Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Юлия Тимошенко денсаулығына байланысты сотқа келе алмады

Журналистер Киевтің апелляциялық сотында өтіп жатқан Юлия Тимошенконың шағымына қатысты тыңдауды экран арқылы көріп отыр. Украина, 1 желтоқсан 2011 жыл.
Бүгін Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко өзінің шағымы бойынша басталған сот тыңдауына денсаулығының нашарлығына байланысты келе алмады.

Киевтің апелляциялық соты Тимошенконың өзіне қарсы тағылған «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыпты алып тастауды сұраған шағымын қарайды.

Юлия Тимошенко жетекшілік ететін «Батькивщина» партиясының төрағасы орынбасары Александр Турчинов журналистерге бұрынғы премьердің «кәдімгідей нашарлап кеткенін» айтты. Тимошенконың қорғаушысы оның арқасы қатты ауыратындықтан жүре алмайтынын айтады.

Экс-премьердің жақтастарының айтуынша, Юлия Тимошенко түрмеде өзіне көрсетілген медициналық көмектен бас тартқан.

Алматы метросы ашылды

Алматы метросының ішкі көрінісі.
Бүгін Алматы метросының бірінші кезегі пайдалануға берілді деп хабарлайды ақпарат агенттіктері. Метроның ашылу салтанаты «Райымбек батыр» станциясында болды, оған президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

"Қазақстан жаңалықтары" агенттігінің жазуынша, метрополитеннің пайдалануға берілген бірінші бөлігінің ұзындығы 8,56 шақырым, жеті станцияны («Райымбек батыр», «Жібек Жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы драма театр» және «Алатау» станциялары) қамтиды. Болжам бойынша, метро күніне 26 мың адамға қызмет көрсетуі керек.

Алматы метросының құрылысы СССР кезінде, 1988 жылы басталған.

Назарбаев ғалымдарды діни экстремизмге тойтарыс беруге шақырды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының 14-съезінде сөз сөйлеп тұр. Астана, 25 қараша 2011 жыл.
Бүгін Алматыда ғалымдар форумында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ғылым жолындағы азаматтарды діни экстремизмге тойтарыс беруге шақырды.

"Ғылыми интеллигенция қоғамды өткенге сүйрейтін әрекеттерге тосқауыл қоюы керек" деген Назарбаев Қазақстанда дін мен ұлтаралық қатынастарды зерттеуді жаңа сатыға көтеру керегін, қандай елде болса да кез-келген ішкі қайшылықтарға діни реңк беру қауіпті екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Таразда 12 қарашада болған жарылыста ешқандай діни себеп жоқ, жарылысты тек бұған дейін де соғысып келген қарақшылар жасаған.

Египеттегі парламент сайлауында исламшыл топтар алда келеді

Каирдің Шубра ауданында парламент сайлауында дауыс беруге кезекке тұрған адамдар. Египет, 28 қараша 2011 жыл.
Египет парламентіне сайлаудың бірінші кезеңінің алғашқы нәтижелері бойынша «Мұсылман бауырлар» исламшыл ұйымы алда келеді. Сайлауда көпшілік дауысқа ие болғандардың арасында әсіреконсервативті немесе салафилік топтар да бар.

Египетте жарты ғасырдан бері әрекет етіп келе жатқан «Мұсылман бауырлар» исламшыл ұйымына Хосни Мүбәрәк билігі кезінде ымыраға келмейтін оппозициялық топ ретінде тыйым салынған болатын. «Мұсылман бауырлар» жаңа құрылған «Еркіндік және әділет партиясы» парламентте көпшілік орынға ие болған партия үкіметті жасақтауы керек деді. Ал елдің әскери кеңесі үкіметті өздері жасақтайтынын, ал оны парламенттің құқы жоқ екендігін мәлімдеді.

Сайлаудың алғашқы кезеңінің нәтижесі бүгін кешке шығуы тиіс. Үш кезеңнен тұратын және алты аптаға созылатын парламент сайлауы келесі жылдың қаңтарында аяқталады.

Ирактағы жарылыстан 10 адам қаза болды

Ирактың Басра қаласында полиция бекетінің алдындағы көлікте жарылыс болды. Ирак, 13 маусым 2011 жыл.
Бүгін Иракта, Бағдадтың солтүстік шығысындағы Халис қаласында көлікке орнатылған бомба жарылып, 10 адам қаза тапты, 20 адам жараланды деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Полиция таңертең тұрғындар келе бастаған мезгілде базар маңындағы тұраққа қойылған көлікте бомба жарылғанын айтады.

Ирак билігі Халис қаласында бірден коменданттық сағат енгізді. Бұл елде соңғы уақыттары жарылыстар жиілеп кетті.

Ақтөбеде "терроризмге қатысы бар" деген айыппен 8 адам сотталды

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының ғимараты. Ақтөбе, 19 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты "терроризмге қатысы бар" деген айыппен сегіз адамды соттады деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеп.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің айтуынша, сегіз адамның біреуі - 19 жылға, екеуі - 15 жылға, екеуі -12 жылға, екеуі - 5 жылға, біреуі 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

19 жылға сотталған - "қылмысты ұйымдастырды" деп айыпталған 25 жастағы азамат. Басқалары - 20-26 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар.

Ақтөбеде 10 шілдеде 22 жастағы жігітті атып кеткен еді. Кейін оған қатысты үш күдікті ұсталған. Полиция "қарсылық көрсеткен топтың 24 жастағы мүшесін атып өлтіргенін" мәлімдеген. Кейін құқық қорғау органдары күдіктілердің террористік топ құрғанын анықтағандарын айтты.

Сотталғандар жазаларын қатаң режимдегі колонияда, оның ішінде алғашқы бес жылын түрмеде өтейді.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметіне кірісті

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ант беру рәсімінде. Бішкек, 1 желтоқсан 2011 ж.
Қырғызстанның жаңа сайланған президенті Алмазбек Атамбаев бүгін ресми түрде қызметіне кірісті.

Бүгін Бішкекте өткен ұлықтау рәсімінде ант берген Алмазбек Атамбаев қырғыз азаматтарына ант берді. Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тұйғынәлі Абдраимов Атамбаевқа президент куәлігі мен төс белгі тапсырды. Артынан Қырғызстанның әнұраны орындалып, артиллериядан оқ атылды.

Ұлықтау рәсіміне Түркия президенті Абдулла Гүл, Грузия президенті Михаил Саакашвили, Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, Тәжікстан мен Әзірбайжанның үкімет басшылары және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр деп хабарлайды Азаттық радиосының қырғыз қызметі. Ресей президенті әкімшілігінің басшысы Сергей Нарышкин осы рәсімге қатысады деп хабарланғанымен, ол Бішкекке бармай қалды.

Алмазбек Атамбаев 30 қазанда өткен президент сайлауында сайлаушылардың 62.52 пайыз дауысына ие болып, жеңіске жеткен болатын. Қырғыз президентінің өкілеттік мерзімі - алты жыл.

Қазақстан ғалымдары жаңа минералға "Нұрназен" деген ат берді

Қаныш Сәтбаев атындағы геология институтының ғалымдары жаңадан ашылған минералдың бірін "Нұрназен" деп атап, оны тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнады деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

"Қазір Қазақстан Халықаралық минерология қауымдастығы жанындағы минералдардың атауы жөніндегі комиссияға "Нұрназен" минералын тіркеу туралы өтініш беріп жатыр" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарда.

Ғалымдар бұл жаңалықты бүгін Алматыда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан ғалымдарының форумында айтқан.

Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беретін түзету заңға енді

Қазақстанның тұңғыш президенті атындағы саябақта ашылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.
Бүгін парламент Нұрсұлтан Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беретін заңға түзетулер енгізді деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Сенат депутаттары пленарлық отырыста "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - ұлт көшбасшысы" туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу" жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Бұл мақұлданған заң жобасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсырылатын «Халық қаһарманы» атағын беруге болады.

29 қарашада әділет министрі Рашид Түсіпбеков премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынғанын хабарлаған.

Бұдан тура жиырма жыл бұрын, 1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде президент болып сайланған болатын.

Ақтөбе қалалық полициясының бастығы қамауға алынды

Қолшатыр ұстап тұрған полиция подполковнигі. (Көрнекі сурет)
Ақтөбеде қалалық полиция басқармасының бастығы Қайрат Мырзабеков қарамағында жұмыс істейтін әйелге қол жұмсаған деген күдікпен қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Облыстық ішкі істер департаменті Мырзабековтің абақтыда отырғанын растағанымен, оған қандай айып тағылғанын айтпай отыр.

– Подполковник Қайрат Мырзабековтің қамауға алынғаны рас. Тергеу құпиясына байланысты басқа ештеңе айта алмаймын, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев Азаттық тілшісіне.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, оқиға өткен аптада болған. Зардап шеккен әйел қарашаның 24-і күні қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізіліп, оған көмек көрсетілген.

– Ол кісі сенбі күні өз өтініші бойынша ауруханадан шығып кетті. Мен сізге басқа ештеңе айта алмаймын. Дәрігерлік құпия. Полициядан сұраңыз, – деді аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев бейсенбі күні Азаттық радиосына.

Полиция подполковнигі Қайрат Мырзабеков Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы бастығы болып былтыр қазан айында тағайындалған еді. Бұған дейін ол Хромтау аудандық ішкі істер бөлімі бастығы болған.

Тунис әскери соты бұрынғы президентті 5 жылға соттады

Тунистің бұрынғы президенті Зин әл-Әбидин бен Әли.
Тунистің ақпарат құралдары елдің әскери соты бұрынғы президент Зин әл-Әбидин бен Әлиді "армия офицерлерін азаптады" деп айыптап, сыртынан бес жылға соттағанын хабарлады.

Зин әл-Әбидин бен Әлиді елдің азаматтық соты бұған дейін үш рет сыртынан соттап, жиыны 60 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді.

Тунистің бұрынғы президенті қаңтар айында халық толқулары кезінде Сауд Арабиясына қашып кеткен болатын. Содан бері елдің азаматтық және әскери сот оған қарсы жүзден астам айып тақты.

Transparency International: "Әлемде коррупция деңгейі артып келеді"

Transparency International халықаралық ұйымының белгісі.
Transparency International халықаралық ұйымы әлем елдерінде қоғамдық және саяси институттарда коррупцияның тамыр жайып келе жатқаны жөнінде хабарлады.

Ұйымның 2011 жылғы коррупция деңгейіне қатысты жасаған баяндамасы бойынша, бірқатар елдерде коррупция деңгейінің артып кетуі халықтық толқуларға себеп болған. 182 елден алынған сауалнамаға қарағанда, Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан коррупция қоғамның барлық саласына еніп кетуінен зардап шегіп отыр және жағдай бұрынғысынша оңалмаған күйі қалған.

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде коррупцияның кең тарап кетуі халықтың көтерілістерге шығуына түрткі болды. Иран, Беларусь, Ресей және Украина мемлекеттері де коррупция деңгейі жоғары елдердің тізіміне енген. Биылғы жылы коррупция деңгейі тым жоғары елдердің тізімін Ирак, Ауғанстан және Сомали аяқтайды.

Коррупция деңгейі төмен мемлекеттердің тізімінде Скандиинавия елдері, Жаңа Зеландия тұр.

Приднестровье аймағының мәртебесіне қатысты келіссөздер өтіп жатыр

Приднестровье аймағының картасы.
Литва астанасы Вильнюсте Молдованың даулы Приднестровье аймағына қатысты ресми келіссөздер өтіп жатыр.

Биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқан Литва келіссөздерге арағайындық жасайды. Келіссөздер Молдова, Приднестровье аймағы, Ресей, Украина, ЕҚЫҰ, Еуропа одағы және АҚШ-тың қатысуымен өтіп жатыр. ЕҚЫҰ-ның Молдовадағы өкілі, АҚШ-тың бұрынғы дипломаты Филипп Ремлер екі күндік кездесуден бір нәтиже шыға қоймайтынын айтады.

Мәскеуге бүйрегі бұратын Приднестровье аймағы Молдовадан 1990 жылы бөлініп кеткен. Аймақ 1992 жылы Молдовамен қақтығысып қалып, жүздеген адам қаза тапқан еді. Қақтығыс Ресейдің араласуымен тоқтаған.

Приднестровье аймағының дауын шешу жолындағы келіссөздер соңғы рет 2006 жылы өтті.

Ұлыбритания Лондондағы Иран елшілігін жабады

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг. Лондон, 31 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлыбритания Тегерандағы елшілігіне жасалған шабуылдан кейін бұл елден дипломаттарын шығарып, Иранның Лондондағы елшілігін тез арада жабуды ұйғарды.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг бүгін парламентте сөз сөйлеп, "ирандық дипломатиялық қызметкерлердің барлығы 48 сағат ішінде Ұлыбританиядан кетуі керек" деп мәлімдеді.

29 қарашада Тегеранда Ұлыбританияның Иранға енгізген санкцияларына наразылық танытқан мыңдаған ирандық Ұлыбритания елшілігінің қос ғимаратына шабуыл жасаған. Демонстранттар ғимараттың терезелерін сындырып, Ұлыбритания туы мен көліктерді өртеді.

Ұлыбритания шабуылдарға наразылық танытып, оның салдары ауыр болатынын ескертті. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шабуылды қатаң айыптады. Ал АҚШ президенті Барак Обама Иранды шабуылға кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Беларусь соты Минск метросын жарғандарды өлім жазасына кесті

Дмитрий Коновалов мен Владислав Ковалевтің соты. Минск, 30 қараша 2011 жыл.
Беларусь соты бүгін 25 жастағы Дмитрий Коновалов мен Владислав Ковалевті 11 сәуірде Минскі метросында болған жарылысқа айыпты деп танып, өлім жазасына кесті.

Айыптылар сондай-ақ 2008 жылы Минскіде Тәуелсіздік мерекесінде болған жарылысқа да кінәлі деп танылды. Бірақ ол кездегі жарылыстан ешкім зардап шеккен жоқ.

Биыл сәуір айында Минск метросында болған жарылыстан 15 адам қаза тауып, 200 адам жараланған еді. Билік мұны бірден елде тұрақсыздық орнатқысы келеді деп оппозицияға жауып, оппозиционерлерді қудалай бастады.

Гранитный ісі бойынша сотталушыларға үкім шыққаны хабарланды

Бүгін Грантиный түрмесіндегі сотталушыларға қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды Азаттық радиосына сотталушылардың ата-аналары.

Сотталушы Арман Оразаевтың анасы Дәмелі Оразаеваның айтуынша, барлығы 14 сотталушыға қатысты үкім шыққан. Судья Әлібек Ілиясовқа 19 жыл, Тимур Қашаулиевке 7 жыл, Арман Жұмағазиевқа 5 жыл, Дастан Қабылбековке 6 жыл, Сабыржан Алтиевке 8 жарым жыл, Данияр Жармұхамедовке 7 жыл, Асылан Жұмабековке 6 жарым жыл, Төлеген Ибраевқа 7 жыл, Шамиль Алиевке 5 жыл, Мәрлен Шалабаевқа 5 жыл, Николай Апокинге 5 жыл, Оразаев Арманға 5 жыл, Ғани Қожаевқа 6 жыл қатаң режимдегі түрмеде, Сафронов Кириллге 1жыл 4 ай жалпы режимдегі түрмеде жазасын өтеуге үкім шығарған.

Дәмелі Оразаева сотталушылар мен олардың ата-аналары үкіммен келіспейтіндіктерін және облыстық сотқа шағымданатындарын айтты.

Өткен жылы тамыз айында Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі түрмеде жүздеген сотталушы қарындарын тіліп, мекемеде бүлік шыққан еді. Ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталған болатын.

Оңтүстік Осетия президенттігінен үміткердің жақтастары наразылық танытты

Оңтүстік Осетия президенттігіне үміткер Алла Джиоеваның жақтастары Цхинвалиде шеру өткізіп жатыр. Оңтүстік Осетия, 29 қараша 2011 жыл.
Осетияда өткен президент сайлауындағы жеңісінен айырылған Алла Джиоеваның жақтастары республика астанасы Цхинвалиде наразылық акциясын өткізді.

Оңтүстік Осетияның жоғарғы соты 29 қарашада сайлауға түскен Мәскеу қолдайтын Анатолий Бибиловтың жақтастарының шағымы бойынша 27 қарашада өткен сайлау қорытындысын жоққа шығарып, келесі жылдың наурызына қайтадан сайлау белгіледі. Артынан парламент Алла Джиоеваның қайтадан сайлауға түсуіне тыйым салды.

Джиоева бүгін ақпарат құралдарына өзін Оңтүстік Осетияның заңды сайланған президенті деп санайтынын және үкімет кеңесін құруды жоспарлап отырғанын айтты.

Оңтүстік Осетия Грузиядан 1990 жылдардағы жанжалдарда бөлініп кеткен болатын. Ресей 2008 жылы Грузиямен болған қақтығыстан соң Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындады.

Әділбек Жақсыбеков АҚШ-тың қорғаныс вице-министрімен кездесті

Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.
Бүгін Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков АҚШ қорғаныс министрінің Орталық Азия мен Тынық мұхиты аймағы мәселелері бойынша орынбасары Питер Лэвоймен кездесті деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

"Алдағы бес жылда (2013-2017) Қазақстан АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастығын ары қарай да белсенді жүргізе береді" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарда.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынастардың басым бағыты - Қазақстанның қорғаныс саласындағы өнеркәсіп кешендерін дамыту сөз болған. Әділбек Жақсыбеков қарулы күштер қатарына сандық технологияларды енгізу және ақпараттық-сандық инфрақұрылымды қорғау деңгейін арттыру үшін АҚШ-пен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі екендігін айтты.

Египеттегі қақтығыстарда 80 адам жараланды

Египет әскерилері Каирдің Замалек ауданындағы сайлау учаскесінде қауіпсіздікті қадағалап тұр. Египет, 28 қараша 2011 жыл.
Египеттегі парламент сайлауының алғашқы кезеңі соңына таяп қалғанда Каирде болған қақтығыстардан 80-дей адам жараланды.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Тахрир алаңында шерушілердің полициямен қақтығыстарында жастар жанармай құйылған бөтелкелер лақтырып, оқ атқан. Египеттің MENA ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 27 адам ауруханаға түскен.

Үш кезеңнен тұратын сайлаудың алғашқы нәтижелері бүгін кешке шығады. Халықаралық қауымдастық "сайлау әділ өтті, сайлаушылар белсенді қатысты" деп бағалады. Парламент сайлауы келесі жылдың наурызында, президент сайлауына дейін аяқталады.

"Мұсылман бауырлар" исламшыл тобы сайлаушылар дауысының басым көпшілігіне ие болады деген болжам бар.

Мұхтар Шаханов «Руханият» партиясының «рухани жетекшісі» болды

Мұхтар Шаханов. Алматы, 18 тамыз 2011 жыл.
Мұхтар Шаханов "Руханият" жасылдар партиясының атынан мәжіліс сайлауына түседі деп хабарлады бүгін Азаттық тілшісі.

"Руханият" партиясының Алматыда өткен сайлау қарсаңындағы съезінде "Халық рухы" партиясы жетекшілерінің бірі Мұхтар Шаханов парламент сайлауына түсу үшін "Руханият" партиясына қосылып, партияның "рухани жетекшісі" деп жарияланды.

Партиядан парламент сайлауына жиыны 37 адам түсетін болды. Олардың арасында партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин, Мұхтар Шаханов бар.

Бұған дейін съезге қатысады деп хабарланған Уәлихан Қайсар мен оның тіркелмеген "Абырой" партиясынан съезге ешкім келмей қалды деп хабарлайды тілшіміз.

Ұлыбритания Ирандағы дипломаттарын қайтарып алады

Шерушілер Ұлыбританияның елшілігін қоршап тұр. Тегеран, 29 қараша 2011 жыл.
Батыс дипломаттарына сілтеме жасаған ақпарат агенттіктері Ұлыбританияның Ирандағы барлық дипломатарын қайтарып алатынын хабарлады.

Бұған Ұлыбританияның Ирандағы елшілігіне жасалған шабуыл себеп болса керек. Анықталмаған ақпаратқа қарағанда, елшіліктің бір топ қызметкерлері Тегеран әуежайында Дубайға ұшқалы тұр.

29 қарашада Тегеранда Ұлыбританияның Иранға енгізген санкцияларына наразылық танытқан мыңдаған ирандық Ұлыбритания елшілігінің қос ғимаратына шабуыл жасаған. Демонстранттар ғимараттың терезелерін сындырып, Ұлыбритания туы мен көліктерді өртеді.

Ұлыбритания шабуылдарға наразылық танытып, оның салдары ауыр болатынын ескертті. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шабуылды қатаң айыптады. Ал АҚШ президенті Барак Обама Иранды шабуылға кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Атырау соты «Халифат сарбаздарын» террористік ұйым деп жариялады

"Джунд әл-Халифат" ("Халифат сарбаздары") ұйымы Қазақстан билігіне доқ көрсеткен мәлімдеме жасап тұр.
«Атырау қаласының соты «Халифат сарбаздары» («Джунд әл-Халифат») исламшыл тобын террористік ұйым деп танып, оның Қазақстан аумағында әрекет етуіне тыйым салды» деп хабарлады бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков сәрсенбіде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Атырау қалалық сотының қарашаның 25-індегі шешіміне орай «Халифат сарбаздары» ұйымына қатысы бар барлық азаматтар террористік әрекеті үшін жауапқа тартылады».

Қазанның 31-інде Атырауда болған жарылысты, қарашаның 12-сінде Таразда болған терактілерді «Халифат сарбаздары» ұйымы өз мойнына алған болатын. Ал бас прокуратура Тараздағы терактіге осы ұйымның қатысы бар деп мәлімдеген.

Бас прокуратура: «Тараздағы терактіге қатысты 6 күдікті ұсталды»

Терактіде қаза тапқан адамның денесі. Тараз, 12 қараша 2011 жыл.
Тараздағы терактілерге қатысы бар деген күдікпен алты адам ұсталды деп хабарлады сәрсенбі күні бас прокуратураның өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Нұрдәулет Сүйіндіков ұсталғандардың арасында осы жылдың басында құрылған қылмыстық топтың діни жетекшісі бар екенін айтты. "Топ дүкендерге, банктер мен ақша айырбастау орындарына қарақшылық шабуыл жасап, тонауды жоспарлаған. Олардың бұған дейін де бірнеше қылмыстық іске қатысы барлығы дәлелденді",- дейді ол.

Оның айтуынша, қылмыстық топтың жетекшісі "діни идеяларды жамылып, өзін рухани жетекші етіп көрсеткен және топ мүшелеріне ислам мемлекетін құру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерін өлтіріп, жиһад жасауға үгіттеген".

"Қазір ұйымдасқан қылмыстық топтың Қазақстандағы қылмыстық топтармен және сырт елдердегі ұйымдармен байланысы бар-жоғы жөнінде мәлімет жоқ",- деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Бас прокуратураның мәліметінше, жарылысты жасаған Мақсат Қариев гранатометті осы топтың өзге мүшесінен алған. Қазір гранатометтің қылмыстық топтың қолына қайдан түскендігі анықталып жатыр.

12 қарашада Таразда терактілер болып, соның салдарынан 5 полицей мен 2 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Украиналықтар жәрдемақының қысқаруына наразылық танытып жатыр

Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар Донецкіде аштық жариялап тұр. Украина, 28 қараша 2011 жыл.
Киевте Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар мен ауған соғысының 3 мыңға тарта ардагері мемлекеттен берілетін жәрдемақының қысқаруына наразылық танытты.

Үкімет үйінің алдына жиналған наразылық танытушылар зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны қысқартпауды, әлеуметтік заңдарға түзетулер енгізуге мораторий жариялауды талап етіп отыр. Шерушілер сондай-ақ 27 қарашада Донецкіде полицияның шабуылы кезінде қайтыс болған 70 жастағы шахтер Геннадий Коноплевке қатысты әділ шешім шығаруды талап етті.

Украина үкіметі қыркүйекте Чернобыль апатының зардабын жоюға, ауған соғысына қатысқандардың және басқа да түрлі әлеуметтік қаржылай көмек алатындардың жәрдемақыларын қысқартуға шешім қабылдаған еді.

Үкіметтің шешімі Украинада, әсіресе президент Виктор Януковичтің туған қаласы Донецкіде жаппай наразылықтар туғызды.

Иранда Ұлыбритания елшілігі шабуылға ұшырады

Шерушілер Ұлыбритания елшілігіндегі елтаңбаны алып тастады. Тегеран, 29 қараша, 2011 жыл.
Мыңдаған ирандық шерушілер кеше Ұлыбританияның Тегерандағы елшілігінің екі ғимаратына шабуыл жасады. Олар алдымен Ұлыбританияның Тегерандағы елшілігінің бас ғимаратының терезелерін қиратып, туын өртеді.

Шабуыл жасаушылар Ұлыбританияның Иранға енгізген санкцияларына наразылық танытып, "Ұлыбританияға өлім келсін!" деген ұрандар айтты.

Fars агенттігі полиция қаланың орталығындағы елшіліктің басты ғимараты алдындағы шерушілерді таратқандай болғанын, бірақ кейін олармен қақтығысып қалғанын хабарлады.Тегеранның солтүстігінде орналасқан елшіліктің екінші ғимаратына 100 шақты адам шабуыл жасады.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі шабуылдарды айыптады. Ал Иран сыртқы істер министрлігі оқиғаны "ыңғайсыз жағдай" деп бағалап, дипломаттар мен елшілік ғимараттарын қорғайтынын мәлімдеді.

Бұл шабуыл 1979 жылы исламшыл студенттердің АҚШ елшілігіне жасаған шабуылын еске түсіреді. Ол кезде шерушілер АҚШ-тың 52 дипломатын 444 күн бойы кепілде ұстаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG