Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ахмединежад ирақтық әріптесімен келіссөзін достық, бауырластық тұрғыда өтті деді

Бүгін Иран президенті Махмуд Ахмединежад өзінің Ирақтық әріптесі Жалал Талабанимен өткен келіссөздерін достық әрі бауырластық тұрғыда болды деп түсіндірді. Және екі тарап мүмкіндігінше қарым-қатынастарын жақсарту жоспарын айтқан. Талабани Иран жетекшісінің Бағдадқа сапарын тарихи оқиға деп атаған, бұл Ахмединежадтың 1980 жылдардағы екі елдің соғысынан бергі бірінші Иран жетекшісі ретінде Ираққа сапары болып отыр. Құрама Штаттар Ирақ жетекшілерін Ахмединежадке Иран бұдан былай Ираққа АҚШ әскерлерінің өліміне әкеліп жатқан террорларын жіберуді тоқтатсын деп айтуға шақырған.

Армениядағы қақтығыста 8 адам қаза болды

Бүгін Арменияда түнде полиция мен шерушілер арасында болған қақтығыстан сегіз адам қаза болған. Полиция өкілі 33 полиция өкілі жараланды деп отыр, қаза тапқандар туралы нақты айтпады. Бүгін қарулы күштер мен әскери көліктер Ереван көшелерін бақылауда ұстап отыр. Президент Роберт Кочарян полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болған соң сенбі күні кешкісін елде 20 күндік төтенше жағдай жариялады. Азаттық алаңына шатыр тігіп жатқан оппозиция қолдаушылары 10 күннен аса өткен айдағы президенттік сайлау қортындысына жаппай наразылық танытып келе жатқан, кеше үкіметтік күштер шерушілерге күш қолданды. Елдегі төтенше жағдай тәртібі енді ешбір жиналыс, шеру өткізуге, ақпарат таратуға тыйым салады.

Ресейде президенттік сайлау өтуде

Бүгін ресейліктер президенттік сайлауға қатысуда. Онда қазіргі президент Владимир Путиннің мұрагері Дмитрий Медведевтің жеңіске жететіні күтіліп отыр.Сауалнамалар қазір бірінші вице премьер әрі мемлекеттегі ірі энергетикалық компания Газпромның басшысы, 42 жасар Дмитрий Медведев 60 пайыздан жоғары дауыс алады дегенді көрсеткен. Ал, президенттіктен үміткер Коммунистер партиясының жетекшісі Геннадий Зюганов сайлауда заңбұзушылықтар болды деді:

“Өкінішке қарай, заң бұзушылықтар көп. Бүгін Қиыр Шығыстан түскен ақпараттарға қарағанда, сайлау науқаны кеше де, бүгін де жалғасқан, оны бірінші болып жергілікті басшылар жасап отыр. Менің таң қалғаным, кейбір аймақтық губернаторлар кеше сайлаушыларды биліктің кандидатына дауыс беруге шақырған”.

Ресейдегі тәуелсіз сайлау бақылаушылар дауыс беру учаскелерінде өрескел заң бұзушылықтар болғанын хабарлап жатыр. Бірқатар оппозиция жетекшілері мұны заңды бұрмалаушылық деп дауыс берулерді айыптады. Батыстық бақылаушылардың көбі бұл сайлауға байкот жариялап отыр.

АҚШ пен Дания жетекшілері Ауғаныстанға көбірек әскер жіберу керек деді

АҚШ президенті Джордж Буш пен Дания премьер министрі Андерс Фог Расмуссен, НАТО-ға мүше елдерді Ауғаныстанға көбірек әскер жіберуге шақырды. Екі елдің жетекшісі Буштың Техастағы ранчосында өткен келіссөздерден кейін осындай үндеу айтты. Буш өз кезегінде, НАТО-ға мүше елдердің сәуірдің 2 мен 4-де Бухаресте өтетін НАТО саммиті барысында, Ауғаныстанға көбірек жасақ жіберуге шақыруды өзінің жоспарлап отырғанын айтты.

АҚШ-тың әскери жетекшісі Ираққа келді

Бүгін Құрама Штаттардың жоғары әскери өкілі Ираққа күтпеген жерден сапар жасап отыр. Адмирал Майк Муллен Бағдадта ирақ ресмилерімен, АҚШ қолбасшыларымен кездеседі. Бұл сапар Иран президентінің Бағдадқа сапарымен тұспа-тұс келіп отыр.

Израйл Газаға соққысын тоқтатпаймыз деді

Бүгін Израйл адам шығындары көбейгеніне байланысты айтылған халықаралық сындарға қарамастан, Хамас жауынгерлері тығылған Газа аймағына шабуылын жалғастыруға сөз беріп отыр. Израйл премьер министрі Израйл террорлық ұйымға қарсы соғысын бір сәтке тоқтатпайды деген. Бүгін Еуропа Одағы Израйл әскерін “өлшеусіз күш қолданды” деп айыптады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунда кеше Израйлдың төтенше күш қолданғанын сынаған. Сенбі күні Израйл әскерінің әуе шабуылдарында, арасында бейбіт тұрғындар бар, 60 шақты адамды өлген.

Армения полициясы алаңдағы ереуілшілерді күшпен тарқатты

Армениядағы оппозицияны қолдаушылар алаңға қайтадан жинала бастады. Бүгін таңертең полиция Ереван орталығындағы жүздеген шерушіні күшпен таратқан еді. Азаттық алаңына шатыр тігіп жатқан оппозиция қолдаушылары 10 күндей өткен айдағы президенттік сайлау қортындысына жаппай наразылық танытып келеді. Армения Ішкі істер министрлігінің күштері мен полициясы таңғы сағат 7-де алаңды қоршап алып, шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданып, электр соққысын беріп, дойырмен соққылап, бірнеше көтерілісшіні автобустарға күшпен мінгізіп, полиция бекеттеріне әкеткен. Сондай-ақ, президенттіктен кандидат оппозиция жетекшісі Левон Тер-Петросян да ұсталып, үй қамауына алынған.

Ирақ пен АҚШ Түркияның Ирақтағы операциясын аяқтағанын қоштады

Ирақ үкіметі мен Құрама Штаттар Түркияның Ирақтағы күрд көтерілісшілеріне қарсы операциясын аяқтағанын оң қабылдады. Түркия әскері Ирақтың солтүстігіндегі бұл Күрд Жұмысшылар партиясы партизандарына қарсы операциясын бір апта бұрын бастап, кеше аяқтаған. Олар бұл шабуылдарында 240-дай күрд жасағын өлтірдік деп отыр. Және қақтығыстарда түркиялық 27 әскер мерт болған. Ирақ президенті Жалал Талабани, бұл әскери операцияның аяқталуы Түркияның шабуылдар шектеулі әрі уақытша болады деген мәлімдемесінің шындыққа жанасатынын көрсетеді деген.

Британия ханзадасы Ауғаныстаннан еліне қайтты

Бүгін Британия ханзадасы Харри 10 аптадай Ауғаныстандағы британдық күштермен бірге болған әскери қызметін аяқтап, еліне қайтарылып отыр. Британдық күштер Хельманд провинциясына талибан күштеріне қарсы орналастырылған. Британия патшайымы Елизавета ханымның 23 жасар немересі ханзада Харри американдық веб-сайтта оның Ауғаныстанда сарбаз ретінде қызмет етіп жатқаны туралы жазған соң, еліне қайтарылып отыр. Харри Ауғаныстанға өткен желтоқсанда құпия жағдайда жіберілген. Британия ханзадасы мен оның бірге жүрген британдық әріптестерінің қауіпсіздігіне байланысты келісіммен, Британияның Қорғаныс министрлігі оның Ауғаныстанға орналасқаны туралы хабарламаған.

НАТО бас хатшысы АҚШ-тың Ауғаныстанды бағалауымен келіспейді

НАТО бас хатшысы Яап Де Хуп Скефер өзінің АҚШ барлау агенттігінің Ауғаныстан территориясының тек 30 пайызын ғана Ауған үкіметі бақылап отыр деген есебімен келіспейтінін айтты. Уашингтонда сапармен жүрген Яап Де Хуп Скефер, өзінің американдықтардың бұл бағалауымен келіспейтінін, бірақ өзі балама баға бере алмайтынын айтты. Сәрсенбі күні АҚШ-тың Ұлттық барлау агенттігінің басшысы Майкл МакКоннел Ауғаныстанның 30 пайызы Ауған үкіметінің, 10 пайыз аймағы талибандардың, қалғаны жергілікті топтардың бақылауында деп айтқан болатын.

Ауғаныстан шығысында жол бомбасынан үш бейбіт тұрғын қаза болды

Бүгін Ауғаныстанда жол бойына қойылған бомба жарылысынан ішінде бір әйел мен балалар бар үш адам қаза тауып, жеті адам жараланған. Жарылыс Әли шер ауданының бір отбасы екінші бір ауылға бара жатқанда болған. Бұл бомба ауған күштері мен шетелдік әскерлер жүретін жолға қойылған. Жаугерлік топ әрдайым осы күштерді нысанаға алып, жол бойында бомба жарылысын жасайды, бірақ одан көбінесе бейбіт тұрғындар құрбан болады.

Сербия Косовоны басқару тобы құрылғанына қарсылық танытты

Сербия Косово үшін халықаралық басқару тобының құрылуына қатысты БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунға қарсылығын білдірді. Сыртқы істер министрі Вук Иеремич Бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатынан тыс топты құру заңсыз деген. Бейсенбі күні Венада Косово тәуелсіздігін қолдаған 15 ел халықаралық басқару комитетін құрған. Бұл комитет БҰҰ-ның арнайы өкілі Мартти Ахтисааридің жоспарымен құрылды. Ресей өткен жылы бұл Ахтисааридің бұл жоспары Қауіпсіздік Кеңесіне жетпей тұрғанда, оған тосқауыл қойған еді.

Иран тағы да БҰҰ-ның санкциясы заңсыз болады деді

Бүгін Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Техранға қарсы қандай да бір қарары заңсыз болады дегенді қайталады. Үкімет өкілі Голам Хоссейн Эльхам қауіпсіздік Кеңесіндегі Иран жағдайы ауаны соққылау сияқты көрінеді деген. Жұма күні Қауіпсіздік Кеңесі Иранның уран байытуды тоқтатпай отырғанына байланысты үшінші мәрте санкция енгізу мәселесі бойынша қарар дайындаған. Ол бойынша дүйсенбі күні дауыс беру өтеді.

Иран Ирақтың инфрақұрылымдық жобасына 1 млрд доллар несие бермек

Иран көрші Ирақ елінің инфрақұрылымдық жобаларына 1 млрд доллар несие ұсынады. Бұл Иран президенті Махмуд Ахмединежадттың ертең Бағдадқа болар сапары алдында айтылып отыр.

Қырғызстандағы лай тасқыны бес адамның өмірін әкетті

Бүгін Қырғызстанның Төтенше жағдайлар агенттігінің айтуынша, елдің шығысындағы Ыстықкөл аймағында болған лай тасқынынан бес адам қаза болды. Орталық Азия елдерінің таулы аймақтарында лай тасқыны жиі орын алады. Әсіресе, көктемгі мезгілде таудағы қалың қар ерігенде лайлы көшкін болып ағады.

Түркия Ирақ шекарасындағы күрдтерге қарсы шабуылын жалғастыруда

Түркиялық “НТВ” телеарнасы хабарлағандай, Ирақтың солтүстігіндегі түрік әскері кері қайтып жатыр. Олар өткен аптадан бастап күрд көтерілісшілеріне қарсы шабуыл жүргізіп жатқан, операциялары аяқталғаны туралы ресми хабарланбады. Алайда, Түркияның шабуылдары аяқталды деп айту тым ерте болғанымен, Бағдадтағы АҚШ ресмилері кейбір түркиялық күштердің шекарадан өтіп Түркияға оралғанын айтқан.

Ирақтың президенттік кеңесі Саддамның туысы “химиялық Әлиді” жазалау үкімін мақұлдады

Ирақ президентінің кеңесі Саддам Хуссейннің жақын туысы әрі сол кезде қорғаныс министрі болған “Химиялық Әли” деген атпен танымал Әли Хассан әл Мәжидке берілген өлім жазасы үкімін мақұлдады. Әл Мәжидке “химиялық Әли” деген атау 1980 жылдары ирақтағы күрдтерге газ шабуылын жасауға нұсқау берген соң тағылған. Үкімді жүзеге асыру күні айтылмады. Әл Мәжид өткен жылы дарға асылуы керек болған, бірақ Ирақ президенті мен оның екі орынбасары ол үкімді мақұлдаудан бас тартқан.

БҰҰ-дағы Ресей елшісі Еуро Одақтың Косоводағы миссиясын заңсыз деп атады

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Еуропа Одағының Косоводағы жоспарланған миссиясын заңсыз деп атады. Виталий Чуркин БҰҰ-ның 1999 жылғы Косовода әкімшілік құру қарары өз күшінде және БҰҰ-ның миссиясы Косовода қала береді деген. Еуропа Одағы БҰҰ-ның Косоводағы ол әкімшілігінің орнын басатын 1800 адамнан тұратын азаматтық полиция мен әділ сот жүйесін құру тобын жіберу жөнінде келісімге келген. Косово тәуелсіздік жариялаған ақпанның 17-нен бері ол еуропалық миссия Косовода орналасуға дайындық жасап жатыр.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға 3-ші мәрте санкция енгізу мәселесі бойынша сенбіде дауыс береді

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі сенбі күні Иранның ядролық бағдарламасына байланысты үшінші мәрте санкция салу қарары бойынша дауыс береді. АҚШ елшісі Залмай Халилзад бұл қарарды бүгінгі талқылауларда Кеңеске мүше көп ел қолдап отыр деген. Ол санкция салуды қарастыратын қарарда, Иранның уран байыту ісіне жауапты ресми тұлғаларының есеп шоттарын жабумен қоса, ирандық ресмилердің шетелге шығуына шектеу енгізу қаралған.

В. Путин ресейліктерді жексенбі күнгі президенттік сайлауда дауыс беруге шақырды

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтарын жексенбі күнгі президенттік сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Бұл сайлау ресейліктерге шынайы жақсылық әкелетін маңызды процесс деген. Батыс елдері бұл сайлауға алдын ала шешіліп қойылған мәселе ретінде қарап отыр, сауалнамалар мен сарапшылар онда Путиннің мұрагері Дмитрий Медведев жеңетінін айтуда. Батыстық бақылаушылардың көбі бұл президенттік сайлауға байкот жариялады.

Ресей мен Венгрия “оңтүстік ағыс” құбыры бойынша келісім жасады

Ресей мен Мажарстан Ресейдің энергия көзін Еуропаға шығаратын жаңа газ құбырын салу туралы келісім жасады. Бұл келісімге Кремльде Ресей президенті мен Венгрия премьер министрі салтанатты жағдайда қол қойды. Бұл құбыр жолы Венгриядағы “оңтүстік ағыс” құбырының бір бөлігі болады, одан кейін Болгария мен Сербия арқылы шығады.

Қызылорда облысының әкімімен бірге тағы 17 адам тікұшақ апатына ұшырады

ҚЫЗЫЛОРДА: Қазақстанда Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған тілшіміздің хабарлауынша, Қызылорда облысында Сырдария өзеніндегі сеңнің қозғалысын әуеден бақылап жүрген кезінде осы министрлікке қарайтын тікұшақ жерге құлап, оның ішінде болған 18 жолаушының 5-еуі қаза болды, қалғандары түрлі жарақат алды. Олардың ішінде облыс әкімі М.Құл-Мұхаммед те бар.

Бішкекте Оңтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны проблемасы талқыланады

БІШКЕК: Бүгін Бішкекте Қырғызстан мен Тәжікстанның және Өзбекстан мен Қазақстанның су-энергетика мекемелері басшыларының келіссөзі өтуге тиіс. Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрлігінің баспасөз-қызметі атап көрсеткендей, бұл - биылғы жылы Орта Азияның ең өзекті проблемасына арналған бірінші мәжілісі. Нарын-Сырдария су бассейнінің су-энергетика ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы 4-жақты келісімді пысықтау және энергоресурстарымен алмасу – осы басқосудың күн тәртібіне қойылған ең маңызды мәселелер болады.

Сенбі күні Нью-Йоркте Иранға жаза қолдану мәселесі дауысқа салынады

НЬЮ-ЙОРК: Осы демалыс күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі уран шикізатын байыту бағдарламасынан бас тартпаған Иранға қарсы үшінші жаза – санкция қолдану мәселесі қарастырылған Қарардың жобасын дауысқа салуға тиіс. АҚШ-тың БҰҰ-ндағы елшісі Залмай Халилзад дауыс беру сенбі күні болады деп болжап отыр. Британ елшісі Джон Соуэрс те Қарардың жобасы сенбі күні дауысқа қойылуы мүмкін, бірақ кейінгі ысырылауы да мүмкін деп мәлімдеді.

АҚШ президентін түрік армиясының Солтүстік Ирақтағы жорығы алаңдатып отыр

ВАШИНГТОН: Кеше АҚШ президенті Дж.Буш Түркияны өз әскерін Ирақтың солтүстігінен ертерек алып кетуге шақырды. Ақ үйде өткізген баспасөз-маслихатынды Дж.Буш:

«Түріктердің бұзып кіруі ұзаққа созылмауы керек және ол жалпы уақытша болуға тиіс. Басқаша айтқанда... түріктер көздеген мақсатына тез жетіп, ертерек кетуге тиіс», - деп мәлімдеді.

Ал осы кезде АҚШ-тың қорғаныс министрі Р.Гейтс Анкарада Түркия басшыларымен кездесіп, түрік әскерінің күрдтерге қарсы Солтүстік Ирақтағы соғыс қимылдарын талқылады. Р.Гейтс те ресми Анкараны әскерді Ирақтан мейлінше тез шығаруға үгіттеді.

Тағы

XS
SM
MD
LG