Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

14 пен 75 жас аралығындағы 8 мыңнан аса Босния мұсылманының қырылғанына 10 жыл толады

САРАЕВО. Бүгін Босния мұсылмандарын жаппай қырған 1995 жылғы геноцид құрбандарының сүйектерін артқан жүк мәшинелерін бақылау үшін мыңдаған халық Сараево қаласының орталық көшесіне шықты. 1995 жылы Сребреницада 14 пен 75 жас аралығындағы 8 мыңнан аса Босния мұсылманын қырып-жойып, олардың сүйектері кейін 60 зиратқа жерленді. Осы қырғынның дүйсенбіде өтетін 10 жылдығында қалған 610 адамның сүйегі Сребреница маңайына жерленбекші. Бүгін сербтердің әсіре ұлтшылдары Югославия соғысында қаза болған сербтерді еске алу үшін Белградта жиналды.

Ирақтың Әл-Анбар өлкесідегі көтеріліске қарсы АҚШ пен Ирақ әскерлері 4 жорығын бастады

БАҒДАД. Бүгін АҚШ күштері мен Ирақ армиясы елдің батысындағы Әл-Анбар өлкесінде партизандарға қарсы жаңа жорығын бастады. Бұл жорыққа АҚШ-тың 500-ге жуық теңіз жаяу әскері мен 100 Ирақ жауынгері қатысып отыр. Әскерилердің мәліметі бойынша, оның барысында 22 күдікті қолға түсіп үлгерді. Бұл 1 айдың ішінде осы өлкедегі көтеріліске қарсы жасалған төртінші жорық. Жұма күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі экстремистердің Ирақтағы Мысыр елшісі Иһаб Әш-Шарифті өлтіруіне бірауыздан наразылық білдірді. Бұл қастандықты Әл-Қаиданың Ирақтағы бөлімі өз мойнына алып отыр.

Лондондағы бейсенбілік жарылыстарды лаңкестік 3 топ өз мойнына алып отыр

ЛОНДОН. Британ астанасында құтқару және жарылыс болған жерлердегі іздеу жұмыстары мен жарылыстарды ұйымдастырған қылмыскерлердің ізін кесу шаралары жалғасуда. Ресми мәлімет бойынша, бейсенбіліак жарылыстардан кем дегенде 50 адам қаза болып, 700-дей кісі түрлі жарақат алды. Бүгін интернетте Әл-Қаиданың Лондондағы шабуылдар “Әбу Хафс Әл-Масри Бригадасының” Еуропалық бөлімінің қолы” деген жаңа мәлімдемесі шықты. Бұл мәлімдеменің түпнұсқа екенін растайтын мүмкіндік жоқ. Лондондағы жарылыстардың ізінше оны өз мойнына Әл-Қаиданың “Еуропадағы құпия джиһад бөлімі” алған болатын. Ұлы Британия патшайымы ІІ-нші Елизавета: "Бейкүнә халыққа қарсы осындай хайуандық іс істегендер біздің тұрмыс-тіршілігімізді өзгерте алмайтындарын білуге тиіс. Мұндай жыртқыштық істер – біздің қоғамымыздың бірлігін, біздің адамзатқа деген және заңға деген сенімізді нығайта түседі”. –деп мәлімдеді.

АҚШ армиясының өткен аптада хабарсыз жоғалған барлаушысын тәліптер өлтірді

КАБУЛ. Бүгін Ауғанстандағы Талибан қозғалысының өкілі Абдулла Латиф Хакимия тәліптердің осыдан 1 аптадай бұрын жоғалған АҚШ барлаушысын өлтіріп, оның денесін елдің шығысындағы Кунар өлкесіндегі тауға тастағанын мәлімдеді. АҚШ армиясының басшылығы қолында бұл ақпарды растайтын ешқандай мәлімет жоқтығын мәлімдеп отыр. АҚШ-тың таңдаулы теңіз әскерінің 4 барлаушысы 28 маусым күні Кунар өлкесінде болған қақтығыстан кейін хабар-ошарсыз жоғалып, екеуінің мәйіті осы дүйсенбі күні табылып, үшіншісі аман құтылды. АҚШ әскері осы барлаушыларын соңғы 12 күн бойы ідеп, оның барысында тікұшақ құлап АҚШ-тың 16 жауынгері қаза болған еді.

Пхеньян мен Сеул экономикалық ынтымақтастық проблемаларын талдауға кірісті

СЕУЛ. Оңтүстік Корея өкілдерімен экономикалық қарым-қатынас проблемаларын тақылау мақсатында бүгін Солтүстік Кореяның ресми делегациясы Сеулге келді. Оның барысында туысқан екі ел арасындағы көлік қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылайтын болады. Оған қоса тараптар Корея Халық Демократиялық Республикасына азық-түліктен көмек беру – Пхеньянға жарты миллион тонна күріш беру мәселесін сөз етеді. Ресми Пхеньян әзірше өзінің ядролық бағдарламасы бойынша 6 жақты келіссөзге қайта оралудан бас тартып отыр.

Жексенбі күні Қырғызстанда президент сайлауы өтуге тиіс

БІШКЕК. Бүгін Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны аяқталды – сайлау жексенбі күні өтуге тиіс. Бақылаушылардың ортақ пікірінше, президент әрі премьер-министр міндеттерін уақытша атқарушы Қ.Бәкиевтің өзге үміткерлерге қарағанда жеңіске жету мүмкіндігі басым. Қ.Бәкиев - наурыз айындағы халық толқуының нәтижесінде биліктен кеткен президент А.Ақаевтың тұсында үкімет басқарды. Басқа 5 үміткер көпшілікке белгісіз саясаткерлер. Қалған үміткерлер, оның ішінде оппозицияның көрнекті лидері Ф.Кулов, дауысқа түсуден бас тартты немесе тіркелу ережесін бұзғандары үшін сайлаудан аластатылды.

Қырғызстанда "Хизбут-Тахрир" ұйымының белсенділігі өсті

Қырғызстан полициясы президенттік сайлау қарсаңында "Хизбут-Тахрир" заңсыз ұйымының белсенділігі күрт өсіп жатыр деп мәлімдеді. Ислам халифатын құруды мақсат тұтқан ұйымның белсенділері Бішкек және Ош қалаларында үнпарақтарды таратып жатыр, онда ертең өтетін президент сайлауына бармауға, дауыс бермеуге үндеу айтылады. "Хизбут-Тахрир" ұйымының Ош қаласындағы басшысы Дилярбек Жұмабаев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында мұсылмандар саясатқа араласпау керек деп айтты. Президенттік сайлауға бес үміткер түсіп отыр. Уақытша президент Құрманбек Бақиев жеңеді деген үміт үлкен.

Британия патшасы Елизавета террористерге бой бермейміз деді

Британия бас министрі Тонни Блейер террорлық шабуылдардан соңғы жағдайды талқылап үкімет жетекшілерімен төтенше мәжіліс өткізді. Лондонда 50-ден астам адам қаза тапты, 700 ден астам адам жараланды. Британия патшасы Елизавета бейбіт халыққа қарсы зұлым шабуылдарды атқарғандар өмір болмысымызды өзгерте алмайтындарын білсін, зұлымдық алдында қоғам ынтымағы өсе түседі, заң мәртебесіне сеніміміз өсе түседі деді.

"Деннис" дауылынан кемінде 32 адам қаза тапты

Кариб теңізіндегі "Деннис" дауылы аймақта төтенше жағдайды күшейтті. Сағатына 240 шақырым өтетін дауылдан Кубада он адам, Гаитиде 22 адам қаза тапты. Дауыл Куба астанасы Гаванаға, одан ары Мексика шығанағына бет алды. Куба үкіметі қауіпті аймақтардан 200 мың халықты шығарды. АҚШ-тың Флорида штатында төтенше жағдай тәртібі сақталып отыр.

АҚШ "Эйр Франс" компаниясының ұшағын кері қайтарды

АҚШ үкімет орындары Парижден Чикаго қаласына келе жатқан "Эйр Франс" компаниясының ұшағын елге кіргезбей қойды. АҚШ өкілдері ұшақтағы барлық жолаушылар жайында толық мәлімет ала алмадық деп Парижден екі сағат бұрын шыққан ұшақты кері қайтарды. 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылдарынан соң АҚШ шекарасынан "Эйр Франс" компаниясының осымен бесінші ұшағы қайтарылды. Бейсенбі күні Лондонда орын алған шабуылдардан соң президент Д. Буш елде қауіпсіздік шараларын арттыруды бұйырған болатын.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Египет елшісінің өлтірілуіне сөгіс айтты

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жұма күнгі мәжілісінде Ирақта шетел дипломаттарына қарсы жасалған шабуылдарға және Египет елшісінің өлтірілуіне бірауыздан сөгіс айтты. 15 ел өкілдерін қосқан ұйым Египеттің ұсынысы бойынша бас қосты. Ихаб Әл-Шериф Саддам Хұсейн құлағалы бері Ирақтағы алғашқы араб елшісі болған екен. Әл-Шериф сенбі күні Бағдадта ұрланды. Оның өлімін "Әл Қаида" ұйымының Ирақтағы бөлімшесі мойнына алды.

Хамид Қарзай Осама бин Ладен біздің елде жоқ деді

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай Осама бин Ладен біздің елде жоқ, бірақ оның қай жерде тығылуы мүмкін екенін білмеймін деп мәлімдеді. Бұдан үш күн бұрын Пәкістан ішкі істер министрі Афтаб Хан Шерпао Осама бин Ладен Пәкістанда емес, бәлкім Ауғанстанның оңтүстік-шығысында жасырынған шығар деп айтқан болатын. АҚШ ресми өкілдері Осама бин Ладен осы екі елдің арасындағы биік тауларда жасырынған деп біледі. Хамид Қарзай, сол сияқты, Лондон шабуылдарының құрбандарына көңіл айтты, бұл жалпы адамзатқа қарсы жасалған шабуыл деп сипаттады.

Тони Блейер "Үлкен Сегіздіктің" саммитіне жоғары баға берді

Британия бас министрі Тони Блейер "Үлкен Сегіздіктің" саммитінде жасалған келісімдерге жоғары баға берді. Саммиті Гленеглис қаласында өткізген Тонни Блейр Африканың және басқа аймақтардың кедей елдеріне халықаралық көмек көрсету және ғаламдық ауа жылынуына қарсы әрекеттерді күн тәртібінде бірінші орынға қойды. Әлем жетекшілері кедей елдерге берілетін көмекті 50 млрд. долларға ұлғайтуға келісті. Оның ішінде үш миллиард доллар Палестина халқына берілмек. АҚШ, Британия, Ресей, Италия, Жапония, Канада, Франция және Германия басшылары терроризмге қарсы әрекет жөнінде де уағдаласты.

Сребреницадағы 8 мың мұсылман ері мен баланың қырылғанына 10 толады

СРЕБРЕНИЦА. 1995 жылы Сребреницада болған қырғыннан аман қалған жүздеген халық осы қырғынның келесі аптада болатын 10 жылдығына Босния арқылы 3 күндік сапарға шықты. 3 күнге созылатын 70 шақырымдық сапар 1995 жылы 8 мың мұсылман ер кісі мен ұл баланы малдай қырған Босниядағы серб күштерінен қашқан жолы арқылы өтеді. Сапар соңында оларға 50-дай адам қосылып, дүйсенбі күні Сребреница іргесіндегі Потокари мемориалдық орталығына жиналып, рәсім барысында құрбан болған 600 мұсылманның сүйегі сол жерде жатқан 1.300 адамның жанына жерленеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Дм.Рупель бұл қырғын бүкіл әлемнің жадында қалады деп атап көрсетті.

Рахат Әлиев – Қазақстанға қайта оралып, жауапты лауазымға тағайындалды

АСТАНА. Қазақстан президентінің өкімімен бүгін Рахат Әлиев сыртқы істер министрінің 1-інші орынбасары болып тағаындалды. Ол жайында Қазақстан президентінің әкімшілігіндегі ақпарат көзіне сілтей отырып KZ-today агенттігі хабарлады. Осыған дейін Рахат Әлиев – ҚР-сының Аустриядағы және онымен қарама-қатар Сербия мен Черногориядағы төтенше және өкілетті елшісі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның тұрақты өкілі лауазымдарын қатар атқарып келді. Р.Әлиев – Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның күйеуі.

НАТО одағы Ұлыбританияға Лондондағы жарылыстарға байланысты көмек беруге дайын

БРЮССЕЛЬ. НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер Лондондағы жарылыстарға жауапты лаңкестерді ұстау ісіне әскери одақтың көмегін ұсынды. Оның хабарлауынша, НАТО-ға мүше 26 елдің елшілерің арнайы сессиясында британ халқын бірауыздан қолдайтындарын және көмек қолын созуға дайын екендерін білдірді. Я.Х.Схеффердің айтуынша, Ұлы Британия НАТО-дан көмек сұраған жоқ, бірақ сұраған жағдайда НАТО оған дайын. НАТО өзіне мүше елдерге қарсы ұйымдастырылуы мүмкін шабуылдардың алдын-алудың нақты амалдарын қарастырып жатыр, -деп хабарлады оның Бас хатшысы. НАТО-ның және Еуроодақ пен Еуропарламенттің штаб-пәтерлеріндегі жалаулар түсірілді.

Лондондағы террористік шабуыл құрбандарының саны 50-ден асты, жарақат алған 700-дей адамның ішінде Қазақстан азаматтары жоқ

ЛОНДОН. Лондон полициясының хабарлауынша, қала орталығындағы бейсенбі күні болған жарылыстардың құрбандарының саны 50-ден асқан. Ал түрлі жарақат алғандардың саны 700-ден асады. Ол жайында бүгін Лондонда өткізгшен баспасөз-маслихатында қала полициясының бастығы Ян Блэр мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шабуылдарды терроистік Әл-Қаида тобы жүзеге асырғанға ұқсайды. Я.Блэрдің атап көрсетуінше, қаза болғандардың саны тағы да арта түсуі мүмкін. Өйткені, деп түсіндірді Лондон полициясының бастығы “Рассел-Скуаэр” метросындағы жарылған поезда әлі де қаза болған адамдардың әлі қалпына келтірірлмеген мәйіттері бар және ол жерде қанша адамның денесі жатқанын біз білмейміз”.

Лондондағы жарылыстан жарақат алғандардың арасында, соңғы дерек бойынша, Қазақстан азаматтары жоқ. Ол жайында Қазақстанның Лондондағы елшілігінің 1 хатшысы Орал Әубәкіров “Азаттық” радиосына бүгін телефон арқылы хабарлады. Ал қаза болғандардың арасында Қазақстан азаматтары бар ма, жоқ па, ол әзірше белгісіз.

Еуроодақ терроризмге байланысты біртұтас компьютерлік мәлімет жинағын жасайды

РИМ. Қопарғыштарды қолдану арқылы Лондонға бейсенбі күні жасалған шабуылдардан кейін Еуроодақ Комиссиясы бүкіл одақ елдері үшін мәліметтердің компьютерлік жинағын жасауға тырысатынын мәлімдеді. Еуроодақтың сот және қауіпсіздік жөніндегі арнаулы өкілі Франко Франттини бүгін Еуропаның осындай компьютерлік жинағын жасау үшін алдағы аптада Еуропа Комиссиясы Еуроодақ елдерінің үкіметтерінен бірлесе және дереу іске кірісуін өтінетінін атап көрсетті.

Қырғызстандағы президент сайлауында Қ.Бәкиевтің жеңіске жету мүмкіндігі басым деген болжамдар айтылып отыр

БІШКЕК. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Орта Азиядағы өкілі Алойз Петерле бүгін Бішкекке келіп, Қырғызстан лидерлерін жексенбі күні өтетін президент сайлауы алдындағы науқанды “демократияға лайық сабырлықпен” өткізуге шақырды. Жексенбілік сайлауда Қырғызстан президентінің әрі премьер-министрінің міндетін атқарушы Құрманбек Бәкиевтің жеңіске жету мүмкіндігі басым саналып отыр.

Т.БЛЭР: “...өзіміз жүргізіп жатқан саясаттың терроризмді жеңетініне біз кәміл сенеміз”

ГЛЭНИГЛС. Британ премьері Тони Блэрдің мәлімдеуінше, бас қосудың соңғы күні “Үлкен сегіздік” елдерінің лидерлері Африка елдеріне бөлінетін көмекті 50 млрд. долларға дейін ұлғайту жөнінде уағдаласты. Т.Блэрдің атап көрсетуінше, Африканың ең кедей елдеріне көрсетілетін көмек ол елдердің берешектерін жою және СПИД дертін ауыздықтау бағдарламасын да қамтиды. Сондай-ақ, “Үлкен сегіздік” лидерлері Палестина автономиясына 3 млрд. доллар көмек беру және ғаламдық ауа райына кері әсер ететін улы газдарды азайту мәселесі бойынша да өзара келіскен. Т.Блэр: “Демократияның үстемдігі мен өркениетті халықтардың арасындағы ынтымақтастыққа осы жердегі “Үлкен сегіздіктің” лидерлері – біз ғана емес, миллиондаған халық та сенеді. Міне сондықтан да өзіміз жүргізіп жатқан саясаттың терроризмді жеңетініне біз кәміл сенеміз” деп мәлімдеді.

Лондондағы террористік шабуылдарға мұсылман лидерлері ащы наразы болуда

ЛОНДОН. Бейсенбі күні Лондонда болған жарылыстарға бірқатар мұсылман елінің басшылары ащы наразылық білдірді. Иранның рухани жетекшілерінің бірі аятолла Мухаммад Эмами-Кашими исламмен және жалпы адамзатпен ешқандай ортақтығы жоқ “жабайылық” әрекет деп бағалады. Сауд Арабиясының бас мүфтиі Әш-Шайх Абдулла Әзиз: “Ислам заңдары бейкүнә халықты қыруға қатаң тыйым салады”, -деп атап көрсетсе, Кабулда Ауғанстан президенті Х.Қарзай: “Бұл шабуыл бүкіл адамзат баласына қарсы шабуыл болды”, -деп мәлімдеді. Лондондағы қырғынға Индонезия, Ислам Конференциясы Ұйымы” және Палестинадағы исламдық “Хамас” тоьбы да наразы болып, көңіл айтты.

К.Аннан Ирақтағы Мысырдың Ирақтағы елшісін өлтіруді “қарақшылық қылмыс” деп бағалады

БАҒДАД. Кеше Әл-Қаида ұйымының Ирақтағы бөлімі осыдан 5 күн бұрын Бағдадта ұрлап алып кеткен Мысыр елшісі Иһаб Әш-Шарифті өлтіргенін мәлімдеп, бұл кісі өлтірген іске халықаралық қауымдастық наразылық білдіруде. БҰҰ-ының Бас хатшысы К.Аннан Ирақтағы экстремистердің Мысырдың осы елдегі елшісін өлтіруін ақтауға жатпайтын қарақшылық қылмыс деп бағалады. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі мұндай лаңкестік әрекеттер ешбір саяси күшке немесе Ирақ халқына абырой әпермейді. Израиль сыртқы істер министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, бұл қастандық – “қаныпезер терроризмді” ауыздықтау үшін халықаралық ынтымақтастықтың қажет екенін көрсетеді. Сауд Арабиясының таққа мұрагер ханзадасы бұл қастандық исламға ешқандай қатысы жоқ террористік шара деп атап көрсетті.

Олимпиада ойындарының бағдарламасынан 2 спорт түрі шығарылды

СИНГАПУР. Халықаралық олимпиада комитетінің Сингапурдағы 117-нші сессиясында 2012 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан бейсьбол мен софтболды шығарып, олардың орнына өзге 2 спорт түрін енгізу туралы шешім қабылданды.

АҚШ Өзбекстан базасына байланбаймыз деді

АҚШ қорғаныс министрлігі әскеріміздің Орталық Азиядағы қызметі ешбір әскери базаға тәуелді болмайды деді. Сөйтіп, ресми Вашингтон Өзбекстан үкіметінің Ханабад әскери базасы жайындағы мәлімдемелеріне реакция танытты. АҚШ базаны Ауғанстандағы гуманитарлық қызметіне пайдаланып келеді. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі сәрсенбі күнгі сөзінде Ханабад базасын 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылдарынан соң Америка Құрама Штаттарына тек әскери қимылдарды жүргізуге бергенбіз деп айтты. Әндіжандағы қақтығыс халықаралық тергеу арқылы тексерілсін деп Вашингтон үндеу айтқан соң өзбек президенті Ислам Кәрімов Ханабад базасын пайдалануға шектеу еңгізген болатын. Кәрімовтың осы шектеуінен соң басқа өзгеріс жөнінде бізге ешқандай ресми ескерту түскен жоқ, - деді АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі.

Еуропа парламенті Беларус басшыларына жол жауып жатыр

Еуропа парламенті кеше Еуропа Одағының елдеріне қайырылып, Беларус үкіметіне қарсы әлдеқайда қатал шектеулерді қоюға шақырды. Еуропа парламенті кешегі отырысында Беларус президенті Александр Лукашенконың сөз бостандығына қарсы қимылдарына сөгіс айтып, тиісті қарар қабылдады. Беларуста журналистер заңсыз тұтқындалады, түрмеде оларға түрлі ауру жұқтырамыз деген үрей айтылады, журналистер із-түссіз жоғалып кетеді делінеді. Еуропа парламенті Беларустың бірқатар басшысын Еуропа Одағына кіргізбеуді, оларға виза бермеуді ұсынды. Беларус тәуелсіз журналистеріне қаржылай көмек көрсетілсін, оларға білім жетілдіру мүмкіндігі берілсін делінеді.

Тағы

XS
SM
MD
LG