Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕҚЫҰ Ресейдегі президент сайлауына да бойкот жариялады

МӘСКЕУ: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқы бойынша Бюросы және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Ресейдегі 2-нші наурызда өтетін президент сайлауын бақылауға бармайтын болды. Еуропалық ұйымның сайлауды бақылайтын құрылымы болып табылатын Бюро бүгін таратқан мәлімдемесінде Мәскеудің қойып отырған шектеулері бақылау миссиясын жолдауға мүмкіндік бермейді деп мәлімдеді. Ал соның алдында Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров ол Бюроның талаптарын “ультиматум” деп атап, “...өзін сыйлайтын елдер мұндай ультиматумды қабылдамайды. Бюроның көзқарасында осындай ұстанымның басым түскеніне біз өкінеміз”, - деп мәлімдеген болатын.

Ресей соты СПИД пен қатерлі ісік дертіне шалдыққан адамның ауруханаға жатқызылуына қарсы

МӘСКЕУ: ЮКОС мұнай компаниясының түрмеде ауыр сырқаттанып жатқан бұрынғы вице-президенті Василий Алексанян азаматтық ауруханаға жатқызылады. Ресейдің жазаны өтеу жөніндегі федералдық қызметінің медициналық комиссиясы осындай шешім қабылдады. Бұл шешімді енді Мәскеудің денсаулық сақтау департаменті құптауға тиіс. Федералдық қызмет Алексанянның қандай ауруханаға жатқызылатынын хабарламады. Мәскеудің Симонов аудандық соты ЮКОС-тың бұрынғы вице-президентінің ісін қарауды тоқтатты, бірақ СПИД пен қатерлі ісік дертіне шалдыққан Алексанянды арнаулы емханаға жатқызуға келіспеді.

НАТО-ның қорғаныс министрлері Ауғанстанға қосымша әскер жіберу мәселесін талқылайды

ВИЛЬНЮС: Ауғанстанға НАТО-ның қосымша әскерін жіберудің қажеттілігі – НАТО-ның қорғаныс министрлерінің бүгін Литва астанасы – Вильнюсте басталатын 2 күндік кездесуінің ең басты мәселесі болмақшы. Күн тәртібін бейресми түрде талқылайтын таңғы ас кезінде НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер әскери одақ үшін Ауғанстанның ең биік міндет болып қалғанын мәлімдеді. Бірақ, ол атап көрсеткендей, Ауғанстанда жетістікке жету соғыс операцияларынан да өзге көп шараны талап етеді, оның ішінде Ауғанстанға да жауапкершілік тиюге тиіс.

Қазақстанда тағы бір діни ұйымның мүшелері сотталып жатыр

ШЫМКЕНТ: Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында 23 пен 35-ке дейінгі 15 адамның үстінен “терроризмді кәсіп етті” деген айып бойынша сот өтіп жатыр. Оларға “Салафиттер” діни ұйымының мүшелері деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 9-ыншы бабы бойынша айыптар, оның ішінде “террористік топ құрды” және “оған жетекшілік етті”, “терроризмді насихаттады” және террорлық іс-қимыл жасауға үндеді” деген айыптар тағылып отыр. Күдіктілердің ішінде Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының тұрғындары бар көрінеді.

Қазақстан мұнай өндірудің көлемін 70 млн, ал өңдеудің көлемін – 12,5 млн. тоннаға жеткізбек

АСТАНА: Биыл Қазақстан мұнай өндірудің көлемін 70 млн. тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгін энергетика және минералды ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде министр С.Мыңбаев осылай деп мәлімдеді. Министрдің хабарлауынша, Қазақстанда өңделетін мұнайдың көлемі 500 мың тоннаға ұлғайтылып, 12,5 млн.-ға жеткізіледі. С.Мыңбаев, сонымен қатар, Қазақстандағы барлық 3 мұнай өңдеу зауытын заман талабына қарай жетілдіру қажеттігін және тағы бір зауыт салу қажет болатынын атап көрсетті.

Қазақстан жер қойнауын игеруге қатысты келісімдерге жаңа шарттар бойынша отырады

АСТАНА: Бүгін Қазақстан премьер-министрі К.Мәсімов ескі шарттар бойынша жер қойнауын игеру туралы жаңа келісім-шарттарға отыруды тоқтатуға нұсқау берді. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде үкімет төрағасы: “ескі шарттар бойынша инвесторлармен арадағы кез-келген келіссөзді тоқтатуға нұсқау беремін, бұл – ең алдымен “ҚазМұнайГаз”-ға қатысты. Алдымен біз жаңа Салық кодексіндегі жаңа шарттарды анықтап алуымыз керек және біз кез-келген жаңа келісімге жаңа шарттар бойынша отыруға тиіспіз”, - деп мәлімдеді. Сонымен қатар К.Мәсімов өз міндеттемелерін орындамаған барлық жер қойнауын игерушілермен арадағы келісімді бұзуға бұйрық берді.

Д.Милибэнд пен К.Райс күтпеген жерден Ауғанстанның оңтүстігіне ұшып келді

КАНДАГАР: Ұлыбританияның сыртқы істер министрі мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы күтпеген сапармен Ауғанстанға келді. Кабулға ұшып келісімен Д.Милибэнд пен К.Райс ханым тәліптер әсіресе белсенді әрекет ететін оңтүстіктегі Кандагарға аттанды. Осыған дейін ол екеуі Ауғанстандағы соғыс қимылдарына байланысты НАТО-ның ішінен шыққан кикілжің бойынша Лондонда келіссөз өткізген болатын. АҚШ пен Ұлыбритания НАТО-ның өзге елдерін әсіресе Ауғанстанның оңтүстігіне қосымша әскер жіберуге шақырады. Бұл мәселе НАТО-ның қорғаныс министрлерінің бүгін Литвада өтетін кездесуінде талқылануға тиіс.

АҚШ өзінің радар жүйесін орналастыруға Чехияны көндірмекші

ПРАГА: Бүгін Прагада АҚШ-тың зымырандық соққыдан қорғану жүйесінің элементтерін Шығыс Еуропаға орналастыру мәселесі бойынша келіссөздің кезекті сатысы өтіп жатыр. Келіссөзге АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Джон Руд пен Чехияның сыртқы істер вице-министрі Томаш Пояр қатысады. Осы айдың басында Польша АҚШ-тың радар жүйесінің элементін поляк жеріне орналастыру туралы Вашингтонмен тиянақты келісімге келді. Ресми Мәскеу Вашингтоннның мұндай жоспарына түбегейлі қарсы.

Грузиндердің саяси оппозициясы наразылық шарасын 8 күн бойы жалғастырмақшы

ТБИЛИСИ: Бүгіннен бастап Грузияның саяси оппозициясы наразылық шарасына кірісіп, онысын 15-інші ақпанда жаппай наразылық шеруімен аяқтамақшы. Оппозиция президент сайлауының ресми нәтижесімен келіспейді, оған қоса ішкі істер министрі мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қызметтерін кетуді және өздерінің үзеңгілестерін түрмелерден босатып, 7-нші қарашадағы Руставели даңғылында болып өткен бейбіт наразылық шеруін күштеп таратуға қатысы бар билік өкілдерін жазаға тартуды талап етеді.

Израиль армиясы Газа аймағына әуеден соққы беріп, 7 адамның көзін жойды

ТАЯУ ШЫҒЫС: Израиль армиясының Газа аймағына жасаған жорығының салдарынан 7 палестиналық – 6 жасақ пен 1 бейбіт тұрғын мерт болды. Израильдің күштері Джабалия мен Туффа қалаларына әуеден соққы берді. Бейт-Ханун қаласын атқылдаған кезде мек оқытушысы оққа ұшты. Палестиналық жасақтар Израиль жерін зымырандармен атқылауын доғармайынша, Израиль Газа аймағына қарсы жорықтарын жалғастыра беретінін мәлімдейді.

Ақ Үй сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолдану туралы даулы тәсілді жақтады

Ақ Үй сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолдану туралы даулы тәсілді жақтады. Ол - заңды және американдықтардың өмірін сақтап қалды, дейді Ақ Үй баспасөз-хатшысы Тони Фрэтто. Оның айтуынша, президент Джордж Буш болашақта лаңкесттікке қатысы бар деп күдіктелгендерге белгілі бір жағдайларда осы әдісті пайдалануды рұқсат етуі мүмкін. АҚШ Орталық барлау агенттігі үш жағдайда сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолданғанын мойындаған болатын. Орталық барлау агенттігінің басшысы Майкл Хэйденнің айтуынша, бұл тәсіл әл-Қаидаға қатысы бар деп күдіктелген үш адамға қолданылған. Сыншылар суға батыру әдісін қинап-азаптау деп айыптап отыр.

НАТО қорғаныс министрлері Ауғанстан мәселесін талқыламақ

НАТО қорғаныс министрлері бүгін Литва астанасы Вильнюсте жиналып, Ауғанстанға көбірек әскер жіберу керектігін талқылайды. АҚШ пен Британия НАТО одақтастарын Ауғанстандағы соғыс ауыртпалығын бірге бөлісуге шақырып, олардан Ауғанстанның аса қауіпті оңтүстік аймақтарына әскер жіберуді сұрады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс бұл аймақтарда НАТО-ға мүше тек кейбір елдердің ғана жауынгерлері бар деп мәлімдеді. Бұл туралы Райс ханым кеше Лондонға сапары барысында айтты. Онда ол Британия сыртқы істер министрі Дэвид Милибэнд және премьер-министр Гордон Браунмен кездесіп, Ауғанстан мәселесін көтерген болатын.

Германия Ауғанстанның солтүстігіне қосымша әскер жібермекші

Германия Ауғанстанның солтүстігіне қосымша әскер жіберетін болады. Қорғаныс министрі Франц Йозеф Юнгтың мәлімдеуінше, қосымша жауынгерлер жазда орналастырылмақ. Алайда Германия өз әскерлерін Ауғанстанның қауіпті оңтүстік аймақтарына жіберуден бас тартып отыр.

Ресей президенті референдум арқылы биліктегі өз мерзімін ұзартуы керек еді деп санайды Өзбек президенті

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин референдум арқылы биліктегі өз мерзімін ұзартуы керек еді. Каримовтың өзі солай жасаған болатын. Мәскеуде журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Өзбек президенті мұндай шешім “қисынды әрі дұрыс” болар еді деп мәлімдеді. Бірақ Каримов өз кеңесінің тым кеш болғанын мойындады. Ресейде келесі айда президент сайлауы өтеді. Конституция бойынша Путин сайлауға үшінші рет қатарынан үміткер ретінде түсе алмайды. Ал Каримов болса екі рет биліктегі мерзімін ұзартып, өткен жылы үшінші мерзімге қайта сайланды. Бақылаушылар Өзбекстандағы сайлауды сынаған-тұғын.

Еуропаның сайлауды бақылау жөніндегі негізгі мекемесі Ресейге өз тобын алдын ала жібермекші

Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесінің баспасөз-хатшысы Кёртис Баденнің айтуынша, 15 өкілден құралған топ Мәскеуге ақпанның 8-і күні барады. Ресей - сайлау миссиясының құрамы мен олардың қашан келулеріне орай бірқатар шектеулер қойған болатын.

БҰҰ-ның мәліметінше, биыл әлемде ұялы телефондарды пайдаланатын адамдардың саны одан әрмен өсе түспек

БҰҰ-ның телекоммуникация агенттігінің мәліметінше, әсіресе Қытай мен Ресей және Үндістан елдерінде ұялы телефон пайдаланушылардың саны жылдам асып барады. Егер осылай жалғаса берсе ұялы телефон пайдаланушылар саны алғашқы рет мұндай телефондарды пайдаланбайтын адамдардың санынан көбірек болады, дейді халықаралық ұйым.

Өзбек президенті бүгін Мәскеуге ресми сапармен келді

Бұл сапарында Ислам Каримов Ресей президенті Владимир Путинмен бірге екі ел әріптестігін нығайтуға уәде берісті. Кездесу барысында сондай-ақ стратегиялық маңызды энергиялық жобалар, соның ішінде ядролық сала да бар, талқыланды. Кәрімовтың 70 жылдық туған күнімен құттықтау-жолдауында Путин мырза Өзбекстанмен арадағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты бағалайтынын айтқан болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін халыққа жылдық жолдауын жасады

Онда ол мемлекеттің энергия саласындағы белсенділігін арттыруға шақырды. Өткен айда Қазақстан Қашаған мұнай кенішіндегі үлесін екі есеге арттырған болатын. Сөйтіп ондағы италиялық Ени мұнай компаниясының үлесін төмендеткен еді. Назарбаев 2017-ші жылға қарай Қазақстанды әлемдегі шикі мұнай шығарушы ірі 10 елдің біріне айналдыру өзінің мақсаты екендігін айтты.

АҚШ-тағы шешуші сейсенбіде МакКейн алға шығып, Клинтон мен Обама жеңісті бөлісті

Президенттікке үміткерлікті Республикашылар партиясынан МакКейн жеңіп алды. Демократтардан болса, Хиллари Клинтон мен Барак Обама тең түсті. 20-дан астам штаттарда жүргізілген дауыс беру барысы қарашаға белгіленген АҚШ президенттігіне сайлау алдындағы ең ірі дауыс беру үдерісі болды.

БҰҰ баяндамасында Ауғанстандағы көкнәр егісі одан әрі күшейе түскені айтылған

“Героин өндіруге жұмсалатын көкнәр егісі биылғы жылы да 2007-ші жылдың деңгейінен сәл ғана төмен болатын түрі бар”, дейді БҰҰ жанындағы Есірткі және Ұйымдасқан қылмыспен күрес кеңсесі өзінің жаңа жарияланған баяндамасында. Баяндаманың айтуынша, Талибан жауынгерлері көкнәр өсіруші диқандарға, әсіресе елдің оңтүстігінде салық салуда екен. Осылайша Талибан жасақтары Ауған үкіметі мен шетелдік күштерге қарсы күресте өздерін қаржыландыруды талап етуде.

Бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы НАТО одақтастарын Ауған соғысының ауырлықтарын бірге бөлісуге шақырды

Атап айтқанда, Кондолиза Райс елдің оңтүстігіне әскерлер жіберуге шақырды. Лондонға сапары барысында журналистерге берген сұхбатында ол сондай-ақ Ауғанстанға халықаралық арнайы өкілдің тезірек жіберілуіне де шақырған болатын. Ол өкіл НАТО-ның күрделі қызметін үйлестірер еді, деді Райс. Лондонда Райс, басқа сауалдар қатарында, Британия басшыларымен НАТО-ның Ауғанстандағы стратегиясын да талқылайтын болады.

Өзбек президенті бүгін Мәскеуге ресми сапармен келмекші

Бұл сапарында Ислам Каримов Ресей президенті Владимир Путинмен бірге екі ел әріптестігін нығайту жолдарын талқылайтын болады. Кәрімовтың 70 жылдық туған күнімен құттықтау жолдауында Путин мырза Өзбекстанмен арадағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты бағалайтынын айтқан болатын.

Зымыраннан қорғаныс жүйесі Ресейге қатер төндірмейді деді Польша үкімет басшысы

Дональд Туск мырза Мәскеуге ақпанның 8-күні жасайтын сапары қарсаңында Интерфакс агенттігіне берген сұхбатында, сондай-ақ Польшаға НАТО базасын орнату ниетінің де өз елінде жоқ екендігін айтты. Және шиеленісіп кеткен Поляк-Ресей қарым-қатынастарын жақсартқысы келетіндігін ол тағы да қайталады.

АҚШ-та “Үлкен сейсенбі” күнгі сайлаудың қорытындысы шығып жатыр

АҚШ-та қараша айындағы президенттік сайлауға кандидаттарды іріктеу кезеңіндегі "Үлкен сейсенбі" деп аталатын маңызды күн өтті. Оның нәтижелері шығып жатыр. АҚШ бұқаралық ақпарат құралдарында жасалып жатқан болжамдарға сәйкес, Республикашылар партиясынан Аризона сенаторы Джон Маккейн Нью-Йорк, Нью-Джерси, Иллинойс, Делавер және Коннектикут штаттарында жеңіске жеткен. Бұрынғы Арканзас губернаторы Майк Хаккаби республикашылар арасындағы бәйгеде Арканзас пен Батыс Вирджинияда, ал бұрынғы губернатор Митт Ромни Массачусетс штатында жеңіске жеткен. Демократтардан сенатор Хиллари Клинтон Нью-Джерси, Массачусетс, Оклахома, Арканзас, Теннесси және Нью-Йорк штаттарында жеңсе, сенатор Барак Обама Иллинойс, Джорджия, Алабама, Делавер, Канзас, Коннектикут штаттарында демократтар партиясындағы үміткерлер арасында басым дауысқа ие болған көрінеді. Американың 20-дан астам штатында сайлаушылардың дауыстарына орай Демократтар мен Республикашылардың президенттік сайлауда бақ сынайтын нақты кандидаты анықталатын болады.

АҚШ Орталық барлау агенттігі сұраққа алынған 3 адамға суға батыру әдісін қолданған

АҚШ Орталық барлау агенттігі үш жағдайда сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолданғанын мойындады. Орталық барлау агенттігінің басшысы Майкл Хэйден Конгресте сөйлеген сөзінде бұл тәсіл 2001 жылы 11-ші қыркүйектегі шабуылдардан кейін пайдаланылды деп мәлімдеді. Суға батыру әдісі әл-Қаидаға қатысы бар деп күдіктелген үш адамға қолданылды, олар Халид Шейх Мохаммед пен Абу Зубайда және Абд әл-Рахим әл-Нашири деді Хэйден. Оның айтуынша, Орталық Барлау агенттігі лаңкестікке қатысы бар деп күдіктелген 100-ге жуық адамды қамауда ұстап отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG