Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Мадриде берген уәделерін орындауға асығатын емес

АЛМАТЫ: Қазақстан үкіметі республикадағы журналистердің үкіметтік емес ұйымдары әзірлеп ұсынған “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасына теріс баға беретін қорытындысын шығарды. Соған байланысты Қазақстан журналистерінің және тағы бір топ үкіметтік емес - бас-аяғы 9 ұйым үкімет қорытындысының заңға сәйкестігін тексеретін парламенттік комиссия құруды талап етіп парламент депутаттарына арнайы хат жолдады. Өткен жылдың желтоқсанында Мадридте Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010-ыншы жылы төраға болу үшін биыл іске асыратын болып бірқатар уәде, соның ішінде баспасөз құралдары туралы заңды өзгертуге сөз берген болатын.

Қазақстанның студент жастары өздерінің құқын өздері қорғауға мәжбүр

АЛМАТЫ: Қазақстан студенттерінің стипендиясы 25 мың теңге болуға тиіс. Қазақстанның жетекші 9 университетінің студенттері президент Н.Назарбаевқа жолдаған хатында осындай өтініш білдірді. Хатта елдің 170-ке тарта жоғарғы оқу орнында оқитын 100 мыңдай студент алатын стипендияның 6400 теңгесі күн көріске жететін ең төменгі сома – 11300 теңгеден 2 есе аздығы, ал азық-түлік пен тұтыну тауарларының 1,5-2 есеге қымбаттағаны мысалға келтіріліп, студенттер мемлекет басшысын саяси шешім қабылдап, стипендияны 25 мың теңгеге көтеруді сұрайды.

ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары Армениядағы сайлауға негізінен оң баға берді

ЕРЕВАН: Армениядағы президент сайлауы халықаралық стандарттарға негізінен лайық болды, бірақ байқалған кемшіліктерді жою керек. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылар миссиясы Армениядағы сейсенбі күні болып өткен сайлауға осындай баға берді. Бүгін барлық дауысты есептеген Арменияның Орталық сайлау комиссиясы премьер-министр Серж Саркисянның 53 пайыздай дауыспен сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткенін хабарлады. Оның басты бақталасы болған экс-президент Л.Тер-Петросян 21,5 пайыз дауыс жинады. Оппозиция “сайлаудың нәтижесі бұрмаланды” деп санап, бүгін Ереванда наразылық ереуілін өткізе бастады.

Б.Обама өзінің қарсыласы Хилари ханымды 9-ыншы рет қатарынан жеңді

ВАШИНГТОН: АҚШ-тағы президент сайлауына Демократиялық және Республикалық партиялардан түсетін үміткерлер Б.Обама мен Дж.Маккэйн Висконсин штатындағы бастапқы сайлауда жеңіске жетті. Х.Клинтон ханымды жаппай қолдап келген жұмысшылар мен әйелдердің көпшілігі Висконсинде Б.Обаманы қолдап дауыс берді және оның саясатты өзгертуге берген уәдесін жастардың бұрын-соңды болмаған басым көпшілігі қолдады. Өз сөзінде Б.Обама: “Бүгін Америкада біздің алдымыздан шығатын проблема – ол жақсы идеялардың жоқтығы. Ол проблема – жақсы идеялар келіп ұшты-күйлі жоғалатын Вашингтон”, деп мәлімдеді. Ал республикашыл Дж.Маккэйн Арканзас штатының бұрынғы губернаторы Майк Хаккабиден тағы да озып, алда келеді.

Американың физик ғалымдары теңдессіз жаңа қуат көзін сынақтан өткізді

ВАШИНГТОН: Америкадағы Мичиган университетінің физик ғалымдары әп-сәтте осы күнге дейін белгілі қуат көздерінен де зор қуат бөлетін лазерді сынады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, егер бүкіл жер бетіне түсетін күн сәулесін бір түйір құмаға бағыттағанда, қандай қуаты болса, әлгі лазер сәулесінің қуаты соған пара-пар көрінеді. Бірақ ол қуаттың серпіні немесе импульсі 30 фемтосекундқа ғана созылып, күші 300 тераваттқа жетеді. Бұл кез-келген қуат қондырғысынан 100 есе артық. Мембрана агенттігінің хабарлауынша, импулсьті әр 10 секунд сайын қайталауға болады екен.

Косово президенті өлкедегі серб қауымдастығын тәуелсіздікті мойындауға шақырды

ПРИШТИНА: Бүгін Косовоның президенті Фатмир Седждиу өлкедегі сербтер қауымдастығын наразылық ереуілін доғарып, таяуда ғана тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттің жаңа тіршілігіне қосылуға шақырды. Өткен сейсенбі күні сербтер Косовоның тәуелсіздігіне қарсылық білдіріп, Сербиямен арадағы шекараның 2 бекетін талқандады. НАТО әскері шекараны қалпына келтіріп, 1 тәулікке жапты. Бүгін Германия Косовоның тәуелсіздігін мойындағанын хабарлады, көп ұзамай Еуропа одағының өзге мүшелері де мойындауға тиіс. Өз ішіндегі сепаратистік көңіл-күйге алаңдаған бірқатар ел Косовоны мойындаудан бас тартты. Ал Ресей Еуропа Одағының Косовоға полиция мен сот миссияларын орналастыруына ешқандай заңды негіз жоқ және ол осы аймақтағы тұрақтылықты шайқайды деп мәлімдеді.

Еуроодақ кеше ғана тәуелсіздігін жариялаған Косовоға деген көмегін жалғастырады

ПРИШТИНА: НАТО әскері Сербияның Косово өлкесімен арадағы негізінен сербтер тұратын солтүстік шекарасын 1 тәулікке жапты. Мұндай шараға НАТО әскері Косово сербтерінің 2 шекара бекетін талқандап, БҰҰ-ы ғимаратының алдында бомбаларды жарған соң барып отыр. Бірақ жапа шеккен ешкім болмады. Еуропа Одағының сыртқы саясатын басқаратын Х.Солана Косовоға арналған экономикалық көмек жалғаса береді деп уәде берді. Х.Солана өз бетінше тәуелсіздігін жариялаған Косовоға аяқ басқан ең алғашқы халықаралық саясаткер болып отыр. Косовоның тәуелсіздігін мойындағаны үшін ресми Белград осы елдердегі елшілерін кейін шақыртып алды.

Армениядағы президент сайлауында премьер-министр жеңіске жетті

ЕРЕВАН: Армениядағы кеше болып өткен парламент сайлауында премьер-министр әрі Республикалық партияның серкесі Серж Саркисян – Орталық сайлау комиссиясы мәлімдегендей - 53 пайызға тарта дауыспен 1-інші турда жеңіске жетті. Оның басты бақталасы, Арменияның тұңғыш президенті әрі оппозиция серкелерінің бірі Л.Тер-Петросян әзірше 21.5 пайыздай дауыс жинаған. Экс-президенттің қолдаушылары сайлау барысында заң бұзушылықтар болды деген сылтаумен бүгін Ереванда наразылық ереуілін өткізуге кірісіп, оған 2-3 мыңға жуық халық қатысуда.

Пәкістан президенті кез-келген жаңа үкіметпен іс атқаруға дайын

ИСЛАМАБАД: Пәкістан президенті П.Мушарраф өзін қолдайтын партияның парламент сайлауында жеңілуіне және оппозицияның талабына қарамастан биліктен кетпейді. “The Wall Street Journal” газетінің бүгінгі санында жарық көрген сұхбатында П.Мушарраф кез-келген жаңа үкіметпен қоян-қолтық іс атқаруға әзір екенін мәлімдеді. Пәкістандағы 18-інші ақпанда болып өткен парламент сайлауында оппозициядағы 2 саяси партия – желтоқсан айында қастандықпен өлтірілген Б.Бхуттоның Халық мен экс-премьер Наваз Шарифтің партиялары жеңіске жетіп, енді олар коалициялық үкіметті жасақтауға тиіс.

Н.Назарбаев өзінің туған құдасын қызмет бабымен тағы да жоғары көтерді

АСТАНА: Қазақстан президенті Н.Назарбаев өзінің жарлығымен Б.Имашевты мемлекет басшысының көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне, ал В.Школьникті - өнеркәсіп және сауда министрі етіп тағайындады. Туған қызы Н.Назарбаевтың немересі – Нұралы Әлиевке күйеуге тиіп, мемлекет басшысының туған құдасы болып келетін Б.Имашев та, В.Школьник те – осыған дейін президент аппараты басшысының орынбасары қызметтерінде отырды.

Қырғызстанда ресми парламентпен қатар “балама парламент” жұмысқа кіріседі

БІШКЕК: Бүгін Қырғызстандағы “балама парламент” деп аталатын ұйым өзінің бірінші мәжілісіне жиналады. Қырғыз оппозициясының серкелері өткен жылдың желтоқсан айында сайланған қазіргі парламентке наразылық есебінде осындай жаңа билік мекемесін құрып отыр. Саяси оппозиция желтоқсан айындағы сайлаудың нәтижесі өрескел бұрмаланды деп санайды.

Сенаторлар Б.Обама мен Дж.Маккэйн бастапқы сайлауда тағы да озды

ВАШИНГТОН: АҚШ президентін сайлауға Демократиялық партиядан түсетін үміткер Б.Обама мен Республикалық партияның үміткері Дж.Маккэйн Висконсин штатындағы бастапқы сайлауда жеңіске жетті. Сенатор Обама өзінің бақталасы Х.Клинтоннан осымен 9-ыншы рет басым дауыс алса, Республикалық партиядан бастапқы сайлауда Дж.Маккэйн Арканзас штатының бұрынғы губернаторы Майк Хаккабиден тағы озып шығып, алда келеді.

Ирақ астанасында тағы 3 АҚШ жауынгері қаза тапты

БАҒДАД: Ирақ үкіметі өкілдерінің хабарлауынша, кеше Бағдадтағы АҚШ-тың соғыс базасын атқылау үшін жүк автокөлігіне орнатылған зымыранның жарылысынан 15 Ирақ полицейі қаза болып, тағы 27-і жараланды. Ирақтағы АҚШ армиясының хабарлауынша, кеше Бағдадтағы жол бойына орнатылған бомбаның жарылысынан тағы 3 АҚШ жауынгері мерт болды. Ал бүгін жол бойына қойылған бірден 2 бомбаның жарылысынан Ирақтың ғылым және техника вице-министрі жараланды.

“ТеңізШеврОйл”-ға ашық жерде жиналған күкірт пен газды өртеуін азайту жүктелді

АСТАНА: Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі “ТеңізШеврОйл” компаниясына ашық жерде жиналып қалған күкірт шикізатын толық залалсыздандырудың бағдарламасын шұғыл дайындауды тапсырды. Министрліктің баспасөз-қызметі хабарлағандай, екі жақты келіссөздің барысында көп мөлшерде жиналып, ашық жатқан күкіртті залалсыздандыру және мұнаймен бірге шығатын газды өртеуді азайту мәселелері талқыланды. “ТеңізШеврОйл”-дың мәліметі бойынша, өткен жылы жиналған күкірттің мөлшері жарты млн. тоннаға, ал өртелген газдың көлемі 80 пайызға дерлік азайтылған. Сонымен бірге өткен жылы Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау заңын бұзғаны үшін “ТеңізШеврОйл” компаниясына 1 млн. доллардан астам айыппұл салынды.

Азия мен Еуропа ресмилері Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға шақыруда

Женевада болған кездесуде 19 елдің ресмилері құны 43 миллиард доллар тұратын жоба арқылы, бұл сауда жолын жақсартуға уәде берісті. 2 мың жыл бұрын қос құрлықты жалғастарған бұл Жібек жолы заманауи талаптарға сай қайта қалпына келтірілмекші.

Фидель Кастро Куба президенті және бас қолбасшысы қызметтерінен кететіндігін мәлімдеді

49 жылдық билігін доғаратынын ол сейсенбіде “Гранма” ресми басылымының веб-парақшасында жариялаған болатын. 81 жасар Кастро 19 айдан бері қатты сырқаттанып жатыр. Сондықтан ол уақытша түрде өз билігін бауыры Раульге тапсырған еді. Фидель өз ізбасарын атай қойған жоқ. Осы апта соңында болатын Куба Ұлттық ассамблеясы Рауль Кастроны таңдайтын сыңайлы.

Косовоға Еуропа одағы қолдауын жалғастыра береді

Тараптар жақсы дос болғандықтан жаңа жарияланған мемлекетті Еуроодақтың қолдайтыны жөнінде одақтың сыртқы істер бойынша басшысы Хавиер Солана сейсенбіде мәлімдеді. Наразы топ Сербиямен арадағы екі шекара бекетін өртеп жібергеннен кейін, Косоводағы халықаралық бейбітшілік сақтау күштері елдің солтүстік шекарасына топтастырылды.

Армения президенттік сайлауының ресми қорытындысы бүгін белгілі болмақшы

Сауалнамаларға қарағанда, қазіргі үкімет басшысы Серж Саркисян алда келеді. Ал, бұрынғы президент Левон Тер-Петросян болса, шын мәнінде өзін жеңіске жеттім деп есептейтінін айтып, бүгін түстен кейін наразылық шеруін өткізетінін мәлімдеген болатын.

Сайлаудағы жеңістен кейін Бхутто партиясы Пәкістан оппозициялық үкімет коалициясын құруды көздеуде

Ақпанның 18-інде болған парламенттік сайлау қорытындысы әлі толық белгілі бола қойған жоқ. Марқұм Беназир Бхуттоның Пәкістан Халық партиясы парламенттегі көпшілік орынды иеленгенімен басым дауысқа ие бола қойған жоқ. Президент Первез Мушарафты қолдайтын Пәкістан мұсылмандары лигасы партиясы болса сайлауда жеңіліске ұшырады. Қызметінен кетуін талап еткен оппозиция ұстанымын кері қаға отырып, Мушараф жаңа үкіметтің басшысымен бірге жұмыс істеуге әзір екендігін айтты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, академик М.Әлиев елден шықпау жөнінде қолхат берген

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев заңсыз қару-жарақ ұстады деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалуына байланысты елден шықпау жөнінде қолхат берген. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз-қызметінің жетекшісі Бағдад Қожахметов хабарлады. Бұдан бұрын сырттай түрме жазасына кесілген Рахат Әлиев әкесі Мұхтар Әлиевтің шетелге шығып емделуіне Қазақстан билігі кедергі жасап отыр деп мәлімдеген болатын.

Кубаны 49 жыл басқарған президент Фидель Кастро қызметінен кетті

Ресми Гранма басылымының интернет парақшасында жарияланған мәліметке қарағанда, Фидель Кастро мемлекет президенті мен жоғарғы бас қолбасшы лауазымдарынан бас тартқан. 81-жастағы Кастро осыдан 19 ай бұрын қатты науқастанып, билікті уақытша өзінің бауыры Рауль Кастроға тапсырған болатын. Руандаға сапармен келген АҚШ президенті Джордж Буш енді Кубада демократиялық өзгерістердің басталатындығына үміт білдірді.

Косово тәуелсіздігін мойындап жатқан кей елдерден Сербия өз елшілерін елге қайтаруда

Сербия сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, дипломаттар Вашингтон, Лондон, Париж және Анкарадан Сербияға қайтуда. Ал оның алдында Британия, Франция, Түркия және АҚШ ресмилері елшілер ретінде сенім грамотасын Косово астанасы Приштинада тапсырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында Сербия президенті Борис Тадич Косовоның өз бетінше тәуелсіздік жариялауы халықаралық заңға қайшы келеді деп оны жоққа шығарды. Ал бұл арада бүгін Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Хавиер Солана Косово жетекшілерімен келіссөз өткізу үшін Приштинаға келеді деп күтілуде.

Бүгін Арменияда президент сайлауы өтіп жатыр

Сайлауға 9 үміткер түсуде. Бірақ сарапшылардың айтуынша, негізгі бәйге қазіргі премьер-министр Серж Саркисян мен бұрынғы президент Левон Тер-Петросянның арасында болмақ. Сайлаудың екінші сатысына жеткізбеу үшін кандидат 50 пайыздан көбірек дауыс жинауы керек. Жеңіп шыққан үміткер шешілмеген даулы Таулы Қарабах мәселесімен айналасуы тиіс. Сондай-ақ, Армения мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар нашар себебі Анкара Осман империясы кезіндегі этникалық армяндардың өлтірілуін геноцид деп атаудан бас тартып отыр.

Ауғанстандағы жарылыстан бір адам опат болды

Бүгін Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар өлкесінде полиция бекеті жанында болған жарылыстан кемінде бір адам қаза тауып, 4 кісі жараланды. Бұл - соңғы үш күн ішінде Қандағарда болған үшінші шабуыл. Жексенбі күні Қандағар қаласының маңындағы жанкештілік жарылыстан 100-ден аса адам қаза тапты. Ал дүйсенбі күні бір базарда Канада әскери көлігіне жасалған шабуылдан 38 адам опат болды. НАТО бас қолбасшысы АҚШ генералы Джон Крэддок Ауғанстандағы бүлікшілер алдағы айларда жанкештілік шабуылдарын көбейтуі мүмкін деп ескертті.

Евродақтың сыртқы істер министрлері Косово тәуелсіздігін талқылауға жиналды

Евродақ министрлерінің Брюсселдегі бүгінгі кездесуінің күн тәртібінде Косовоның тәуелсіздік декларациясы шығарылып отыр. Евродақтың қазіргі төрағасы Словенияның сыртқы істер министрі Дмитрий Руппел одақтың көптеген елдері Косовоны тәуелсіз мемлекет ретінде тануға дайын екендігіне сенімдімін деді. Дегенмен де 27 мемлекеттің ішінде қалыс қалып отырғандары да бар. Британияның сыртқы істер министрі Дэвид Милибанд Евродақты батыс Балканда жетекшілік роль атқаруға шақырды.

- Менің ойымша, Батыс Балканның барлық елдері Европа елдері екендігін мойындау маңызды, сондықтан да аймақта тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Европа жетекшілік роль көрсетуі керек.

Германия дәл бүгін шешім қабылдамаймыз десе, Испания Косово тәуелсіздігін мойындамаймыз дегенді айтты. Косовоның премьер-министрі Хашим Тачи әлем елдеріне дипломатиялық мойындау туралы өтініш жасадық, алдағы сағаттарда алғашқы жауаптарды күтіп отырмыз деп айтты. Ресей БҰҰ-ның Бас хатшысы Ван Ги Мунге қайрылып, Косово тәуелсіздігін қабылдамауға шақырып отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG