Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қырғыз соты тәуелсіз газетке айыппұл салды.

Тәуелсіз "Де-Факто" газеті маусымның 12-дегі санында Бішкек қалалық салық инспекциясының басшысын және Ауыл шаруашылық министрін сыбайласқан жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, мақала жариялаған болатын.
Осы мақала қос ресмидің ар-намысына тиді деген шешім шығарып, Қырғыз соты "Де-факто" газетіне 57 мың доллар айыппұл салды. Газет сотқа қайрылмақшы.

Өзбек соты 4 әйелді соттады

Хизбут Тахрир мүшесі деп ол әйелдерге 3 жылдан 5 жылға дейін түрмеге қамау жазасын Денау қаласының соты кесті. Хизбут Тахрир ұйымы Өзбек үкіметін биліктен кетіруге ашық шақырып келеді. Ел билігі бұл ұйымды елдегі талай шабуылдарды ұйымдастырды деп айыптауда.

Биліктегі партия тағдыры Түрік Жоғарғы сотында қаралуда

Үкімет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның Әділет және Даму партиясының бекзаттық қоғамға қатысты ұстанымы сынға алынуда. Түрік Kонституциясы бойынша қорғалатын бекзаттық қоғамның негізгі ұстанымдарына нұқсан келтіруде деп, аталған партияны бекзатшылар сынауда. Осыған орай тыңдаулар Жоғарғы конституциялық сотта бүгін басталды.

Соңғы 6 айда Ауғанстанда қарулы шабуылдар көбейе түсті

Қауіпсіздік кеңсесі деп аталатын Ауғанстандағы үкіметтік емес ұйымның мәліметіне қарағанда, қарулы шабуылдар саны 50 пайызға көтеріліп кеткен екен. Негізінен қайырымдылық көмек ұйымдары қызметкерлері нысанаға айналған. Өткен жылы олардың 15-і сондай құрбандар қатарында болса, биылғы 6 айда 19 көмек ұйымының жұмыскерлері қаза болған екен.

Британияда Исламдық алғашқы қамсыздандыру фирмасы жұмысын бастады

Бұл фирма бүгін жұмысын бастады. Салаам Халал деп аталатын фирма шарты бойынша тәуекелшіл әрекеттер қорытындысы қамсыздандырылған тараптар арасында бөлінеді. Дәстүрлі қамсыздандыру шарттары бойынша қаржылық тәуекелшіл нәтижелер қамсыздандырылған адамнан қамсыздандыру фирмасына қарай жүктеледі. Салаам Халал фирмасында қамсызданғысы келетіндер, сонымен бірге ортақ қорға да үлес салуы тиіс. Ол қаржы содан кейін Шариғат заңдары бойынша жұмыс істейтін, яғни өсім алмайтын және арақ саудасымен айналыспайтын, инвестиция көздеріне салынады. Бұл шара Британияда тұратын бір миллион 600 мың мұсылман үшін жүзеге асырылуда.

Караджичтен кейін тұтқындаулар одан әрі жалғасады

Бұл жөнінде Серб үкімет басшысы Мирко Цветкович бүгін Сальцбургте журналистерге хабарлады. Радован Караджичтің тұтқындалуы- ресми Белградтың халықаралық міндеттемесін ресми түрде мойындауының белгісі және соғыста қылмыс жасады деп күдікке ілінгендерді тұтқындау одан әрі жалғасады деді ол. Еуропа одағы Сербия елімен байланысын жандандыра түседі деп үміттенетіндерін де Цветкович айтып өтті.
Оған орай келісімді жүзеге асырмас бұрын соғыс қылмыскерлері деп күдікке ілінгендердің көптеп тұтқындалуын қалайтынын Еуроодақ айтқан болатын.

Қазақстанда үлескерлер проблемасымен айналысатын комиссия құрылмақшы

Қазақстан үкіметі жанынан алданып қалған үлескерлер проблемасымен айналысатын комиссия құрылмақшы. Комиссияға үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев төрағалық ететін болады. Оның құрамына азаматтық қоғам өкілдері де енбекші. Комиссия жұмысында Республикадағы барлық үлескерлердің проблемалары қамтылмақшы.

Қазақ спортшысы Фофонов Францияда жарыстан шеттетілді

Францияның Есірткіге қарсы күрес агенттігінің хабарлауынша, спортшының қан құрамында гептаминол атты қоздырғыш зат мөлшері қалыпты жағдайдан көбейіп кеткен. Шабандоз Дмитрий Фофонов бүгінгі жарыста 19-орынды иеленді. Оның қан құрамына тексеру шілденің 24-де жасалған болатын. Бұдан бұрын испаниялық екі, италиялық бір спортшы осындай айыптаумен жарыстан шығып қалған еді.

Бас дәрігер журналистің сөзін жоққа шығарды

Бүгін Алматыда арнайы баспасөз маслихатын өткізген Тараз қаласының жедел-жәрдем ауруханасының басшысы Сағи Бейсембеков бұған дейін өзіне «зорламақ болды» деп кінә таққан «Литер» газетінің тілшісі Зарина Нокракбекованың сөзін жоққа шығарды. Бас дәрігер осы қызметке келген күннен бастап, белгісіз біреулердің жұмыс телефонына жиі-жиі хабарласып, «өз еркімен орныңды босат немесе сені басқалай жолдармен кетіруге мәжбүр етеміз» деп айтқандарын хабарлады. Журналистің өзіне жала жабуын, оның қызметіне көзі түсіп отырған белгісіз адамдардың жүргізіп отырған ойыны деп түсіндірді. Сондай-ақ, Бейсембеков 27 маусым күні Заринаның шақыртуымен қонақ үйде кездескендерін, бірақ, журналисті зорлауға әрекет жасамағанын айтты.

Украинадағы су тасқынынан 13 адам қаза болды

Украинаның батысында қатты жауған нөсерден болған су тасқыны 13 адамның өмірін әкетті. Тағы 7 мыңдай адам басқа жаққа көшірілді. Украинаның Төтенше жағдайлар министрлігі Румыниямен шекаралас бұл аймақтағы 21 мың үй су астында қалғанын айтып отыр. Днестр су қоймасы суға толып, көп судан бөгесіндердің бұзылу қаупі туып тұр, деп ескертеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

Иранның сүннит топтары тұтқындағы екі полицейді өлтірді

Бүгін әл-Арабия теледидары өздеріне ирандық сүннит тобынан тағы екі полиция қызметкерін жазалағандары туралы хабар түскенін айтып отыр. Өздерін "Құдайдың сарбазымыз" деп айтатын Жундалла тобы маусымның 12-де Сарван қаласындағы 16 полицейді ұстап әкеткен. Бұл топ оларды көрші Пәкістан шекарасына апарып, Иран билігінен өздерінің 200 тұтқынын босатуды талап еткен. Жундалла тобы талаптары орындалмаса, апта сайын екі полицейді өлтіріп отыратындықтарын мәлімдеген. Содан бері 16 полицейдің 10-ы өлтірілген.

Түркиялық соғыс ұшақтары Ирақтың солтүстігін атқылады

Бүгін Түркия әскерилері соғыс ұшақтарымен Ирақтың солтүстігіндегі күрд көтерілісшілеріне соққы бергенін айтуда. Түркия күштері иран-ирақ шекарасына жақын жердегі Күрд жікшілдерінің жетекшілігі орналасты делінген 12 базаны атқылаған. Күрд көтерілісшілері 1984 жылдан бері Түркияның оңтүстік шығысын автономия етіп алу жолында күресіп келеді. Олар Түркияға шабуылдау үшін Ирақтың солтүстігіне бекінген. Түркия күштері ақпан айында да Ирақтың солтүстігіндегі күрдтерге әуе шабуылдарын жасаған.

Бүгін Иранда 29 адам дарға асылды

Иранның мемлекеттік теларнасының веб парақшасында хабарланғандай, Техрандағы Евин түрмесінде өлім жазасына кесілген 29 адам дарға асылды. Олар адам өлтірген, зорлық жасаған, қарулы күшпен ұрлыққа барған, есірткі саудасын жүргізгендер екені айтылып отыр. Елдегі Жоғарғы Сот үкімді мақұлдаған соң, үкім бойынша олар дарға асылған. Осы жылы жүзден аса адам дарға асып өлтірілді.

Австрия баспасөзі: Р. Караджич Венада бірнеше ай тұрған

Австриялық басылымдар жазып жатқандай, соғыс қылмыстары үшін іздеуде болған Радован Караджич 2006 жылдың маусымынан 2007 жылдың соңына дейін Вена қаласында емші ретінде тұрған. Онда Караджич серб әйелдің бөлмесін жалға алып тұрғаны анықталған. Сол маңдағы жергілікті дәмхана иесі Караджич аптасына екі-үш рет келіп, тамақ алып тұрғанын айтқан. Австрия полициясы да өздерінің осыған дейін емші екенін айтқан Караджичке ұқсайтын бір адамды сұраққа алып, кейін босатып жібергенін айтып отыр.

Македония парламенті жаңа үкіметті мақұлдады

Бүгін Македония парламенті премьер министр Никола Груевский ұсынған жаңа үкімет құрамын мақұлдады. 78 депутаттың барлығы жаңа кабинетті қолдап дауыс берді. Груевскийдің консервативті партиясы 1-ші маусымдағы сайлауда парламенттегі басым орынды жеңіп алған. Бірақ, олар Демократиялық Одақпен бірігіп одақтас үкімет құрып отыр.

Сербия прокуратурасы президентке төнген қауіпті зерттеп жатыр

Сербия прокуратурасы президент Борис Тадичке қарсы ұлтшылдар тарапынан болуы мүмкін қауіпті анықтауда. Сербияның радикалды партиясының жетекшісі ел президентін соғыс қылмыстары бойынша іздеуде болған Радован Караджичті ұстап бергені үшін сатқын деп айыптаған.
Әсіре ұлтшыл радикалды партия жетекшісі мәлімдегендей, 2003 жылы өлтірілген бұрынғы премьер министр Зоран Джинджич сияқты президент Борис Тадич те қастандық құрбаны болуы мүмкін. Тадичтің Демократиялық партиясы өз жетекшілерінің өміріне қауіп төндірген соң, ұлтшылдар жетекшісіне қарсы қылмыстық тергеу амалдарын бастауға шақырған.

Ауғанстанда 70 шақты талибан жауынгерінің көзі жойылды

Ауғанстанның шығысындағы Хост провинциясының басшысы Арсала Жамалдың айтуынша, бүгін таңертең НАТО ұшақтарының әуе шабуылдарынан 70-ке жуық талибан жауынгері өлтірілді. Талибан жасағы таң ата Пәкістан шекарасына жақын Спера ауданында екі полицияны өлтірген соң, қоршауда қалған полиция күштері НАТО-ны қолдауға шақырған.

БҰҰ-ның Косоводағы өкілі билігі азайғанын айтады

Косоводағы БҰҰ-ы миссиясының басшысы жаңа Конституция күшіне енгеннен бері этникалық албандар аймағындағы өзінің құзыры азайып қалғанын айтып отыр. БҰҰ-ның өкілі Ламберто Занниер Қауіпсіздік Кеңесіне айтқанында, маусым айында конституциялық заң күшіне енгеннен бері Косовадағы БҰҰ-ның миссиясына косоволықтар мен сербиялықтар арасында диалог жүргізу айтарлықтай қиындап кетті деген. Көбіне батыс елдері бар 40-тан аса ел тәуелсіздігін мойындаған Косованың Сербиядан бөлінуіне Белград пен Мәскеу қарсы болып келеді.

Ауғанстанның солтүстігінде талибан қолбасшысы өлтірілді

Ауған Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, өткен түнде қауіпсіздік күштері елдің солтүстігіндегі талибан қолбасшысын өлтірген. Мулла Усман деген қолбасшыны ауғандық күштер Тахар провинциясының Калафган ауданындағы операциясы барысында өлтірді.

Б. Обама сапарын Лондонда жалғастырды

Бүгін АҚШ президенттігінен үміткер Барак Обама өзінің шетелдік сапарының соңғы күнінде Лондонда Британия премьер министрі Гордон Браунмен кездесті. Оның алдында Обама бұрынғы премьер министрі және Таяу Шығыс бойынша бейбітшілік елшісі Тони Блэрмен кездескен. Обама Таяу Шығыс пен Еуропа сапарын өткен аптада бастаған еді.

Иранда өлім жазасына кесілген 30 адамға үкім орындалады

Хабарларға қарағанда, жексенбі күні Иранда 30 адамға шығарылған өлім жазасы орындалмақшы. Олар адам өлтіргендер, есірткі тасымалымен ұсталғандар және тыйым салынған жыныстық байланыстар құрған адамдар екені айтылып отыр. Бірақ, олардың бәрі бірдей Теһранда жазалана ма, ол жағы белгісіз болып отыр. Өткен жылы Иран, көбісі көпшілік алдында, 290-дай адамның өлім жазасы үкімін орындаған.

АҚШ телеарнасы Иран президентімен сұхбат жүргізеді

АҚШ-тың “NBC” телеарнасы Иран президенті Махмуд Ахмединежадпен сұхбат беретіндіктерін айтып отыр. Телеарнаның жаңалықтар жүргізушісі Брайан Уильямс Теһранда президент Ахмединежадтың алдында отырып сұхбат алады. Бұл сұхбат дүйсенбі күні кешкі бағдарламада беріледі. Сұхбат тамыздың 2-сі күні Иранның ядролық бағдарламасына байланысты алты елдің Теһранға уран байытуды тоқтатуға берген соңғы күні қарсаңында болайын деп отыр. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Британия және Германия елдері Иранды ядролық материалдар жасайтын бағдарламасынан бас тартуға шақырып келеді.

Түркия премьер министрі сот шешімі алдында ұлттық бірлікке шақырды.

Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған Конституциялық сот оның жетекшілігіндегі партияны жабу мәселесін талқылауды бастауға екі күн қалғанда, халықты ұлттық бірлікке шақырып отыр. Бүгін жарық көрген газетке берген сұхбатында Ердоған бұрындары қателік жасаған болуым мүмкін деген. Бірақ, ол қазір Түркияға әлеуметтік бейбітшілікті қалпына келтіру қажет және барлық түріктің бірлікте өмір сүруі маңызды деген. Прокуратура Ердоған мен оның партиясын елдің бұрыннан келе жатқан негіздерін бұзып, Түркияға исламшыл заңдарды енгізуді қарастырып жатыр деп айыптайды.

Караджичті Гаага сотына тапсыруға қарсылық танытатын уақыт аяқталды.

Жұма күні кешкісін босниялық серб жетекшісі Радован Караджичті халықаралық Гаага сотына тапсыруға қарсы шағым беретін уақыт аяқталды. Бүгін таңертең Караджичтің адвокаты сербиялық “Политика” газетіне берген сұхбатында экстрадиция уақытын соза тұру туралы өтінішті жұма күні кешкісін пошта арқылы жолдағанын айтты. Егер ол өтініш жетсе, Сербияның соғыс қылмыстары бойынша сот алқасы үш күн ол мәселені қарап, не өтінішті қабылдайды, не Караджичті Гаага сотына тапсырады. Соғыс қылмыстары бойынша іздеуде болған Р. Караджич бірнеше ай Австрияда тұрғаны анықталып отыр.

“Газпром” түркмен газы үшін көбірек ақша төлеуге келісті

Ресейдің “Газпром” компаниясы келесі жылдан бастап Түркмен газын қымбатырақ бағаға сатып алу жөніндегі келісімге кол қойды. Бұл келісім “Газпром” басшысы Алексей Миллердің Түркменстанға сапарынан кейін жасалды. Алайда газ бағасының қаншалықты көтерілгендігі белгісіз. Сонымен қатар, “Газпром” Түркменстандағы жаңа құбырлардың салынуын қаржыландыратын болады деп хабарланып отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG