Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Грузияда ЕуроОдақ миссиясы болады

Еуропа Одағы қазан айының басына дейін Грузияда азаматтық бақылау миссиясын бастамақшы. ЕуроОдақтың сыртқы саясат басшысы Хавьер Солананың мәлімдеуінше, бұл мәселе ЕуроОдақ сыртқы істер министрлерінің жұма күні Францияда өтетін жиынында талқыланбақ.
Миссия өткен айда Ресей-Грузия күштері арасында болған қақтығысты тоқтатқан бейбіт келісімнің қалай орындалып жатқандығын бақылайтын болады.

Ирақта Бахрейн елшілігі ашылады

2003 жылы АҚШ Ирақты басып алғаннан кейін алғашқы рет Бағдадтағы Бахрейн елшісі тағайындалып отыр. Патша Хамад бұл лауазымға бұдан бұрын Нью Йорктегі БҰҰ-да қызмет атқарған дипломат Салах әл-Мәлкиді таңдады.
АҚШ суннит араб үкіметтерін Бағдадпен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, Ирақ үкіметіне көмектесуге шақыруда.

Грузиндер шеруге дайындалуда

Грузиндер шеруді Ресейдің Грузиямен соғысына байланысты Еуропа Одағын Мәскеуге мықты жауап қайтаруға ынталандыру үшін өткізуді жоспарлап отыр. Хабарларға қарағанда, наразылық танытушылар ел астанасы Тбилисиде және Грузияның басқа да аймақтарында, сондай-ақ Еуропаның үлкен қалаларында жиналмақшы. Президент Михаил Саакашвили грузиндерді шеруге қатысуға шақырды.
Бүгін Брюсселде ЕуроОдақ басшыларының саммиті өтеді.

Ресейде сайт иесінің өлімі тергелуде

Ресейдің Ингушетия аймағында интернет парақшасының иесі оққа ұшқан соң прокурорлар адам өлтіру бойынша бастапқы тергеу ісін ашып отыр. Ресми билікті сынағаны үшін танымал болған интернеттегі ingushetiya.ru веб парақшасының иесі Магомед Евлоев жексенбі күні Назран әуежайында полиция тұтқындаған соң оққа ұшқан болатын.
Адам құқығын қорғаушылар Евлоевтың өліміне байланысты тергеу ісін мұқият жүргізуге шақырды.

Анбар Ирақ күштерінің бақылауына өтті

Бүгін Ирақ күштері Анбар өлкесін өз бақылауына алды. Бұған дейін бұл аймақтағы қауіпсіздікке АҚШ әскерилері жауапты болып келген еді. Сонымен Ирақ күштерінің бақылауына елдегі 18 өлкенің 11-і өтіп отыр. 2003 жылы АҚШ Ирақты басып алған соң, Анбар провинциясында бір кездері ирақтық суннит арабтары АҚШ жетекшілігіндегі күштерге қарсы соғысқан болатын.

Ауғандықтар қарапайым халықтың өліміне наразы

Ашу-ызасы келген тұрғындар Кабулдың шығысында наразылық шарасын өткізді. Олардың айтуынша, АҚШ жетекшілігіндегі коалиция күштері мен aуған әскерилері рейд барысында бір бейбіт тұрғын мен оның екі баласын өлтірген. Ауғанстандағы НАТО күштері бұл оқиғаны растай алмады. Қарапайым тұрғындардың қаза болу мәселесі ауғандықтар мен шетел күштері арасында шиеленіс туғызды.
Ауған үкіметінің ресмилері шетел күштерін тамыздың аяғында Херат өлкесінде 90-ға жуық қарапайым азаматты өлтірді деп айыптап отыр.

Ресей Грузияға қатысты Батысқа ескерту жасады

Ресей Батыстың Грузия басшылығын қолдауды жалғастыра беруі “тарихи үндестік қателігі” болады деп ескертті. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. Бүгін Еуропа Одағына мүше 27 елдің жетекшілері Брюсселде кездесіп, Ресейдің Грузиямен соғысынан кейін Мәскеуге қысым жасау жолдарын талқылайды деп күтілуде. Лавров сондай-ақ Грузияға қару-жарақ шектеуін енгізуге шақырды. Хабарларға қарағанда, саммит барысында ЕуроОдақ басшылары Тбилисиге қолдау көрсетеді деп күтілуде.

Брюссель саммиті Грузия мәселесін талқылайды

Бүгін Брюсселде Еуропалық Одақ елдері басшыларының кезектен тыс саммиті басталады. Оған қатысушылар Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін Ресейдің мойындауынан соң қалыптасқан жағдайды талқыламақшы.
Қазір Еуропалық Одақтың төрағалығында отырған Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнер, саммит қарсаңында жасаған мәлімдемесінде, бұл мәселе бойынша «теңгерімді және берік резолюция» қабылданатындығына үміт білдірді.
Тәуелсіз сарапшылар саммитке қатысушы елдер Грузияның территориялық тұтастығына қолдау білдіріп, Ресей билігіне қарулы күштерін «қауіпсіздік аймақтарынан» шығаруды талап етіп үндеу жасайды деген болжам айтып отыр.

АҚШ сұрапыл дауылдан сақтанып жатыр

Луизиана мен Техас штаттарының теңіз жағалауындағы елді мекендеріне төніп келе жатқан «Густав» деп аталатын жойқын дауылдан сақтанған екі млн-ға жуық адам өз үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.
«Густавтың» әлегінен АҚШ президенті Дж.Буш бүгін Миннесота штатында басталуы тиіс Республикандықтар партиясының маңызды жиынына қатыса алмайтын болды. Президент Техас штатына шұғыл аттанып, тұрғындарды қауіп төнген аймақтан көшіру ісін қадағаламақ.

Тұтқындау туралы жаңа тәртіп күшіне енді

Қазақстанда тамыздың 30-нан бастап азаматтарды қамауға алу туралы шешім шығару құзыреті толықтай соттарға көшті. Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, судья қамау туралы шешім шығарған кезде оған күдіктінің өзі, адвокаты және прокурор міндетті түрде қатысуы керек.
Қамауға алу туралы өтініш сотқа келіп түскен сәттен бастап 8 сағаттың ішінде қаралуы тиіс. Ал қамау мерзімі екі айдан аспауы керек. Тек тергеу аяқталып үлгермеген жағдайда ғана сот ол мерзімді қосымша ұзарта алады.

Алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балғын шәкірттер өз өмірлеріндегі тұңғыш сабаққа қатысты. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстандағы жалпы орта бiлiм мекемелерiнiң желiсiндегі оқу орындарында 2,5 млн-нан астам шәкірт оқып, білім алады.

Рамазан айы басталды

Бүгін Қазақстандағы мұсылман жамағат үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Елдегі мешіттерде тауарих намазы оқылды. Бұл айда балиғатқа жасы жеткен, ақыл-есі дұрыс адам үшін азаннан күн ұясына қонғанша нәр татпай ораза ұстап, пітір мен зекет беру мұсылмандықтың парызы болмақ. Қазақстанда биылғы Рамазан айы 29 күнге созылады.

Грузия ресейліктер үшін виза тәртібін қатайтты

Бүгін Грузия Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматтарына қатысты виза тәртібін қатайтатынын ескертті. Бұл қадам ресми Кремль Грузияның екі жікшіл аймағының тәуелсіздігін мойындаған соң болып отыр. Осыған дейін Ресей азаматтары Грузияға кіру рұхсатын шекарадан алып келген болса, енді қыркүйектің 8-нен бастап олар визаны Грузияның консулдығы мен дипломатиялық кеңселерінен ғана ала алады. Бұл екі арада жүретін ресейліктерге қиындық туғызады, өйткені жұма күні Тбилиси өзінің Мәскеумен дипломатиялық байланысын тоқтатқандығын хабарлаған еді.

АҚШ пен Ресей ұшақтары әуеде қағыса жаздады

Атлант мұхитының үстінен ұшып бара жатқан АҚШ пен Ресейдің жолаушылар ұшағы бір-бірімен соқтығысып қала жаздап, бір минуттың ішінде бағыттарын өзгертіп үлгерді. Құрама Штаттардың әуе қауіпсіздігі ресмилерінің хабарлауынша, американдық Дельта мен ресейлік Трансаэро ұшақтары Пуэрто-Рико маңында бірдей биіктікте ұшып бара жатқанда, оларға дабыл қағылып, Ресей ұшағына ескерту жіберілген.
Трансаэро бір минуттың ішінде 90 метрге дейін төмендеп, апатқа жол берілмеді. Ол екі ұшақта қанша адам болғаны әлі белгісіз.

Үндістанда су тасқынынан мыңдаған адам зардап шекті

Үндістан ресмилері елдегі су тасқынынан 600 мыңнан аса адам азық-түлік, ауыз сусыз тығырыққа тіреліп қалды деп отыр. Соңғы 50 жыл болмаған мұндай табиғат апатынан 60 адам қаза тауып, зардабын 3 млн халық тартуда. Тағы 300 мың адам үйлерінен айырылып, үкіметтің көмегімен өзге орында тұрып жатыр. Тұрғындарды табиғи апат аймағынан басқа жерге көшіру шаралары кең көлемде жүріп жатыр.

Шри-Ланкада жарылыс болды

Бүгін Шри-Ланка астанасы Коломбода бомба жарылысынан 45 адам жараланды. Елдегі әскерилер бұл жарылыс үшін “Тамил барыстары” көтерілісшілерін кінәлап, олардың нысанаға бейбіт тұрғындарды алып отырғанын айыптады. Шри-Ланкада бірнеше жыл бойы азаматтық соғыс жүріп жатыр. Соңғы айларда әскерилер бүлікшілердің мекенін талқандаған соң, қақтығыс күшейіп кетті.

Кабулдың маңында бірнеше бүлікші өлтірілді

Ауғанстандағы АҚШ бастаған одақтас күштердің хабарлауынша, өткен түнде Кабулдың солтүстігіндегі әуе шабуылдарынан бірнеше бүлікші қаза тапты. Халықаралық күштер Каписа уәлаятының Нижраб ауданындағы бүлікшілерді нысанаға алған. Одақтас күштер шабуылын бастамас бұрын жаугерлік топтар оларға оқ атып бастаған.

5 млн ауғанға азық-түлік көмегі қажет

Оксфам қайырымдылық қорының мәліметіне қарағанда, Ауғанстандағы 5 млн халық алдағы қыста азық-түлік тапшылығын тартады. Британиялық қордың айтуынша, ондай тапшылыққа бірнеше себеп бар. Елдегі құрғақшылық, азық-түлік бағасының өсуі және кең етек жайған тұрақсыздық халықтың ашығуына негіз болмақ. Тамақ жоқшылығы орталық Дайкунди аймағына қатты әсер етуі мүмкін. Оксфам тобы Ауғанстанға бұл мәселені шешуге 400 млн доллар қаражат қажет дейді.

Грузия президенті Потиге барды

Грузия президенті Михаил Саакашвили күтпеген сапармен Поти портына барды. Бұл аймақта әлі де ресейлік күштер қалып отыр. Грузия президенті қаланың сыртындағы күзет бекеттерінде орналасқан ресейлік әскерлерді “басқыншылар” деп атады. Осының алдында Тбилиси өзінің екі жікшіл аймағының тәуелсіздігін мойындаған Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынасын тоқтататындығын айтқан. Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі РИА новости агентігіне Ресей өзінің Тбилисидегі елшілігін жабатын болады деген.

Республикандық үміткер вице-президент таңдады

Бүгін АҚШ баспасөзі хабарлағандай, Республикалық партияның атынан президент сайлауына түсетін сенатор Джон МакКэйн вице-президент лауазымына Аляска штатының әкімі Сара Пэйлинді таңдап алды.
МакКэйн вице-президенттікке үміткермен бірге бүгін Огайо штатына баруға тиіс.
Джон МакКэйн - алдағы аптада Миннесота штатында өтетін партия сьезінде Республикалық партияның үміткері болып ресми түрде мақұлдануы тиіс. Қараша айында ол демократтардың үміткері Барак Обамаға қарсы дауысқа түседі.

Тбилиси Мәскеумен қарым-қатынасын үзеді

Бүгін Грузияның сыртқы істер вице-министрі Григол Вашадзе ресми Тбилиси сепаратистік екі республикасының тәуелсіздігін мойындаған Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынасын үзеді деп мәлімдеді.
Одан бір күн бұрын грузин парламенті Ресеймен дипломатиялық байланысты үзу туралы үкіметтің ұсынысын мақұлдаған болатын.
Сонымен қатар бүгін грузин премьер-министрі Ладо Гургенидзе Ресейдің Грузиядағы бітімгершілік операциясын аяқтау туралы ресми құжатқа қол қойды.

Караджич тағылған айыптарды мойындамады

Бүгін Гаагадағы Халықаралық трибуналда Босния сербтерінің бұрынғы серкесі Радован Караджич өзінің қылмыстық ісі бойынша жауап беруден бас тартты.
Караджичтің бұл әрекеті трибуналды әскери 11 қылмысы мен геноцид саясатын жүргізді деген айыптар бойынша ол өз кінәсін мойындамайды деген мәлімдеме жасауына мәжбүр етті.
Караджичке 1995 жылы Сребреница қаласының 8 мың бейбіт мұсылман тұрғынын жаппай қырды, Сараево қаласын 43 ай бойы қоршауда ұстап бомбалады, адамзатқа қарсы қылмыстар істеді деген айыптар тағылды.
13 жыл бойы бас сауғалап келген Караджич шілде айында Сербияда қолға түсіп, Гаага трибуналына берілді.

ШЫҰ Ресейдің “Кавказ саясатын” қолдамады

Тәжік президенті Эмомали Рахмон ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевке көптеген халықаралық және аймақтық проблема бойынша Тәжікстан өзінің “стратегиялық әріптесі” – Ресейді қолдайды, бірақ жанжалдарды дипломатия жолымен шешкен дұрыс деп мәлімдеді.
Душанбеде жүрген Д.Медведев Шанхай ынтымақтастық ұйымының бейсенбі күні болып өткен кезекті саммитінде Ресейдің Грузиядағы саясатына қолдау таппақ болды.
Келіссөзден кейін Шанхай ұйымының өзге мүшелері Ресейдің Кавказдағы “белсенді рөлін” қолдайтындарын, бірақ кез-келген жанжалды бейбіт жолмен шешу керектігін және территориялық тұтастықты сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Ресей “Үлкен жетіліктегі” әріптестерін айыптайды

Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін танығанын сынайтын “Үлкен жетіліктің” мәлімдемесі әділ емес, олар Грузияның басқыншылық әрекетін ақтайды.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде осылай деп атап көрсетілген.
Министрлік “Үлкен жетілік” өз мәлімдемесінде Ресейді Грузия территориясының тұтастығын бұзды деп негізсіз жазғырады.
Министрлік, сонымен қатар, Францияның және ЕуроОдақтың көмегімен қол қойылған бейбіт жоспардың барлық 6 тарауын да Ресей бұлжытпай орындады деп есептейді.

Далай Лама ауруханаға түсті

Үндістанда Тибеттің рухани көсемі Далай Лама ауруханаға түсті. Хабарға қарағанда, денсаулығының сыр беруіне байланысты ол дәрігерлік тексеруден өтеді.
73 жастағы Далай Ламаның өкілдері мәлімдегендей, оның әлі кетіп, қуат-күші азайғандықтан шетелдерге баратын сапары кейінге қалдырылды.
Далай-лама Францияда 11 күн сапарда болып, Үндістанға енді ғана оралған болатын.

Тағы

XS
SM
MD
LG