Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен бір шетел азаматы түрмеге жабылды

Алматыда тыңшылық жасады деген айыппен шетелдік азамат 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алматы қалалық ұлттық қауіпсіздік департаментінің баспасөз-хатшысы Болатбек Төлетаев хабарлады. Төлетаевтың айтуынша, сонымен қатар осы ақпан айында шетелдікке құпия ақпараттарды саудалады деген күдікпен екі алматылық азамат ұсталып тұтқынға алынған. Түрмеге жабылған шетелдіктің нақты қай елдің азаматы екендігі белгісіз, бірақ Қазақстанның кейбір ақпарат құралдары ол - Ресей азаматы деп хабарлады.

АҚШ қорғаныс министрі Түрік ресмилерімен кездесті

АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс бүгін Анкарада Түрік ресмилерімен кездесті. Келіссөз барысында негізінен Түркияның солтүстік Ирақтағы күрд көтерілісшілеріне қарсы бастаған әскери іс-қимылдарына қатысты мәселелер талқыланды. Гейтстың айтуынша, ол Түркияны Ирақтағы шабуылдарын ұзаққа созбай, мүмкіндігінше дәлірек жасауға шақырған. Түркия ресмилері Ирақтағы операциясын тоқтату жөнінде нақты бір мезгілді белгілемеді, дейді АҚШ қорғаныс министрі. Оның айтуынша, ресми Анкара түрік күштері өз миссиясын бітіріп болған соң ғана Ирақтан шығарылады деген. Өткен бейсенбі күні басталған Түркия операциясын Ирақ ресмилері айыптап отыр. Түркия әскерилерінің айтуынша, әскери шара басталғалы бері 230 көтерілісші өлтірілген.

Пәкістанның Вазиристан аймағында зымыран шабуылы болды

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шекарада бір үйге бүгін зымыран шабуылы жасалды. Бұл туралы Пәкістан ресмилері хабарлады. Олардың айтуынша, Оңтүстік Вазиристандағы Калоша ауылы жанында болған шабуылдан соғысушы деп күдіктелген 13-ге жуық адам өлтірілген. Аймақтағы тұрғындардың айтуынша, шабуыл жасалған үй қиратылған. Бірақ бұл хабарды ресмилер әлі растаған жоқ. Оңтүстік Вазиристан АҚШ қолдауындағы Пәкістан мен Ауғанстан үкіметтеріне қарсы болған соғысушы топтардың бақылауында болып келеді. АҚШ ресмилері осы аймақта Әл-Қаиданың жоғары басшылары жасырынып жүр деп сенеді.

Жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес, әлем елдеріндегі мұсылмандардың 93 пайызы лаңкестік шабуылдарды айыптаған

Gallup агенттігінің жүргізген сауалнама нәтижелеріне сәйкес, әлем елдеріндегі мұсылмандардың 93 пайызы лаңкестік шабуылдарды айыптаған. Сауалнамалар 6 жыл бойы үш құрлықта жүргізіліп, оған 50 мыңнан астам адам қатысқан екен. Сәрсенбі күні Вашингтонда жарияланған зерттеу қорытындысына сәйкес, мұсылмандардың басым көпшілігі 2001 жылы 11-ші қыркүйекте АҚШ-қа қарсы болған лаңкесттік шабуылдар мен тағы басқа террорлық әрекеттерді айыптаған. Ал сауалнамаға қатысқан мұсылмандардың 7 пайызы ғана діни емес, саяси себептермен ол шабуылдарды қолдаған екен.

Грузиялық оппозиция жетекшісі бүгін жерленеді

Ақпанның 13-і күні Англияда өз үйінде қайтыс болған Грузия оппозициясының жетекшісі Бадри Патаркацишвили бүгін Тбилисиде жерленеді. Президент Михаил Саакашвилидің ең басты оппоненті болған Патаркацишвили өткен жылы Грузияда жаппай наразылық шараларын ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде президент Саакашвили елде төтенше жағдай жариялаған-тұғын. Грузиялық кәсіпкер Патаркацишвили өзіне өлім қауіпі төніп тұрғанын жиі айтатын. Британия полициясы бастапқы медициналық зерттеу қорытындысы Патаркацишвилидің табиғи себеппен қайтыс болғанын көрсетті деп хабарлады.

Бюджетке салық төлемеу үшін үнді-ағылшын компаниясы сотқа одан 5 есе артық ақша төлеп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ: Қазақстандағы “Арселор Миттал Темиртау” компаниясы мемлекеттік бюджетке 100 млн. теңге салық қарызын төлеуге тиіс. Ол туралы Қарағанды облыстық салық комитеті хабарлады. Комитеттің баспасөз-қызметі атап көрсеткендей, “оны Қаржы министрлігімен бірге “Арселор Миттал”-дың 2007-нші жылғы жұмысын тексерген облыстық салық комитеті анықтады”. Бірақ “Арселор Миттал” тексерудің қорытындысымен келіспей, Қарағанданың ауданаралық экономикалық сотына шағымданып, салық комитетінің талабын заңды деп тапқан сот шағымды қанағаттандырмады. “Арселор Миттал” енді облыстық сотқа шағымданбақшы. Ең қызығы: компания сотқа берген әрбір шағымы үшін 500 млн. теңге төлейді.

Ауғанстанның 30 пайызын үкімет, 11 пайызын “Талибан,” қалған аумағын ру-тайпалар билейді

ВАШИНГТОН: Ауғанстан үкіметінің билігіне бүкіл жерінің шамамен 30 пайызы ғана бағынады. АҚШ Конгресінің Сенатындағы қарулы күштердің істері бойынша комитетінде берген есебінде АҚШ-тың барлау қызметінің жоғары лауазымды қызметкері Майкл Макконнел осылай деп мәлімдеді. Оның есебі бойынша, Ауғанстан аумағының басым бөлігі түрлі тайпа-рудың билігіне қарайды. “Талибан” қозғалысы бүкіл Ауғанстан жерінің 11 пайызына тең аумағында толық үстемдік етеді.

Түріктер күрдтерді толық ойсыратқанша Ирақтың солтүстігінде соғыса береді

БАҒДАД: Түркия Ирақтың солтүстігіндегі күрд партизандарына қарсы соғыс операциясының аяқталатын мерзімін нақты белгілемейді. Кеше Бағдадта Ирақтың сыртқы істер министрі Хошияр Зибаримен кездесуінен кейін түрік премьер-министрінің арнаулы өкілі Ахмет Давитоглы осылай деп мәлімдеді. АҚШ-тың қорғаныс министрі Р.Гейтс ресми Анкараны күрдтерге қарсы Ирақтың солтүстігіндегі соғыс қимылдарын ұзаққа созбауға шақырды. Өз тарапынан ресми Бағдад түрік қарулы күштерінің іс-қимылын “Ирақтың егемендігін бұзу” деп бағалады.

Еуропа комиссиясы “Майкрософт” компаниясына екінші рет ірі айыппұл салды

БРЮССЕЛЬ: Еуропа Одағының атқарушы билігі - Еуропа Комиссиясы – монополияға қарсы ережені бұзғаны үшін Американың “Майкрософт” компаниясына 1.5 млрд. доллар айыппұл салды. Еуропа Комиссиясы атап көрсеткендей, компьютер бағдарламаларын шығарушы компанияларға маңызды мәлімет беруден жалтару арқылы “Майкрософт” монополист ретінде әрекет етеді. Еуропалық сот АҚШ компаниясына компьютер нарығындағы айқын басымдығын асыра пайдаланғаны үшін өткен жылы да үлкен айыппұл салған болатын. 1 жылдың ішінде айыппұлдың сомасы шамамен 2 есеге ұлғайды.

Ресми Вашингтон мен Прага радар жүйесін Чехияға орналастыру туралы келісуге жақын тұр

ВАШИНГТОН: Американың зымырандық соққыдан қорғану жүйесінің элементтерін Чехия жеріне орналастыру мәселесі бойынша Чехия мен АҚШ арасындағы келіссөз аяқталуға жақын. Кеше Вашингтонда чех премьері М.Тополанекпен кездесуінен кейін президент Дж.Буш осылай деп мәлімдеді. Чехиядағы АҚШ әскерилерінің мәртебесі мен радар жүйесін пайдалану кезінде экология нормаларын сақтау туралы Чехия жағының талаптары - келіссөздің барысындағы ең күрделі мәселелер болды. Оған қоса АҚШ-тың зымырандық шабуылдан қорғану жүйесін Польша мен Чехияға орналастыру жоспары – чех халқының және әсіресе Ресейдің үзілді-кесілді қарсылығын туғызып отыр.

“Әл-Қаида” тобы өзінің Ауғанстандағы бір көсемін өлтіргені үшін кек алады

КАБУЛ: “Әл-Қаида” терроршыл ұйымы өз көсемдерінің бірі Әбу Лейт Әл-Либидің өлімі үшін кек алатынын ескертеді. “Әл-Қаиданың” екінші көсемі саналатын Айман Әз-Зауахридің осындай ескерту жасаған бейнесюжеті Интернеттегі ислам сайттарының біріне шықты. Әбу Лейт Әл-Либи – “Әл-Қаида” тобының Ауғанстандағы серкелерінің бірі болатын. Ол - өткен қаңтар айында Пәкістанның Ауғанстан шекарасына жақын Солтүстік Вазиристан өлкесіне зымырандық соққы берілген кезде мерт болды.

НАТО-ның Бас хатшысы Грекия мен Македонияның арасына делдал болады

БРЮССЕЛЬ: НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер алдағы дүйсенбі күні Афинаға барады. Бас хатшы грек басшыларымен бұрын Югославияның бір республикасы болған Македонияның ресми атауына байланысты осы ел мен Грекияның арасындағы талас-тартысты талқылайды. Ресми Афина келешекте өзінің жеріне таласуы мүмкін деген күдікпен, Македониядан атауын өзгертуді талап етеді. Өйткені, Грекияның солтүстік өңірі де “Македония” деп аталады. Егер осы 2 атаудың проблемасы шешілмесе, онда Афина Македонияның НАТО-ға кіруіне бөгет қоятынын ескертті.

Грузин миллиардері әрі саясаткер өзінің туған елінде жерленеді

ТБИЛИСИ: Бүгін Тбилисиде миллиардер әрі саясаткер Б.Патаркацишвили жерленуге тиіс. Ол 12-нші ақпан күні Лондонда аяқастынан қайтыс болды. Дәрігерлер оны жүрек талмасынан көз жұмуы мүмкін деп есептейді. Патаркацишвилидің өлімін тергеу әлі аяқталмаса да, ресми Лондон оның мәйітін елге алып кетуге рұқсат берді. Марқұм өзінің Тбилисидегі “Аркадия” сарайының аумағына жерленеді. Қоштасу және жерлеу рәсіміне 100-деген кісі келмекші, бірақ Лондонда Грузияның визасын рәсімдеу кезінде проблемаға тап болған оның іскер әріптесі Б.Березовский Тбилисиге келіп үлгере ме, жоқ па - әзірше белгісіз.

“Хамас” тобына есе қайтармақ болған Израиль 3 бала мен 6 айлық сәбидің өмірін қиды

ТАЯУ ШЫҒЫС: БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Таяу Шығыстағы қантөгістің өршуіне өзінің қатты алаңдайтынын мәлімдеді. Оның алдында Израильдің Газа аймағына берген әуе соққысынан 11 Палестина азаматы, оның ішінде 3 бала мен 6 айлық сәби қыршын кетті. Палестиналық “Хамас” ұйымының Газадан зымырандармен атқылауынан 1 Израиль азаматы қаза тапты. Бүгін таңертең Токиода Израиль премьері Э.Ольмертпен өткізген келіссөзінен соң АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс “Хамас” ұйымының Израильді зымырандармен атқылауын тию керек деп мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда туберкулездің дәрі-дәрмекке көнбейтін түрі ұлғайды дейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан сияқты бұрынғы совет елдерінде туберкулездің дәрі-дәрмекке көнбейтін түрі ұлғайып жатыр деп мәлімдеді. Туберкулездің бұл түрі болжамдарға қарағанда шапшаң тарап жатыр делінеді ұйымның жаңа баяндамасында. Туберкулездің емге бағынбайтын түрі жоғары боп тұрған аймақтар ретінде Молдова, Украинаның Донецк облысы, Ресейдің Томск облысы, Өзбекстан астанасы Ташкент аталды. "Нью-Йорк таймс" газеті бүгін жазғандай, туберкулездің мұндай түрі бұрын Қазақстанда көп болса, қазір бірінші орынға Әзірбайжан шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір ауыл су астында қалды

Аяқ астынан еріген мол қардың суы Ордабасы ауданы Темірлан ауылын басты. Ресми мәліметке қарағанда, мектеп және 30 шақты үй су астында қалды. Құтқару шараларын басқарған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев апатқа аудан басшылары кінәлі деп айыптады, олар қанша ескертсек те ауыл маңындағы арықтың құлақтарын дер кезенде жапқызбаған деді. Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 13 мыңдай адам басқа жаққа әкетілді. Мыңдаған үй қирады, жүздеген бас мал суға кетті.

Хилари Клинтон мен Барак Обама Ресей президенті сайлауын қатты сынады

АҚШ президентінің сайлауына Демократиялық партиядан түсіп отырған екі негізгі кандидат – Хилари Клинтон мен Барак Обама теледидар сайысында сөз жарыстырды, бірнеше мәселенің арасында жексенбі күні Ресейде өтетін президент сайлауын қатты сынады. Хилари Клинтон қазіргі президент Владимир Путиннің ізбасары боп іріктелген Дмитрий Медведевтің тәуелсіздігі тым аз, ал оппозиция басшылары деп аталған тұлғалар негізінен Путинді мақтап уақыт кетіреді деді. Барак Обама болса АҚШ президенті Джордж Буш Путинге адам құқықтарын сақтау талабын қоймады, Путинмен тіл табысуды жөн көрді, бұл саясатты өзгертуіміз керек деді.

Түркия Ирақта күрд сепаратистерінің базалары жойылмайынша қайтпаймыз дейді

Түркия елшісі Ахмет Дәуітоғлы Ирақ солтүстігіне кірген Түркия әскері күрд сепаратистерінің базалары жойылмайынша қайтпайды деп мәлімдеді. Түркия елшісі бұл сөзін Бағдадта Ирақ сыртқы істер министрі Хошияр Зебаримен кездескен соң айтты. Күрд сепаратистерінің жауынгерлері Ирақ солтүстігінде қоныстанған, Түркияға сол жақтан шабуылдайды. Түркия әскері Ирақ солтүстігіне 21 ақпанда кірді. Ирақ үкіметі мұны айыптады. Түркия әскері науқан басынан бері 230 партизанның көзі жойылды, Түркия жағынан 24 сарбаз қаза тапты дейді.

Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясына 1 миллиард 300 миллион доллар айыппұл салды

Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясы компьютер бағдаламалары жөніндегі ақпаратты бәсекелестеріне қымбат бағаға жөнсіз сатады деп айыптап, 1 миллиард 300 миллион доллар айыппұл салды. Дүниежүзі тарихында ешбір компанияға мұндай көп айып салынбаған. Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясының кінәсінен компьютерді жұмысында пайдаланатын миллиондаған адамға бөгет жасалды дейді. "Майкрософт" корпорациясы айыппен келіскен жоқ. Дегенмен Еуропа Одағы "Майкрософт" корпорациясы жөнінде тағы екі іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Израильдің бұрынғы бас министрі Ариель Шаронның ұлы түрмеге отырды

Израильдің бұрынғы бас министрі Ариель Шаронның ұлы Омри қаржы қылмысын жасағаны үшін жеті ай түрме жазасын өтей бастады. Ариель Шарон 1999 жылы "Ликуд" партиясында төраға сайлауына түскенде ұлы Омри сайлау науқанына жүздеген мың долларға пара-пар ақшаны заңсыз жинады деп табылды. "Ликуд" партиясының төрағасы болып, одан кейін бас министр болып сайланған Ариель Шарон ұлымның заңсыз әрекетінен бейхабармын дейтін. 80-жасар Ариель Шарон миына қан кеткен соң міне екі жыл болды комада, ес-түссіз жатыр.

Израиль әскерінің шабуылынан бес палестиндік қаза тапты

Израиль әскерінің әуе шабуылынан Газа секторында бес палестиндік азамат қаза тапты делінеді. "Хамас" әсірешіл тобы Хан Юнус қаласында бес сарбазымыз қаза тапты деп жариялады. Израиль әскері шабуылдың жасалғанын дәйектемеді. Израиль газа секторынан жасалатын зымыран шабуылдарын тоқтату мақсатында мұндай шабуылдарды жасап отыратындарын айтады.

Орта Азияның су ресурстарын тиімді пайдалану проблемалары талқыланады

БІШКЕК: Қырғызстан мен Тәжікстанның және Өзбекстан мен Қазақстанның су-энергетика мекемелері басшыларының келіссөзі 29-ыншы ақпан күні Бішкекте өтеді. Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрлігін сілтеп көрсеткен “Қазақстан бүгін” агенттігі осылай деп хабарлады. Министрліктің баспасөз-қызметі атап көрсеткендей, бұл биылғы жылы Орта Азияның ең өзекті проблемасына арналған бірінші мәжілісі. Нарын-Сырдария су бассейнінің су-энергетика ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы 4-жақты келісімді пысықтау және энергоресурстарымен алмасу – Бішкектегі басқосудың күн тәртібіне қойылған ең маңызды мәселелер.

“ҚазМұнайГаз” өндірілетін газдың көлемін 2020 жылы 4 есеге дейін ұлғайтпақшы

АСТАНА: 2007-нші жылы 30 млрд. т.м.-ге жуық табиғи газ өндірген Қазақстан 2020-сыншы жылы 114 млрд. т.м.-ге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазақстан үкіметінің кеше болып өткен мәжілісінде “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенті Ұ.Қарабалин осылай деп мәлімдеді. Оның атап көрсетуінше, болжам бойынша тауар газының көлемі өткен жылғы шамамен 13 млрд. т.м.-ден 2020-сыншы жылы 30 млрд. т.м.-ге дейін ұлғаяды. Қазақастанның газға деген сұранысы өткен жылғы 13.3 млрд. т.м.-ден 2020-сыншы жылы 18.7 млрд. т.м.-ге дейін өседі.

Болгария жігі ажырасқан Сербия мен Косовоны татуластырмақшы

СОФИЯ: Кеше Болгария хабарлағандай, Косовоның Сербиядан тәуелсіздік алуына қарама-қайшы көзқарастардың пайда болуына байланысты Балкан елдерінің сыртқы істер министрлері аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылау үшін осы аптада Софияда жиналады. Болгарияның сыртқы істер вице-министрі Любомир Кючуковтің сөзіне қарағанда, Оңтүстік-Шығыс Еуропаның Ынтымақтастық Процесі (SEECP) шеңберінде бүгін және бейсенбі күні өтетін осы “дөңгелек үстөл” келіссөзіне Сербияның сыртқы істер министрі Вук Еремич қатысады. Ал Косово жағынан БҰҰ-ның осы өлкедегі өтпелі кезең әкімшілігінің делегациясы келуге тиіс.

Пентагон Чехияға радар жүйесін орналастыру жоспарынан бас тартатын емес

ВАШИНГТОН: Чехия мен АҚШ екі елдің арасына визасыз тәртіп орнатуды қарастыратын келісімге келді. Оған сәйкес, Чехия азаматтары алдағы қыркүйек айынан бастап АҚШ-қа визасыз қатынай алады. Демек Чехия – кешегі коммунистік блок елдерінің ішінен Словениядан кейін Америкамен арада визасыз тәртіпке қол жеткізе алған екінші мемлекет болады. Осындай меморандумға чех премьер-министрі Мирек Тополанектің Вашингтонға сапары барысында қол қойылды. Ал бүгін ол АҚШ президенті Дж.Бушпен кездесіп, Чехия жеріне Американың радар жүйесін орналастыру мүмкіндігін талқылайды. Сапарының алдында М.Тополанек тараптар осы мәселе бойынша келісуге жақын тұр деп мәлімдеген болатын.

Тағы

XS
SM
MD
LG