Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, академик М.Әлиев елден шықпау жөнінде қолхат берген

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев заңсыз қару-жарақ ұстады деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалуына байланысты елден шықпау жөнінде қолхат берген. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз-қызметінің жетекшісі Бағдад Қожахметов хабарлады. Бұдан бұрын сырттай түрме жазасына кесілген Рахат Әлиев әкесі Мұхтар Әлиевтің шетелге шығып емделуіне Қазақстан билігі кедергі жасап отыр деп мәлімдеген болатын.

Кубаны 49 жыл басқарған президент Фидель Кастро қызметінен кетті

Ресми Гранма басылымының интернет парақшасында жарияланған мәліметке қарағанда, Фидель Кастро мемлекет президенті мен жоғарғы бас қолбасшы лауазымдарынан бас тартқан. 81-жастағы Кастро осыдан 19 ай бұрын қатты науқастанып, билікті уақытша өзінің бауыры Рауль Кастроға тапсырған болатын. Руандаға сапармен келген АҚШ президенті Джордж Буш енді Кубада демократиялық өзгерістердің басталатындығына үміт білдірді.

Косово тәуелсіздігін мойындап жатқан кей елдерден Сербия өз елшілерін елге қайтаруда

Сербия сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, дипломаттар Вашингтон, Лондон, Париж және Анкарадан Сербияға қайтуда. Ал оның алдында Британия, Франция, Түркия және АҚШ ресмилері елшілер ретінде сенім грамотасын Косово астанасы Приштинада тапсырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында Сербия президенті Борис Тадич Косовоның өз бетінше тәуелсіздік жариялауы халықаралық заңға қайшы келеді деп оны жоққа шығарды. Ал бұл арада бүгін Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Хавиер Солана Косово жетекшілерімен келіссөз өткізу үшін Приштинаға келеді деп күтілуде.

Бүгін Арменияда президент сайлауы өтіп жатыр

Сайлауға 9 үміткер түсуде. Бірақ сарапшылардың айтуынша, негізгі бәйге қазіргі премьер-министр Серж Саркисян мен бұрынғы президент Левон Тер-Петросянның арасында болмақ. Сайлаудың екінші сатысына жеткізбеу үшін кандидат 50 пайыздан көбірек дауыс жинауы керек. Жеңіп шыққан үміткер шешілмеген даулы Таулы Қарабах мәселесімен айналасуы тиіс. Сондай-ақ, Армения мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар нашар себебі Анкара Осман империясы кезіндегі этникалық армяндардың өлтірілуін геноцид деп атаудан бас тартып отыр.

Ауғанстандағы жарылыстан бір адам опат болды

Бүгін Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар өлкесінде полиция бекеті жанында болған жарылыстан кемінде бір адам қаза тауып, 4 кісі жараланды. Бұл - соңғы үш күн ішінде Қандағарда болған үшінші шабуыл. Жексенбі күні Қандағар қаласының маңындағы жанкештілік жарылыстан 100-ден аса адам қаза тапты. Ал дүйсенбі күні бір базарда Канада әскери көлігіне жасалған шабуылдан 38 адам опат болды. НАТО бас қолбасшысы АҚШ генералы Джон Крэддок Ауғанстандағы бүлікшілер алдағы айларда жанкештілік шабуылдарын көбейтуі мүмкін деп ескертті.

Евродақтың сыртқы істер министрлері Косово тәуелсіздігін талқылауға жиналды

Евродақ министрлерінің Брюсселдегі бүгінгі кездесуінің күн тәртібінде Косовоның тәуелсіздік декларациясы шығарылып отыр. Евродақтың қазіргі төрағасы Словенияның сыртқы істер министрі Дмитрий Руппел одақтың көптеген елдері Косовоны тәуелсіз мемлекет ретінде тануға дайын екендігіне сенімдімін деді. Дегенмен де 27 мемлекеттің ішінде қалыс қалып отырғандары да бар. Британияның сыртқы істер министрі Дэвид Милибанд Евродақты батыс Балканда жетекшілік роль атқаруға шақырды.

- Менің ойымша, Батыс Балканның барлық елдері Европа елдері екендігін мойындау маңызды, сондықтан да аймақта тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Европа жетекшілік роль көрсетуі керек.

Германия дәл бүгін шешім қабылдамаймыз десе, Испания Косово тәуелсіздігін мойындамаймыз дегенді айтты. Косовоның премьер-министрі Хашим Тачи әлем елдеріне дипломатиялық мойындау туралы өтініш жасадық, алдағы сағаттарда алғашқы жауаптарды күтіп отырмыз деп айтты. Ресей БҰҰ-ның Бас хатшысы Ван Ги Мунге қайрылып, Косово тәуелсіздігін қабылдамауға шақырып отыр.

Шешен көтерілісшілері Косово тәуелсіздігін құптап қарсы алды

Косово албандарының Сербияға қарсы күресін өздерінің Мәскеуге қарсы күресімен салыстырған шешен көтерілісшілері Лондондағы жетекшілері Ахмед Закаевтың веб-сайтында бүгін осындай мәлімдеме жариялады. Ал бұл аралықта Грузияның бөлініп кеткен Оңтүстік Осетия және Абхазия аймақтары БҰҰ мен Ресейден өз тәуелсіздіктерін мойындауды сұраймыз деген жоспарларын айтты.

Пәкістанда бүгін парламент сайлауы өтіп жатыр

Өткен айда өткізіледі деп жоспарланған бұл сайлау желтоқсан айында оппозиция жетекшісі Беназир Бхутто қастандықпен өлтірілген соң кейінге қалдырылған болатын. Сарапшылардың болжауынша, Бхуттоның Пәкістан халық партиясының 342 орындық Ұлттық Ассамблеяда жеңіске жету мүмкіндігі мол. Бүгін 80 мыңнан астам әскер топтары полицияның тыныштықты сақтап, қақтығысты болдырмауына көмектесуде. Осы жылы Пәкістанда түрлі шабуылдар мен қақтығыстар барысында 450-ден астам адам қаза тапқан еді.

Бүгін Ауғанстандағы жанкештілік бомба шабуылында кемінде 35 адам құрбан болған

Жанкшетілік шабуылы Пәкістан шекарасымен жақын жерде шетелдік әскер керуенін нысанаға алған. Қандағар провинциясы губернаторының айтуынша, қаза болғандармен қатар 30-дай бейбіт тұрғын және канадалық үш әскер жарақат алған.

Ауғанстанда жексенбідегі жанкештілік бомба шабуылында құрбан болғандар саны 100-ден асты

Жексенбі күнгі жарылыс 2001 жылы тәліптерді билік басынан кетірген уақыттан бергі ең бір қанды шабуыл болды. Қандағар аймағының губернаторы Асадулла Халид құрбандардың саны әлі де өсе түсуі мүмкін, ауыр жараланғандар көп дейді. Ресми билік бұл шабуыл үшін тәліптерді айыптады, алайда көтерілісшілер жауапкершілікті өз мойындарына алған жоқ. БҰҰ-ның Бас хатшысы Бан Ги Мун мен Қауіпсіздік кеңесі жанкештілік шабуылын айыптады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Кенияға барды

Райс бұл елдегі дағдарысты ретке келтіруге көмектесу мақсатымен, Кения президенті Муаи Кибакимен және оппозиция жетекшісі Райл Одингомен келіссөздер өткізеді. Сондай-ақ Кенияда арағайындық міндетімен жүрген БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанмен де кездесетін болады. Өткен жылы желтоқсан айында оппозиция президент Кибакидің жеңісін мойындаудан бас тартқан соң, елде жаппай бей-берекетсіздік болған еді. Қақтығыстарда 1000-нан астам адам мерт болып, 300 мыңға жуық жан бас сауғалап, босып кетті.

Косовоның тәуелсіздігін жариялағанына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін тағы кездеспекші

Бұл үдеріс барысында бейбітшілікке қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуға Балқандағы сербтер мен албандарды БҰҰ-ның бас хатшысы шақырған еді. Пан Ки Мун мырза бұл мәлімдемені жексенбіде болған Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысынан кейін жасаған болатын. Ол сондай-ақ БҰҰ қызметінің Косовода өз міндетін атқару үшін қала беретіндігін айтты. Бас хатшы сонымен бірге Приштинаның тәуелсіздік жариялағанын қолдап та, қарсы болып та еш пікір білдіре қойған жоқ. Еуроодақ та бұл сауалды бүгін талқылауда.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ки Мун мен Қауіпсіздік кеңесі Ауған қаласы Қандағардағы жанкештілік шабуылды айыптады

Жексенбіде болған ол шабуыл кесірінен 80-дей адам қаза болған еді. Азаматтар ит таласы ойынын қызықтауға жиналған кезде біреу өзін-өзі жарған екен. Бұл - 2001 жылы Талибан биліктен кетірілгелі бергі ең үлкен шабуыл болды. Шабуыл - Талибанның іс-әрекетіне ұқсайды, деген айыптауды ол топ жоққа шығаруда.

Грузияның Оңтүстік Осетия және Абхазия аймақтары тәуелсіздіктерін мойындауды Ресей мен БҰҰ-нан сұрамақшы

Бұл қадамды қос аймақ басшылары Косово өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жасап отыр. ТМД елдеріне де олар сондай өтінішпен қайрылмақшы.

Түрік үкіметі сөз бостандығы реформасын жүргізуге ынта білдіріп отыр

Бұл жөнінде үкімет басшысы Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді. Көптен күтілген және Еуроодаққа мүшелікке қажетті бұл шарттың орындалуына елдегі ұлтшылдар қарсы болуда. Ердоған сондай-ақ мемлекеттік теледидар жанынан күрд тіліндегі жаңа арнаның жұмысын бастайтындығын да айтты. Сондай-ақ ол парсы және араб тілдерінде хабар таратылуы мүмкін екендігін де мәлімдеді.

Косовоның тәуелсіздік жариялағанына Құрама Штаттар назар аударды

Алайда ол мәлімдемені толық мойындай қойған жоқ. Мемлекеттік департамент қазір Косово тәуелсіздігі мәселесін зерттеп, оны Еуропалық әріптестерімен талқылауда. Ол сондай-ақ барлық тараптарды қоқан-лоқылық әрекеттерден сақтануға және оған бой алдырмауға шақырды. Аймақтағы азшылыққа қолдау көрсету жөніндегі БҰҰ келісімін жүзеге асыруға деген Косово үкіметінің ұмтылысын АҚШ қызу қуаттады.

Сербия ешқашан Косово тәуелсіздігін мойындамайды, деді Серб президенті

Бұл мәлімдемені Борис Тадич Косово өз тәуелсіздігін жариялардан бірнеше минут бұрын Белградта жасады. Ол үшін Сербия барлық бейбіт те дипломатиялық, заңдық шараларды қолданады, деді Тадич. АҚШ-тың қолдауымен Косово тәуелсіздігін жариялап отыр, ол - жалған мемлекет, деді Серб үкімет басшысы Войслав Коштуница.

Бүгін Косово тәуелсіздігі жарияланады

Бүгін Косово премьер министрі Хашим Тачи парламенттің арнайы отырысын шақырып, онда Косовоның тәуелсіздігін жариялайды. Парламент отырысы Астана уақытымен кешкі сағат сегізде басталады делініп отыр. Бүгін Приштинада Косово премьер министрі Хашим Тачи бұл күннен не күтесіз деген журналистер сауалына:

“Тәуелсіз, егеменді және демократиялық елді әрі Косовоның барлық азаматтары үшін тең құқықты мекен болғанын көргім келеді. Косово барлық өз азаматтарының атамекені”, – деп жауап берген.

Провинцияның азшылық серб топтары Сербиядан бөлінуге қарсылық танытуда. Белград тәуелсіздік декларациясы заңсыз болады деген. Бірақ, Құрама Штаттар мен Еуропа Одағының көп елдері Косовоны жаңа мемлекет ретінде мойындауға дайын.

Косовода Еуропаның құқық қорғаушы миссиясы маусымда орналасады

Еуропа Одағының елдері Косовоға құқық қорғаушы миссиясын жіберуге соңғы мақұлдауын берген. Ол қазіргі БҰҰ миссиясының орнын басатын азаматтық полиция, сот, прокурорлардан тұратын 1800 адамдық топпен қоса тағы жергілікті бір мыңдай қызметкер Косово билігіне елдегі түрлі этникалық топтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, ұйымдасқан қылмыс пен коррупциямен күресте көмектесетін болады.

Жанкештілік шабуылдан кейін Пәкістанда әскери дабыл орнады

Пәкістанның қауіпсіздік күштері елдің солтүстік батысындағы сенбі күнгі 37 адамның өліміне әкелген жанкештілік шабуылдан кейін қырағы дайындықта отыр. Сенбідегі шабуылдан қаза тапқандардың көбі парламенттік сайлауда басымдыққа ие болады деп күтіліп отырған Пәкістан халқы партиясының мүшелері. Жарылыс Ауған шекарасына жақын Парашинар қаласындағы Пәкістан халқы партиясының кеңсесі жанында болған. Бұл партия қастандық құрбан болған бұрынғы премьер министр Беназир Бхуттоның партиясы. Елдегі сайлауға дайындық шараларын жүргізуде тыныштық орнату үшін 80 мың қауіпсіздік және жартылай әскери күштер орналастырылды.

Қандағар провинциясындағы жанкештілік шабуылдан 80 адам қаза болды

Бүгін Ауғаныстанның оңтүстігіндегі бомба жарылысынан кемінде 80 адам қаза болды. Қандағар провинциясында иттерді таластыру жарысы өтіп жатқанда болған бұл жарылыстан көптеген адам жарақат алды. Провинция басшылығы бұл шабуылды жанкештілік жарылыс деп отыр. Ассошейтед пресс агенттігі Қандағар провинциясының маңында өткен ит таласы жарысын көруге Ауғанстанның әскери жетекшілері бар 300-дей адам келген деп жазуда.

Босқындары ісі жөніндегі мекеме ирақтықтарды еліне оралту үшін Бағдадта қала береді

БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігі босып кеткен миллиондаған ирақтықты үйлеріне қайтаруға көмектесу үшін өзінің Ирақтағы қызметкерлеріне қолдау жасап жатыр. Агенттіктің басшысы Антонио Гутеррас өз мекемесі Ирақтың келешегіне сенім артады деген. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, Ираққа соғыс басталғанда 4,2 млн ирақтық өз үйлерін тастап, көрші елдерге босып кеткен. Соның жартысы еліне қайтып жатыр. Бірақ, Ирақтағы қақтығыстар әлі тоқтамай отыр.

Ресей АҚШ-тың тыңшылық сателитті атып түсіруі сынақ болуы мүмкін дейді

Ресей Құрама Штаттардың ақауы бар барлаушы жер серігін атып түсірмек жоспарын, ол жер серігіне қарсы жаңа зымыранға сынақ жасау болуы мүмкін деп айтты. Пентагон бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде, алдағы апталарда жер серігін атып түсіретіні туралы хабарлап, өйткені улы химикаттар шығаратын одан жердегі халыққа үлкен төніп тұр деген. бірақ, Ресейдің Қорғаныс министрлігі Уашингтон басқа елдердің жер серіктерін атып түсіру мүмкіндігін сынамақшы деген.

Буш Танзанияға көмек беру келісіміне қол қойды

Бүгін Құрама Штаттар президенті Джордж Буш пен Танзания президенті Жакая Киквете Африканың шығыс еліне бес жылға 698 млн долларлық Американың көмегін алу туралы келісімге қол қойды. Бұл Уашингтонның экономикалық саясат пен демократиялық мақсаттарға қаржы бөлу жөніндегі мыңжылдық бағдарламасының бір бөлігі.

Кипрліктер президенттік сайлауда дауыс беруде

Грекияның кипрлік тұрғындары жаңа президент таңдау үшін дауыс берулерін бастады. Дауыс берулер барысындағы сауалнама көрсеткендей, негізгі жарыс қазіргі президент Тассос Пападопулос пен оның екі үлкен бәсекелесі арасында жүріп жатыр. Дауыс берулер нәтижесі Астана уақытымен түнгі 12,30-да шығады. Жеңіске жеткен адам 1974 жылғы қақтығыстан кейін бөлініп қалған аралды қайта біріктіру жөнінде Кипрдің түркия жағымен келіссөз жүргізуі керек.

Тағы

XS
SM
MD
LG