Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Кремль Ирақтың шамамен барлық қарызын кешіріп, 4 млрд. доллар инвестиция беруге міндеттенді

МӘСКЕУ: Ресей Ирақтың барлық қарызының шамамен 13 млрд. долларды құрайтын 93 пайызын кешірді. Ол туралы бүгін Ресейдің қаржы министрі А.Кудрин хабарлады. Бүгін Мәскеуде Ирақтың Ресей алдындағы берешектерін реттеу туралы келісімге қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, түрлі несие түрінде Ираққа берілген 900 млн. доллар қарыз Ресейге 17 жылдың ішінде төленетін болды. А.Кудрин мәлімдегендей, таяу жылдары Ресей Ирақ экономикасына 4 млрд. долларға жуық қаржы бағыттамақшы.

Иранда Ислам төңкерісінің 29 жылдығы тойланды

ТЕҺРАН: Бүгін Иран халқы Ислам төңкерісінің 29-жылдығын тойлау үстінде. Иран қалаларында халықтың жаппай шеруі блып өтті. Бүгін Теһрандағы халық митингісінде президент М.Ахмадинеджад сөз сөйлеп, елдің ядролық бағдарламасын тоқтатуды талап еткен Батыстың талап-шартына Иранның мойынсұнбайтынын тағы да шегелеп айтты.

Ауғанстанның оңтүстіктегі 2 облысында 2 жарылыс болды

КАБУЛ: Бүгін Ауғанстаның оңтүстігіндегі Кандагар облысының әкіміне қарсы қастандық жасалды. Әкімнің кеңсесі хабарлағандай, бомба Асадулла Халидтің автокөлігі келе жатқан жолдың бойында жарылып, әкімнің өзі аман қалды, бірақ бейкүнә 3 адам жараланды. Ал жексенбі күні Гильменд облысында болған жарылыстан 5 адам, оның ішінде дін қайраткері мен оның отбасы мүшелері қаза тапты. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, дін қайраткері тәліптермен тығыз байланыста болған және террорлық қастандық жасау үшін құрастырып жатқан бомбасы жарылып кеткен көрінеді.

Түркіменстанда жанармайдың бағасы Қазақстандағыдан 5 есе арзан және тегін беріледі

АШХАБАД: Түркіменстанда 11-інші ақпаннан бастап автокөліктің тегін жанармайы мөлшерлеп берілетін болды. Меншікті автокөліктердің иелері ай сайын 120 литр жанармайдың, меншікті жүк көліктері мен автобустардың иелері 200 литрдің, ал мотоцикл иелері – 40 литр жанармайдың талонын тегін алады. Осы мөлшерден артық жанармай – қазіргі бағасынан 8 есе артық коммерциялық бағамен сатылады. Бірақ коммерциялық бағаның өзі – тек 15 АҚШ центіне тең немесе көрші Қазақстандағы бағадан 5 есе, Ресейдегі бағадан тіпті 6 есе арзан. 1993-інші жылдан бері Түркіменстандағы жанармайдың бағасы бүкіл әлемдегі ең арзаны.

Ресейдің “Газпромы” Украинаға тағы да қатаң ескерту жасады

КИЕВ: Украина 2007-нші жылдың соңында Ресейден импорттаған газы үшін 2008-інші жылдың жаңа бағасын төлемейді. Бүгін Киевте өткізген баспасөз-маслихатында Украина премьері Ю.Тимошенко осылай деп мәлімдеді. Ол атап көрсеткендей, үкімет “РосУкрЭнерго” және “УкрГазЭнерго” сынды делдал компаниялармен ондай келісімге бармайды. Бүгін Мәскеуде орыс газын Украинаға сатудың төңірегінен шыққан жанжалға байланысты Ресейдің “Газпромы” мен “НафтоГаз Украина” компанияларының арасында келіссөз болады. “Газпром” Киевтің қарызын 1,5 млрд. долларға бағалап отыр және егер берешек өтелмесе, газды тоқтататынын мәлімдеді.

Сейсенбіден бастап Ресей Украинаға айдайтын газды ¼ есеге қысқартуы мүмкін

МӘСКЕУ: Ресейдің мемлекет меншігіндегі “Газпром” компаниясының өкілі Украинаның газға деген қарызы мәселесі ақырғы мерзімге – сейсенбіге дейін шешіле қоймас деп мәлімдеді. Бүгін “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында Сергей Купрьянов мәлімдегендей, Украинаның Ресей алдындағы 1,5 млрд. доллардай қарыз проблемасы шешілмесе, онда сейсенбіден бастап “Газпром” компаниясы Украинаға беретін газын қысқартады. Бірақ “Газпром” өзі өндіретін газын қысқартып, Орта Азия елдерінен келетін газды Украинаға қарай өткізе береді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықтан қаза болғанына – 2 жыл

АЛМАТЫ: Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері әрі оппозиция серкелерінің бірі А.Сәрсенбайұлы мен 2 серігінің зұлым қастандықтан қаза болғандарына тура 2 жыл толды. Алтынбек пен оның 2 серігінің мәйіттері Алматы қаласының іргесінен табылды. Алтынбекті өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен Қазақстан Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев, “кісі ұрлады” деген айыппен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынатын арнайы “Арыстан” бөлімнің бір топ офицері түрлі мерзімге сотталды. Алайда қоғам өкілдері мен оппозиция Алтынбекті өлтіруге тапсырыс берген тұлға бостандықты қалды деп мәлімдеді. Ал Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиев өзінің таяуда жарық көретін кітабында тапсырыс берген адамның есімін атайтынын ескертті.

Биыл экологиялық “Париж-Астана-Бежин” автожарысы өтеді

АСТАНА: Үстіміздегі жылдың күзінде экологияға арналған “Париж-Астана-Бежин” автожарысы өтеді. Ол туралы Франция премьер-министрі Франсуа Фйионның Астанаға сапары кезінде Астана әкімі А.Мамин мен Францияның көлік министрі Доминик Бюсеро осындай келісімге келді. Астана әкімінің баспасөз-қызметі хабарлағандай, А.Мамин “Париж-Астана-Бежин” автожарысына тек экологиялық таза отынмен жүретін автокөліктер ғана қатыссын деген францұз министрінің ұсынысын қолдады.

Пентагонның қожайыны Ирақтағы ахуалдың күрделі болып қалғанын мойындады

БАҒДАД: Ирақтың қауіпсіздік саласында айтарлықтай ілгерілеушіліктің болуына қарамастан, жалпы ахуал күрделі болып қалды. АҚШ-тың қорғаныс министрі Р.Гейтс осылай деп мәлімдеді. Ол бүгін Бағдадта Ирақ үкіметімен және Ирақтағы АҚШ әскерінің басшылығымен келіссөз өткізді. Р.Гейтстің сөзіне қарағанда, Ирақ үкіметі халықтың ауызбірлігін нығайтуға көп көңіл бөлуге тиіс. Р.Гейтстің Ираққа келері қарсаңында Бағдадтан солтүстікке қараған бойда 20-дан астам кісі террорлық қастандықтың құрбаны болды.

Ауғанстанда тәліптермен ауыз жаласқан молда өз үйінде жарылып өлді

КАБУЛ: Өткен жексенбі күні Ауғанстанның Гильменд облысында бомба жарылып, одан 5 кісі мерт болды. Жергілікті полицияның мәліметі бойынша, жарылыс дін қайраткерінің үйінде болған. Олар террорлық қастандыққа бомба құрастырып жатқан кезде жарылғанға ұқсайды. Дін қайраткерінің зайыбы мен қызы ауыр жарақаттар алды. Ресми биліктің мәлімдеуінше, бұл отбасы тәліптермен жақын байланыста болған.

АҚШ-тың мұнай компаниясы Венесуэланың 12 млрд. долларына құлып салдырды

КАРАКАС: Халықаралық сот америкалық “Exxon-Mobil” мұнай компаниясының ресми Каракастың үстінен берген шағымын қанағаттандырған соң, Венесуэла президенті Уго Чавес АҚШ-қа мұнай сатуын доғаратынын ескертті. “Exxon-Mobil” компаниясының АҚШ пен Ұлыбританияның және Нидерландының соттарына берген шағымы бойынша, Венесуэланың есебіндегі 12 млрд. доллар қаржысына құлып салынды. Бұл шағым өткен жылы бүкіл мұнай өнеркәсібін мемлекет меншігіне қайтарған Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясына қарсы берілген болатын.

Шығыс Тимордың президенті Жозе Орта – ішінен ауыр жараланды

ДИЛИ: Ел астанасы – Дилидегі ордасына бүлікшілердің жасаған шабуылы кезінде Шығыс Тимордың президенті Жозе Рамуш Орта ішінен ауыр жараланды. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, оның халі ауыр, бірақ тұрақты. Бүгін таңсәріде жасалған шабуыл кезінде бір күзетші мен бүлікшілердің көсемі Альфредо Рейнадоның өзі оққа ұшты. Өзінің автокөлігіне оқ жаудырылған премьер-министр Шанана Гужмау бұл қастандықты “мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды” деп бағалады. Шығыс Тимор – Индонезиядан 2002-нші жылы тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік жолындағы күрес серкелерінің бірі болған Жозе Рамуш Орта – 1996-ншы жылы бейбітшілік үшін Нобель сыйлығын алды.

Иордания патшасы ІІ-Абдалла барлық қару-жарақты Ресейден сатып алмақшы

МӘСКЕУ: Мәскеуде сапарда жүрген Иордания патшасы ІІ-нші Абдалла бүгін Ресей президенті В.Путинмен келіссөз өткізеді. Оның барысында экономика мен әскери технология саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Болашақ келісім-шарттардың есебінен Ресей Иорданияға 360 млн. доллар несие бөліп үлгерді. Келіссөздің барысында, сондай-ақ, Ирақтағы ахуал және Израиль мен Палестина арасындағы бейбіт процесс сөз болуға тиіс.

Бүгін Алтынбек Сәрсенбаевтың қастандықпен өлтірілгеніне екі жыл болды

"Нағыз Ақ жол" партиясының тең-төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев және оның екі көмекшісі 2006 жылы 11 ақпанда атып өлтірілді, олардың мәйіттері Алматы маңында табылған. Қазақстан соты бұл саяси қылмыс емес, қылмыс жеке кек мәселесінен шыққан, тапсырысты жеке тұлға берді деп тапқан. Дегенмен, қылмысқа Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің қатынасқаны дәлелдеді. Алтынбек Сәрсенбаевтың жақтастары ресми қорытындыны мойындамады.

"Газпром" компаниясы Украинаға баратын газды азайтамыз деп ескертті

"Газпром" компаниясы Украинаның мемлекттік "Нафтогаз" компаниясы бір жарым миллиард доллар берешек дейді. "Нафтогаз" компаниясы болса ешқандай қарызымыз жоқ дейді. Екі ел арасында 2006 жылы осындай дау шыққанда, Украина арқылы Батыс Еуропаға баратын газ тасымалы бұзылған еді. Украина президенті Виктор Ющенко таяу арада Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескенде ең алдымен осы мәселе талқыланбақ.

Сергей Иванов АҚШ пен Ресей келіссөздерге барса жөн деді

Ресей бас министрінің бірінші орынбасары Сергей Иванов Америка Құрама Штаттары мен Ресей ядролық қаруларды бақылау және қысқарту мақсатында жаңа келіссөздерге барса жөн, екі ел арасындағы стратегиялық қаруларды шектеу келісімін жаңа келісіммен ауыстырған жөн деді. Сергей Иванов бұл сөзін кеше Германияда "Мюньхен қауіпсіздік конференциясында" айтты. Сергей Иванов Ресей үкіметі сыртқы саясаттағы мәселелерді әскери одақтар құру арқылы шешуге құштар емес деді. Ресей үкіметі Батыс елдері Шығыс Еуропада зымыраннан қорғану бекеттерін қоймақ, бұл қару-жарақ бәсекесін жаңғырту деп айыптап келеді.

Сергей Иванов Косово тәуелсіздігіне қарсымыз деді

Ресей бас министрінің бірінші орынбасары Сергей Иванов Батыс елдері Косово тәуелсіздігін мойындаса, бұған бола Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздікке ұмтылуын қолдамаймыз деп мәлімдеді. Сергей Иванов бұл сөзін кеше Германияда "Мюньхен қауіпсіздік конференциясында" айтты. Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан біржолата бөлінбек, оларды Ресей қолдап келеді. Косово провинциясы таяу күндері тәуелсіздік жариялап, Сербиядан біржолата бөлінбек. Ресей бұған қарсы, Косовоның қадамына басқалар да баруы мүмкін дейді.

АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс Ауғанстан мәселесіне назар аударды

Германияда өткен дәстүрлі "Мюнхен қауіпсіздік конференциясында" АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс кеше Ауғанстан мәселесіне назар аударды. Роберт Гейтс НАТО мүшелері Ауғанстанда соғыс жүргізу мәселесі жайында екіге жарылғалы тұр, осындай қауіп бар деп сипаттады. Роберт Гейтс Германия үкіметін тұспалдап, НАТО-ның кейбір мүшелері Ауғанстанның қауіпті аймақтарында қызметке азырақ үлес қосқысы келеді, ал басқа елдердің сарбаздары болса мұнда ұрысқа түсіп, қаза тауып жатыр деді. Роберт Гейтс Еуропа елдеріне қайырылып, Ауғанстанда батылдау күрес жүргізуге шақырды.

АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс Бағдадта сапармен жүр

АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс Ирақ саяси жетекшілері келісім табуға ынталы, алайда ел қауіпсіздігін арттыру мақсатында әлі де күрделі шешімдерді қабылдау керек деп мәлімдеді. Роберт Гейтс прогресс үлгісі ретінде таяуда қабылданған рақымшылық заңын атады. Роберт Гейтс бұл сөзін кеше Бағдад қаласына өзімен бірге келген журналистерге айтты. Роберт Гейтс Ирақ жетекшілерімен сөйлескенде орталық үкімет пен аймақтардың билік бөлісу заңы сияқты негізгі заңдардың қабылдануы жайында сұраймын деді.

Ирақ орталығында Ятреб ауылында жанкештілік бомба шабуылы жасалды

Кемінде 23 адам қаза тапты, 25 адам жарақат алды. Бомба шабуылы халық көп жиналған базарда жасалды. Ятреб ауылы орналасқан Салахиддин провинциясында АҚШ пен Ирақ жасақтары осы күндері "Әл Қаида" бөлімшесіне қарсы үлкен операция жүргізіп жатыр.

Мәскеу АҚШ пен Ресей стратегиялық қаруларды шектеу келіссөздерін жүргізуге шақырды

Бүгін Ресейдің бірінші вице-премьері Сергей Иванов Ресей мен Құрама Штаттар ядролық қаруды шектеу мен бақылау келісімін жаңадан талқылауы керек деді. Мюнхендегі Қауіпсіздік мәселесіне арналған конференцияда сөйлеген Иванов Мәскеу мен Уашингтон мұндай бастамаға жетекші болуы керек деген. Оның алдында АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс егер НАТО Ауғаныстандағы талибан бүлікшілдерін құртпаса, ислам эктремистері жан-жақтан үлкен қолдау табады деп ескертті.

“Қазір мен бірқатар еуропалық жетекшілерге қосылып, Еуропадағы халыққа тікелей қайрылғым келеді. Ислам экстремистері тарапынан төнген қауіп үлкен. Ол өзінен өзі жоғалмайды”, - деді Роберт Гейтс.

Обама үш штатта алға шықты

Құрама Штаттарда қараша айында өтетін президенттік сайлауға Демократтардан кандидат таңдауда, сенатор Барак Обама Хиллари Клинтонды басып озып алға шықты. Сенбі күні Уашингтон, Небраска және Луизиана штаттарында демократтардан кандидат таңдау үшін дауыс берулер өткен. Сөйтіп, демократтар арасында бәсеке қыза түсті. Ал, Республикандықтардан сенбі күнгі Канзас пен Луизианадағы дауыс берулерде Майк Хакабидің жеңіске жетуіне қарамастан, Джон Маккейн басымдықпен айтарлықтай алда келеді.

Жапония мен Ресей ғаламдық жылынудың алдын алу келіссөздерін бастауға келісті

Ресей мен Жапония ғаламдық жылынуға қарсы күрес жөніндегі келіссөздерін бастауға келіскен. Жапонияның Киодо ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, бұл келісімге Мюнхен конференциясында кездескен Жапон сыртқы істер министрі мен Ресейдің бірінші вице премьері келіп отыр. Тағы бір басылымда, ол келіссөздер Жапонияның Ресейден бөлінген қалдықтарды сатып алуы жөніндегі келісіміне қол жеткізу деп айтылды.

Тәжік президенті Иранға сапарын аяқтады

Бүгін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің Иранға екі күндік сапарын аяқтады. Техранға сапары барысында Рахмон Иран президенті Махмуд Ахмединежад пен Жоғарғы діни жетекшісі Аятолла әл Хаменеймен кездесетіні айтылған. Олар Тәжікстанның оңтүстігінде біріккен гидро электр стансасының құрылысы туралы сөйлесті деп Ирандық ақпарат көздері жазып жатыр.

Түркіменстан жүргізушілерге тегін бензин ұсынады

Түркіменстанда үкіметтің жаңа қаулысымен жүргізушілер айына тегін жанар-май алатын болады. Дүйсенбіден бастап, көлік жүргізушілер айына тегін берілетін 120 литр бензинге талон алатын болады. Жүк машинасы мен автобус жүргізушілер 200 литрден, мотоцикл иелері 40 литр жанар-жағар майды айына тегін алып отырады. Бірақ, бензиннің базардағы бағасы литріне 60 цент болады, ол бұрындары литріне 8 цент болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG