Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Израиль соғысынан Газада 560-тан астам адам құрбан болды

Израиль армиясы Газа аймағындағы ХАМАС ұйымының билігіне қарайтын Газа қаласын үш жақтан қоршауға алып, Газадағы құрлық соғысын кеңейте түсті. Палестина жағының хабарлауынша, таң сәріде Израиль танктері Газаның оңтүстігіндегі Хан-Юнус қаласына басып кірді.
Өткен дүйсенбіде Израиль танктерінің атқылауынан израильдік 3 жауынгер қаза болып, тағы 20 жауынгері жараланды.
Жалпы өткен 11 күннің ішінде Газада 560-ден астам палестиналық қырылды. БҰҰ- олардың кем дегенде ¼-і бейбіт тұрғындар деп мәлімдеді. Израиль жағынан мерт болғандардың саны 8-ге жетті.
Осыған дейін Израиль Еуропа Одағы атынан Франция президенті Николя Саркози мен Чехияның сыртқы істер министрі Карел Шварценбергтің бітімге келу туралы ұсынысын қабылдамады.

Мәскеу мен Киевтің “газ дауы”: Еуропа газсыз қалды

Ресей мен Украинаның арасындағы “газ дауының” салдарынан Еуропа елдеріне айдалатын көгілдір отын жартылай тыйылды немесе толық доғарылды. Сейсенбі күні Болгария мен Түркия, Грекия мен Хорватия және Македония украин территориясымен келетін тасымалданатын Ресей газының мүлде тоқтағанын мәлімдесе, Румыния, Мажарстан және Аустрия өздеріне арналған газ қысымының 2/3-ге немесе одан да көпке төмендегенін хабарлады.
Сейсенбі күні ресми Киев Еуропаға арналған орыс газының 2/3-ге қысқарғанын мәлімдеді. Бірақ Ресейдің "Газпром" концерні Еуропаға арналған газды Украина заңсыз алып отыр деп айыптады.
Газ бағасы бойынша Киевпен уәжге келе алмаған соң, Ресей Украинаға газ беруін 1 қаңтардан бастап доғарды.

БҰҰ: Газа аймағында қайырымдылық дағдарыс басталды

Қайырымдылық мәселелері бойынша БҰҰ Агенттігінің төрағасы Джон Холмс Газа аймағының қайырымдылық дағдарысына ұшырағанын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Израиль басқыншылығының салдарынан Газаның халқы ас-судан, электр жарығынан, азық-түліктен, дәрі-дәрмектен және күнделікті тұрмыста бірінші кезекте қажет тағы басқадан мұқтаждық көру үстінде.
Өз кезегінде Израиль шекарада “қайырымдылық көмек” дәліздерінің үнемі ашық тұрғанын айтып, Газада қайырымдылық дағдарысы жоқ деп мәлімдеді.

Қазақстан: оппозициялық журналист ауруханада тұтқындалды

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз-қызметі “Алма-Ата-ИНФО” газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің тұтқындалғанын растады.
Баспасөз қызметінің ҚазТАГ агенттігі келтірген хабарына қарағанда, “мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді заңсыз жинап, жариялағаны үшін бас редактордың үстінен қылмыстық іс қозғалып, оны тұтқындау туралы шешім қабылданды. Қазір ол қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің тергеу абақтысында отыр”.
Алайда “Журналистер апатта” атты журналистердің құқын қорғайтын қордың президенті Розлана Таукина “Алма-Ата-ИНФО” газетінің бас редакторын қан қысымы асқынып, ауруханада жатқан жерінде ұстап алып кеткен Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің әрекетін заңсыздық деп бағалады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Р.Есіргепов тұтқындалғанда оның денсаулығы түзелді деген дәрігерлік анықтама болғанын мәлімдейді.

Астанада зәлім үйлер мен ғимараттардың өртенуі жиіледі

Қазақстан астанасындағы көп қабатты үйден шыққан өрттен 10 адам зардап шекті. Барлығы да ауруханаға жеткізілді. Қазақстанның Төтенше жағдайлар бойынша министрлігі хабарлағандай, өрт үйдің бір кіре-берісіндегі кабель шахтасынан шықты. 3 сағаттың ішінде өрт сөндіріліп болып, үйден 50 тұрғын көшірілді
Астана қаласында осындай апаттар жаңадан бой көтерген зәулім тұрғын үйлерде ғана емес, Есіл өзенінің сол жағалауындағы қытайлық арзан құрылыс материалдарынан салынған жаңа әкімшілік орталығында да болып тұрады. Кезінде Көлік және коммуникация, Мәдениет және ақпарат министрліктері орналасқан 34 қабатты зәулім ғимарат та өртенген болатын.

Пәкістан президенті тұңғыш сапармен Кабулға келеді

Сейсенбі күні Пәкістан президенті Асиф Әли Зардари бірінші ресми сапарымен Кабулға келеді.
Кабулдағы Пәкістан елшілігі хабарлағандай, Зардари ауған президенті Хамид Қарзаймен екі елдің шекарасы бойындағы экстремизмге тойтарыс берудің проблемаларын талқылайды. Осыған дейін Х.Қарзай ресми Исламабадты өз жерін паналаған содырлардың соғыс базаларын жоюға жеткілікті көңіл бөлмейді деп айыптап келді. Ресми Кабулдың пікірінше, экстремистер Ауғанстанға Пәкістан жағынан өтіп келеді.

Ресми Дели мен Исламабадтың арасы суып барады

Сейсенбі күні Үндістанның премьер-министрі Манмохан Сингх Пәкістанды “соғыс шоғына май құйып отыр” деп айыптады. Оған қоса үнді премьері Мумбай қаласындағы террористік шабуылды Пәкістанның мемлекеттік мекемелерінің көмегінсіз ұйымдастыру мүмкін емес деп мәлімдеді.
М.Сингх бұл пікірін қауіпсіздік проблемасы бойынша Делиде басталған конференцияда айтты. Ол атап көрсеткендей, Үндістан біртұтас ел болып қала береді, ал Мумбайдағы секілді қайғылы оқиғалар тек халықтың бірлігін арттыра түседі.

Ресей Украина арқылы экспорттайтын газды қысқартты

Ресейдің Газпром компаниясы Украина арқылы өтетін газ транзитін 3 есе қысқартты. Ол туралы Украинаның “Нафтогаз” концерні хабарлады. Оған қоса Ресейдің газ монополисі Украинаның “Нафтогазымен” байланысын толық үзді.
Ресейлік газ транзитінің халімен танысу үшін сейсенбі күні Киевке ЕуроОдақтың делегациясы келуге тиіс болатын. Украинамен газ бағасы бойынша келісімге келе алмаған соң Ресей көрші елге газ беруін доғарды. Содан кейін Газпром ресми Киевті Еуропаға арналған газды ұрлады деп айыптады.
Ал дүйсенбі күні Газпром Украина арқылы экспорттайтын газдың көлемін 65 млн. текше метрге қысқартатынын мәлімдеді. Ресей жағының айтуынша, Киев дәл осыншама газды заңсыз алды.

Газада Израиль соққысынан 550-ден астам адам қырылды

Газа аймағында Израиль армиясы мен ХАМАС ұйымының қарулы құрамалары арасындағы шайқас жалғасты. Хабарға қарағанда, таң сәріде Израиль танктері Газаның оңтүстігіндегі Хан-Юнус қаласына басып кірді. Газаның Шеджайя ауданында соғыс қимылдары басталғаныннан бергі ең ауыр шайқас болды. Израиль танктері бір топ адамды атқылап, одан бірнеше өз жауынгері қаза болып, тағы 20 жауынгері жараланды. 6 палестиналық партизан қаза тапты.
Жалпы өткен 10 күннің ішінде Газада 550-ден астам палестиналық қырылды, оның ішінде қаншама әйел мен бала болды. Ал Израильдің 5 бейбіт тұрғыны көз жұмды.
Израиль ХАМАС ұйымын еврей елді-мекендерін зымырандармен атқылау мүмкіндігенен айырғанша, соғыс қимылдарын жалғастыра береді.

Петропавлда түрік азаматының өліміне қатысты сот ісі басталды

Солтүстік Қазақстанда «Фора» дәмханасының иесі, 34 жастағы кәсіпкер Мұстафа Атактың өліміне қатысты 31жастағы Ильнур Гусейновті айыптаған сот ісі басталды, — деп хабарлады ҚазТАГ.
Тергеу материалдары анықтағандай, И.Гусейнов пен оның достары дәмханаға келіп, тапсырыспен алдырған тағамдарына көңілдері толмағандықтарын айтады. Даяшылар дау-жанжалдан құтқару үшін дәмхананың иесін көмекке шақырады. Дәмхананың иесі келіп, жағдайды түсіндірмек болғанда тұтынушының біреуі оның жүрегіне бірнеше рет пышақ сұғып алады. Оған көмекке келген екі адам қоса жараланады. Олардың бәрі ауруханаға жеткізілгенімен, кафенің иесі бірнеше сағаттан кейін қайтыс болады.
М.Атактың өліміне қатысты И.Гусейновке ҚР Қылмыстық кодексінің 5 бабы бойынша айып тағылып отыр, бірақ оның достарының кім екендіктері әлі анықталған жоқ.

Рамазан Есіргепов куәгерден күдіктіге айналған тәрізді

Бұл туралы Азаттыққа «Алма-Ата ИНФО» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің әйелі Раушан Есіргепова хабарлады. «Бүгін таңертең Алматы қалалық ҰҚК-не барған газет қызметкерлеріне ондағы тергеуші Рамазанның қылмыстық іс бойынша куәгерден күдіктіге айналғанын айтыпты», — дейді Раушан Есіргепова.

ҰҚК қызметкерлерінің бұл әрекетін заңсыз деп есептеген ол: «Кез келген адамды тұтқындар кезде оған туыстарына, отбасына қоңырау шалуға мүмкіндік беріледі, бұл оның заңдық құқы. Ал мына жағдайда ҰҚК-нің ешқандай заңға бағынбайтыны көрініп тұр, сондай-ақ олардың кардиология институтында жатқан ауру адамды қалай алып кеткені де түсініксіз, яғни олар Рамазанды ұрлап кеткен, бұл деген заңсыздықтың шектен шыққан түрі. Және олар оның қайда екенін де айтпай отыр. ҰҚК қызметкерлері таң атқанша оны дәлізге де шығармай палатасын күзеткен, бүгін таңертең қолдарында автоматтары бар жауынгер жасақтары кардиология институтына келді, бұлар Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға қатысқан ҰҚК –нің арнаулы жасақтары деп ойлаймын. Бүгін лабораторияға сараптамадан өтесің деп шақырған Рамазанды шыққан сәтте әлгі жасақ жасырын есікпен алып кетіпті, бұдан кейінгі жайлардан хабарсызбын», — деді.
Сондай-ақ Азаттық радиосы арқылы барлық журналистерді көмекке шақырған Раушан Есіргепова: «Мұндай былық кезінде мен биліктен көмек күте алмаймын, сондықтан журналистерден басқа сенер ешкімім жоқ» деді.

Астанада өрттен он адам зардап шекті

Астанадағы көпқабатты тұрғын үйдің желілік шахтасынан шыққан өрттің салдарынан он адам зардап шеккен, олардың бәрі ауруханаға жатқызылды, тағы 50 адам көшірілді, — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Оңтүстік Қазақстанда көлік апатынан бір адам қаза болды

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сарыағаш ауданында Жетісай-Шымкент тас жолының 215 –шақырымында «БМВ», «Фольксваген» және «Ауди» көліктері соқтығысып, соның салдарынан «БМВ-ның» жолаушысы сол жерде көз жұмған, ал әртүрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған басқа жолаушылар ауруханаға жеткізілген.

Израиль: Газадағы шабуылдар жалғаса береді

Израиль қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, Хамас қатты соққыға тап болды бірақ Израилдің Газа секторындағы шабуылдары одан әрі жалғаса береді. Ехуд Барактың атап көрсетуінше, Израилдің оңтүстігіне атылатын зымырандар әлі толығымен тоқтатылмаған. Халықаралық дипломаттар Таяу Шығыстағы атысты тоқтату мақсатында күш салып отыр. Еуропа Одағының жоғары дәрежелі делегациялары осы аймақта жүр.

Бағдадтағы шабуылдан 2 адам опат болды

Ирақ полициясының хабарлауынша, дүйсенбі күні Бағдадта орын алған жарылыстардан 2 адам қаза тауып, ондаған кісі жараланған. Бірінші шабуыл Ирақ астанасындағы полиция бекетіне жасалса, қалған бірнеше жарылыс қаланың басқа аймақтарында орын алған.

Түркия Газадағы қантөгісті доғаруға шақырды

Түркия Газа секторындағы “гуманитарлық қасіретті” тез арада тоқтатуға шақырды. Сыртқы істер министрі Али Бабажан бұл туралы Анкарада сириялық әріптесі Уалид әл-Моаллеммен кездесуінен кейін айтты. Бабажанның мәлімдеуінше, Түркия халықаралық сарапшылардың араласуымен атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізу үшін жұмыс атқаруда.

Эстонияда этникалық орыс азаматтары ақталды

Эстонияда Совет дәуіріндегі ескерткіштің басқа жерге көшірілуіне қарсы осыдан екі жыл бұрын тәртіпсіздік әрекеттерін ұйымдастырды деп айыпталған 4 адам ақталды. 2007 жылдың сәуір айында Таллинн орталығындағы Қола сарбаз ескерткіші басқа жерге көшірілген болатын. Осыған байланысты әлгі төрт этникалық орыс азаматына қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылған еді. Соттың айтуынша, айыптар дәлелденбеген. Сол кездегі толқуларда бір Ресей азаматы қаза тауып, 150-ден астам адам жараланған-ды. Ал бұл өз кезегінде Ресей мен Эстония қарым-қатынастарына әсер еткен тұғын.

Иран Нобель сыйлығы иегеріне қатысты шешімін ақтап отыр

Иран Нобель сыйлығы лауреаты Ширин Ебадидің кеңсесінің жабылуы заңды мәселе деп мәлімдеді. Ресмилердің айтуынша, егер қажет болса, билік орындары адам құқықтарын қорғаушы Ебадиді қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін болады. Ширин Ебади тобының штаб-пәтері заңсыз жұмыс істеуде дегеп айыппен желтоқсанның 21-де жабылған болатын. Өткен аптада наразылық танытушылар Ебадидидің үйі мен кеңсесі жанында жиналып, оны Израилді қолдайды деп айыптады. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги-мун Иранда Ебадидің қудалануына байланысты алаңдаушылық танытып, Теһранды құқық қорғаушының қауіпсіздігіне кепілдік беруге шақырды.

Бүлікшілер Пәкістанда "АҚШ тыңшыларын" өлтірді

Талибан бүлікшілері Ауғанстан шекарасына жақын жердегі Пәкістанның тайпалы аймағында 3 адамды өлтірді. Талибан әлгі үш азаматты АҚШ-қа тыңшылық жасады деп айыптады. Мәйіттердің жанында “бұл адамдар Ауғанстандағы АҚШ күштеріне тыңшы болды деп айыпталды” деген хат табылды. Бүлікшілер осындай айыппен бұл аймақта ондаған адамды өлтірген болатын.

Обама конгресмендермен кездеспекші

Жаңадан сайланған АҚШ президенті Барак Обама бүгін Конгресс жетекшілерімен кездесіп, экономикалық ынталандыру жоспары мәселесін талқыламақ. Барак Обама бұл жаңа жоспар дағдарысқа тап болып отырған АҚШ экономикасын қайта қалпына келтіреді деп үміттенеді. Обама қаңтардың 20-да ресми түрде өз қызметіне кіріседі. Осы уақытқа дейін Конгресс экономикалық ынталандыру жоспарын мақұлдауы тиіс деп мәлімдеген болатын Обама. Алайда кей заңшығарушылар аталған жоспар ақпанның ортасына дейін болмайды деп хабарлады.

Бағдадта жаңа АҚШ елшілігі ашылды

Бағдадта АҚШ-тың жаңа елшілік ғимараты ашылды. 1,200 қызметкер жұмыс істейтін бұл ғимарат Вашингтонның ең үлкен елшілігі болып отыр. АҚШ елшісі Райан Крокер елшіліктің инаугурациясы АҚШ-тың Ирақтағы міндеттемесін көрсетеді деп мәлімдеді.

Адонис Дербас Рахат Әлиевті әшкерелемек

Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген канадалық кәсіпкер Адонис Дербас жақында құрылған «Тағдыр» қорына мүше болғанын мәлімдеп, Рахат Әлиевке қарсы осыған дейін айтқандарын тағы қайталады.
Бұған дейін жасаған қарама-қайшы мәлімдемелерінде солқылдақтық танытқанын мойындаған Дербас, ондай іс-әрекеттерді «Р.Әлиевтің қысымымен жасадым» деген уәж айтты. Кәсіпкер қазіргі таңда Рахат Әлиев пен оның адамдары мұның аузын жабу үшін Дербас пен оның отбасының көзін құртатындарын ескертіп, қорқытып-үркіткенін айтты.
Бірақ Дербас енді «Тағдыр» қорының жұмысына белсенді атсалысып, Рахат Әлиевтің шынайы бет-бейнесін әшкерелеуге дайын екенін мәлімдеді.
Жақында ғана жаңадан құрылған «Тағдыр» қорына былтыр Алматыда із-түссіз жоғалған «Нұрбанктің» топ-менеджері Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева жетекшілік етеді.

ЕуроОдақ Украина-Ресей газ дауын талқылайды

Еуропа дипломаттары бүгін Брюсселде төтенше жиналыс өткізіп, Еуропаның газ тасымалына әсер етіп жатқан Ресей мен Украина арасындағы дауды талқылайды. Газ бағасы мен қарызға байланысты бұл екі мемлекеттің келіссөздері тығырыққа тірелген болатын. Жаңа жылдан бастап, Ресей Украинага газ тасымалын тоқтатты. Нәтижесінде Хорватия, Түркия және Чехия елдері газ көлемі азайды деп хабарлап отыр.

Израилдің Газадағы шабуылдары жалғасуда

Израиль Газа секторындағы радикалды Хамас қозғалысын нысанаға алып, әуеден соққы бере бастады. Осыдан 9 күн бұрын басталған Израиль шабуылдарынан кемінде 510 палестиналық азамат қаза тауып, 2 мыңнан астам адам жарақат алды. Сенбі күні Израиль күштері құрлық операциясын бастаған болатын. Содан бері бір Израиль сарбазы қаза тауып, 30-дан астам жауынгер жараланды. Франция президенті Николя Саркози атысты тоқтату мақсатында бүгін Таяу Шығысқа барады.

Газпром Украинаға газ бағасын өсірмекші

Ресейдің мемлекеттік Газпром компаниясы Украинаға газ бағасын асыратынын мәлімдеді. Газпром басшысы Алексей Миллердің айтуынша, компания бір мың текше метр газ үшін 450 доллар талап етпекші. Бұдан бұрын бір мың текше метр газ үшін 418 доллар ұсынылған болатын. Украина Газпромды ымыраға келгісі келмейді деп айыптады.

Тағы

XS
SM
MD
LG