Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Өзбекстан энергия көзін тасымалдаудан бас тартты

Орта Азиядағы электр энергиясын үйлестіру жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы кезінде Өзбекстанмен келіссөздер сәтсіз аяқталды.

Бұл туралы Ақмола облысындағы Бурабай курортында өткен жиыннан соң “KEGOC” АҚ-ның президенті Қанат Бозумбаев айтты.

Оның айтуынша, Өзбекстан Қырғызстанның солтүстігінен оңтүстікке қарай өз аймағы арқылы өтетін электр қуатын тасымалдауды саудалағысы келеді. Сол себепті Өзбекстан көршілес елдерімен бұрынғы ынтымақтастықты тоқтатып, параллелді режим жұмысынан шығатынын айтқан.

Осыған байланысты Қазақстанның тұтынушылары күзгі-қысқы маусым кезінде энергия көзінің тапшылығына тап болуы мүмкін бе деген сауалға Қанат Бозымбаев, Қазақстанның оңтүстігіне оның салдары бола қоймайды, елдің солтүстігінен 1350МВт шамасындағы электр қуатын тасымалдау арқылы біз оңтүстікті энергия көзімен қамтамасыз етеміз, сонымен қатар қалған 20 пайызын Жамбыл гидро электр стансасы жабады деді.

Бірақ оның қырғызстандық әріптесі Мурат Дурусалиев Өзбекстанның шығуы оның барлық көршілері үшін тіпті Қазақстанның оңтүстігіне де үлкен проблема деп жағдайға пессимистік баға берді.

Қазақстан оппозициясы халықты жаппай шеруге шақырды

Қазақстанның оппозициялық партиялары алдағы жексенбіде бүкіл республика бойынша, бүгінгі биліктің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатына қарсы жалпыхалықтық азаматтық наразылық акцияларын өткізуге шақырып отыр.

Ел оппозициясы “Президент пен Үкімет дағдарысты тоқтаттық, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді деп үнемі сендіріп жүргеніне қарамастан , еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал шиеленісіп барады” дейді.

Осыған қатысты елдегі «Азат», «Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы», тіркелмеген «Алға!» партиясы мен қатар Қазақстанның коммунистік партиясы өкілдері мемлекеттің дағдарыс пен күрес үшін деп бөлінген 19 миллиард доллар қаржының талан-таражға салынғандығын айтады.

Ресей депутаттары жергілікті сайлауға қарсылық білдірді

Ресей Думасындағы үш оппозициялық фракция жексенбі күнгі жергілікті сайлау қортындысына наразылық танытып, парламент отырысын тастап шықты.

Оппозициялық депутаттардың айтуынша, сайлауда бірнеше заңбұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар арқылы “Единая Россия” партиясы жеңіске жетіп отыр. Билік бұл шағымдарды қабылдамай отыр.

Парламентте биліктің “Единая Россия” партиясы үстемдік құрып отырғанымен, тағы үш оппозициялық партияның өкілдері де бар. Ресей Думасының төменгі палатасында осыған дейін мұндай наразылық болмаған.

БҰҰ: Әлемде 1 млд. адам тойып тамақ ішпейді

БҰҰ-ның агентіктері 2009 жылы дүниежүзінде 1 млд-тан астам адам ашығуда деп мәлімдеді.

Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы, сондай-ақ әлемдік азық-түлік бағдарламасы бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 млн. адамға көбейіп отыр деді.

Олар қарны тойып тамақ ішпеу жағдайлары негізінен азық-түлік жетіспеушілігі мен ғаламдық дағдарысқа байланысты деп отыр.

Десе де тамақ пен рецессия дағдарыстарына дейін де ашқұрсақтар саны өсе түскені айтылып, олардың есебі 1980-1990 жылдары жасалған прогрестерді түбегейлі өзгертіп отыр.

Шанхай саммитінде экономикалық дағдарыс талқыланды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше алты елдің жетекшілері Бейжіңдегі саммитін жақын экономикалық ынтымақтастық құру уәделерімен аяқтады.

Қытай премьер-министрі Уен Джиабао саммитке қатысушылар ғаламдық дағдарысты реттеу мақсатындағы көпжақты экономикалық ынтымақтастықты күшейту мен экономикалық даму шараларының жобасын жасады деді.

Бұл саммитке қонақ ретінде қатысқан Ауғанстан еліндегі жағдай да талқыланды.

Бұл ұйымға Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше болып табылады. Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан елдері ШЫҰ-ында бақылаушы мәртебесіне ие.

Франция прокуратурасы «Астана» велокомандасына қарсы іс ашты

Франция прокуратурасы «Астана» велокомандасына қарсы істі өндіріске алды деп хабарлады eurosport.

Алдын ала тергеудің жүргізілуіне Тур де Франс жарысына қатысушылардың қоқыс тастайтын контейнерінде табылған инеге жасалған зерттеу себеп болған.

Тур де Франс-2009 көпкүндігінде биыл «Астана» сапында Альберто Контадор жеңімпаз атанса, маусым соңында қазақстандық командадан қол үзген Лэнс Армстронг үшінші орынды иеленген болатын.

Ұлыбритания Ауғанстанға қосымша әскер жіберетіндігін жариялайды

Ұлыбритания премьер-министрі Гордон Браун Ауғанстанға қосымша 500 сарбазын жіберетіндігі туралы сәрсенбі күні мәлімдейді деп хабарланды.

Қазіргі таңда Ауғанстанда 9 мың ағылшын сарбазы бар.

Ауғанстандағы әскери операциялардың сегіз жылында Ұлыбритания 220-дан астам сарбазынан айрылды.

Клинтон Ресейде журналистердің қудалануына алаңдаушылық білдірді

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ресейде журналистер мен адам құқығын қорғаушыларды қудалаулар қоғамның дамуына қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген Клинтон өркениетті қоғамда тұрғындар биліктің әрекетіне келіспейтіндігін ашық әрі еркін айта білуі тиіс деді.

Жовтисті, Есіргепов пен Кучуковты қолдау акциясына полиция араласпады

Сәрсенбі күні түсте Алматыдағы Арбатта адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті, журналистер Рамазан Есіргепов пен Тохнияз Кучуковты қолдау акциясы болып өтті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ондаған адам қатысқан акцияны полиция сырттай бақылап тұрды. Акция бейбіт жағдайда өтті. Тек прокуратура өкілі «Бүгін - Жовтис», ертең – Сен!» деп жазылған плакатпен шыққан журналист Ғалым Ағелеуовке ескерту жасады.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Время» газетінің тілшісі Тохнияз Кучуков те дәл сол мазмұндағы айыппен және үкіммен Жовтистен бір апта бұрын сотталды.

«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов тамыз айында ҰҚК-нің құпиясын жариялаған деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айрылды.

Наразылық акциясын бастаған «Алға» көсемі Козлов ұсталды

Полиция сәрсенбі күні Алматыдағы БТА Банктің бас ғимараты алдында «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Владимир Козловты наразылық акциясын өткізіп жатқанда кезде ұстады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот шешімімен жабылған тәуелсіз «Республика» газетіне қолдау ретінде Козлов банк ғимаратының алдына жапырақтарына «БТА Банк» деп жазылған бір кәрзеңке желкек ұстап келген.

Медеу аудандық прокуратурасының өкілі Козловқа оның әрекеті заңға қайшы екендігін ескертті. Козлов акциясын жалғастыра берген соң полиция оны күшпен автокөлікке отырғызды. Бірақ акцияға қатысушылар бұл көліктің банк аумағынан шығуға жол бермей тұр.

9 қыркүйекте Алматыдағы Медеу аудандық соты "Республика" газетінің үстінен шағым түсірген БТА Банктің пайдасына 60 млн теңге өндіріп беру жөнінде шешім шығарған еді. Банк шағымына газетте жарық көрген «Хрен редьки не слаще» атты мақала түрткі болған.

Қаржы полициясы вице-министр Сабдалинге айып тағуға негіз бар деп отыр

Қаржы полициясы аса ірі көлемде пара беруді ұйымдастырған деген күдікпен ұсталған төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Абылай Сабдалинге айып тағуға негіз бар деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Астанада өткен брифингте қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай есеп комитеті төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте 2 миллиардтан астам теңгенің қаржылық заң бұзушылығын анықтаған, осы факті вице-министрге айып тағуға негіз болады деді.

Бұған дейін қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров вице-министр Сабдалин соттың санкциясымен тұтқындалғандығын мәлімдеген болатын.

Қаржы полициясының қызметкерлері Сабдалинді пара беруді ұйымдастырған деген күдікпен 29 қыркүйекте ұстаған.

Қазақстан: парламент мәжілісі терроризмге қарсы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстан парламентінің мәжілісі сәрсенбі күнгі жалпы отырысында «Терроризмге қарсы тұру мәселесі бойынша ҚР бірқатар заң актлеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы терроризмге қарсы тұру мәселесінде республиканың халықаралық міндеттерді жүзеге асыру мен ұлттық заңнамаларды жетілдіруді көздейді деп хабарланды. Атап айтқанда, жоба терроризмге қарсы тұруға бағытталған құқықтық және ұйымдастырушылық шараларының жиынтығын қарастырады.

Заң жобасын парламентке ҰҚК-нің өкілі таныстырды.

ШЫҰ: премьер-министрлердің Бейжіңдегі кездесуінде бес құжат қабылданды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының сәрсенбі күнгі Бейжіңдегі кездесуінде бес құжатқа қол қойылды.

Премьер-министрлер ұйымға мүше елдердің экономикалық дамуын қамтамасыз ету және әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс зардаптарын еңсеру жөніндегі көптарапты экономикалық ынтымақтастықты арттыру туралы бірлескен бастаманы жариялады.

Сонымен қатар, үкімет басшылары бірлескен коммюникеге, жұқпалы аурулармен күрес туралы бірлескен мәлімдемеге, кедендік қызмет мамандарын дайындау және біліктілігін арттыру туралы хаттамаға қол қойды.

2001 жылы құрылған ШЫҰ-ға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше. Иран, Моңғолия, Пәкістан және Үндістан осы ұйымның бақылашысы статусына ие.

Алматыда Жовтисті, Есіргеповті, Кучуковты қолдаушылардың акциясы басталды

Сәрсенбі күні түсте Алматыдағы Арбатта адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті, журналистер Рамазан Есіргепов пен Тохнияз Кучуковты қолдау акциясы өтіп жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, акцияны өткізушілер аталған азаматтарға қатысты шығарылған сот үкіміне өз наразылықтарын білдірді.

Акция қарсаңында «Азат», ЖСДП, «Алға» және ҚКП сәрсенбі күні Арбатқа өздерінің белсенділерін жіберетіндігі туралы хабарлаған болатын.

Қазақстан үкіметі шетелдіктерді жұмысқа тарту ережелерін өзгертті

Қазақстан үкіметі жұмыс берушілерге шетелдік еңбек күштерін жұмысқа тарту рұқсатын беру және квотаны анықтау ережелерін өзгертті.

Үкімет қаулысына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан азаматтарын шетелдік еңбек күші шақырылған мамандық бойынша кәсіби дайындықтан, қайта дайындықтан немесе біліктілігін жетілдіруден өткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге, жұмыс беруші Қазақстан азаматтарына қосымша жұмыс орындарын ашуы қажет.

Үкімет қаулысы сәрсенбі күні ресми басылымда жарық көргеннен кейін күшіне енді.

ШЫҰ: Ұйымға мүше елдердің қаржыгерлері Алматыда жиналады

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қаржы министрлері және орталық банктерінің төрағалары 2009 жылдың аяғында Алматыда кездеседі. Ұйымға мүше елдердің үкімет басшыларының Бейжіңдегі форумында сәрсенбі күні осындай шешім қабылданды.

Қаржыгерлердің Алматыдағы форумында әлемдік қаржы жүйесін бірлесіп реформалау, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұру мәселелері талқыланады.

2001 жылы құрылған ШЫҰ-ға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше. Иран, Моңғолия, Пәкістан және Үндістан осы ұйымның бақылашысы статусына ие.

ШЫҰ: Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығын құруды қолдайды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің үкімет басшыларының Бейжіңдегі форумында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ұйым аясында іскерлік ынтымақтастықты жақсартуды көздейтін орталық құру бастамасын қолдайтындығын мәлімдеді.

Мәсімовтың пікірінше, тұрақты түрде жұмыс істейтін осындай орталықтың құрылуы ШЫҰ-ның көп тарапты қызметін толықтырып отыратын еді.

2001 жылы құрылған ШЫҰ-ға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше. Иран, Моңғолия, Пәкістан және Үндістан осы ұйымның бақылашысы статусына ие.

Ресей президенті Медведев ертең Қазақстанға келеді

Ресей президенті Дмитрий Медведев екі күндік жұмыс сапарымен ертең Қазақстанға келеді.

Медведев Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерінің кешенді оқу-жаттығуларына қатысады.

Әскери оқу-жаттығулар 16 қазанда Жамбыл облысы Гвардейский қалашығының «Матыбұлақ» полигонында өтеді.

Вашингтон бүгін тағы да АҚШ-тың Ауғанстандағы стратегиясын талқылайды

АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстан мен Пәкістандағы стратегиясын талқылауды жалғастыру үшін бүгін өз әкімшілігінде жиналыс өткізеді.

Сейсенбі күні Обама Ауғанстандағы әрекеттерінің әрі қарайғы барысына қатысты шешімді алдағы апталарда қабылдайтындығын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Вашингтонның Азияның осы аумағындағы саясатының басты мақсаты - Әл-Қаида мен оның «экстремистік одақтастарын» ығыстыру.

ШЫҰ: Қазақстан энергетикалық стратегия құруды ұсынды

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге көмірсутек нарығындағы тұрақсыздықты болдырмас үшін біртұтас энергетикалық стратегия құруды ұсынды.

Дүйсенбі күні ШЫҰ-ның Бейжіңде басталған форумында сөйлеген Мәсімов көмірсутек нарығындағы тұрақсыздық әлемді қуатпен қамтамасыз ету ісіне қауіп төндіріп тұрғандығын атап көрсетті. Мәсімовтың пікірінше, нарықтағы жағдайды тұрақты ұстап тұру үшін ұйым елдері энергетикалық стратегия құрғаны дұрыс.

2001 жылы құрылған ШЫҰ-на Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше. Иран, Моңғолия, Пәкістан және Үндістан осы ұйымның бақылашылары статусына ие.

Бейжіңде ШЫҰ елдері премьер-министрлерінің кездесуі басталды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары бүгін Қытай астанасында кездесті.

Форумда экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету, қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарын өзара көмек көрсету арқылы жою мәселелері талқыланады.

2001 жылы құрылған ұйымға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше. Иран, Моңғолия, Пәкістан және Үндістан осы ұйымның бақылашылары статусына ие.

Баррозу чех президентін уәжге келуге шақырады

Еуропа Комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу тағы да Чехия президенті Вацлав Клаусты ЕуроОдақты реформалайтын «Лиссабон келісімін» бекітуге шақырды.
Брюссельде чех премьер-министрі Ян Фишермен өткізген келіссөзінен кейін Баррозу келісімді бекітуді ұзаққа созу – ЕуроОдақтың да, Чехияның да мүдделеріне қайшы келетінін атап көрсетті.
Чехия – «Лиссабон келісімін» қабылдауды әлі аяқталмаған ЕуроОдақтың жалғыз мүшесі. Чех президенті В.Клаус ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін Чехословакиядан қуылған Судет немістерінің дүние-мүліктерін өздеріне қайтаруға болмайтынын заңдастыруды талап етеді. Оған қоса Чехияның Конституциялық соты келісімнің чех заңдарына сәйкестігін тексеріп болған жоқ.

Румынияда жаңа үкімет жасақталуға тиіс

Румыния парламенті үкіметке сенімсіздік білдірді. Эмиль Бок бастаған центристік үкімет жаңа кабинет жасақталғанша өз міндетін атқара береді.
22 қараша күні Румынияда кезекті президент сайлауы өтеді. Оның қарсаңында қазіргі президент Траян Басескудің қайта сайлану мүмкіндігі басым саналады. Бақылаушылардың атап көрсетуінше, өзінің саяси көзқарасымен центристерге жақын президенттің осы басымдығын әлсірету үшін солшыл және либералдық оппозиция үкіметке сенімсіздік жариялап отыр.

Х.Клинтон: АҚШ-қа Ресеймен байланыста болуы маңызды

Ресейдегі адамның құқын қорғаушыларымен кездесуі барысында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ресейдегі азаматтық қоғам белсенділерінің қудалануына алаңдайтынын мәлімдеді. Осы кездесуге қатысқан «Адамның құқы үшін» қозғалысының жетекшісі Лев Пономаревтың «Интерфакс» агенттігіне хабарлағанындай, Клинтон ханым Ресейдегі адам құқының ахуалына өткір сын айтпаған. Пономаревтің сөзіне қарағанда, мемлекеттік хатшы Ресейдің мемлекет қайраткерлерімен бірге азаматтық қоғам өкілдерімен де байланыста болуы АҚШ үшін маңызды екенін атап көрсеткен.

БҰҰ-ы Ирандағы өлім жазасына алаңдайды

БҰҰ-ның адамның құқы бойынша комиссиясының төрайымы Наванетхем Пиллэй Иранды оппозицияның 3 мүшесіне шығарылған өлім жазасын қайта қарауға шақырды. Пиллэйдің мәлімдемесінде Ирандағы сот мәжілістерін өткізу әдістеріне терең алаңдаушылық білдіріледі.
Иранның Әділет министрлігінің баспасөз-қызметі өкілінің сөзіне қарағанда, үшеуі де «сайлаудан кейінгі оқиға кезіндегі атқарған рөлдері үшін» өлім жазасына кесілді.
12 маусымда болып өткен президент сайлауында қазіргі президент Махмуд Ахмадинеджад үлкен басымдықпен жеңіске жетті.
Саяси оппозиция сайлау барысында жаппай бұрмалаушылыққа жол берілгенін мәлімдеп, соған қарсы талай жаппай наразылық шеруін өткізген болатын

Тағы

XS
SM
MD
LG