Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан үкіметі құрылыс компанияларынан бітпеген тұрғын үй нысандарды сатып алмақшы

Қазақстан үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шүкеев бітпеген тұрғын үй нысандарын құрылыс компанияларынан 1 шаршы метрін 1 мың АҚШ долларына сатып алу туралы үкіметтің жоспарын бүгін Астанада жария етті. Шүкеевтің айтуынша, үкіметтік комиссия Астана бойынша құрлысы аяқталуға жақын қалған 112 нысанды іріктеп алыпты. Үкімет оларды сатып алып, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арзан бағамен беруді ойластырып отыр. Алайда, құрлыс компаниялары бұл ұсынылып отырған баға нарық сұранысына сай емес деп, ондай бағаға нысандарды сатпайтындарын айтады.

Украйна президенті Виктор Ющенко бүгін Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті

Украйнаның қарызы бар деген себеппен Ресей Газпромы бүгін газ беруін тоқтататындығын ескерткен болатын. Украйнаның Нафтохаз компаниясы Ресейге 1 миллиард 500 миллион доллар берешек, дейді Газпром. Нафтохаз оны жоққа шығаруда. Сөйлесулер жүріп жатқандықтан Газпром газды тоқтату ісін бүгінгі таңнан кешке қарай ысырып қойды.

Ресей әскери ұшақтары АҚШ кемесінің үстінен ұшып өтті

АҚШ-тың Тынық мұхиттағы соғыс ұшақтарын тасығыш кемесінің үстінен ресейлік екі бомбалаушы ұшақ ұшып өткен болатын. Ресейлік «ТУ-95» бомбалаушы қос ұшағын Нимицтегі АҚШ әскери кемесі кеңістігінен сенбіде «Ф-18» шабуылшы реактивті ұшақтардың шығарып жібергендігін АҚШ ресмилері айтты. Ал, Ресей әуе күштері өкілінің бүгін айтуынша, ол бомбалаушы ұшақтар, халықаралық заңдарға сәйкес, алдын-ала белгіленген ұшу әрекеттерін атқарған екен.

Қатерлерге қарамастан Ауғанстанда оқушы балалар саны арта түсуде

Биылғы оқу жылында 800 мыңдай оқушы келіп қосылған екен. Осылайша елдегі оқушылар саны 5 миллион 700 мыңға жетті. Білім беру министрлігінің айтуынша, жаңа сипаттағы Ислам ілімі оқытылмағандықтан да балалар медреселерге барып, оның кейбірінде олар лаңкестікке тәрбиеленген екен.

Ирақтағы қауіпсіздік мәселесіне орай АҚШ және Иран ресмилері алдағы күндерде кезекті сөйлесулерді бастайтын болады

Ирақ Сыртқы істер министрі Хошияр Зебари бұл жөнінде бүгін Мәскеудегі баспасөз мәслихатында айтты. Ирақ қауіпсіздігіне байланысты ресми Бағдаттың ұйымдастыруымен АҚШ және Иран ресмилері өткен жылы бірнеше рет кездескен болатын. Зебаридің айтуынша, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Ираққа наурыз айының басында сапармен келмекші екен.

Бүгін Дағыстанда болған атыста 3 жауынгер және қауіпсіздік қызметінің бір офицері қаза болды

Полиция және Федералдық қауіпсіздік қызметінің агенттері көтерілісшілер жасырынған жеке бір үйді қоршауға алған кезде, осы атыстар бүгін таңертең Бабаюрт ауданында болған. Тағы бір полиция офицері жараланған.

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер Астанада болды

Ричард Баучер Қазақстан үкіметін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті төрағалығына сайланар алдында берген уәделерін орындауға шақырды. Қазақстан ұйымға төрағалық етуге дайындалып жатқан кезеңде берген уәдесін, соның ішінде талқыланып жүрген, жарияланған саяси реформалар мен заңдарды қаншалықты толық және нақты орындайтынын көргіміз келеді, - деді Ричард Баучер. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөз өткізді.

Украина президенті Виктор Ющенко бүгін Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізбек

Екі ел басшылары газ мәселесі тағы қиындап жатқан тұста кездесіп отыр. Ресейдің "Газпром" компаниясы Украинаға баратын газды азайтамыз деп ескертті кеше. "Газпром" компаниясы Украинаның мемлекеттік "Нафтогаз" компаниясы бір жарым миллиард доллар берешек десе, "Нафтогаз" компаниясы ешқандай қарызымыз жоқ дейді. Бұл жайында келіссөз жүріп жатыр, "Газпром" компаниясы газ тасымалын сейсенбі күні тәңертен емес, сейсенбі күні түстен кейін өшіруіміз мүмкін деп ескертті. Екі ел арасында осындай дау 2006 жылы болған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Кенияда саяси даудан шыққан бүліктің салдарынан 600 мың адам босып кетті дейді

Кения президенті былтыр желтоқсан айында сайлау арқылы билік басында қалды, оппозиция сайлау бұрмаланды дейді. Даудан кейін ұлтаралық қақтығыстар шықты, мыңға жуық адам өлтірілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары Джон Холмс өткен аптада Кенияда болды, бүлік салдарын зерттеді. Ол шамамен 300 қоста 300 мыңдай босқын жан сауғалап отыр, бірақ көптеген адам туған-туыстары мен жора-жолдастарын паналап жүр дейді.

АҚШ-та жасалған шабуылдарға қатынасты деп күдіктелетін алты азаматқа адам өлтіру айыптары тағылды

АҚШ қорғаныс министрлігі 2001 жылы 11 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарында жасалған шабуылдарға қатынасты деп күдіктелетін алты азаматқа адам өлтіру айыптары тағылғанын жариялады. Нью-Йорк пен Вашингтонда жасалған шабуылдардың салдарынан шамамен үш мың адам қаза тапқан. АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі, бригада генералы Томас Хартман олар айыпты деп табылса, өлім жазасын сұрайтындарын мәлімдеді. Томас Хартман осы алты азаматтың "Әл Қаида" ұйымының ұзақ уақыт дайындалған жоспарын орындады деп айыпталғандарын айтады.

Ресейдің екі бомбылаушы ұшағы Америка Құрама Штаттарының ұшақ тасушы кемесінің үстінен ұшып өтті

Оқиға сенбі күні Жапония оңтүстігінің тұсында болды, Ресейдің "Ту-95" бомбылаушы ұшақтарын америкалық кемеден ары шығарып салу үшін әуеге "Эф-18" қырғи ұшақтары көтерілді, дейді есімі жарияланбаған АҚШ ресми өкілі. Ресей ресми өкілдері бұл мәлімет жайында еш нәрсе айтпады. Ресей әскері қырғи-қабақ соғысы кезіндегі әдетін таяуда жаңғыртып, ұзақ қашықтықта ұшу сапарларын қайтадан атқарып жүр

Пәкістанның Ауғанстандағы елшісі Пәкістанның тайпалар басқаруындағы аймағында хабар-ошарсыз кетті

Пәкістан сыртқы істер министрлігі елші Тариқ Әзизуддин Пешавар қаласынан Қабул қаласына шыққан болатын, сол күйі жоғалып кетті дейді. Елші Тариқ Әзизуддин Ауғанстан шекарасына жетпей, Хибер ауданында ұрланып кетуі мүмкін деген мәліметтерді Пәкістан сыртқы істер министрлігінің өкілі не растамады, не жоққа шығармады. Пәкістанның осы аймағында исламшыл жауынгерлер соңғы айларда аса қатты белсенділік танытып жүр.

Кремль Ирақтың шамамен барлық қарызын кешіріп, 4 млрд. доллар инвестиция беруге міндеттенді

МӘСКЕУ: Ресей Ирақтың барлық қарызының шамамен 13 млрд. долларды құрайтын 93 пайызын кешірді. Ол туралы бүгін Ресейдің қаржы министрі А.Кудрин хабарлады. Бүгін Мәскеуде Ирақтың Ресей алдындағы берешектерін реттеу туралы келісімге қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, түрлі несие түрінде Ираққа берілген 900 млн. доллар қарыз Ресейге 17 жылдың ішінде төленетін болды. А.Кудрин мәлімдегендей, таяу жылдары Ресей Ирақ экономикасына 4 млрд. долларға жуық қаржы бағыттамақшы.

Иранда Ислам төңкерісінің 29 жылдығы тойланды

ТЕҺРАН: Бүгін Иран халқы Ислам төңкерісінің 29-жылдығын тойлау үстінде. Иран қалаларында халықтың жаппай шеруі блып өтті. Бүгін Теһрандағы халық митингісінде президент М.Ахмадинеджад сөз сөйлеп, елдің ядролық бағдарламасын тоқтатуды талап еткен Батыстың талап-шартына Иранның мойынсұнбайтынын тағы да шегелеп айтты.

Ауғанстанның оңтүстіктегі 2 облысында 2 жарылыс болды

КАБУЛ: Бүгін Ауғанстаның оңтүстігіндегі Кандагар облысының әкіміне қарсы қастандық жасалды. Әкімнің кеңсесі хабарлағандай, бомба Асадулла Халидтің автокөлігі келе жатқан жолдың бойында жарылып, әкімнің өзі аман қалды, бірақ бейкүнә 3 адам жараланды. Ал жексенбі күні Гильменд облысында болған жарылыстан 5 адам, оның ішінде дін қайраткері мен оның отбасы мүшелері қаза тапты. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, дін қайраткері тәліптермен тығыз байланыста болған және террорлық қастандық жасау үшін құрастырып жатқан бомбасы жарылып кеткен көрінеді.

Түркіменстанда жанармайдың бағасы Қазақстандағыдан 5 есе арзан және тегін беріледі

АШХАБАД: Түркіменстанда 11-інші ақпаннан бастап автокөліктің тегін жанармайы мөлшерлеп берілетін болды. Меншікті автокөліктердің иелері ай сайын 120 литр жанармайдың, меншікті жүк көліктері мен автобустардың иелері 200 литрдің, ал мотоцикл иелері – 40 литр жанармайдың талонын тегін алады. Осы мөлшерден артық жанармай – қазіргі бағасынан 8 есе артық коммерциялық бағамен сатылады. Бірақ коммерциялық бағаның өзі – тек 15 АҚШ центіне тең немесе көрші Қазақстандағы бағадан 5 есе, Ресейдегі бағадан тіпті 6 есе арзан. 1993-інші жылдан бері Түркіменстандағы жанармайдың бағасы бүкіл әлемдегі ең арзаны.

Ресейдің “Газпромы” Украинаға тағы да қатаң ескерту жасады

КИЕВ: Украина 2007-нші жылдың соңында Ресейден импорттаған газы үшін 2008-інші жылдың жаңа бағасын төлемейді. Бүгін Киевте өткізген баспасөз-маслихатында Украина премьері Ю.Тимошенко осылай деп мәлімдеді. Ол атап көрсеткендей, үкімет “РосУкрЭнерго” және “УкрГазЭнерго” сынды делдал компаниялармен ондай келісімге бармайды. Бүгін Мәскеуде орыс газын Украинаға сатудың төңірегінен шыққан жанжалға байланысты Ресейдің “Газпромы” мен “НафтоГаз Украина” компанияларының арасында келіссөз болады. “Газпром” Киевтің қарызын 1,5 млрд. долларға бағалап отыр және егер берешек өтелмесе, газды тоқтататынын мәлімдеді.

Сейсенбіден бастап Ресей Украинаға айдайтын газды ¼ есеге қысқартуы мүмкін

МӘСКЕУ: Ресейдің мемлекет меншігіндегі “Газпром” компаниясының өкілі Украинаның газға деген қарызы мәселесі ақырғы мерзімге – сейсенбіге дейін шешіле қоймас деп мәлімдеді. Бүгін “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында Сергей Купрьянов мәлімдегендей, Украинаның Ресей алдындағы 1,5 млрд. доллардай қарыз проблемасы шешілмесе, онда сейсенбіден бастап “Газпром” компаниясы Украинаға беретін газын қысқартады. Бірақ “Газпром” өзі өндіретін газын қысқартып, Орта Азия елдерінен келетін газды Украинаға қарай өткізе береді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықтан қаза болғанына – 2 жыл

АЛМАТЫ: Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері әрі оппозиция серкелерінің бірі А.Сәрсенбайұлы мен 2 серігінің зұлым қастандықтан қаза болғандарына тура 2 жыл толды. Алтынбек пен оның 2 серігінің мәйіттері Алматы қаласының іргесінен табылды. Алтынбекті өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен Қазақстан Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев, “кісі ұрлады” деген айыппен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынатын арнайы “Арыстан” бөлімнің бір топ офицері түрлі мерзімге сотталды. Алайда қоғам өкілдері мен оппозиция Алтынбекті өлтіруге тапсырыс берген тұлға бостандықты қалды деп мәлімдеді. Ал Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиев өзінің таяуда жарық көретін кітабында тапсырыс берген адамның есімін атайтынын ескертті.

Биыл экологиялық “Париж-Астана-Бежин” автожарысы өтеді

АСТАНА: Үстіміздегі жылдың күзінде экологияға арналған “Париж-Астана-Бежин” автожарысы өтеді. Ол туралы Франция премьер-министрі Франсуа Фйионның Астанаға сапары кезінде Астана әкімі А.Мамин мен Францияның көлік министрі Доминик Бюсеро осындай келісімге келді. Астана әкімінің баспасөз-қызметі хабарлағандай, А.Мамин “Париж-Астана-Бежин” автожарысына тек экологиялық таза отынмен жүретін автокөліктер ғана қатыссын деген францұз министрінің ұсынысын қолдады.

Пентагонның қожайыны Ирақтағы ахуалдың күрделі болып қалғанын мойындады

БАҒДАД: Ирақтың қауіпсіздік саласында айтарлықтай ілгерілеушіліктің болуына қарамастан, жалпы ахуал күрделі болып қалды. АҚШ-тың қорғаныс министрі Р.Гейтс осылай деп мәлімдеді. Ол бүгін Бағдадта Ирақ үкіметімен және Ирақтағы АҚШ әскерінің басшылығымен келіссөз өткізді. Р.Гейтстің сөзіне қарағанда, Ирақ үкіметі халықтың ауызбірлігін нығайтуға көп көңіл бөлуге тиіс. Р.Гейтстің Ираққа келері қарсаңында Бағдадтан солтүстікке қараған бойда 20-дан астам кісі террорлық қастандықтың құрбаны болды.

Ауғанстанда тәліптермен ауыз жаласқан молда өз үйінде жарылып өлді

КАБУЛ: Өткен жексенбі күні Ауғанстанның Гильменд облысында бомба жарылып, одан 5 кісі мерт болды. Жергілікті полицияның мәліметі бойынша, жарылыс дін қайраткерінің үйінде болған. Олар террорлық қастандыққа бомба құрастырып жатқан кезде жарылғанға ұқсайды. Дін қайраткерінің зайыбы мен қызы ауыр жарақаттар алды. Ресми биліктің мәлімдеуінше, бұл отбасы тәліптермен жақын байланыста болған.

АҚШ-тың мұнай компаниясы Венесуэланың 12 млрд. долларына құлып салдырды

КАРАКАС: Халықаралық сот америкалық “Exxon-Mobil” мұнай компаниясының ресми Каракастың үстінен берген шағымын қанағаттандырған соң, Венесуэла президенті Уго Чавес АҚШ-қа мұнай сатуын доғаратынын ескертті. “Exxon-Mobil” компаниясының АҚШ пен Ұлыбританияның және Нидерландының соттарына берген шағымы бойынша, Венесуэланың есебіндегі 12 млрд. доллар қаржысына құлып салынды. Бұл шағым өткен жылы бүкіл мұнай өнеркәсібін мемлекет меншігіне қайтарған Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясына қарсы берілген болатын.

Шығыс Тимордың президенті Жозе Орта – ішінен ауыр жараланды

ДИЛИ: Ел астанасы – Дилидегі ордасына бүлікшілердің жасаған шабуылы кезінде Шығыс Тимордың президенті Жозе Рамуш Орта ішінен ауыр жараланды. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, оның халі ауыр, бірақ тұрақты. Бүгін таңсәріде жасалған шабуыл кезінде бір күзетші мен бүлікшілердің көсемі Альфредо Рейнадоның өзі оққа ұшты. Өзінің автокөлігіне оқ жаудырылған премьер-министр Шанана Гужмау бұл қастандықты “мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды” деп бағалады. Шығыс Тимор – Индонезиядан 2002-нші жылы тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік жолындағы күрес серкелерінің бірі болған Жозе Рамуш Орта – 1996-ншы жылы бейбітшілік үшін Нобель сыйлығын алды.

Иордания патшасы ІІ-Абдалла барлық қару-жарақты Ресейден сатып алмақшы

МӘСКЕУ: Мәскеуде сапарда жүрген Иордания патшасы ІІ-нші Абдалла бүгін Ресей президенті В.Путинмен келіссөз өткізеді. Оның барысында экономика мен әскери технология саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Болашақ келісім-шарттардың есебінен Ресей Иорданияға 360 млн. доллар несие бөліп үлгерді. Келіссөздің барысында, сондай-ақ, Ирақтағы ахуал және Израиль мен Палестина арасындағы бейбіт процесс сөз болуға тиіс.

Тағы

XS
SM
MD
LG