Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Рейтерс агенттігі Қазақстанның бір газеті аяқ астынан Назарбаевты қатты сынады дейді

Жұма күндері Алматыда шығатын "Деловая неделя" газеті әдетте бизнес мәселелерін жазады, саясатқа терең бармайды. Алайда бүгінгі санында "Деловая неделя" газеті аяқ астынан президент Назарбаевты қатты сын астына алды. "Деловая неделя" газеті сәрсенбі күні Назарбаев сөз сөйлеп жатқанда Алматы әкімшілігінің алдында төрт мың адам үкімет тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер аламыз деп құжаттарын тапсырғысы келді, жұрт бір-бірін таптап кетті дейді. "Деловая неделя" газеті Назарбаев жолдауында елдегі дағдарыс мәселелеріне үндемей қалды дейді.

Владимир Путин Ресей басшылығының бағдарламасын жариялады

Путин "жаңа талаптарға" сай әскерді жетілдіреміз, жаңа қаруларды дамытамыз деді. Ұлттық теледидарда көрсетілген сөзінде Путин Америка Құрама Штаттары Орталық Еуропада зымыраннан қорғану жүйесін орнатпақ, АҚШ пен НАТО одағы осыған орай жасап отырған алаңдаушылығымызға "конструктивті жауап" бермеді, бұл шаралар Ресейге қарсы бағытталмаған деп сендіргісі келеді деп айыптады. Путин президент билігінде екі мерзім қатарынан отырғандықтан, 2 наурыз күні сайлауға түсе алмайды. Путинның орнын билік ішінен таңдап алынған мұрагер Дмитрий Медведев басады деп болжамданып жатыр.

Хал үстіндегі Василий Алексанян ақыры ауруханаға жатқызылды

Ресей үкіметінің қудалауына тап болған "ЮКОС" компаниясының бұрынғы вице-президенті, түрмеде хал үстінде жатқан Василий Алексанян бүгін ауруханаға апарылды. Василий Алексанян СПИД және ракпен науқас. Мәскеу соты сәрсенбі күні шешім шығарып, Василий Алексанян ауруханаға апарылмасын деген. Дегенмен, Ресей түрмелерінің басқармасы Василий Алексанянді ауруханаға апаруды жөн көрді. Ресей мен шетелдердегі адам құқықтарын қорғаушы белсенділер Василий Алексанянға тиісті медициналық емдеу жасалсын деп талап қылып жатыр.

Британия тергеушілері Беназир Бхутто бомба жарылысынан қаза тапты дейді

Британия тергеушілері Пәкістан оппозициясының басшысы Беназир Бхутто қару оғынан емес, бомба жарылысынан қаза тапты деген қорытындыға келді. Британия тергеушілерінің есебі бүгін жарияланды. Британия тергеушілері, сол сияқты, жанкешті шабуылын көпшілік айтатындай екі азамат емес, бір азамат жасаған сияқты дейді. Беназир Бхутто наразылық митингісі кезінде Равалпинди қаласында 27 желтоқсанда қатты жарақат алып, сол күні қайтыс болған. Британия полициясының қорытындысы Пәкістан үкіметінің қорытындысымен дәл келді. Беназир Бхуттоның партиясы бұл қорытындылармен келіспей отыр.

НАТО қорғаныс министрлері Ауғанстан үкіметін тұрақтылық мақсатында көбірек жігер танытуға шақырды

НАТО қорғаныс министрлері Ауғанстан мәселесіне арналған мәслихатын Литва астанасы Вильнюсте кеше бастаған. Америка Құрама Штаттары мен Британия НАТО-лық одақтастарын Ауғанстанға, әсіресе ел оңтүстігіне қосымша әскер жіберіп, Талибан жауынгерлеріне қарсы күресті ұлғайтуға шақырады. Бұл үндеуге орай НАТО-лық одақтастар нақты шешімге келген жоқ. Дегенмен, АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс НАТО шеңберінде дағдарыс жоқ дейді.

Косово тәуелсіздігін 17 ақпанда жариялауы мүмкін

Сербияның Косово провинциясының істері бойынша министрі Слободан Самарджич Косово тәуелсіздігін 17 ақпанда жариялайды деген мәлімет түсті дейді. Дегенмен, министр Слободан Самарджич үкіметке бұл мәліметтің қайдан түскенін айтпады. Косовоның албан басшылары тәуелсіздікті таяу күндері жариялаймыз деген, бірақ нақты күнді айтпай келеді. Сербия Косово тәуелсіздік алады дегенге қарсы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ресейдегі президент сайлауына бақылаушыларын жібермейді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша мекемесі Ресейдегі президент сайлауына бақылаушыларын жібермейтіндігін хабарлады. Бұған – сайлау миссиясына қатысты ресми Мәскеу тарапынан енгізілген шектеулер себеп болып отыр, дейді аталған ұйым. Ал Ресей сыртқы істер министрлігі бұл бойкотты сынға алды. Сонымен қатар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы да наурыздың 2-і күні өтетін сайлауға шақыруды қабылдай алмайтындығын мәлімдеді.

Мит Ромни Ақ Үй үшін бәйгеден кандидатурасын шығарды

Республикандықтар партиясынан Мит Ромни Ақ Үй үшін бәйгеде өз күресін жалғастырмайтынын хабарлады. Енді бұл партиядан қараша айындағы президенттік сайлауға сенатор Джон МакКейн үміткер болып таңдалатын көрінеді. Мит Ромни өз партиясының Демократтарға қарсы бақталасуға дайындалуына мүмкіндік бергісі келгенін айтады. Сейсенбі күнгі алдын-ала дауыс берулерде Американың ең үлкен штаттарында Джон Маккейн, ал оңтүстікте Майк Хаккаби жеңіске жеткен болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Британия сыртқы істер министрі Ауғанстанға келді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Британия сыртқы істер министрі Дэвид Милибэнд күтпеген жерден Ауғанстанға ұшып келді. Райс ханым мен Милибэнд тәліптер әсіресе белсенді әрекет ететін оңтүстіктегі Кандағарға барды. АҚШ пен Британия НАТО одақтастарын Ауғанстандағы соғыс ауыртпалықтарын бірге бөлісуге шақырып, олардан Ауғанстанның аса қауіпті оңтүстік аймақтарына әскер жіберуді сұрады. Ал осы күндері НАТО қорғаныс министрлері Литва астанасы Вильнюсте жиналып, Ауғанстанға көбірек әскер жіберу қажеттілігін талқылауда.

“Газпром” Украинаға ескерту жасады

Ресейдің “Газпром” компаниясы егер Украина бірнеше күннің ішінде өз қарызын төлемесе газ тасымалын азайтамыз деп ескертті. “Газпром” баспасөз-хатшысы Сергей Куприяновтың мәлімдеуінше, Украина дүйсенбіге дейін 1,5 миллиард доллар қарызын жабуы тиіс. Осыдан екі жыл бұрын газ бағасына қатысты дауға орай Ресей Украинаға газ тасымалдауын уақытша тоқтатқан болатын. Соның салдарынан Еуропаға экспортталатын газдың көлемі азайған-тұғын. Бірақ Еуропа Одағы бұл жолы “Газпром” Еуропаға арналған газ тасымалы өзгермейді деп кепілдік берген дейді.

Украинадағы бір ғимаратта жарылыс болды

Украинаның батысындағы Львов қаласында бір ғимаратта болған жарылыстан кемінде 10 адам жарақат алды. Жарылысқа не себеп болғандығы жөнінде ресми түрде әлі айтылған жоқ. Жараланғандардың арасында бір әйелдің ахуалы өте ауыр деп хабарланып отыр.

ЕҚЫҰ Ресейдегі президент сайлауына да бойкот жариялады

МӘСКЕУ: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқы бойынша Бюросы және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Ресейдегі 2-нші наурызда өтетін президент сайлауын бақылауға бармайтын болды. Еуропалық ұйымның сайлауды бақылайтын құрылымы болып табылатын Бюро бүгін таратқан мәлімдемесінде Мәскеудің қойып отырған шектеулері бақылау миссиясын жолдауға мүмкіндік бермейді деп мәлімдеді. Ал соның алдында Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров ол Бюроның талаптарын “ультиматум” деп атап, “...өзін сыйлайтын елдер мұндай ультиматумды қабылдамайды. Бюроның көзқарасында осындай ұстанымның басым түскеніне біз өкінеміз”, - деп мәлімдеген болатын.

Ресей соты СПИД пен қатерлі ісік дертіне шалдыққан адамның ауруханаға жатқызылуына қарсы

МӘСКЕУ: ЮКОС мұнай компаниясының түрмеде ауыр сырқаттанып жатқан бұрынғы вице-президенті Василий Алексанян азаматтық ауруханаға жатқызылады. Ресейдің жазаны өтеу жөніндегі федералдық қызметінің медициналық комиссиясы осындай шешім қабылдады. Бұл шешімді енді Мәскеудің денсаулық сақтау департаменті құптауға тиіс. Федералдық қызмет Алексанянның қандай ауруханаға жатқызылатынын хабарламады. Мәскеудің Симонов аудандық соты ЮКОС-тың бұрынғы вице-президентінің ісін қарауды тоқтатты, бірақ СПИД пен қатерлі ісік дертіне шалдыққан Алексанянды арнаулы емханаға жатқызуға келіспеді.

НАТО-ның қорғаныс министрлері Ауғанстанға қосымша әскер жіберу мәселесін талқылайды

ВИЛЬНЮС: Ауғанстанға НАТО-ның қосымша әскерін жіберудің қажеттілігі – НАТО-ның қорғаныс министрлерінің бүгін Литва астанасы – Вильнюсте басталатын 2 күндік кездесуінің ең басты мәселесі болмақшы. Күн тәртібін бейресми түрде талқылайтын таңғы ас кезінде НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер әскери одақ үшін Ауғанстанның ең биік міндет болып қалғанын мәлімдеді. Бірақ, ол атап көрсеткендей, Ауғанстанда жетістікке жету соғыс операцияларынан да өзге көп шараны талап етеді, оның ішінде Ауғанстанға да жауапкершілік тиюге тиіс.

Қазақстанда тағы бір діни ұйымның мүшелері сотталып жатыр

ШЫМКЕНТ: Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында 23 пен 35-ке дейінгі 15 адамның үстінен “терроризмді кәсіп етті” деген айып бойынша сот өтіп жатыр. Оларға “Салафиттер” діни ұйымының мүшелері деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 9-ыншы бабы бойынша айыптар, оның ішінде “террористік топ құрды” және “оған жетекшілік етті”, “терроризмді насихаттады” және террорлық іс-қимыл жасауға үндеді” деген айыптар тағылып отыр. Күдіктілердің ішінде Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының тұрғындары бар көрінеді.

Қазақстан мұнай өндірудің көлемін 70 млн, ал өңдеудің көлемін – 12,5 млн. тоннаға жеткізбек

АСТАНА: Биыл Қазақстан мұнай өндірудің көлемін 70 млн. тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгін энергетика және минералды ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде министр С.Мыңбаев осылай деп мәлімдеді. Министрдің хабарлауынша, Қазақстанда өңделетін мұнайдың көлемі 500 мың тоннаға ұлғайтылып, 12,5 млн.-ға жеткізіледі. С.Мыңбаев, сонымен қатар, Қазақстандағы барлық 3 мұнай өңдеу зауытын заман талабына қарай жетілдіру қажеттігін және тағы бір зауыт салу қажет болатынын атап көрсетті.

Қазақстан жер қойнауын игеруге қатысты келісімдерге жаңа шарттар бойынша отырады

АСТАНА: Бүгін Қазақстан премьер-министрі К.Мәсімов ескі шарттар бойынша жер қойнауын игеру туралы жаңа келісім-шарттарға отыруды тоқтатуға нұсқау берді. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде үкімет төрағасы: “ескі шарттар бойынша инвесторлармен арадағы кез-келген келіссөзді тоқтатуға нұсқау беремін, бұл – ең алдымен “ҚазМұнайГаз”-ға қатысты. Алдымен біз жаңа Салық кодексіндегі жаңа шарттарды анықтап алуымыз керек және біз кез-келген жаңа келісімге жаңа шарттар бойынша отыруға тиіспіз”, - деп мәлімдеді. Сонымен қатар К.Мәсімов өз міндеттемелерін орындамаған барлық жер қойнауын игерушілермен арадағы келісімді бұзуға бұйрық берді.

Д.Милибэнд пен К.Райс күтпеген жерден Ауғанстанның оңтүстігіне ұшып келді

КАНДАГАР: Ұлыбританияның сыртқы істер министрі мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы күтпеген сапармен Ауғанстанға келді. Кабулға ұшып келісімен Д.Милибэнд пен К.Райс ханым тәліптер әсіресе белсенді әрекет ететін оңтүстіктегі Кандагарға аттанды. Осыған дейін ол екеуі Ауғанстандағы соғыс қимылдарына байланысты НАТО-ның ішінен шыққан кикілжің бойынша Лондонда келіссөз өткізген болатын. АҚШ пен Ұлыбритания НАТО-ның өзге елдерін әсіресе Ауғанстанның оңтүстігіне қосымша әскер жіберуге шақырады. Бұл мәселе НАТО-ның қорғаныс министрлерінің бүгін Литвада өтетін кездесуінде талқылануға тиіс.

АҚШ өзінің радар жүйесін орналастыруға Чехияны көндірмекші

ПРАГА: Бүгін Прагада АҚШ-тың зымырандық соққыдан қорғану жүйесінің элементтерін Шығыс Еуропаға орналастыру мәселесі бойынша келіссөздің кезекті сатысы өтіп жатыр. Келіссөзге АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Джон Руд пен Чехияның сыртқы істер вице-министрі Томаш Пояр қатысады. Осы айдың басында Польша АҚШ-тың радар жүйесінің элементін поляк жеріне орналастыру туралы Вашингтонмен тиянақты келісімге келді. Ресми Мәскеу Вашингтоннның мұндай жоспарына түбегейлі қарсы.

Грузиндердің саяси оппозициясы наразылық шарасын 8 күн бойы жалғастырмақшы

ТБИЛИСИ: Бүгіннен бастап Грузияның саяси оппозициясы наразылық шарасына кірісіп, онысын 15-інші ақпанда жаппай наразылық шеруімен аяқтамақшы. Оппозиция президент сайлауының ресми нәтижесімен келіспейді, оған қоса ішкі істер министрі мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қызметтерін кетуді және өздерінің үзеңгілестерін түрмелерден босатып, 7-нші қарашадағы Руставели даңғылында болып өткен бейбіт наразылық шеруін күштеп таратуға қатысы бар билік өкілдерін жазаға тартуды талап етеді.

Израиль армиясы Газа аймағына әуеден соққы беріп, 7 адамның көзін жойды

ТАЯУ ШЫҒЫС: Израиль армиясының Газа аймағына жасаған жорығының салдарынан 7 палестиналық – 6 жасақ пен 1 бейбіт тұрғын мерт болды. Израильдің күштері Джабалия мен Туффа қалаларына әуеден соққы берді. Бейт-Ханун қаласын атқылдаған кезде мек оқытушысы оққа ұшты. Палестиналық жасақтар Израиль жерін зымырандармен атқылауын доғармайынша, Израиль Газа аймағына қарсы жорықтарын жалғастыра беретінін мәлімдейді.

Ақ Үй сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолдану туралы даулы тәсілді жақтады

Ақ Үй сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолдану туралы даулы тәсілді жақтады. Ол - заңды және американдықтардың өмірін сақтап қалды, дейді Ақ Үй баспасөз-хатшысы Тони Фрэтто. Оның айтуынша, президент Джордж Буш болашақта лаңкесттікке қатысы бар деп күдіктелгендерге белгілі бір жағдайларда осы әдісті пайдалануды рұқсат етуі мүмкін. АҚШ Орталық барлау агенттігі үш жағдайда сұраққа алынған адамдарға суға батыру әдісін қолданғанын мойындаған болатын. Орталық барлау агенттігінің басшысы Майкл Хэйденнің айтуынша, бұл тәсіл әл-Қаидаға қатысы бар деп күдіктелген үш адамға қолданылған. Сыншылар суға батыру әдісін қинап-азаптау деп айыптап отыр.

НАТО қорғаныс министрлері Ауғанстан мәселесін талқыламақ

НАТО қорғаныс министрлері бүгін Литва астанасы Вильнюсте жиналып, Ауғанстанға көбірек әскер жіберу керектігін талқылайды. АҚШ пен Британия НАТО одақтастарын Ауғанстандағы соғыс ауыртпалығын бірге бөлісуге шақырып, олардан Ауғанстанның аса қауіпті оңтүстік аймақтарына әскер жіберуді сұрады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс бұл аймақтарда НАТО-ға мүше тек кейбір елдердің ғана жауынгерлері бар деп мәлімдеді. Бұл туралы Райс ханым кеше Лондонға сапары барысында айтты. Онда ол Британия сыртқы істер министрі Дэвид Милибэнд және премьер-министр Гордон Браунмен кездесіп, Ауғанстан мәселесін көтерген болатын.

Германия Ауғанстанның солтүстігіне қосымша әскер жібермекші

Германия Ауғанстанның солтүстігіне қосымша әскер жіберетін болады. Қорғаныс министрі Франц Йозеф Юнгтың мәлімдеуінше, қосымша жауынгерлер жазда орналастырылмақ. Алайда Германия өз әскерлерін Ауғанстанның қауіпті оңтүстік аймақтарына жіберуден бас тартып отыр.

Ресей президенті референдум арқылы биліктегі өз мерзімін ұзартуы керек еді деп санайды Өзбек президенті

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин референдум арқылы биліктегі өз мерзімін ұзартуы керек еді. Каримовтың өзі солай жасаған болатын. Мәскеуде журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Өзбек президенті мұндай шешім “қисынды әрі дұрыс” болар еді деп мәлімдеді. Бірақ Каримов өз кеңесінің тым кеш болғанын мойындады. Ресейде келесі айда президент сайлауы өтеді. Конституция бойынша Путин сайлауға үшінші рет қатарынан үміткер ретінде түсе алмайды. Ал Каримов болса екі рет биліктегі мерзімін ұзартып, өткен жылы үшінші мерзімге қайта сайланды. Бақылаушылар Өзбекстандағы сайлауды сынаған-тұғын.

Тағы

XS
SM
MD
LG