Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда туберкулездің дәрі-дәрмекке көнбейтін түрі ұлғайды дейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан сияқты бұрынғы совет елдерінде туберкулездің дәрі-дәрмекке көнбейтін түрі ұлғайып жатыр деп мәлімдеді. Туберкулездің бұл түрі болжамдарға қарағанда шапшаң тарап жатыр делінеді ұйымның жаңа баяндамасында. Туберкулездің емге бағынбайтын түрі жоғары боп тұрған аймақтар ретінде Молдова, Украинаның Донецк облысы, Ресейдің Томск облысы, Өзбекстан астанасы Ташкент аталды. "Нью-Йорк таймс" газеті бүгін жазғандай, туберкулездің мұндай түрі бұрын Қазақстанда көп болса, қазір бірінші орынға Әзірбайжан шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір ауыл су астында қалды

Аяқ астынан еріген мол қардың суы Ордабасы ауданы Темірлан ауылын басты. Ресми мәліметке қарағанда, мектеп және 30 шақты үй су астында қалды. Құтқару шараларын басқарған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев апатқа аудан басшылары кінәлі деп айыптады, олар қанша ескертсек те ауыл маңындағы арықтың құлақтарын дер кезенде жапқызбаған деді. Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 13 мыңдай адам басқа жаққа әкетілді. Мыңдаған үй қирады, жүздеген бас мал суға кетті.

Хилари Клинтон мен Барак Обама Ресей президенті сайлауын қатты сынады

АҚШ президентінің сайлауына Демократиялық партиядан түсіп отырған екі негізгі кандидат – Хилари Клинтон мен Барак Обама теледидар сайысында сөз жарыстырды, бірнеше мәселенің арасында жексенбі күні Ресейде өтетін президент сайлауын қатты сынады. Хилари Клинтон қазіргі президент Владимир Путиннің ізбасары боп іріктелген Дмитрий Медведевтің тәуелсіздігі тым аз, ал оппозиция басшылары деп аталған тұлғалар негізінен Путинді мақтап уақыт кетіреді деді. Барак Обама болса АҚШ президенті Джордж Буш Путинге адам құқықтарын сақтау талабын қоймады, Путинмен тіл табысуды жөн көрді, бұл саясатты өзгертуіміз керек деді.

Түркия Ирақта күрд сепаратистерінің базалары жойылмайынша қайтпаймыз дейді

Түркия елшісі Ахмет Дәуітоғлы Ирақ солтүстігіне кірген Түркия әскері күрд сепаратистерінің базалары жойылмайынша қайтпайды деп мәлімдеді. Түркия елшісі бұл сөзін Бағдадта Ирақ сыртқы істер министрі Хошияр Зебаримен кездескен соң айтты. Күрд сепаратистерінің жауынгерлері Ирақ солтүстігінде қоныстанған, Түркияға сол жақтан шабуылдайды. Түркия әскері Ирақ солтүстігіне 21 ақпанда кірді. Ирақ үкіметі мұны айыптады. Түркия әскері науқан басынан бері 230 партизанның көзі жойылды, Түркия жағынан 24 сарбаз қаза тапты дейді.

Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясына 1 миллиард 300 миллион доллар айыппұл салды

Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясы компьютер бағдаламалары жөніндегі ақпаратты бәсекелестеріне қымбат бағаға жөнсіз сатады деп айыптап, 1 миллиард 300 миллион доллар айыппұл салды. Дүниежүзі тарихында ешбір компанияға мұндай көп айып салынбаған. Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясының кінәсінен компьютерді жұмысында пайдаланатын миллиондаған адамға бөгет жасалды дейді. "Майкрософт" корпорациясы айыппен келіскен жоқ. Дегенмен Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясы жөнінде тағы екі іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Израильдің бұрынғы бас министрі Ариель Шаронның ұлы түрмеге отырды

Израильдің бұрынғы бас министрі Ариель Шаронның ұлы Омри қаржы қылмысын жасағаны үшін жеті ай түрме жазасын өтей бастады. Ариель Шарон 1999 жылы "Ликуд" партиясында төраға сайлауына түскенде ұлы Омри сайлау науқанына жүздеген мың долларға пара-пар ақшаны заңсыз жинады деп табылды. "Ликуд" партиясының төрағасы болып, одан кейін бас министр болып сайланған Ариель Шарон ұлымның заңсыз әрекетінен бейхабармын дейтін. 80-жасар Ариель Шарон миына қан кеткен соң міне екі жыл болды комада, ес-түссіз жатыр.

Израиль әскерінің шабуылынан бес палестиндік қаза тапты

Израиль әскерінің әуе шабуылынан Газа секторында бес палестиндік азамат қаза тапты делінеді. "Хамас" әсірешіл тобы Хан Юнус қаласында бес сарбазымыз қаза тапты деп жариялады. Израиль әскері шабуылдың жасалғанын дәйектемеді. Израиль газа секторынан жасалатын зымыран шабуылдарын тоқтату мақсатында мұндай шабуылдарды жасап отыратындарын айтады.

Орта Азияның су ресурстарын тиімді пайдалану проблемалары талқыланады

БІШКЕК: Қырғызстан мен Тәжікстанның және Өзбекстан мен Қазақстанның су-энергетика мекемелері басшыларының келіссөзі 29-ыншы ақпан күні Бішкекте өтеді. Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрлігін сілтеп көрсеткен “Қазақстан бүгін” агенттігі осылай деп хабарлады. Министрліктің баспасөз-қызметі атап көрсеткендей, бұл биылғы жылы Орта Азияның ең өзекті проблемасына арналған бірінші мәжілісі. Нарын-Сырдария су бассейнінің су-энергетика ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы 4-жақты келісімді пысықтау және энергоресурстарымен алмасу – Бішкектегі басқосудың күн тәртібіне қойылған ең маңызды мәселелер.

“ҚазМұнайГаз” өндірілетін газдың көлемін 2020 жылы 4 есеге дейін ұлғайтпақшы

АСТАНА: 2007-нші жылы 30 млрд. т.м.-ге жуық табиғи газ өндірген Қазақстан 2020-сыншы жылы 114 млрд. т.м.-ге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазақстан үкіметінің кеше болып өткен мәжілісінде “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенті Ұ.Қарабалин осылай деп мәлімдеді. Оның атап көрсетуінше, болжам бойынша тауар газының көлемі өткен жылғы шамамен 13 млрд. т.м.-ден 2020-сыншы жылы 30 млрд. т.м.-ге дейін ұлғаяды. Қазақастанның газға деген сұранысы өткен жылғы 13.3 млрд. т.м.-ден 2020-сыншы жылы 18.7 млрд. т.м.-ге дейін өседі.

Болгария жігі ажырасқан Сербия мен Косовоны татуластырмақшы

СОФИЯ: Кеше Болгария хабарлағандай, Косовоның Сербиядан тәуелсіздік алуына қарама-қайшы көзқарастардың пайда болуына байланысты Балкан елдерінің сыртқы істер министрлері аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылау үшін осы аптада Софияда жиналады. Болгарияның сыртқы істер вице-министрі Любомир Кючуковтің сөзіне қарағанда, Оңтүстік-Шығыс Еуропаның Ынтымақтастық Процесі (SEECP) шеңберінде бүгін және бейсенбі күні өтетін осы “дөңгелек үстөл” келіссөзіне Сербияның сыртқы істер министрі Вук Еремич қатысады. Ал Косово жағынан БҰҰ-ның осы өлкедегі өтпелі кезең әкімшілігінің делегациясы келуге тиіс.

Пентагон Чехияға радар жүйесін орналастыру жоспарынан бас тартатын емес

ВАШИНГТОН: Чехия мен АҚШ екі елдің арасына визасыз тәртіп орнатуды қарастыратын келісімге келді. Оған сәйкес, Чехия азаматтары алдағы қыркүйек айынан бастап АҚШ-қа визасыз қатынай алады. Демек Чехия – кешегі коммунистік блок елдерінің ішінен Словениядан кейін Америкамен арада визасыз тәртіпке қол жеткізе алған екінші мемлекет болады. Осындай меморандумға чех премьер-министрі Мирек Тополанектің Вашингтонға сапары барысында қол қойылды. Ал бүгін ол АҚШ президенті Дж.Бушпен кездесіп, Чехия жеріне Американың радар жүйесін орналастыру мүмкіндігін талқылайды. Сапарының алдында М.Тополанек тараптар осы мәселе бойынша келісуге жақын тұр деп мәлімдеген болатын.

Арменияның жаңа президенті жаңа үкіметті оппозициямен бірге жасақтауға әзір

ЕРЕВАН: 19-ыншы ақпандағы президент сайлауында жеңіске жеткен Армения премьер-министрі С.Саркисян жаңа коалициялық үкіметті жасақтау үшін оппозициямен келіссөзге отыруға әзірмін деп мәлімдеді. Оппозицияның үміткері Левон Тер-Петросянның үзеңгілестері “сайлаудың қорытындысын бұрмалады” деп ресми билікті айыптап, оны мойындамай, Ереванда наразылық ереуілін жалғастырып жатыр. Қазіргі президент Р.Кочерян саяси ахуал ушығатын болса, оппозицияға қарсы күш қолданатынын ескертті. Оған дейін “мемлекеттік телерадиокомпанияны басып алмақ болды” деген күдікпен оппозицияның бірнеше өкілі тұтқындалған болатын.

Украина 2007-нші жыл үшін Ресей алдындағы 337 млн. доллар қарызын өтеді

КИЕВ: Кеше Украина үкіметі өткен жылғы газ үшін Ресейдің алдындағы қарызын төлегенін мәлімдеді. Украинаның 1-інші вице-премьері Александр Турчинов хабарлағандай, кеше Украинаның “Нафтогаз” компаниясы 337 млн. доллар мөлшеріндегі берешегін өтеді. Оның сөзіне қарағанда, бұдан былай Украина делдал компанияларды аластатуға және газдың ақысын төлеу барысында жұмбақ жолдарды жоюға бағытталған саясат жүргізеді. Одан бұрын кеше Ресейдің “Газпром” компаниясы егер Украина өзінің қарыздарын өтемесе, 3-інші наурызда Украинаға айдалатын газдың көлемі ¼-ге қысқаруы мүмкін деп ескертті.

Түркияның арнаулы өкіл Бағдадта Ирақ басшылығымен келіссөз өткізеді

БАҒДАД: Бүгін Түркияның арнаулы өкілі Бағдадта Ирақ проезиденті Ж.Талабанимен және сыртқы істер министрі Хошияр Зебаримен кездесуге тиіс. Оған дейін кеше Ирақ үкіметінің ресми өкілі Әли Әд-Даббағ: “...үкімет “Күрдістанның жұмысшы партиясына” соққы беру үшін Түркия әскерінің бұзып кіруіне түпкілікті қарсы және оны Ирақтың егемендігін бұзу деп біледі”, -деп мәлімдеді. Түрік армиясы өткен бейсенбіден бері 153 партизанның көзін жойғанын мәлімдеді. Түркия әскерінің хабарлауынша, негізгі шайқас күрд партизандарының шептері орналасқан Зап жазығында өтіп жатыр.

Англия Ирақтағы шийттердің тұтқынында отырған 5 азаматын босатуды көздемейді

ҚАЙЫР: Арабтардың ғарыштағы жер серігі арқылы берілетін “Әл-Арабия” жаңалықтар телеарнасы Ирақтағы шийттердің қолында 8 айдай тұтқында отырған 5 ағылшынның бірі түсірілген бейнесюжетті көрсетті. Есімі Питер Моор деп көрсетілген әлгі тұтқын Ұлыбритания премьер-министрі Гордон Брауннан 5 ағылшын азаматын құтқару үшін 9 Ирақ азаматын босатуды өтінеді. Бұл бейнесюжеттің көрсетілуіне Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі дереу қарсылық білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысында 12 мыңнан астам адам баспанасыз қалды

Олар қауіпсіз жерге шығарылды, бірақ үйлеріне қашан қайта алатындары белгісіз. Кемінде бір адам қаза тапты. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, аяқ астынан еріген қар суының тасқыны жолдарды шайып жіберді, екі жарым мыңдай үй қирады. Ескі үйлер қирау үстінде. Мұның үстіне жүздеген бас мал шығындалды. Үкімет орындары тиісті шараларды атқарып жатырмыз дейді. Облыс әкімі Нұрғали Әшімов жаңа үйлерді салуға кемінде 10 миллиард теңге қажет деді.

Қазақстан бидай экспорты талабын күшейтеміз деген соң Нью-Йорк биржасында бидай бағасы өсіп кетті

Ассошейтед-пресс агенттігі бір бушель бидайдың бағасы 60 центке өсіп кетті дейді. Бір бушель деген америкалық өлшем шамамен 14 жарым килограмға тең. Қазақстан үкіметі бидай экспортына салық енгіземіз, бидай экспорты азаюы мүмкін деп ескертті. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі жексенбі күні берген мәліметінде, астық қорының 75 пайызы сатылып болды, қалған 110 миллион бушель бидайдың саудасына салық еңгіземіз деді.

Беларус оппозициясының басшысы әйелін жерлеуге түрмеден үш күнге босатылды

Беларус президенті Александр Лукашенконың негізгі саяси қарсыласы Александр Казулин әйелін жерлеуге түрмеден үш күнге босатылды. Оның әйелі Ирина рак науқасынан сенбі күні қайтыс болған. Үкімет орындары Казулинді жерлеуге жібермей қойған соң ол аштық ереуілін бастаған. Александр Казулин "Азаттық" радиосына берген сұхбатында әйелімді не өз қолыммен жерлеуім керек, не болмаса екеумізді қоса көмесіңдер деп айттым дейді. Александр Казулин президент Лукашенконың қайта сайлануы әділетсіз деп 2006 жылы ереуілдерді басқарған, сол үшін бес жарым жыл түрмеге кесілген.

Нью-Йорк филармониясы Солтүстік Кореяда америкалық оркестердің тұңғыш концертін беріп жатыр

Концерт Солтүстік Кореяның мемлекеттік телекомпаниясында тікелей толқында көрсетіліп жатыр. Концерт екі елдің әнұрандарымен ашылды, концертте Ричард Вагнер, Антонин Дворжак пен Джордж Гершвиннің туындылары орындалды. Нью-Йорк филармониясының музыка директоры Лорин Мазель екі елді жақындатуға аз да болса үлес қосармыз деген үмітін айтты.

Түркия бас министрі күрд сепаратистеріне жасаған шабуылымыз орынды деді

Түркия бас министрі Режеп Тайып Ердоған Ирақ солтүстігінде күрд сепаратистеріне жасаған шабуылымыз орынды деп мәлімдеді бүгін. Режеп Тайып Ердоған Түркия өзін қорғауға құқылы деді, күрд сепаратистерін террористер деп айтты. Түркия әскері Ирақ солтүстігіне бейсенбі күні кірді, шабуылдан Күрдістан Жұмысшылар партиясының кемінде 150 партизаны қаза тапты деп жарияланды. Түркия әскері тарапынан 17 сарбаз қаза тапты делінеді. Күрдістан Жұмысшылар партиясы адам шығыны жайында өз мәліметін айтқан жоқ.

Белградта шетел елшіліктеріне жасалған шабуылдар тергеліп жатыр

Сербия ұлттық қауіпсіздік кеңесі Белград полициясы өткен аптада шетел елшіліктеріне жасалған шабуылдарды неге тоқтатпады деген жағдайды тергеп жатыр. Косовоның тәуелсіздік жариялауына қарсы наразылық жиындары өткенде Америка Құрама Штаттары мен бірнеше елдің елшіліктеріне шабуыл жасалды. АҚШ елшілігі өртенгенде бір наразылық танытушы қаза тапқан. Қақтығыстар барысында 130 шақты адам жарақат алған. АҚШ елшілігінен тыс Хорватия, Бельгия, Британия және Германия елшіліктеріне шабуылдар жасалды.

Қазақстан өсімдік майын экспорттауға тыйым салған шарасын ұзартады

АСТАНА: Қазақстан үкіметі өсімдік майын экспортқа шығаруға тыйым салған шарасын 1-інші маусымға дейін ұзартады. Ол туралы кеше үкіметте болып өткен селекторлық мәжілісте ауылшаруашылық министрі А.Есімов хабарлады.

«Күнбағыстың тұқымы мен өсімдік майының экспортына уақытша тыйым салу шарасы созылады. Менің ойымша, таяуда үкіметтің тиесілі қаулысына қол қойылады», - деп мәлімдеді А.Есімов.

Күнбағыс тұқымы мен өсімдік майының экспортына Қазақстан үкіметі өткен жылдың қыркүйегінде тыйым салған болатын.

Беларусь президенті өзінің бітіспес қарсыласын түрмеден босатуға мәжбүр болды

МИНСК: Беларусь президентінің бітіспес саяси қарсыласы А.Козулин өзінің әйелін жерлеу үшін түрмеден уақытша босатылды. Өткен сенбі күні ісік ауруынан қайтыс болған зайыбы Иринаны жерлеуге өзін жібермей қойғаны үшін өткен жексенбі күні оппозиция лидері аштық жариялады. Жергілікті тілшіміздің хабарлауынша, А.Козулин 3 тәулікке босатылды. АҚШ пен Еуропа Одағы ресми Минскіден оны босатуды талап еткен болатын. А.Козулин – А.Лукашенконың үшінші рет президент болып қайта сайлануына қарсы наразылық ереуілін ұйымдастырғаны үшін 2006-ншы жылы 5,5 жылға түрмеге кесілді.

Түрік армиясы күрд партизандарын жойған соң Ирақтан бірден елге қайтады

АНКАРА: Ирақтың солтүстігіне орналасқан Түркия армиясы өткен бейсенбіде басталған соғыс операциясының нәтижесінде 153 күрд сепаратисінің көзін жойғанын мәлімдеді. Түрік қарулы күштерінің 17 жауынгері қаза болды. АҚШ пен Ирақ үкіметі Түркиядан өз әскерін Ирақтан ертерек алып кетуін талап етті. Кеше Түркияның вице-премьері Жемиль Чечек:

«Бұл операция тек сепаратистердің террористік ұйымына қарсы бағытталады. Біздің өзге ешқандай мақсатымыз жоқ. Операция өзінің міндетін орындаған соң, біздің әскеріміз елге қайтады», - деп мәлімдеді.

Косово үкіметі Сербия министрінің өлкеге келуін “арандатушылық” деп қабылдады

ПРИШТИНА: Сербияның жоғары лауазымды өкілі жергілікті биліктің наразылығына қарамастан Косовоға аяқ басты. Сербия үкіметінің Косово істері бойынша министрі Слободан Самарджич – таяуда ғана тәуелсіздігін жариялаған Косовоға осы өлкені мекендейтін сербтермен және БҰҰ-ның өкілі Йоахим Рюкермен кездесу үшін келді. Косово үкіметінің вице-премьері Хайредин Куки Самарджичтің сапарын “арандатушылық” деп бағалады. Косоводағы БҰҰ-ның әкімшілігі алғашқыда оның өлкеге келуіне бөгет қоймақ болып, кейін бәрібір рұқсат берді.

Тағы

XS
SM
MD
LG