Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Кеден одағын құру бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындар үшін тиімсіз

Премьер- министр Кәрім Мәсімов 2010 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанның Кеден одағына кіруі бәсекеге қабілет-қауқары жоқ кәсіпорындар үшін тиімді емес деп есептейді.


Астанада журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, Мәсімов 170 миллион адамдық нарық көлемімен Кеден одағын құру «бұл кәсіпорындар үшін кең мүмкіндік, ал бірақ бәсекеге қабілеттілікті өсіру мен еңбек өнімділігін арттыру басқа мәселе» деп атап көрсетті.

Үкіметбасы кәсіпорындар жұмыс сапасы мен өндіріс көлемін арттыра отырып, ол тауардың нарықта қалай өтетінін де ұмытпағандары жөн деді. Мәсімов ең бастысы Кеден одағы тұтынушыға тиімділік әкелетініне сенімді.

Кеден одағын Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы құрып отыр.

Ресей мен Украина газ тасымалы дауын шешті

Ресей мен Украина газ тасымалының тарифі бойынша бір ұйғарымға келгендерін мәлімдеп, Жаңа жыл мерекесі күндері Шығыс Еуропа елдерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуде үзіліс болмайтындығына сендіріп отыр.


Ресейдің энергетика министрінің баспасөз өкілі газ тасымалының бағасы бойынша келісімге бүгінгі күн барысында қол қойылады деп айтқан.

Ресей Украинаның мемлекеттік «Нафтогаз» компаниясы тасымал бағасын көтергісі келіп отыр деп мәлімдеп, Словакия мен Венгрия, Чехияны мұнаймен қамтамасыз ету тоқтатылуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Карзай Кунардағы тұрғындар қазасын тексеретін делегация жіберді

Ауғанстан президенті Хамид Карзай жексенбі күні шығыстағы Кунар провинциясында шетелдік әскерилер қақтығысында оншақты бейбіт тұрғынның қазасына жол берілуін тергеп-тексеретін үкіметтек комиссия жасақтады.


Карзай бұдан бір күн бұрын қаза тапқандардың көпшілігі жастар болған бұл оқиғаға қатысты айыптау пікірін білдіргенімен, оның егжей-тегжейіне тоқталмады.


НАТО өкілдері де жазықсыз бейбіт тұрғындар құрбан болды делінген қақтығыстың себеп-салдарын өздері тексеріп жатқандарын мәлімдей келе, оқиға орын алды делінген уақытта Кунар провинциясының Наран ауданында ешқандай әскери операциялар өткізбегендерін айтады.

Нобель лауреаты Ебадидің сіңлісі қамалды

Ираннан түсіп жатқан хабарларға қарағанда, Нобель сыйлығының лауреаты Ширин Ебадидің сіңлісі тұтқына алынған.

Ебадидің өзі оппозициялық вебсайтта жарияланған мәлімдемесінде сіңлісі Нұшин Ебадидің дүйсенбі күні түнде үйінде тұтқындалғанын жазады.


Ширин Ебади СNN арнасына берген сұхбатында сіңлісінің адам құқтары мәселесімен айналыспағандығын және оның Ирандағы даулы президенттік сайлаудан кейін маусым айында орын алған наразылық шерулеріне қатыспағандығын айтады.


Хабарларға қарағанда, танымал журналист Машалла Шамсолвейзин мен белгілі құқық қорғаушы Мансури Шойа да түнде тұтқынға алынған.

Путин: Ресей шабуыл жүйесін жетілдіруге тиіс

Премьер-министр Владимир Путин АҚШ-тың қорғаныс зымырандары жоспарына қатысты стратегиялық тепе-теңдік күшін сақтау үшін Ресейдің өзінің басты шабуылдық қару жүйесін жетілдіре түскені қажет деп мәлімдеді.

Жаңалықтар агенттіктері Путиннің Қиыр-Шығыс сапарында айтқандарына сілтеме жасай отырып, «Ресейдің зымырандық қорғаныс жүйесін дамыту жоспары жоқ, ол өте қымбат және оның тиімділігі дәлделденбеген» деген сөздерін келтіреді.

Обама: АҚШ ұшақ терроршыларының жауапқа тартылғанын қалайды

Президент Барак Обама ұшақты жармақшы болғандар түгелдей жауапқа тартылмай Америка тыныш таппайды деп атап көрсетті.


Рождество мейрамынан кейінгі көпшілік алдындағы алғашқы сөзінде Обама АҚШ-тың барлық әуежайларындағы бақылау тізімін және басқару жұмыстарын толық қайта қарап шығуға нұсқау бергенін айтты.

Нигериялық Омар Фарух Абдуллмуталлабқа Northwest Airline компаниясының Амстердамнан Детройтқа ұшып бара жатқан 290 жолаушысы бар ұшағын жарып жібермекші болды деген күдікпен айып тағылып отыр.


Дүйсенбі күні әл-Қаиданың бір қанаты исламдық сайтта жарияланған мәлімдемесінде АҚШ-тан кек алу мақсатында ұшақты жаруға әрекеттенген Йемендегі мүшелері болғанын айтып, жауапкершілікті өз мойындарына алған еді.

Қазақстан Қарашығанақты игеру жобасына қосылғысы келеді

Қазақстан елдің батысындағы Қарашығанақ мұнай кенішін игеру жобасына қатысқысы келеді деп хабарлады премьер-министр Кәрім Мәсімов.

Сейсенбі күні Астанада журналистермен брифинг өткізген Мәсімов «қазіргі таңда энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» және осы жобаның басқа да мүшелері арасында Қарашығанаққа қатысты келіссөздер жүріп жатыр» деп мәлімдеді.

Алайда премьер-министр келіссөздердің нақты мазмұнымен таныстырмады.

Бұған дейін BG Group Plc және Eni SpA компаниялары Қарашығанақты игеру жобасындағы үлестерінің бір бөлігін Қазақстанға сату туралы өзара келіссөздер жүргізіп жатыр деп хабарланған болатын.

Қарашығанақ кенішінде 1,2 млрд тонна мұнай және 1,35 трлн текше метр газ бар деген болжам жасалынған.

Обама Ираннан оппозиция өкілдерін босатуды талап етті

АҚШ президенті Барак Обама Иран билігінен үкіметке қарсы шерулер барысында ұсталғандарды тез арада босатуды талап етті.
Президент адам өліміне әкеп соқтырған қанды қақтығысты айыптады.

Бұған дейін Батыс елдері Иран қауіпсіздік күштерінің елдегі баскөтерулерді басып-жаншуын қатты сынаған болатын.

Хабарларға қарағанда, өткен жексенбі күні Иранда полиция мен оппозициялық шеруге шыққандар арасындағы қақтығыстар кезінде кем дегенде сегіз адам қаза тапты, 300-ге жуық кісі тұтқындалды. Бас көтерулер Теһран, Тебриз және басқа да қалаларда тіркелді.

Кәрім Мәсімов: Мемлекет банк капиталынан шығады

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов мемлекет 2010 жылы елдің банк капиталынан қалай шығу керектігі туралы шешім қабылдайды деп мәлімдеді.

Сейсенбі күні Астанада үкімет мәжілісінен кейін журналистерге брифинг өткізген Мәсімов банктерді мемлекет қарамағына өткізу ісі уақытша шара болды деп атап көрсетті.

2009 жылы мемлекет, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры атынан, БТА банк, Альянс банк, Темірбанк, Казкоммерцбанк және Халық банктің капиталына енген болатын.

Қытай британ азаматын өліммен жазалады

Қытай ең ауыр жазаға кесілген британдық Акмал Шейхтің үкімін жүзеге асырды. Бұған дейін Ұлыбритания және БҰҰ Шейхке рақымшылық жасалуын сұраған болатын.

Акмал Шейх есірткі саудасы үшін айыпты деп танылды.

Шейхтың адвокаттары болса өз жақтауындағы бұл азаматтың психикасы дұрыс еместігін айтып, жазаны жеңілдету керек деген еді.

Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың мәліметі бойынша, Қытайда 1951 жылдан бері еуропалықты өлім жазасына кеспеген.

Қырғыз парламенті НАТО өкілдігінің кеңсесін ашуға рұқсат берді

Қырғызстан парламентінің комитеті Бішкекте НАТО өкілдігінің кеңсесін ашуға келісімін берді деп хабарлады Интерфакс.

Парламенттің халықаралық істер және парламентаралық әріптестік жөніндегі комитетінің мәжілісінде қорғаныс министрі Бақыт Қалыев «Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты, соңғы уақыттары НАТО Орталық Азияға ерекше көңіл бөле бастады» деді.

Қалыевтің айтуынша, халықаралық көлік тасымалы орталығы республика аумағында орналасқандықтан, Астанадағы кеңсені Бішкекке көшіру мәселесі туындап отыр. Парламент комитеті бұл мәселеге қатысты оң шешім қабылдады.

НАТО өкілдігінің кеңсесі Қазақстан астанасында орналасқан еді.

Солтүстік Кореяда АҚШ азаматы ұсталды

КХДР ресми ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бір американдық 24 желтоқсан күні Қытай жақтан Солтүстік Корея аумағына заңсыз кірген. Қазір оны қауіпсіздік қызметі тергеп жатыр делінген хабарда. Тұтқынның аты-жөні айтылмады.

Бұған дейін Солтүстік Кореяда христиандық қозғалыстың белсендісі Роберт Парк ұсталды деп хабарланған болатын. 28 жасар американдық осы елдегі адам құқығы төңірегінде қалыптасқан жағдайға көпшіліктің назарын аудартуға тырысқан.

«Әл-Қаида» жолаушы ұшағын жармақ болғандығын мойындады

«Әл-Қаида» террорлық тобы 25 желтоқсанда американдық әуелайнерінің бортында жарылыс ұйымдастырмақшы болғандығын мәлімдеді.

АҚШ-тың бақылау ұйымдарының хабарлауынша, ұйымның мәлімдемесі интернетте жарияланған. Онда АҚШ-тың Йемендегі антитеррорлық қызметіне қарсылық көрсету мақсатында осындай шабуыл жасалмақ болғандығы айтылған.

25 желтоқсанда Амстердам-Детройт бағыты бойынша ұшатын лайнердің бортында 23 жасар нигериялық Омар Фарук Абдулмуталлаб жарылғышты іске қосуға талпынған, бірақ оған жолаушылар бөгет жасаған. Абдулмуталлаб ұсталды, оған қарсы айып тағылды.

Қытай британ азаматын өлім жазасына кесті

Ұлыбритания Қытай билігінен осы елде ең ауыр жазаға кесілген британ азаматына рақымшылық білдіруін сұрады.

Акмал Шейх есірткі саудасымен айналысқаны үшін айыпты деп танылды.

Шейхтың адвокаттары болса өз жақтауындағы бұл азаматтың психикасы дұрыс еместігін айтып, жазаны жеңілдету керек деп отыр.

Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың мәліметі бойынша, Қытайда 1951 жылдан бері бірде-бір еуропалық өлім жазасына кесілмеген.

Батыстың Ирандағы қақтығыстарға алаңдаушылығына Ресей де қосылды


Ирандағы соңғы толқуларға қатысты Ресей де алаңдаушылық танытып, түсіністік пен төзімділікке шақырды.

Кремлдің мәлімдемесі Теһранда қауіпсіздік күштерінің оппозиция қолдаушыларына қарсы күш қолданғанын Батыс елдері айыптағаннан кейін жарияланып отыр. Шерушілер мен қауіпсіздік күштерінің жексенбі күнгі қақтығыстарында 8 адам құрбан болған еді.

Иран билігінің шерушілерге қарсы күш қолдануын айыптаушылар қатарына сондай-ақ Британия да қосылды.

Одан бұрын Иранда шерудің басып-жаншылғанын АҚШ, Франция және Италия айыптаған болатын.

Вашингтон АҚШ бейбіт шерушілерді қолдайды деп мәлімдеді. Париж болса өз құқтарын қорғамақшы болып көшеге шыққан шерушілерге қарсы күш қолдануға болмайтынын атап көрсетті. Ал Римнің мәлімдемесінде адам өмірін қорғап-сақтаудың қажеттілігі айтылады.

Ирандағы полиция мен қауіпсіздік күштерінің қақтығысында кемінде 8 адам қаза тауып, 300 шеруші тұтқындалғаны хабарланды.

Бішкекте апат болған ұшақтың ұшқыштары түрмеге кесілді

Қырғыз соты өткен жылы тамыз айында Бішкектің маңында апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқыштарын бес жыл мерзімге бас бостандықтарынаан айыруға үкім шығарды.

Азаттық радиосы тілшісінің хабарлауынша, сот экипаж командирі Юрий Гончаров пен екінші ұшқыш Тимофей Водолагинді ұшақты басқару барысында техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамаған деп тапты.

Мемлекеттік айыптаушылар ұшқыштардың екеуіне де жеті жылға түрме жазасын беруді сұраған еді.

Айыпталушылардың адвокаты сот процесі қырғыз авиациясының барлық проблемасын ашып берді деп мәлімдеді.

Бішкек- Теһран бағытын бетке алған ұшақ әуеге көтерілген соң бірнеше минуттан кейін құлаған болатын, 90 жолаушының 65 қаза тапты, олар негізінен Қырғызстан мен Иранның азаматтары болған еді.

Словакия: Ресей мұнай тасымалын тоқтатамыз деп ескертті

Ресей хабарларына қарағанда, бағаға байланысты дау-дамайға қатысты Украина арқылы ЕурОдақ елдерін мұнаймен қамтамасыз ету тоқтатылуы мүмкін.

Словакия үкіметі Еуропа комиссиясына Ресейден жолданған хаттан үзінді келтіреді. Онда Словакия мен Венгрия, Чехияны мұнаймен қамтамасыз етуде үзіліс болуы мүмкін екендігі айтылған.

Бір жыл бұрын газ бағасы турасындағы Ресей мен Украина арасындағы пікірталастан кейін, миллиондаған еуропалық қыстың күні жылусыз қалған болатын.

Карачидегі жарылыстан қаза тапқандар саны 25-ке жетті

Карачи полициясы бомба жарылысынан мерт болғандар саны өсіп бара жатқанын айтады. Ішкі істер министрі Реман Мәлік бомба шабуылшысының шииттердің ең үлкен мерекесі Ашураның тойлану барысында жарылыс жасағанын атап көрсетеді.

Бұл Пәкістандағы осы мереке тұсында орын алған екінші жарылыс, жексенбі күні Кашимирдің пәкістандық аймағындағы мешіт жанында бомба жарған жанкешті өзімен бірге жеті адамның өмірін қиған еді.




Композитор Исаак Шварц сәрсенбі күні жерленеді

Жексенбі күні 87 жасына қараған шағында қайтыс болған Ресей композиторы Исаак Шварцты Ленинград облысының Сиверский ауылының тұрғындары сәрсенбіде ақтық сапарға шығарып салады. Композитор өмірінің соңғы жылдары осы ауылда тұрған болатын.

Исаак Шварц советтік дәуірдегі көптеген белгілі кинофильмдерге музыка жазған композитор. Оның музыка жолындағы карьерасы 1950 жылдары бастау алған еді, "Белое солнце в пустыне", "Пленительная звезда счастья" деп аталған әйгілі кинокартиналарға жазған музыкасы композитордың даңқын асыра түскен болатын.

Ұшақты жармаққа ниеттенген нигериялықтың отбасымен байланысы болмаған

Рождество мерекесі күні ұшақта жарылыс жасамақшы болды делінген нигериялықтың отбасы онымен байланыстарының ол шетелде оқып жүргенде-ақ үзілгенін айтады.


Отбасының таратқан мәлімдемесінде Омар Фарух Абдуллталлабтың әкесінің Нигерия мен шетелдік құпия қызметтерге ұлының із-түзсіз кеткені жайында екі ай бұрын хабарлағаны айтылады. Туыстары Абдуллмуталлабты мінезі өте жұмсақ, өзіндік ойы жоқ еді деген тұрғыда сипаттаған.

Абдуллмуталлабқа Northwest Airline компаниясының Амстердамнан Детройтқа ұшып бара жатқан 290 жолаушысы бар ұшағын жарып жібермекші болды деген күдікпен айып тағылып отыр.

Қазақстан дағдарысқа қарсы ЕурАзЭС қорын құру туралы келісімді мақұлдады

Бұл қордың негізгі мақсаты – ғаламдық экономикалық және қаржы дағдарысының кері салдарларын ЕурАзЭс елдерінің бірлесе жеңу шараларын қарастыру болып табылады деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан агенттігі.


Хабарланып отырғанындай, ЕурАзЭС қорының жарғылық қоры 10 миллиард доллар болады, оның 7,5 миллиард долларлық көлемді бөлігі –Ресейдің үлесінде.


Басқа құрылтайшы елдердің алғашқы жарнасы түрлі сомада белгіленген: Қазақстан – 1 миллиард доллар, Беларус -10 миллион, Қырғызстан мен Тәжікстан және Армения – 1 милион доллардан келісімге қол қойылғаннан кейін алты айдың ішінде қорға аударулары тиіс.

Карачиде жарылыстан кемінде 15 адам мерт болды

Карачи полициясы Пәкістанның коммерциялық астанасында орын алған жарылыстан 15 адамның қаза тауып, 20 шақты жанның жарақат алғанын хабарлады. Жарылыс шииттердің ең үлкен діни мерекесі -Ашураның аяқталар сәтінде болған.


Пәкістан Ашураның тойлануы барысында ондаған мың әскерді шығарып, қауіпсіздік шараларын күшейткен еді.

Иранда белгілі реформашылар тұтқындалды

Ираннан таратылған ақпараттарға қарағанда, ең кемінде жеті белгілі реформашы қамауға алынған.Бұл тұтқындаулар осы айдағы ең үлкен толқулар – жексенбі күнгі қақтығыстарда сегіз адам қаза тапқаннан кейін жасалған.

Реформашыл Parlemannews сайтының хабарлауынша, тұтқындалғандар қатарында оппозиция жетекшісі МирХоссейіннің үш көмекшісі бар.


Басқа бір ақпарат көздері бұрынғы реформашыл президент Мұхаммад Хатамидің қорын құруға көмектескен оппозиция саясаткері Ибрахим Язди және адам құқын қорғаушы Имад Баги де тұтқындалғандар арасында болған деп хабарлайды.

Павлюктің қазасына қырғыз азаматтарының қатысы бар

Қазақстан ІМ-нің баспасөз-қызметі «16 желтоқсан күні Алматыда Қырғыз республикасының азаматы Геннадий Павлюктің өліміне қатысты жүргізілген тергеу-тексеру амалдарының нәтижесі бұл қылмысқа Қырғызстанның бірнеше азаматының қатысы бар екенін анықтады деп хабарлады.

«Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс ауқымында полиция қажетті тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде. Сонымен бірге жиналған мәліметтер мен дәлел-дәйектерді қырғыз жағының тиісті орындарына беру мәселесі де шешілуде,"- деп атап көрсетілген баспасөз-қызметінің хабарламасында.

Геннадий Павлюкті 16 желтоқсан күні Алматыда көпқабатты үйдің бірінің терезесінен біреулер лақтырып жіберген. Ол ауыр жағдайда бірнеше күн жатқаннан кейін есін жинамастан қайтыс болған еді.

Астанадағы жаңа шіркеуде патриарх Кирилл ғибадат өткізеді

Орыс православ шіркеуінің жетекшісі патриарх Кирилл қаңтар айының ортасында Қазақстанға келеді.

Патриарх Кирилл 16-18 қаңтар күндері Алматы мен Астанада болады деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі Мәскеу патриархының баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып.


Патриарх Алматыда Возненсенск кафедралды соборында ғибадат өткізіп, Абай атындағы опера және балет театрында қоғам өкілдерімен кездеседі.

Патриарх Кирилл ел астанасында жаңадан салынған Успенск кафедралды соборын аластау, нұрландыру рәсімін өткізеді деп нақтылайды баспасөз-қызметі.

Сапар барысында патриарх Кириллдің Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесуі де жоспарланған.


1995 жылы патриарх Алексей екінші Қазақстанда болған еді.

Қазақстан президентінің ресми сайтында жарияланған ақпараттарға сәйкес, православ саны жағынан ислам дінін ұстанатындардан кейінгі екінші орындағы конфессия.


Сайттың хабарларына қарағанда, Қазақстанда соңғы кездері 300 мыңға жуық діндары бар Рим-католик шіркеуі өзінің белсенділігін арттыра түскен.


Барлығы Қазақстанда 45 конфессия тіркелген.

Тағы

XS
SM
MD
LG