Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ-та бүгін президенттік сайлаудың алғашқы кезеңіндегі "Үлкен сейсенбі" деп аталатын маңызды күн

Американың 20-дан астам штатында сайлаушылардың бүгінгі алғашқы дауыстарына орай Демокртаттар мен республикандықтардың президенттік сайлауда бақ сынайтын нақты кандидаты анықталатын болады. Республикандық сенатор Джон Маккейн өзінің бәскелесі Митт Ромниден басым түседі деген болжам бар. Ал Демократтардың бір-бірімен иық тірестіріп келе жатқан екі үміткері Хиллари Клинтон мен Барак Обама арасында 24 штаттағы алдын-ала дауыс берулерде таразының қай жағы басым түсері белгісіз.

Ауғанстан тұралап қалуы мүмкін деп ескерткен үшінші хабарлама жарық көрді

Лондондағы Стратегиялық зерттеулер халықаралық институтының баяндамасында егер НАТО тәліптерді жеңе алмаса, Ауғанстан мемлекеті дағдарысқа ұшырайды деп жазылған. Тәліп бүлікшілерінің қимыл-әрекеттері елдің оңтүстігінен солтүстігіне қарай етек алып барады деп атап көрсетілген онда.

Әлемдік банк пен Британияның халықаралық даму департаменті Ауғанстандағы есірткі саудасына қатысты баяндама жариялады

Аталған баяндамада әлем Ауғанстанда апиын өсіруге тосқауыл қою үшін ауылды жерлерін дамытуға 2 миллиард доллар инвестицияны қажет етеді деп жазылған. Бұл қаржы күнкөрісін көкнәр өсіріп, апиын өңдеуден тауып отырған кедей фермерлердің басқа кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік туғызу үшін жұмсалады делінген. Сондай-ақ жолдарды жөндеп, ауылды жерлердің құрылымын дамытуға бағытталады. Баяндама Ауғанстандағы қайта құруға арналған Токиодағы жылдық конференцияда бүгін жарық көрді.

Полиция Ауғанстандағы жол-көлік бомбасы жарылыстарында кемінде 7 адам құрбан болды деп хабарлады

Хелманд провинциясы губернаторының айтуынша, бомбаға түскен көлікте қаза тапқандар бір отбасындағы бес адам, олардың екеуі балалар болған. Ал полицияның екі офицері Кандағар провинциясындағы жарылыста опат болды.

Ауғанстан президенті Исламға тіл тигізді деп айыпталған журналистің өлім жазасына кесілгеніне алаңдаушылық білдірді

Президенттің баспасөз өкілінің айтуына қарағанда, дегенмен де Хамид Қарзай сот өзінің соңғы шешімін айтқанша бұл іске араласпайды. Президент қалай болғанда да, Ауғанстан конституциясы мен халықаралық заңдарға сәйкес және адам хұқтары талаптарын сақтай отырып, шешім қабылдайтын болады деген ол. Исламға тіл тигізді деген айыппен түрмеге қамалған Саид Қамбаштың босатылуын халықаралық қауымдастық та талап етуде.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Приштина мен Белградқа екі күндік сапарын бастады

ОБСЕ ұйымының төрағасы - Финляндияның сыртқы істер министрі Укка Каневра жергілікті басшылармен кездесіп, аймақтық тұрақтылық мәселелерін талқылайтын болады. Каневраның бұл сапары Сербиядағы президенттік сайлауда Борис Тадичтің қайта сайлануынан кейін, сондай-ақ Косово аймағының өз тәуелсіздігін біржақты жариялаймыз деп отырғанының алдында жасалып отыр. Финляндия құрамында 56 мемлекет бар Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты 1-қаңтардан бастап алған болатын.

Евродақ Косовоға өтпелі кезеңде БҰҰ-ның әкімшілігіне көмек беретін тәртіп сақшыларын жіберу жоспарын мақұлдады

Онда Косовоның Сербиядан тәуелсіздік алған алғашқы кезеңінде ахуалды жеңілдетіп, жағдайды бақылауға көмектесетін 1800 адамдық шұғыл топ туралы айтылған. Топтағы негізінен полиция, сот-әділет қызметкерлері аймақтағы БҰҰ-ның қызметін алмастыратын болады. Косовоның тәуелсіздігін нақты қай күні жария болатындығы әзірге белгісіз.

Бүгін АҚШ-тың 24 штатында президент сайлауына кандидаттарды іріктеу үдерісі өтеді

АҚШ-тағы президент сайлауына үміткерлер “Ерекше сейсенбі” күні алдында соңғы науқандарын өткізіп жатыр. Бұл - кандидаттарды іріктеу үдерісінде ең үлкен күн деп есептеледі, яғни АҚШ-тың 24 штатындағы дауыс берушілер қараша айында өтетін президент сайлауына Демократтар мен Республикашылар партияларынан үміткерлерді таңдайтын болады. Жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, Республикашылардан сенатор Джон МакКейн партиядағы өзінің қарсыласы Мит Ромнидің алдында келеді. Сейсенбі күнгі бәйгеде нақты кімнің жеңіске жететіндігі белгілі болады. Бірақ Демократтар партиясынан Барак Обама мен Хиллари Клинтон арасында кімнің жеңіп шығатыны анықталмауы да мүмкін.

АҚШ президенті рекордтық бюджет жобасын ұсынды

АҚШ президенті Джордж Буш Конгреске рекордтық бюджет жобасын ұсынды. Үстіміздегі жылдың 1-ші қазанында басталатын келесі қаржы жылында шығын жоспары 3 триллион доллардан асатын болады. Оған сәйкес, лаңкестікке қарсы күрестегі әскери шығындарды көбейту ұсынылып отыр. Сонымен қатар бюджет жобасына АҚШ экономикасын ынталандыру жөніндегі бағдарлама енгізілген. Оппозициялық Демократтар партиясы ұсынылған бюджетті сынға алды.

Еуроодақ өкілдері бүгін Грузияға барады

Еуропа Одағының делегациясы Кавказдағы сапарын одан әрі жалғастыруда. Бүгін олар Тбилисиге келеді деп күтілуде. Словения сыртқы істер министрі Димитрий Рупель жетекшілігіндегі делегация кеше Әзірбайжанда болып, президент Илхам Әлиев және сыртқы істер министрі Елмар Маммадияровпен келіссөз өткізген болатын. Еуроодақтың сыртқы қатынастар жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Уалднердің мәлімдеуінше, Әзірбайжан экономикалық жағынан алғабасушылық жасауда бірақ ол демократияны алға тартуда көбірек жұмыс атқаруы тиіс.

“Біз бұл елде экономикалық даму болып жатқанын және де бизнес жағдайының жақсарғанын көріп отырмыз, бұл маңызды деп ойлаймын. Бірақ демократиялану үдерісінің тезірек дамығанын да көргіміз келеді,” – деді Уалднер ханым. Еуроодақ делегациясы Грузиядан кейін Арменияға барады.

Сербия президенті қайта сайланды

Сербияның батысшыл бағыттағы президенті Борис Тадич қайта сайланды. Жексенбі күнгі президент сайлауының екінші сатысында Тадич 51 пайыз дауыс жинаған, ал оның ұлтшыл қарсыласы Томислав Николич 47 пайыз дауысқа қол жеткізген. Борис Тадич сайлау қорытындысы Сербиядағы демократия үшін жеңіс болды деп мәлімдеді. Тадич Еуропа Одағымен жақынырақ байланыс құруды қалайды. Косовоның тәуелсіздігіне қарсы болып отырған Тадич егер Брюссель халқының басым бөлігін этникалық албандар құрайтын Косово аймағының тәуелсіздігін мойындаса да, Белградтың Еуроодаққа мүше болуға ұмтылысын одан әрі жалғастырамыз деп мәлімдеді.

Ауғанстандағы әскери операциядан қарапайым тұрғындар құрбан болған

Жергілікті ресмилердің айтуынша, Ауған және НАТО күштерінің Талибан бүлікшілеріне қарсы жүргізген операциясында бірнеше қарапайым адам құрбан болған, олардың арасында балалар да бар деп хабарланып отыр. Сондай-ақ, ол шабуылдардан бірнеше тәліп өлтірілген. Фарах өлкесінің ресмилері жексенбі күнгі операцияда қаза болған қарапайым тұрғындардың нақты санына байланысты қарама-қайшы мәлімет беруде. Бакуа ауданының әкімі Хан Ағаның айтуынша, құрбан болғандардың арасында 2 әйел мен 3 бала болған.

"Қазақмыс" компаниясында жаппай ереуіл аяқталды

"Қазақмыс" компаниясының Сәтпаев қаласында орналасқан шахталарында жаппай ереуіл аяқталды, кеңшілердің негізгі әлеуметтік талаптары қабылданды. Ереуіл сенбі күні басталған, жүздеген кеңші еңбек ақымыз көтерілсін деп, жер астынан шықпай қойған. Олар басқа да әлеуметтік талаптарды қойды. Алматыда шығатын "Зона.кейзет" интернет-газеті "Қазақмыс" компаниясының басшылығы талаптарды қабылдады дейді. "Алға" оппозициялық партиясы ереуілді бақылауға келген оппозиция белсенділерін Жезқазған қаласының полициясы ұстап, бір сағаттан кейін босатты дейді.

ВИЧ инфекциянан қайтыс болған екі баланың аналарына 100 мың теңгеден төленеді

Шымкент қаласының соты дәрігерлердің кінәсінен ВИЧ инфекциясы жұғып, қайтыс болған екі кішкентай баланың аналарына 100 мың теңгеден өтемақы төленсін деп ұйғарды. Бұл шамамен 830 америкалық доллар. Ал төрт ата-ана Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінен жүз есе көп ақша талап еткен. ВИЧ инфекциясына тап болған екі баланың аналарына 70 мың теңгеден берілсін, дейді Шымкент қаласының Абай аудандық соты. Бұл шамамен 580 доллар. Шымкент ауруханаларында ВИЧ инфекциясы 145 балаға жұққан, олардың оны қайтыс болды.

Сербияның батысшыл бағыттағы президенті Борис Тадич жеңіске жетті

Ол кемінде 51 пайыз дауыс алды. Оның қарсыласы, қатаң ұлтшыл бағыттағы Томислав Николич сайлаудың кеше өткен екінші айналымында 47 пайыз алды. Еуропа Одағының сыртқы істер үйлестірушісі Хавиер Солана сайлау қортындысына қанағат танытты, Сербияның одаққа қосылуы жылдамдаса жөн деді. Ал енді Сербиядан бөлінгісі келетін Косово таяу арада тәуелсіздігін өз тарапынан жарияламақ.

Израильдің Димона қаласында жанкештілік бомба шабуылы жасалды

Кемінде бір Израиль азаматы және шабуыл жасаған екі Палестина азаматы қаза тапты, он шақты адам жарақат алды. Израильде жанкештілік шабуыл соңғы бір жылда алғаш рет жасалып отыр. Екінші шабуылдың алды алынды, полиция шабуылшыны атып үлгерді, ол бомбасын жара алмай қалды. Жауапкершілікті бірнеше топ алды, олардың арасында Палестина президенті Махмұд Аббас басқаратын "Фатах" ұйымымен сыбайлас топ бар. Палестина жаугерлерінің өкілі жанкештілер Израильге Газа секторынан барды дейді. "Хамас" тобы Израиль Газа секторының жолын жапқан, шабуыл сол үшін жасалды дейді.

Түркияның бес қырғи ұшағы күрд партизандары бекінді деп күдіктелген жерді атқылады

Адам шығыны жайында мәлімет жоқ. Ирақ құрамындағы жартылай автономиялық Күрдістан үкіметінің жоғары өкілі Жаббар Явар шабуыл Ирақ пен Түркия шекарасында бір сағат жалғасты дейді.

Шри Ланкада жолға қойылған бомбадан автобус жарылды

Кемінде 12 адам қаза тапты, 17 адам жарақат алды. Шабуыл ел астанасы Коломба қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан Велия аймағында болды. Үкімет шабуылды Тамил аймағының тәуелсізідігін талап ететін көтерілісшілер жасады дейді.

Мәскеу соты Борис Березовскийдің сот тағайындаған адвокатының шағымын қайтарып тастады

Кремльдегі ықпалды тұлғалардың бірі Борис Березовский Ресей президенті Владимир Путинді қатты сынайды, ол мемлекеттік "Аэрофлот" компаниясынан миллиондаған доллар жымқырды деп, қараша айында сырттай жеті жыл түрмеге сотталған. Британияда саяси баспана тапқан Борис Березовский сотты саяси қудалау деп қабылдаған, адвокаттарын жібермей қойған. Алайда сот мемлекет есебінен адвокат тағайындаған болатын, істі сырттай қараған.

Сербия президенті Б.Тадич қайта сайланды

Сербиядағы президент сайлауында Батысты қолдайтын Борис Тадич жеңіске жетіп, қайта сайланды. Бейресми қорытындыларға қарағанда, Тадич шамамен 51 пайыз дауыс жинаған, ал оның ұлтшыл қарсыласы Томислав Николич 48 пайыздай дауысқа қол жеткізген. Сайлаудың ресми қорытындысы бүгін жарияланады деп күтілуде. Борис Тадич Еуропа Одағымен жақынырақ байланыс құруды қаласа, ал Томислав Николич Ресеймен тығызырақ қарым-қатынас жасауды қолдайды. Бірақ олардың екеуі де Косово тәуелсіздігіне қарсы. Соңғы хабарларға қарағанда, Николич өзінің жеңілгендігін мойындаған.

Ирақта маңызды заң қабылданды

Ирақтың президенттік кеңесі Баас партиясының төменгі дәрежелі мүшелеріне үкіметтік жұмыстарға қайта орналасуларына рұқсат беру жөніндегі заңға қол қойды. Парламент тарапынан мақұлданған бұл шара Саддам Хуссейн билігіндегі негізгі партияның бұрынғы 38 мың мүшесіне қатысты болмақ. Бұл заң Ирақтың суннит және шиит араб қауымдастықтары мен күрдтер арасында татуласуды алға тартуға бағытталып отыр.

НАТО басшысы Германияны Ауғанстанға көбірек әскер жіберуге шақыруда

НАТО басшысы Яап де Хооп Схеффер Германия әскери күштерін Ауғанстанға орналастыруды қалайтындығын мәлімдеді. Германияның “Бильд” газетіне берген арнайы сұхбатында Схеффер мырза солтүстіктегі әскерлер басқармасында Германия ел ретінде мақтарлық жұмыс атқаруда, бірақ Ауғанстанның өзге аймақтарындағы халықаралық күштерге де осындай көмек қажет деп мәлімдеді. Жұма күні Германия қорғаныс министрі Франц Йозеф Юнг неміс сарбаздарын Ауғанстанның тұрақсыз оңтүстік аймақтарына жібермейміз деді.

Мыңдаған армян азаматы оппозициялық үміткерді қолдап шеруге шықты

Мыңдаған армян азаматы ел астанасы Ереванда шеруге шығып, 19-шы ақпандағы президент сайлауына оппозициядан үміткер ретінде түсетін Артур Багдасариянға қолдау білдірді. Заң Мемлекеті партиясының жетекшісі әрі бұрын парламент спикері болған Багдасариян жемқорлық пен әлеуметтік және экономикалық проблемаларға қатысты президент Роберт Кочарянның үкіметін сынаған болатын. Алда келе жатқан сайлауда Багдасариян премьер-министр Серж Саркисянмен бақ сынасатын болады.

Ресей Польшаға ескерту жасады

Шығыс Еуропадағы зымыраннан қорғанысқа байланысты АҚШ-тың ұсынысына орай НАТО-дағы Ресей елшісі Польшаға ескерту жасады. Дмитрий Рогозиннің мәлімдеуінше, Польша барлық шекаралас елдерімен бірге достық қарым-қатынас жасауы тиіс. Варшава қазір тайталас саясатына еруде, деді Рогозин. Жұма күні Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорски негізінде Варшава Вашингтонмен бірге Польша жерінде АҚШ зымырандарын орналастыру жоспары жөнінде келісімге келді деп мәлімдеген болатын.

Сербияда президенттік сайлаудың екінші туры өтуде

Бүгін сербиялықтар президенттік сайлаудың екінші сатысы бойынша дауыс беруде. Ол дауыстар елдің келешегін анықтауда шешім жасауға көмектеспек. Қазіргі президент Борис Тадич Еуропа Одағымен жақынырақ байланыс құруды қаласа, оның қарсыласы Томислав Николич Ресеймен байланыс құруды қолдайды. Бірақ, екі кандидат та Косово тәуелсіздігіне қарсы.

Тағы

XS
SM
MD
LG