Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ирақта Бағдад көпіріндегі қайғылы оқиға құрбандарының саны 965-ке жетті

БАҒДАД. Бағдад көпірінің үстінде кеше болған қайғылы оқиғадан 1 мыңға жуық адамның қаза болуына байланысты бүгін Ирақта 3 күндік аза тұту басталды. Соңғы дерекке сәйкес, Тигр өзені үстіндегі көпірде халықтың дүрлігуінен 965 адам қаза болып, 465-сі жараланды, олардың едеуір бөлігі әйелдер мен балалар, қарттар болатын. Шийт мұсылмандарының діни рәсіміне бара жатқан мыңдаған халық көпір үстінде өз арасында жанпидашыл-лаңкес бар деген дауыстан дүрлігіп, бір-бірін басып-жаншып қашып, біразы суға кетті, өзгелері аяққа жаншылып қаза тапты. Үкіметтің кейбір өкілі жанпидашыл-лаңкес туралы жалған хабарды сүннит көтерілісшілері таратты деп айыптады. Көрші елдер мен Еуроодақ және АҚШ Ираққа көңіл білдірді.

Ресейде жаңа оқу жылы “Беслан трагедиясының” құрбандарын үнсіз еске алумен басталады

МӘСКЕУ. Бүгін Ресейде жаңа оқу жылы Беслан мектебіндегі қырғынның құрбандарын үнсіз еске алудан басталады. Осыдан дәл 1 жыл бұрын 1-інші қыркүйекте қарулы чешендер Беслан мектебінде 1.100-дей оқушы мен олардың ата-анасын және мұғалімдерді кепілдікке алып, Ресейдің қауіпсіздік күштері оларды босатпақ болып шабуыл жасағанда 330-дай адам, негізінен оқушылар қаза болды. Бұл қастандықты аты-шулы чешен қолбасшысы Ш.Басаев өз мойнына алды. Осы қырғын үшін Ресей үкіметін айыптаған “Беслан аналары” комитеті ертең Мәскеуде президент В.Путинмен кездесуге тиіс.

“Катрина” дауылына тап болған АҚШ-тың 3 штатында құрбандардың саны мыңнан да асады

НЬЮ-ОРЛЕАН. АҚШ-тың “Катрина” дауылына душар болған оңтүстік штаттарында бүгін аман қалған халықты құтқару жұмыстары жалғасуда. Инфрақұрылымдары қираған Нью-Орлеан қаласы мен басқа елді-мекендерде полицияның қарақшыларға қарсы күресіне ұлттық ұланның мыңдаған қолы көмекке келді. “Катрина” дауылынан Луизиана, Миссисипи және Алабама штаттарында мыңға жуық тұрғын құрбан болды. Жергілікті билік су басқан аймақтарды түрлі улы зат пен жұқпалы аурудың етек жаюы мүмкіндігін ескертуде. Апатты штаттарға сапарға барған АҚШ президенті Дж.Буш мұны АҚШ тарихындағы ең зор апат, оның салдарын жоюға “талай жыл қажет болады” деп атап көрсетті.

Вашингтон И.Кәрімовті тағы да “Әндіжан қырғынына” тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырады

ВАШИНГТОН. Кеше АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі Шон Маккормакк Өзбекстан үкіметі мамыр айында Әндіжанда болған оқиғаға тәуелсіз тергеу жүргізуге мүмкіндік беруге тиіс деген ресми Вашингтонның талабын тағы да қайталап айтты. Оның атап көрсетуінше, ресми Ташкент кең саяси реформаларды жүзеге асыруға міндетті. “Өзбекстан үкіметі, деп мәлімдеді Ш.Маккормакк, кең саяси бостандық пен экономикалық еркіндікке және адам құқын құрметтеуге жеткізетін реформаларды жүзеге асыра бастағанына өз халқының және біздің көзімізді жеткізуге тиіс”. Әндіжандағы халық толқуына халықаралық тергеу жүргізуге өзбек президенті И.Кәрімов келісім бермеді.

Дж.Буш “Катрина” тайфунын АҚШ тарихындағы “ең зор табиғи апат” деп бағалады

ВАШИНГТОН. АҚШ президенті Дж.Буш “Катрина” дауылынан жапа шеккен штаттарды қалпына келтіруге “талай жыл” керек деп мәлімдеді. Дж.Буш “Катрина” дауылын АҚШ тарихындағы ең ауыр апат болды деп бағалады.

“Дәл қазір апатқа ұшырағандар үшін қиын кезең. Мен оны түсінемін. Бірақ... өмір қайта жанданады. Үлкен Нью-Орлеан қаласы қалпына келеді. Америка оған бар күшін жұмсайды. Мемлекет сіздермен бірге”, - деп мәлімдеді Дж.Буш.

Үкімет апатқа ұшыраған штаттардағы қарақшылық пен басқа заңсыздықтарды ауыздықтауға ұлттық ұланның мыңдаған күшін көмекке жіберді, жұқпалы аурулардың тарауына жол бермеу шараларын қабылдауда.

Ирақтағы 1 мыңға жуық шийт мұсылманының қазасына қауесет себеп болды

БАҒДАД. Кеше Бағдадта Тигр өзенінің үстіндегі көпірде болған қайғылы оқиғадан, соңғы дерек бойынша, кемінде 840 адам құрбан болып, 300-ге тарта кісі жапа шекті. Шийт мұсылмандарының діни рәсіміне қатысуға келе жатқан мыңдаған халық өз арасында өзін-өзі жаруға дайын жанпидашыл-лаңкес келе жатыр деген қауесеттен дүрлігіп, бірін-бірі басып-жаншып жапа-тармағай қаша бастады. Дүрліккен халықтың бір бөлігі өзенге құлап тұншығып, өзгелері аяққа жаншылып қаза болды. Құрбандардың қатары мыңнан да асуы мүмкін. Ирақтағы Қызыл Крест ұйымы көрші елдерді көмек беруге шақырды. Ирақ премьері Ибраһим Әл-Жафаари халықты бірлікке үндеп, елде 3 күн бойы аза тұту жариялады.

“Беслан аналары” 330 адамның қазасы үшін жауапты В.Путиннің өз ауызынан естігі келеді

МӘСКЕУ. Бүгін “Беслан трагедиясына” 1 жыл толады. Бүгін Бесланда трагедия құрбандарын еске алу рәсіміне мыңдаған халық жиналмақшы. Өткен жылдың 1-інші қыркүйегінде чешендер жасағы Беслан мектебінде 1.100-дей мектеп оқушысы мен олардың ата-анасын және мұғалімді кепілдікке басып алды. Оларды азат ету операциясы барысында 330 адам қаза тапты, тең жартысы мектеп оқушылары болатын. Бұл шабуылды белгілі чешен қолбасшысы Ш.Басаев өз жауапкерлігіне алды. “Беслан аналары” комитетінің белсенділері 2-нші қыркүйек күні өздерін Мәскеуге шақырған Ресей президенті В.Путинмен кездесіп, жазықсыз қыршын болған балалардың аналары көп сауалына жауапты президенттің өз ауызынан естімекші.

Украина мен Грузиядағы түрлі-түсті төңкерістер - поляктардың “Солидарность” қозғалысының екінші толқыны

ГДАНЬСК. Совет Одағының “Темір пердесін” құлатуға айрықша үлес қосқан Польшадағы “Солидарность” кәсіподағының кеше атап өтілген 25 жылдық мерейтойына Еуропа елдерінің өкілдері қатысты. “Солидарность” кәсіподағы - 1980 жылдың 31-інші тамызында Гданьск қаласының В.Ленин атындағы кеме зауытының жұмысшылары арасында дүниеге келді. Мерейтойда Украина президенті В.Ющенко поляктардың кәсіподағы бостандықтың рәмізі мен туына айналды деп мәлімдесе, грузин президенті М.Саакашвили: “Грузиядағы “Раушан” және Украинадағы “Қызғылт-сары” төңкерістері “Солидарность” қозғалысының екінші толқыны болса керек” деп атап көрсетті.

Вашингтон Иранның ядролық проблемасы БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінде қаралады деп үміттенеді

ВАШИНГТОН. Ассошиэйтед Пресс агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Николас Бернс егер Иран өзінің ядролық отын өндірісін қайта іске қосатын болса, оған жаза қолдануы мүмкін екенін ескертті. Вашингтонның пікірінше, ядролық отынды атом бомбасын жасау үшін де пайдалануға болады. Оның атап көрсетуінше, Вашингтон уранды байыту өндірісін Теһран тоқтатпайтын болса, атом энергиясы бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігі оған жаза қолдану мәселесін БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына береді деп үміттенеді. Н.Бернс Иранның іс-әрекетін халықаралық қауымдастыққа “қыр көрсету” деп бағалады. Ресми Теһран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін дәлелдеп келеді.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың мемлекеттік теледидардан айтқанындай, мамырдың 13-інде Әндіжан көтерілісіне қатысқан азаматтардың үстінен сот ісі қыркүйектің 20-сында басталмақ

Президент Кәрімовтың сөзіне қарағанда, сол сот үдерісі кезінде барлық шындық ашылмақ. Адам құқығын қорғау ұйымдарының есебі бойынша Әндіжан көтерілісі кезінде кемінде 700 адам шабуыл құрбаны болған. Ал ресми әкімшілік құрбан болғандар саны 187 дейді. Кәрімов ол толқуға исламшыл жауынгерлер кінәлі деп, халықаралық тергеуге қарсы болды.

Ирақ ішкі істер министрлігі хабарлағанындай, Бағдадтағы Тигрис көпірінде болған аласапыран қыспақтан кемінде 650 адам қаза тапқан

Олардың көбі әйел, қыз балалар көрінеді. Ал жарақат алғандар 325-тен асады. Апат шиит мұсылмандарының дәстүрлі діни салтанаты кезінде болған. «Азаттық» радиосының Бағдадтағы тілшісі әл-Хайдари былай деп хабарлады:

«Мыңдаған адам көпірден өтер кезде ол ауыр салмаққа төтеп бере алмай қирап түсті. Жұрт көпір қирандысының, бір-бірінің астында қалды».

Ирақ бас министрі Джаафари бірден елде марқұмдардың рухына арнап 3 күндік аза жариялады.

Бүгін Шешенстанның солтүстігіндегі Новотерское қыстағында Ресей әскери күштерінің шабуылынан кемінде 5 адам қаза тапты

Офицер Руслан Атсаевтің айтуынша, қоршауда қалған қарулы топ оқ атқан кезде 2 офицер мерт болып, бүлікшіл топтан 3 адам қаза тапқан. 4-шісі қашып шыққанымен, артынша ол да оққа ұшқан.

Абақтыда отырған ресейлік қаржы алпауыты Михаил Ходорковскийдің бүгін, ел парламентіне желтоқсанда болатын сайлауға өзінің қатыспақ ниеті бар екен мәлімдеді

Ходорковский салық төлеуде заң бұзған деген айыппен сот үкімі бойынша 9 жылға қамауға кесілген болатын. Бірақ оның қолдаушылары Кремль бұл шараны Ходорковскийдің саяси қарсылығы үшін іске асырды дейді.

Мексика шығанағы жағалауындағы оңтүстік аймақта «Катрин» дауылынан зардап шеккендерді құтқару, оларға көмек беру шаралары жалғасуда

Құрбан болғандардың саны жүздеп есептеледі, бірақ оның дәл есебін анықтау болашақтың үлесінде. Луизиана штатындағы онсыз да ауыр жағдай екі бірдей көлдегі бөгетті тасқын су бұзып кеткеннен соң одан да бетер күрделене түскен.

Польша советтік социалистік блоктағы коммунистік режимді құлатарда белсенділік танытқан «Солидарность» кәсіподақ ұйымының 25 жылдығын атап өтуде

Бұл мерекеге Гданск қаласына 20-дан астам шетел басшылары және өзге де ресми қонақтар келді. Ол кезде қозғалысқа жетекшілік еткен, кейін Польша президенті болған Лех Валенсаның айтуынша, он мыңдаған жұмысшылардың ереуілі нәтижесінде Польшада, артынша Шығыс Еуропадағы коммунистік режим күйреген.

«Менің замандастарым оқ атусыз, қантөгіссіз жағдайда сол кездегі тарихи жүйені өзгертті. Біз міне осы Гданскте бостандыққа қарсы тұрған аярдың күрең тісін қағып алдық», - дейді Лех Валенса.

Грузия президенті Саакашвили, «өзімді және Виктор Ющенконы президенттік таққа отырғызған сол «Солидарность» ұйымының 2-ші толқыны» дейді.

Бүгін Қырғызстан өз тәуелсіздік күнінің 14 жылдығын мерекелеуде

Ел астанасы Бішкектің орталық алаңындағы мереке әскери парадпен басталды. Одан кейін алаңға ту, жалау көтерген халық кірді. Жиналған жұртты Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев және бас министр Феликс Құлов құттықтады.

Кезінде террорлық шабуылдарға қатысып, кейін АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінде жатқан екі күдіктіні Татарстан тұтқындады

Прокурор орынбасары Фарид Загидуллинның айтуынша, Ират Вахитов және Рустам Ахнияров деген ол екеу Мәскеуде қолға түскен. Олар өткен жылы 7 орыс тұтқынымен бірге Ресейге алып келінген болатын. Вахитов кезінде Татарстанның бір мешітінде имам болған. Лаңкестік әрекеттері үшін ол 1999-жылы Мәскеуде тұтқынға түскен. Айып қойылмағаннан соң босатылып, артынша Ауғанстаннан табылған. Ол арада АҚШ күштерінің қолына түсіп, Гуантанамо түрмесінен бір-ақ шыққан.

НАТО-ның шарты бойынша, қаңтарға қарай Босния-Герцоговинада кәсіби армия болуға тиіс

САРАЕВО/БАНИЯ-ЛУКА. Српска Республикасының парламенті өзінің қорғаныс министрлігін жойып, оның құзырын Босния-Герцоговинаның бірлескен басшылығына беру мәселесін дауысқа салды. Сейсенбі күні кешкісін аймақ астанасы Бания-Лукада болған бұл шара – Босния-Герцоговинаны “Бейбітішілік жолындағы серіктестік” бағдарламасына қатыстыру үшін НАТО-ның қойған шарты бойынша қорғаныс саласын реформалаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Реформаның келесі сатысы – бірнеше күннен соң Босния-Герцоговинаның хорват мұсылмандары федерациясы да осы мәселе бойынша дауыс береді. Оның мақсаты – қаңтар айына қарай Босния-Герцоговинада бірлескен кәсіби армия болуға тиіс.

“Катрина” тайфунынан Миссисипи, Луизиана және Алабама штаттарында 1 млн халық баспанасыз қалды, 90-нан астам адам қаза болды

НЬЮ-ОРЛЕАН. Бүгін АҚШ-тың оңтүстігіндегі “Катрина” тайфунынан жапа шеккен штаттарындағы аман қалған халықты құтқару жұмыстары жалғасуда. Миссисипи мен Луизиана штаттарында кем дегенде 90 адамның қаза болғаны расталды. Алайда құрбандардың қатары әлі өсе түсетін түрі бар. Нью-Орлеан қаласының 80 пайызы су астында қалды. Аман қалған тұрғындарды қайықтармен және тікұшақтармен құтқару үстінде. АҚШ президенті Дж.Буш апатқа ұшыраған штаттарға федералдық билік бар көмегін береді деп мәлімдеді. “Катрина” дауылы Миссисипи, Луизиана және Алабама штаттарының шамамен 1 млн халқын баспанасыз қалдырды, жолдардың басым көпшілігін тасқын су шайып кетті.

АҚШ - Ирақта айына 5.6 млрд.-қа, ал күн сайын 186 млн. долларға шығындалуда

САН-ДИЕГО. АҚШ халқына Сан-Диегодан жолдаған сөзінде президент Дж.Буш Ирақтан АҚШ армиясын шығаруға шақырған үндеуге тағы да қарсы шықты. Оның айтуынша, АҚШ армиясының кетуі – жаңа террористік шабуылдарды қаржыландыру үшін “Әл-Қаида” ұйымына Ирақтың мұнай көздерін басып алуына мүмкіндік береді және АҚШ-қа тағы да қатер төндіруі ықтимал. Ирақтағы 2 мыңдай АҚШ жауынгерінің қазасы Дж.Буштың саяси рейтінгісін бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдыратты. Оған қоса, соңғы мәліметке сәйкес, Ирақтағы соғыс АҚШ қазынасы үшін Вьетнам соғысынан да қымбатқа түсіп отыр. Саясат және сыртқы саясатты зерттеу Институты АҚШ-тың Ирақта айына 5.6 млрд.-қа, ал күн сайын 186 млн. долларға шығындалып жатқанын жариялады.

Шығыс Еуропаның тұңғыш тәуелсіз “Солидарность” кәсіподағына – 25 жыл

ГДАНЬСК. Бүгін Польшадағы коммунистік үстемдіктің күйреуіне ерекше үлес қосқан “Солидарность” кәсіподағының құрылғанына 25 жыл толды. 1980-інші жылы Гданьск порты жұмысшыларының жаппай ереуілі 31-інші тамызда Шығыс Еуропадағы тұңғыш тәуелсіз “Солидарность” кәсіподағының дүниеге келуімен аяқталды. Кеше Гданьск қаласында өткен мерейтойлық конгресте оның бұрынғы лидері Лех Валенса кәсіподақтың тарихи маңызын атап көрсетсе, ЕуроКомиссияның президенті Жозе Мануэль Боррозу: “Солидарность” - әлі де Еуропаны рухтандырып, бүкіл әлемдегі демократияға дем беріп келеді” деп бағалады. Брюссельде поляк өкілдері 31-інші тамызды “Еуропаның ынтымақтастығы мен бостандығы күні” етіп жариялауды ұсынды.

“Катрина” тайфуны – АҚШ тарихындағы 26 млрд доллар шығын келтірген ең “қымбат” табиғи апат болды

НЬЮ-ОРЛЕАН. АҚШ-тың оңтүстігіне соққан “Катрина” дауылынан Миссисипи штатында ғана 80-ге жуық адам қаза болды, хабарсыз кеткендер де аз емес. Нью-Орлеан қаласының 80 пайызын су басты. Қала әкімінің хабарлауынша, қалада ондаған адам құрбан болды, бірақ нақты қанша кісінің өлгені белгісіз. Тасқын су толастар емес. Оңтүстіктегі 4 штатта электр қуаты жоқ. Қазірдің өзінде шамамен 26 млрд доллар шығын келді. Бұл - АҚШ тарихындағы ең қымбат апат болып отыр. Президент Дж.Буш табиғи апаттың салдарымен күреске федералдық, мемлекеттік және жергілікті билік мекемелерінің түгел жұмылдырылғанын атап көрсетті. Мексика шығанағындағы бірнеше мұнай платформасына да нұқсан келген, теңіз бетінде өлген адамдардың денелері қалқып жүр.

АҚШ күштерінің әуе соққысынан Ирақта кемінде 45 бейбіт тұрғын құрбан болды

БАҒДАД. АҚШ-тың әуе күштері Ирақтың Сирия шекарасына жақын Әл-Қайым қаласы төңірегіндегі террористердің базасы деген нысандарға бомбалық соққы берді. АҚШ әскерінің хабарлауынша, “бірнеше лаңкес”, оның ішінде Ислам Әбу деген “Әл-Қаида” көсемінің көзі жойылды. Бірақ жергілікті үкіметтің хабарлауынша, 3 әуе соққысынан кем дегенде 45 бейбіт тұрғын қаза тапты. Ал Бағдадта АҚШ-тың Ирақтағы елшісі Залмай Халилзад, 15 қазанда өтетін референдумда конституция жобасын қолдап дауыс бермеуге шақырған көрнекті сүннит лидері Аднан Әд-Дулаймимен қатар тұрып, жобаға “редакциялық түзету” енгізілуі мүмкін деп мәлімдеді.

Ш.Басаев – чешендердің Ичкерия республикасы үкіметінің вице-премьері

КОПЕНГАГЕН. Чешендердің Ичкерия республикасының сыртқы істер министрі Осман Ферзаули чешендердің белгілі дала қолбасшысы Шәміл Басаевтың 25-інші тамыз күні вице-премьер-министр ретінде Ичкерия үкіметінің құрамына кіргенін растады. Даниядан саяси баспана алған Ферзаулидің хабарлауынша, Ш.Басаев өзіне жүктелген міндеттерді “тиянақты орындауға сөз берген”. Ш.Басаев - көптеген шабуылды, оның ішінде өткен жылдың қыркүйегіндегі Беслан мектебіне шабуылды өз мойнына алды. Ресей президенті В.Путин чешен бүлікшілерін “террористер” деп бағалап, олармен келіссөз жүргізуден бас тартты.

Дж.Джоунс (АҚШ): “Ауғанстандағы парламент сайлауы ойдағыдай өтуге тиіс”

КАБУЛ. Ауғанстандағы НАТО күштерінің іс-қимылын басқаратын АҚШ генералы Джеймс Джоунс Ауғанстандағы 18-інші қыркүйекке тағайындалған парламент сайлауының ойдағыдай өтуіне күмән келтірмейді. Кабулға сапары барысында өткізген баспасөз-маслихатында Джоунс биылғы жылы Ауғанстандағы шайқастарда 1 мыңға жуық адамның, оның ішінде 48 АҚШ жауынгерінің қаза тапқанын хабарлады. Кеше Ауғанстанның оңтүстігіндегі Логар және Гильменд өлкелерінде болған 2 қақтығыста 2 тәліп оққа ұшып, төртеуі жараланды. Ауғанстанда НАТО-ның 10 мыңдық күші қауіпсіздікті күзетуде.

Тағы

XS
SM
MD
LG