Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ресейдің “Аэрофлот” компаниясы Италияның “Алиталия” әуе компаниясына серіктес болуы мүмкін

Италияда жаңадан сайланған премьер-министр Сильвио Берлускони бүгін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында қаржысыз қалған “Алиталияны” құтқаруда “Аэрофлот” рөл атқаруы мүмкін деп мәлімдеген. Келіссөздерден кейін өткізген баспасөз-мәслихатында Путин “Аэрофлот” Алиталиямен келіссөзді қайта бастауға дайын деп атап көрсетті. Путин Ливияға сапарынан кейін Берлусконимен кездесу үшін Сардинияға келген болатын.

АҚШ президенті мен Британия премьер-министрі Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермейміз дейді

АҚШ президенті Джордж Буш пен Британия премьер-министрі Гордон Браун Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу үшін күш біріктіреміз деп уәде берді. Вашингтондағы Ақ Үйде өткізген баспасөз-мәслихатында Буш егер Иран уран байыту технологиясын дамыта алатын болса, бұл білім ядролық бомба жасауға пайдаланылуы мүмкін деп мәлімдеді. Ал Браун болса, Иранға қарсы Еуропалық санкциялар күшейтілуі мүмкін деп ескертті. Иран үкіметі ядролық қару жасамақшы деген айыптарды жоққа шығарып отыр.

НАТО Грузияға қолдау білдірді

Грузияның жікшілдік бағыттағы аймақтары Абхазия және Оңтүстік Осетиямен арадағы қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі Ресей әрекеттеріне орай бүгін НАТО одағы Грузияға қолдауын білдірді. НАТО баспасөз-хатшысы Джэймс Апасурайдың мәлімдеуінше, НАТО Ресейдің өз шешімін қайта қарап шығуын қалайды. Бүгін сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің президенті Думисани Кумало Грузиядан өтініш түскен соң бұл мәселе Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше жиынында алдағы аптада қаралуы мүмкін деп хабарлады. Грузин ресмилері Ресейді Грузияның егемендігін бұзуда деп айыптап отыр.

БҰҰ Пәкістанды ауған босқындарына қатысты жоспарын қайта қарап шығуға шақырды

БҰҰ Пәкістанды 2009-шы жылға дейін шамамен 2,5 миллион Ауған босқынын еліне қайтару жөніндегі жоспарын қайта қарап шығуға шақырды. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің Пәкістандағы ресми өкілі Килиан Клейншмидттің мәлімдеуінше, Пәкістан жоспары сәтті болмауы мүмкін және ол жағдайды ушықтырып жіберуі ыхтимал. Хабарларға қарағанда, Ауғанстан Пәкістан жоспары бойынша елге қайтарылатын ауғандықтардың бәріне бірдей жағдай жасап бере алмайды.

Ауғанстандағы жарылыстан екі голландиялық сарбаз құрбан болды

Ауғанстанда орын алған жарылыстан қаза тапқан екі Голландия әскерінің біреуі жаңадан тағайындалған қарулы күштер қолбасшысының ұлы болып шықты. Бұл туралы бүгін Голландия ресмилері хабарлады. Олардың айтуынша, 23-жастағы Деннис ван Ухмға әдейі шабуыл жасалды деп айтуға дәлел табылмаған. Құрбан болған сарбаздың әкесі генерал Питер ван Ухм бейсенбі күні өз жұмысына кіріскен болатын. Бүгінгі жарылыстан сондай-ақ екі Голландия жауынгері жарақат алған.

Ирақ күштері Моқтада әл-Садр қолдаушыларының Басрадағы кеңсесін қоршап алды

Ирақ күштері бүгін шииттердің радикалды көсемі Моқтада әл-Садр қолдаушыларының Басрадағы кеңсесін қоршап алды. Ішкі істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Абдул Карим Халафтың айтуынша, премьер-министр Басрада саяси қозғалыстар мен партиялар орналасқан барлық үкіметтік ғимараттарды 48-сағаттың ішінде қайтарып алуға бұйрық берген.

Молдова Днестр маңы аймағының мәселесі осы жылы шешілетін шығар дейді

Молдова сыртқы істер министрі Андрей Стратанның мәлімдеуінше, Молдова үкіметі өзінің бөлініп қалған Днестр маңы аймағына қатысты мәселені осы жылдың аяғына дейін шешетініне сенімді. Бұл туралы Стратан бүгін Люблянада Словения сыртқы істер министрі Дмитрий Рупельмен кездесуінен кейін айтты. Ресей мен АҚШ және Еуропа Одағы сияқты барлық маңызды мәмілегерлер бұл даудың тезарада шешілуін қалайды, дейді Стратан. Орыс тілді Днестр маңы аймағы 1990-шы жылы біржақты түрде Молдовадан тәуелсіздігін жариялаған болатын.

АҚШ пен Британия басшылары Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу үшін күш біріктіреміз деп уәделесті

Вашингтондағы бірлескен баспасөз-мәслихатында сөйлеген сөзінде Дж.Буш Техранның уран байыту технологиясын жетілдіруі қауіпті қару-жарақ жасауға жетікзеді деп тағы да атап көрсетті. Британия премьер-министрі Гордон Браун Иранға қарсы санкцияларды қатаңдату қажет деген ұсыныс білдірді. Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа бағытталғанын мәлімдеп келе жатқаны аян.

Алдағы аптаның басында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Грузия-Ресей пікірталасы бойынша төтенше мәжіліс өткізеді

Президент Саакашвили Ресейден Грузия егемендігіне қол сұқпауды сұрады. Грузия президентінің мұндай ескертуі Мәскеу Грузияның сепаратистік екі аймағымен экономикалық-әлеуметтік байланыстарды нығайтамыз деп мәлімдегеннен кейін айтылды. Ресей президенті В.Путин өз үкіметін Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймақтарымен ынтымақтастық дамытуға шақырған болатын. Грузияның сыртқы істер министрі Давид Бакрадзе Мәскеудің мұндай әрекетіне қатысты өз елі БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің төтенше мәжілісін шақыруды сұрағанын айтқан болатын.

Сербия БҰҰ-ның наразылығына қарамастан, Косово аймағында сайлау өткізбекші

Сербия Косовоның ақпан айында өз тәуелсіздігін жариялағанын және БҰҰ-ның қойған талаптарын ескерместен, 11 мамырда Косовода парламенттік және жергілікті сайлау өткізетіндіктерін хабарлады. Сербия сауда министрі Предраж Бубало бұл жөніндегі шешім үкімет отырысында бірауыздан қабылданды деп айтқан. Бұған орай БҰҰ-ның ресмилері тарабынан бірден жауап бола қойған жоқ. 1999 жылы НАТО күштері этникалық албандар сепаратистерін Сербияның басып-жаншуын әуе шабуылдары арқылы тоқтатқаннан бері, Косово аймағы БҰҰ-ның әкімшілік басқаруында болып келген. БҰҰ-ның ресмилері ұйымның мандатына қайшы келеді деп, Сербияны Косовода жергілікті сайлау өткізуге қарсы ескерткен болатын.

Ауғанстан билігі жанкештілік шабуылында кеше 24 адам қаза тапты дейді

Ауғанстанның оңтүстік батысындағы Заранж қаласындағы мешітте орын алған жанкештілік жарылысында 24 адам опат болса, 35 кісі түрлі жарақат алғандығын айтқан провинция губернаторы. Қаза тапқандардың арасында полицияның екі офицері болған. Жанкештілік бомба шабуылының жауапкершілігін ешқандай топ өз мойнына алмаған.

Ирақта жанкештілік жарылысында кемінде 50 адам опат болды

Ирақ полициясы жарылыстың жерлеу рәсімі үстінде жасалғанын айтқан. Жанкештілік шабуыл Бақуба қаласының жанындағы араб сунниттерінің аулында орын алған. Бұдан бірер күн бұрын Рамади қаласындағы жанкештілік жарылыста кемінде 10 адам қаза тапса, Бақубада жол-көлік бомбасының жарылуынан 40 адам опат болып, ондаған адам жарақаттанған еді.

Зерттеулер Ирақтағы АҚШ әскерінің 300 мыңдайы жүйке ауруы мен күйзеліске ұшырағанын көрсеткен

Тәуелсіз жүргізілген зерттеулер Ирақ пен Ауғанстаннан оралған американдық жасақтардың 300 мыңға жуығы терең күйзеліс, жаны мен жүйкесі ауыратын жағдайға жеткен деген қорытынды жасаған. Бұл көрсеткіш АҚШ-тың «ыстық нүктелерден» өткен 1,5 миллион әскерінің 18 процентін құрайды екен. «RAND Corporation» өткізген сауалнамада сондай-ақ тағы 320 мыңдай жасақтың соғыс аймағында көргендері мен бастан кешкен жайттардан ақыл-есі мен миына зақым келгендігі айтылады.

Ресей Ливияның 4,5 миллард доллар қарызын кешірді

Бұл жөнінде хабарлаған қаржы министрі Алексей Кудрин оның есесіне Ресей өз компаниялары үшін Триполиден бірнеше миллард доллардың тиімді контрактілеріне қол жеткізді дейді. Ресей президенті В.Путин мен Ливия жетекшісі Муаммар Кадафи арасында ынтымақтастық жайында бірнеше құжатқа қол қойылды.

Ресми Тбилиси Мәскеумен арадағы теке-тіресінде халықаралық қауымдастықты көмекке шақырды

ТБИЛИСИ: Бүгін Грузия президенті М.Саакшвили Ресейден Оңтүстік Осетия мен Абхазия республикаларымен арадағы қарым-қатынасын кеңейту арқылы өзінің егемендігін бұзуын тоқтатуды талап етті.

«Ресей Федерациясы жағынан біз Грузияның біртұтастығы мен егемендігін бұзатын барлық шешімін қайта қарауын күтеміз және талап етеміз. Мен Грузияның бейбіт жолмен бірігуіне өзіміздің барлық күш-жігеріміз бен халықаралық қауымдастықтың іс-әрекетін жұмылдыратынымызды әркімнің білгенін қалаймын», - деп мәлімдеді М.Саакашвили.

Өткен сәрсенбі күні Ресей президенті В.Путин үкіметке Оңтүстік Осетиямен және Абхазиямен арадағы ынтымақтастықты кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Ресми Тбилиси халықаралық қауымдастықты араша түсуге шақырды.

Делидегі Олимпиада алауының эстафетасы 3 шақырымға дейін қысқарды

ДЕЛИ: Бүгін Олимпиада алауының Үндістан астанасындағы эстафетасы қауіпсіздікті сақтаудың теңдессіз қатаң шараларымен өткізілді. Делидегі алаудың шеруі 3 шақырымға да жетпей қысқартылып, эстафета – іс жүзінде – сап түзеп дәліз құрып тұрған мыңдаған полицей мен армия жауынгерінің арасынан өтті. Тибеттің қуғында жүрген тұрғындары мен тілектестері эстафетаға бөгет қоймақ болды. Қытайдың Тибеттегі озбыр саясатына наразы болған халық осыған дейін де Олимпиада алауының Еуропа мен Америка қалаларындағы эстафетасы талай рет кедергіге тап болды. Үндістанда Тибеттің 100 мыңдай халқы тұрады.

Ауғанстанда да өлім жазасына мораторий жариялануы мүмкін

КАБУЛ: Адамның құқын қорғайтын Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Ауғанстан президенті Х.Қарзайды 100-ге тарта адамды өлім жазасына кескен үкімге қол қоймай, жалпы өлім жазасын уақытша тоқтатуға – мораторий жариялауға шақырды. Ұйымның үндеуінде ерекше атап көрсетілгендей, Ауғанстанның құқықтық жүйесі халықаралық стандарттарға лайық емес және сол себепті де айып тағылған кісі өлім жазасына кесілуі мүмкін істердің сотта әділ қаралуын қамтамасыз ете алмайды.

Ирақта соңғы 2 тәулікте түрлі террорлық қастандықтан 100-ге тарта кісі қаза болды

БААКУБА: Ирақ полициясы хабарлағандай, бүгін жанпидашыл-террорист кісі жерлеу кезінде өзін-өзі жарып, одан 50-ге тарта адам қаза тапты. Бұл қастандық Ирақтың солтүстігіндегі Баакуба қаласына жақын сүнниттер тұратын қышлақта іске асырылды. Одан 2 күн бұрын Әр-Рамади қаласында да жанпидашыл-террорист өзімен бірге шамамен 10 кісіні жарып өлтірді. Ал Баакуба қаласында автокөлікке орнатылған бомбаның жарылысынан тағы 40-қа жуық кісі құрбан болып, талай адам жараланды.

Ресей Ливияның $4.5 млрд. берешегін кешіріп, одан әлдеқайда көп шартқа қол жеткізді

ТРИПОЛИ: Ресей Ливияның 4.5 млрд. доллар қарызын есептен сызып тастады. Оның есесіне Мәскеу Ливиядан Ресей компанияларына миллиардтаған доллардың келісім-шарттарын алып берді. Триполи қаласында бүгін осындай құжаттарға Ресей президенті В.Путин мен Ливияның басшысы Муаммар Каддафидің көзінше қол қойылды. Екі жақ оның ішінде Ресейдің “Газпромы” мен Ливияның мұнай-газ компаниясының бірлескен кәсіпорын құруы және Ресей мамандарының Ливияда темір жол салуы туралы келісімдерге келді.

Елдегі ірі латифундист саналатындардың бірі парламент мінберінен үкіметтің астық экспортына шектеу енгізу туралы саясатын сынады

АСТАНА: Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаты үкіметтің астық экспортына тыйым салуына қарсылық білдіріп, премьер-министр К.Мәсімовке сауал жолдады. Атап айтқанда, Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Р.Мадинов үкімет басына жолдаған сауалында “егер үкіметтің дерегі бойынша Қазақстанда 4.5 млн. тоннадан астам бидай болса, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қандай қатердің төнуі мүмкін?” деген мәселе қояды. Бұған дейін Қазақстандағы ірі жер иесінің бірі ретінде Р.Мадиновқа кейбір оппозициялық ұйымдар тарапынан сын айтылып келген болатын. Тағы бір Мәжіліс депутаты Т.Сыздықов та астық экспортына тыйым салуға қарсы шықты.

Ресейдің “Русалы” мен Қазақстанның “Самұрығы” көмірді бірге өндіріп сатады

АСТАНА: Алюминий шығарудан әлемде екінші орында тұрған Ресейдің “Русал” компаниясы Қазақстанның мемлекеттік активтерін басқаратын “Самұрық” холдингісіне Екібастұздағы “Богатырь” және “Северный” көмір кеніштерінің 50 пайыздық үлесін 345 млн. долларға сату туралы келісімге келді. Бұл келісім-шарт “Самұрық” холдингісі мен “Русал” компаниясының өзара бірлескен кәсіпорын құру туралы 2007-нші жылдың қарашасындағы уағдаластық бойынша жасалып отыр. Бірлескен кәсіпорын көмір өндіріп, оны Ресей мен Қазақстандағы тұтынушыларға жеткізумен, сондай-ақ металлургия өнеркәсібіне қажетті электр қуаты өндірісін құрумен шұғылданады.

Сенаторлар Б.Обама мен Х.Клинтон ханым президент сайлауына жұптасып түскісі келмейді

ВАШИНГТОН: АҚШ-тағы президент сайлауына Демократиялық партиядан түсетін 2 үміткер Х.Клинтон мен Б.Обама 22-нші сәуір күні Пенсильвания штатында болуға тиіс бастапқы сайлаудың алдында өзара пікірсайыс өткізді. Оның барысында 2 сенатор да күзде өтетін президент сайлауында Республикалық партияның үміткері Джон Маккэйнді оңай жеңе алатындарын мәлімдеді. Алайда «сайлауға президент пен вице-президент лауазымына үмтікер болып жұптасып түсуге түсуге дайынсыздар ма?» деген сауалға Б.Обама да, Хиллари ханым да жауап беруден бас тартты.

Бежин Олимпиадасының алауы – бүкіл әлемде түрлі бөгетке ұшыраумен келеді

ДЕЛИ: Тибеттің қуғында жүрген тұрғындары мен тілектестері Бежин Олимпиадасының алауы жеткізілген Үндістан астанасында наразылық ереуілін өткізе бастап, Делидің әуе жайында олардың 50-ге жуығы ұсталды. Олимпиада алауының эстафетасы өтетін Делидің көшелеріндегі қауіпсіздікті әуеден тікұшақтардың қолдауымен 15 мың тәртіп сақшысы қамтамасыз етіп жүр. Қытайдың Тибеттегі үстемдік саясатына қарсы наразылық ереуіліне шыққан халық осыған дейін Олимпиада алауының Еуропа мен Америка қалаларындағы эстафетасы талай рет кедергіге тап болды. Үндістанда Тибеттің 100 мыңдай халқы тұрады.

Ирақ премьер-министрі “Әл-Қаида” ұйымына тойтарыс бере алатынына сенеді

БРЮССЕЛЬ: Бүгін Ирақ премьер-министрі Нұри Әл-Мәлики Брюссельде Еуропа Одағы мен НАТО-ның өкілдерімен кездеседі. Оның қарсаңында Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Әл-Мәлики Ирақ үкіметінің терроршыл “Әл-Қаида” ұйымына тойтарыс бере алатынына сенетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Ирақ премьері таяу болашақта ұлттық ауызбірлікке жету жолындағы ең маңызды қадам болып табылатын энергетика туралы жаңа заңның қабылданатынын хабаралы.

Қазақстан жемқорлыққа қарсы халықаралық құжатты қабылдады

АСТАНА: Бүгін Қазақстан Парламенті Сенатының пленарлық мәжілісінде депутаттар “БҰҰ-ның сыбайластық жемқорлыққа қарсы Конвенциясын бекіту туралы” заңды қабылдап, құжат президенттің қол қоюына жіберілді. Бұл құжатта мемлекеттік қызмет, сауда-саттық, мемлекеттік қаржы салаларындағы сыбайластық жемқорлыққа жол бермеуді көздейтін кешенді іс-шаралар қарастырылған. “БҰҰ-ның сыбайластық жемқорлыққа қарсы Конвенциясын” Нью-Йоркте 2003-інші жылдың 31-інші қазанында Бас Ассамблея қабылдады.

Тағы

XS
SM
MD
LG