Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Иран үш американдықты сотқа тартпақ

Иран осыдан 4 айдан астам бұрын тыңшылықта айыпталып, ұсталған 3 американдықты сотқа тартпақ. Бұл туралы дүйсенбі күні сыртқы істер министрі Манучехр Моттаки хабарлады.

Ирақтың солтүстігінен Иранға заңсыз кірген АҚШ азаматтары шілде айында тұтқындалған болатын. АҚШ үкіметі американдықтарға тағылып отырған айыптардың негізі жоқ деп мәлімдеп, оларды босатуға шақырды.

АҚШ Қазақстанды адам құқықтары жағдайын жақсартуға шақырды

АҚШ Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болған кезде демократия мен адам құқықтарын күшейтуін жалғастырады деп үміттенеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Қазақстанда жүрген АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блэйк журналистердің алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Құқық қорғаушы топтар Батысты 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне мүмкіндік бергені үшін сынаған болатын. Олардың айтуынша, Қазақстан демократияны алға тартатын ұйымды басқаруға лайықты емес.

Иранда Хомейнидің суретіне қатысты бірнеше адам қамауға алынды

Иран билік орындары Ислам республикасының негізін қалаған Аятолла Рухолла Хомейнидің суретін жыртқан бірнеше адамды қамауға алды. Оның алдында Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хаменей оппозицияны желтоқсанның 7-дегі үкіметке қарсы наразылық шаралары барысында марқұм Хомейнидің беделіне нұқсан келтіру арқылы заңды бұзды деп айыптады.

Ал оппозиция билікті Хомейнидің жыртылған суретін сылтауратып, реформаларды қолдайтын оппозициялық қозғалысты қудаламақшы деп кінәлады.

Қазақстан журналистері билік БАҚ-на қысымын күшейтуде дейді

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Қалеева Бас прокуратураға қайырылып, елдегі сөз бостандығы жағдайына баға беруін сұрамақ. Олардың мұндай өтініш жасауына "Уральская неделя" басылымы мен оның тілшісі Лұқпан Ахмедияровтың төңірегінде қалыптасып отырған жағдай негіз болуда. Бұл туралы дүйсенбі күні Алматыда баспасөз маслихатын өткізген Тамара Қалеева хабарлады.

"Теңізмұнайқұрылыс" АҚ компаниясы Орал қаласында жарық көретін "Уральская неделя" газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияровтан 102 миллион теңге талап етіп отыр.

Пәкістан соты: Ұсталған 5 АҚШ азаматы елден шығарылмайды

Пәкістан соты лаңкестік әрекеттерді жоспарлады деген айыппен қамауға алынған 5 АҚШ азаматы елден шығарылмауы тиіс деген шешім шығарды. Лахор қаласындағы соттың айтуынша, бұл іс қаралмайынша күдіктілерді АҚШ-қа немесе басқа бір елге депортациялауға болмайды.

Өткен аптада Пәкістанда тұтқындалған бес азамат АҚШ-тың Вирджиния штатындағы университетінің студенттері боп табылады. Ресмилердің айтуынша, күдікке ілінген бұл азаматтар әскери топтарға қосылып, лаңкестік әрекеттерді жүзеге асырмақшы болған. Оларға қатысты қылмыстық іс ашылмаған. Бұдан бұрын Пәкістан ресмилері ұсталған американдықтар депортациялануы мүмкін деп мәлімдеген еді.

Түркменстан-Қытай газ құбыры ашылды

Қытай, Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан елдерінің жетекшілері Қытайға газ тасымалдайтын құбырдың тұсаукесеріне қатысты. Көгілдір отын Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Түркменстаннан Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағына жеткізілетін болады.

Дүйсенбі күні Түркменстанның шығысындағы Самандепе қаласында өткен рәсімге Түркменстан президенті Гұрбангұлы Бердімұхаммедов, Қытай басшысы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов қатысты.

Ауғанстандағы шабуылдан 16 полицей қаза тапты

Ауғанстандағы бүлікшілер 16 полиция қызметкерін өлтірді. 8 полицей елдің солтүстігіндегі Баглан өлкесінде орын алған шабуылдан қаза тапқан. Ресмилер бұл шабуылды бұрынғы премьер-министр Гулбуддин Хекматияр жетекшілігіндегі "Хезб-и-Ислами" тобы ұйымдастырды деп айыптады.

Сонымен қатар Хелманд өлкесінің Лашкар Гах қаласындағы полиция бекетіне жасалған шабуылдан 8 полицей опат болды.

АҚШ қару тиелген Ил-76 ұшағын ұстаған Таиланд билігінің әрекетін құптады

АҚШ Таиланд үкіметінің, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі алдындағы өз міндеттемелерін орындап, Ил-76 ұшағының жүгін тексергендігіне ризашылық білдіреді деп мәлімдеді Ақ үй өкілі.

Дүйсенбі күні Алматыда американдық консулдықтың ашылу салтанатына қатысқан АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Роберт Блейк Ил-76 ұшағына қару тиелгендігін АҚШ-тың арнайы қызметі қайдан білгендігі туралы пікір білдіруден бас тартты.

Бұған дейін бірқатар ақпарат көздері Бангкок әуежайына қонған Ил-76 ұшағы туралы мәліметті АҚШ берген деп хабарлаған болатын.

ХАМАС ұйымының құрылғанына 22 жыл толды

Газа секторында палестиналық радикалдық ХАМАС тобы өзінің 22 жылдығын атап өтіп жатыр.

Үйым өкілінің айтуынша, бесін намазынан кейін топтың он мыңдаған жақтастары Наздағы митингке жиналады.

2007 жылдан бері ХАМАС Газа секторын бақылауда ұстап отыр. Бұл мекеннен олар Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас басқаратын «Фатх» қозғалысын ығыстырып шығарған еді.

АҚШ және Еуропалық Одақ ХАМАС-ты террорлық ұйым деп есептейді.

Астана: Бангкокте ұсталған Ил-76 кезінде Қазақстанның есебінде тұрған

Таиланд астанасының әуежайында ұсталған қару тиелген Ил-76 ұшағы Грузиянікі, ұшақ бұған дейін Қазақстанның есебінде тұрған деп мәлімдеді Қазақстанның азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда.

Әдимолданың айтуынша, сөз болып отырған ұшақ 2009 жылы 7 қазанда грузиялық әуекомпаниялардың біріне сатылған және Қазақстан тіркеуінен шығарылған. Сонымен бірге, комитет төрағасы ұшақ экипажының Қазақстан азаматтары екендігін мойындады.

Бұған дейін Грузияның біртұтас көлік әкімшілігінің басшысы Гиорги Бокучава заңсыз қару тасығаны үшін Таиландта ұсталған «Ил-76 ұшағы грузиялық әуекомпаниялардың бірінің есебінде тұр, ұшақ украиналық компанияға жалға берілген» деп мәлімдеген еді.

Қазақстанның СІМ-нің хабарлауынша, Таиланд билігі ұшақты ұстау мерзімін 12 күнге ұзартты. Сонымен бірге, Бангкок қамаудағы азаматтарды кепілге босату туралы қазақстандық өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазақстанның дипломатиялық қызметі оған қарсы апелляциялық шағым түсірді.

Таиланд полициясы 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайына қонған Ил-76 ұшағын молынан тиелген қару-жарақ жүгімен ұстады. Экипаждағы бес адам – төртеуi Қазақстанның, ал біреуі Беларусь елінің азаматтары – тергеуге алынды.

Қазақстанда жабық ғимараттарда пиротехника пайдалануға тыйым салынды

Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігіжабық ғимараттарда көпшілік шаралар кезінде пиротехника пайдалануға тыйым салды.

Парламент мәжілісінің үкімет сағатына қатысқан төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты тиісті қаулы қабылданғандығын, сондай-ақ республика аумағында пиротехника саудасына тексеру орнатылғандығын атап көрсетті.

Сонымен бірге, Божко отшашулар мерекелік шаралардың ажырамас бөлігі, соған байланысты халықты мұндай қызықшылықтан түбегейлі айыруға болмайды деп мәлімдеді.

Тбилиси: Таиландта қарумен ұсталған ұшақ грузиялық компанияның есебінде

Заңсыз қару тасығаны үшін Таиландта ұсталған Ил-76 ұшағы грузиялық әуекомпаниялардың бірінің есебінде тұр, ұшақ украиналық компанияға жалға берілген. Бұл туралы Грузияның біртұтас көлік әкімшілігінің басшысы Гиорги Бокучава мәлімдеді.

Қазақстанның СІМ-нің хабарлауынша, Таиланд билігі ұшақты ұстау мерзімін 12 күнге ұзартты. Сонымен бірге, Бангкок қамаудағы азаматтарды кепілге босату туралы қазақстандық өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазақстанның дипломатиялық қызметі оған қарсы апелляциялық шағым түсірді.

Таиланд полициясы 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайына қонған Ил-76 ұшағын молынан тиелген қару-жарақ жүгімен ұстады. Экипаждағы бес адам – төртеуi Қазақстанның, ал біреуі Беларусь елінің азаматтары – тергеуге алынды.

СІМ: Таиландта қарумен ұсталған қазақстандықтардың ісі бойынша тыңдаулар өтті

Таиландта ұсталған қазақстандық азаматтардың ісі бойынша алғашқы тыңдаулар болып өтті деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.

Министрлік өкілі, дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхтабында, бұл іске қатысты шешім 12 күннен кейін шығарылатындығын айтты.

Омаровтың айтуынша, Қазақстанның дипломатиялық миссиясы Таиланд билігіне ірі көлемдегі қару тиелген ұшақпен ұсталған төрт азаматты кепілге босату туралы апелляциялық шағым түсірді. Бұған дейін Таиланд полициясы Қазақстанның өз азаматтарын кепілге босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған болатын.

Таиланд полициясы 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайына қонған Ил-76 ұшағын молынан тиеген қару-жарақ жүгімен ұстады. Экипаждағы бес адам – төртеуi Қазақстанның, ал біреуі Беларусь елінің азаматтары – тергеуге алынды.

Алматыда АҚШ-тың мемлекеттік консулдығы ашылды

Бүгін Алматыда, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Роберт Блейктің қатысуымен, АҚШ-тың бас консулдығын ашу салтанаты болып өтті.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі 2006 жылы Алматыдан Астанаға көшірілген болатын.

Алматыдағы жаңадан ашылған бас консулдықтың қызметі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарын қамтиды. АҚШ азаматтары және америкалық виза аштырушылар Астанадағы АҚШ елшілігіне, сондай-ақ осы елдің Алматыдағы бас консулдығына да жүгіне алады.

Қазақстанда жұмыссыздар саны өсті

Қазақстанда жұмыссыздар саны қараша айында 6,5 пайызға дейін өсті деп хабарлады республиканың статистика жөніндегі агенттігі.

Мемлекеттік мекеме таратқан ресми ақпарат бойынша, 2009 жылы қараша айында жұмыссыздар саны 548,5 мың адамды құрады. Соның 79,9 мыңы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбекпен қамту органдарында тіркелген.

Чавес АҚШ-тың Иранмен байланыс орнатқандарды сынағанын «қорқыту» деп атады

Венесуэла президенті Уго Чавес АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Иранмен байланысы үшін латынамерикалық мемлекеттерге қарасты айтылған сыни ескертуін «ашық қорқыту» деп түсінетіндігін мәлімдеді.

Солшыл бағыттағы латынамерикалық бірқатар басшылардың Гаванада өтіп жатқан жиынында Чавес АҚШ мемлекеттік хатшысының айтқандарын «прогрессивтік күштерге империялық шабуылдың» белгілері деп сипаттады.

Өткен аптада Клинтон Латын Америкасының бірқатат мемлекеттерінің биліктерін Иранмен аса тығыз байланыс орнатуына қарсы ескерту жасап, бұл әрекеттің арты жақсылыққа апармайды деп мәлімдеген болатын.

Ақорда: президент Назарбаев Түркменстанға барды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні жұмыс бабымен Түркменстанға барды деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Ашхабадта Назарбаев Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Мемлекет басшылары «Түркменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының ашылуы қарсаңындағы мәселелерді талқылады.

Сильвио Берлусконидің мұрны бұзылып, тістері босаған

Италия премьер-министрі Сильвио Берлускониге жексенбі күні Миланда жасалған шабуылдан оның мұрны бұзылып, екі тісі босаған және ерні жарылған. Бұл туралы Берлускониді қараған дәрігер хабарлады.

42 жасар Массимо Тарталья есімді кісі Берлускони өзінің жақтастарының алдында сөз сөйлеп тұрған сәтінде премьер-министрге ауыр мүсінше лақтырды. Ол премьер-министрдің бетіне тиді. Кейін Тартальяның бұрыннан бері психикалық аурумен ауыратындығы анықталды.

73 жасар Берлускони ауруханаға жатқызылды және ол біраз уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

Армения, Ингушетия, Солтүстік Осетия газсыз қалды

Ингушетияда газ құбыры магистралінен жарылғыш заттың табылуына байланысты Арменияға, Ингушетия мен Солтүстік Осетияға газ тасымалдау тоқтатылды.

Қуатты жарылғыш зат Моздок-Тбилиси газ құбырынан табылған.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қараңғы түсіп кеткендіктен және жарылғыштың көп болуына байланысты оны залалсыздандыру жұмыстары таңертеңге қалдырылды. Жарылғыш тіркелген аудан қоршауға алынды.

Байқоңырдан бүгін ГЛОНАСС жер серігі ұшырылады

Байқоңыр ғарыш айлағынан бүгін Астана уақыты бойынша сағат 17.38-де «Протон» зымыран тасығышымен бірге ГЛОНАСС жер серігі ұшырылады деп хабарлады Роскосмос.

Бұған дейін ГЛОНАСС навигациялық жүйесінің екі ғарыш аппаратын орбитаға шығарылған болатын. Келесі жылы Роскосмос осы жүйедегі 9 жер серігін ұшыруды жоспарлап отыр.

Иран оппозициясы тағы да айыпты болды

Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи реформашыл оппозицияны заңды бұзды және Иран Ислам Республикасының іргетасын қалаушы аятолла Рухолла Хомейниге тіл тигізді деп айыптады.

Теледидардан сөйлеген сөзінде Хаменеи оппозициядан нақ кімнің тіл тигізгегін хабарлауды талап етті.

Одан бұрын Иранның ресми баспасөз құралдары хабарлағандай, оппозицияның шеруі кезінде аятолла Хомейнидің фотосуреті жыртылған көрінеді.

Грузияның экс-премьері ең «ресейшіл»саясаткер

«Әділетті Грузия үшін» оппозициялық партиясының көсемі Зураб Ногаидели соңғы 3 айдың ішінде үшінші рет Мәскеуге барады.

Грузияның экс-премьері Ногаиделиді президент Михаил Саакашвили Тбилисиде полиция мен оппозиция белсенділері қақтығысқан 2007 жылдың қарашасында үкімет басынан алды. Ол Саакишвилиді Оңтүстік Осетияға қарсы соғысты өзі бастап, масқара болып жеңілгені үшін айыптап 2008 жылдың тамызында біржола оппозицияға өтті.

Бірте-бірте ол Грузияның ең «ресейшіл» саясаткеріне айналды. Ол бастаған «Әділетті Грузия үшін» партиясы Ногаиделидің Мәскеуде Ресейдің сыртқы істер министрлігімен, грузин жерлестігімен және беделді абхаз және осетин қайраткерлерімен кездесу үшін тағы да Мәскеуге баратынын растады.

Оның Мәскеуге соңғы сапары нәтижесінде Кремль оны салмақты оппозициялық саясаткер деп мойындап, онымен іс атқаруға әзір екенін байқатты.

Белград-Сараево поезы қайта жолға шықты

Осыдан 18 жыл бұрын Балкан түбегіндегі соғыстың салдарынан үзілген Белград пен Сараево арасындағы тікелей теміржол қатынасы қайта жалғасты.

Ондаған жолаушы отырған шағын ғана поезд Сербия астынасы – Белградтан Босния астанасына қарай 8 сағаттық жолға шықты.

Теміржолдың басқармасы кезінде Югославиядағы ұлтаралық келісімнің рәмізі болған осы поезбен әлдеқайда көп халық қатынайтын болады деп үміттеніп отыр.

Биылғы әлемнің ең сұлу қызы Гибралтарда тұрады

Оңтүстік Африка Республикасында болып өткен әлем аруларының байқауында Гибралтардан келген 23 жастағы Кайяне Алдорино есімді сұлу жеңіске жетті.

Екінші орынға мексикалық ару көтерілсе, үшінші жүлде – Оңтүстік Африка Республикасы өкілінің үлесіне тиді.

Байқауға 112 елдің сұлу қыздары қатысты. Оңтүстік Африканың баспасөз құралдары шешілмеген әлеуметтік мәселелері шаш етектен келетін Йоханнесбург қаласының әкімдігін байқауды өткізуге тым көп қаржыны шығындады деп айыптады.

Чили халқы жаңа президентін сайлайды

Жексенбіде Чилиде президент сайлау өтеді.

Кәсіпкер, миллиардер Себастьян Пиньера мен билік басындағы солшыл-центристік коалицияның өкілі әрі 90-ыншы жылдары президент болып үлгерген Эдуардо Фрей ең басты үміткерлер қатарында.

Қоғамдық сауалнамаға қарағанда, миллиардердің жеңіске жету мүмкіндігі әлдеқайда басым көрінеді. Егер ол жеңіске жетсе, оонда ол оңшыл күштердің соңғы 20 жылда Чили президенті болып сайланған бірінші өкілі болмақшы.

Чилидің қазіргі президенті Мишель Бачелеттің халық арасындағы абырой-беделі өте жоғары, бірақ конституция оның екінші рет қайта сайлануына мүмкіндік бермейді.

Тағы

XS
SM
MD
LG