісімді ғасырларға созылатын құжат деп, Қытай президентін “үлкен дос” деп атады. Назарбаев, сондай-ақ, Қазақстаннан Қытайға созылатын мұнай құбырының құрылысы желтоқсанның 16-ында аяқталады деп жоспарланған деді. Ертең, яғни шілденің 5-і күні Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының басқосуы өтеді. Аталған ұйымға Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Ал, Иран, Үндістан және Пәкістан елдері бұл ұйымға бақылаушы ретінде қатысады.

Британия қорғаныс министрі: “Ирақ күштері бір жылдан кейін бүлікшілерге қарсы операцияларға жетекшілік ете алады”

БАҒДАД. Бүгін Британия қорғаныс министрі Джон Рейд АҚШ жетекшілік ететін коалиция бір жылдан кейін қауіпсіздік мәселелері бойынша жауапкершілікті Ирақ күштеріне тапсыруын бастауы мүмкін. Би-Би-Си радиосына берген сұхбатында ол АҚШ Қоғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің бүлікшілердің әрекеті бірнеше жылға созылуы мүмкін деген болжамымен келісетінін айтты. Бірақ Ирақ қауіпсіздік күштері бір жылдан кейін өздері бүлікшілерге қарсы операциялар жүргізе алады деді Британия қорғаныс министрі. Бүгін Ирақ астанасы Бағдадта тағы да бомба жарылып, 2 бейкүнә адам қаза тапты. Ал Мосул қаласында бүлікшілер Күрдтердің демократиялық партиясының мүшесін атып кетті.

Ауғанстанның Кунар провинциясының әкімі: “АҚШ ұшақтары 17 бейкүнә адамды өлтірді”

ҚАБҰЛ. АҚШ күштері Ауғанстанның таулы аумағында жоғалған бір топ әскерін іздеуді жалғастыруда. Бұл сарбаздар Кунар провинциясында операциялар жүргізіп жатқан болатын. Жексенбі күні АҚШ-тың әскери өкілдері жоғалған топтың бір мүшесін таптық деп мәлімдеген-ді. Ал бұдан бұрын хабарланғанындай сол топқа жәрдем беруге жіберілген АҚШ тікұшағы апатқа ұшыраған. Сол тікұшақтың бортында болған АҚШ-тың 16 әскері қаза тапқан. АҚШ әскері қанша адамның жоғалғаны туралы мәлімет беруден бас тартты. Басқа да хабарларға қарағанда, жексенбі күні Қандағарда Ауғанстан үкіметін қолдайтын молда Мохаммед Наби Масах оған атылған оқтан мерт болды.

Бүгін Ауғанстанның Кунар провинциясының әкімі АҚШ ұшақтары жақында Талибандықтар деп күдіктелгендерге қарсы шабуыл жасаған кезінде 17 бейкүнә адамды өлтірді деп мәлімдеді.

Бүгін Ливияның Сирт қаласында Африка одағының басқосуы ашылды

ЛИВИЯ. Екі күнге созылатын бұл басқосуда Африка Одағына мүше 53 елдің басшылары мен өкілдері “Үлкен сегіздікке” кіретін өндірісі дамыған елдерге жолдау жасайды. Олар, сондай-ақ, Африка елдеріне БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде екі тұрақты орын берілуін талап етпекші. Бұл жиналыста БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан сөз сөйледі.

АҚШ ғарыш агенттігі тарапынан жөнелтілген реактивті снаряд кометаға барып соқтығысады, деп жоспарлануда

Ғалымдардың айтуынша, кометаға соқтығысу үдерісінің өзі күн жүйесі табиғатындағы жаңа зерттеулерге жол ашпақшы. Ол бөлшектегіштің салмағы- 372 килограм. Оның көлемі- шамамен бір мұнай цистернасындай. Ол ғарышта сағатына 37 мың бір жүз километр жылдамдықпен өте шулы түрде жылжуда. Әлгі жарғыш зат “Темпл-1” атты кометамен соқтығысады, деп жоспарлануда. Бұл үдерістер Астана уақыты бойынша, шамамен сағат 12-ден 52 минут өткенде болмақшы. Аталған соқтығысу әрекеттері жерден 133 миллион километр қашықтықта орын алмақшы.

Ираққа тағайындалған елшісі Ихаб әл-Шерифке оны ұстап әкеткендердің дұрыс қарауына Мысыр елі шақыруда

Мысыр Сыртқы істер министрлігі өкілі Хани Халлаф мырза Қайыр қаласында журналистерге берген сұхбатында тұтқындаушылардың Мысыр елшісіне “Араб істерінің жанашыры және қолдаушысы” ретінде қарауларына шақырды. Бұл іске Шериф мырзаның Ирақ халқының бірлігі мен болашағына көмектесу үшін ұмтылғандығын ол айтты. Өз қызметіне маусымның 1-де кіріскен елшіні өткен сенбі күні кепілдік тұтқынға белгісіз қарулы топ ұстап әкеткен екен.

Түркия өкімет басшысы Ердоған өзінің Грециялық әріптесін еліне сапарға шақыруда

Түркия өкімет басшысы Режеп Тайып Ердоған жексенбі күні өзінің Грециялық әріптесі Костас Караманлисті Анкараға шақырды. Бұл- соңғы 45 жыл ішіндегі Грецияның жоғарғы лауазымды басшысының Түркияға алғашқы ресми сапары болмақшы. Қос саяси тұлға да екі ел шекарасындағы табиғи газ құбырының бірлескен жұмысының салтанатына қатысқан болатын. Греция ресми өкілінің айтуынша, Караманлис мырза аталған шақыруды қабыл алған. Кездесу мерзімі таяу арада белгілі болмақшы.

Жексенбі күні Албанияда Парламенттік сайлаулар өтті

Парламенттік сайлауларға қатысқан елдегі өкімет басшысы Фатос Наноның социялистер партиясы мен бұрынғы елбасы Сали Беришаның демократтар партиясы да, “басым дауысқа қол жеткіздік” деп, жеңісті әрқайсысы өз жақтарына телуде. Албанияда еркін де әділ сайлаулардың өтуі аса маңызды. Себебі бұл ел- Еуропа одағы және НАТО сияқты елдерге мүшелікке үміткер. Сондықтан аталған ұйымдармен тығыз байланыс орнатуға Албания ділгір.

Қытай елбасы Ху Жиңтао Қазақстанға ресми сапармен келді

Қазақ елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Ху Жиңтаоның кездесуі барысында энергия көздері мен бірлескен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету сауалдары қаралатын болады. Сондай-ақ, лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес және тасымал мәселелері де-күн тәртібінде тұр. Бірнеше бірлескен қарарлар мен келісімшарттарға қол қойылмақшы. Ал, сейсенбі күні Астанада Шанхай әріптестік ұйымына мүше алты елдің жоғарғы дәрежедегі басқосуы болады деп жоспарлануда. Оның барысында ұйымға мүше елдердегі қауіпсіздік әріптестігін нығайту талқыланады.

Тағы

XS
SM
MD
LG