Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

"Плагиаттық жасады" деп айыпталған неміс министрі қызметінен кетті

Германия қорғаныс министрі Карл-Теодор цу Гуттенберг қызметінен кетті.

"Плагиаттық жасады" деп айыпталған цу Гуттенберг өткен айда докторлық дәрежесінен айрылған болатын.

Ангела Меркель үкіметіндегі ең танымал министр, 39 жастағы цу Гуттенберг отставкаға кететіні туралы бүгін канцлер мен президентті хабардар етті.

Кабул уәлаятының әкімі қызметінен кетпек

Кабул уалаятының әкімі Забиулла Мужадади ауған президенті Хамид Карзайдың үкіметін айыптап, қызметінен кететінін мәлімдеді.

Осыдан екі жыл бұрын әкім қызметіне кіріскен Мужададидің айтуынша, орталық үкімет оған айтпастан уалаяттағы ресми өкілдердің қызметіне қатысты өзгерістер жасаған. Сонымен қатар Кабул әкімі үкімет жеткілікті дәрежеде ресурстармен қамтамасыз етпеді деп кінәлады.

Лауазымынан бас тарту туралы өтініш тапсырған Мужадади наурыздың аяғына дейін қызметінде болмақ.

Түркия халқы бүгін Ербаканмен қоштасады

Түркияның алғашқы исламшыл премьер-министрі Нежмеддин Ербакан бүгін Стамбулда жерленеді.

84 жастағы Ербакан жексенбі күні Анкара ауруханасында жүрек ауруынан көз жұмды. Премьер-министр Режеп Тайып Ердоған Ербаканды жерлеу рәсіміне қатысу үшін Брюссельге сапарын кейінге қалдырды.

Оманда наразылық шарасы жалғасып жатыр

Оман күштері бүгін наразылық танытушыларды қуып тарату үшін әуеге оқ атып, бір адамды жаралады.

Оманның негізгі өнеркәсіп орталығы Сохар қаласында наразылық шараларының басталғанына төрт күн болды. Жексенбі күні шерулер барысында 6 адам опат болды. Дүйсенбі күні наразылық шарасы Маскатқа жайылды.

Омандағы шерушілер саяси реформалар мен жұмыс орындарын талап етеді.

Сұлтан Кабус бин Саид Оманды 40 жылдан бері басқарып келеді. Бұл елдегі шерулер - Араб әлеміне жайылған демократияшыл наразылық шараларының бір бөлігі.

Сайлауға бақылаушылар тіркеліп жатыр

Орталық сайлау комиссиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша бюросының 44 бақылаушысын аккредитациялады. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауын бақылайтын өкілдер наурыздың 5-інде жұмысына кіріседі дейді аталмыш ұйымның басшысы Даан Эвертс.

Елде президент сайлауы сәуірдің 3-інде өтеді.

Бәзілбаев пен Төрегелдиев сайлауға түсуден бас тартты

Президенттікке өз кандидатураларын ұсынған Жақсыбай Бәзілбаев пен Қанат Төрегелдиев сайлауға түсуден бас тартты.

Бәзілбаев халықты сәуірдің 3-індегі кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға және Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы дауыс беруге шақырды.

Ал Қанат Төрегелдиев өз жақтаушыларының қолын жинап үлгермегендіктен кандидатурасын қайтып алғанын, енді Назарбаевты қолдап дауыс беретінін айтты.

Иран оппозициясы екі жетекшісінің босатылуын талап етпек

Иран оппозициясы бүгін ел астанасы мен басқа да қалаларда шеру өткізбекші. Олар өз жетекшілерінің босатылуын талап етпек.

Осыдан бір күн бұрын Мир Хоссейн Мусави мен Мехди Карруби Теһранда қамауға алынды деген хабар шыққан болатын. Иран сот жүйесінің өкілі бұл хабарды жоққа шығарды. Египет пен Мысырдағы көтерілістерді қолдап шеру өткізуге шақырған оппозициялық жетекшілер ақпанның 14-нен бері үйқамақта отырған еді.

Ақ үй Ирандағы оппозиция басшыларын босатуға шақырды.

Азық-түлік бір жылда 13 пайызға қымбаттаған

Қазақстанда биыл ақпан айында азық-түліктің бағасы былтырғы осы аймен салыстырғанда 13% қымбаттаған. Бұл туралы елдің статистика агенттігі хабарлады.

Агенттік деректері бойынша, бір жылда жарма бағасы 78,7 пайызға, жеміс пен көкөніс – 28,7 пайызға, өсімдік майы және тоң май – 22,2 пайызға қымбаттаса, ет бағасы 15,2 пайызға өскен.

Статистика агенттігі ақпан айында инфляция көрсеткіші 1,5 пайыз болғанын айтып отыр. Сонымен бірге өткен айда нан өнімдері мен жарма бағасы 1,8 пайызға, көкөніс – 8,5 пайызға, жеміс – 2,9 пайызға, қант – 5,4 пайызға, құс пен ет 2,1 пайызға қымбаттаған.

Пан Ги Мун: Каддафи билігі заңдылығын жоғалтты

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Ливия басшысы Муаммар Каддафидің өз халқына қарсы соғысып жатқанын айыптады.

Ливияда болып жатқан жағдайдан соң Каддафи билігі заңдылығын жоғалтты деді Пан Ги Мун.

Дүйсенбі күні АҚШ президенті Барак Обамамен кездескен Пан Ги Мун америкалық үкімет басшысының Таяу Шығыстағы дағдарысқа қатысты ұстанымына қолдау білдірді.

БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Сьюзен Райс Муаммар Каддафидің «халқы өзін жақсы көретіні» жайлы сөзі оның шынайы өмірден қаншалықты алшақ қалғанын көрсететіндігін айтты.

Вашингтон Ливияның 30 миллиард долларлық активтеріне қатысты тыйым салынғанын жариялады.

Вьетнамда 69 жастағы диссидент бостандыққа шықты

Вьетнам билігінің 69 жастағы диссидент Нгуен Дан Куды кепілге босатқаны хабарланды.

Полиция қарт диссидентті халықты жаппай наразылық шарасына шығуға үндеген деген айыппен сенбі күні ұстаған болатын. Полицейлер оның компьютерінен үкіметке қарсы мыңдаған құжаттар табылғанын айтады.

Бірпартиялық жүйеден құтылу үшін жастарды жаңа технологияларды белсенді пайдалануға шақырған Нгуен Дан Кудың үндеуі өткен аптада интернетте жарияланған болатын.

Вьетнамдағы адам құқығын бейбіт жолмен қорғау қозғалысының жетекшісі Нгуен Дан Ку 1978 жылдан бері үш рет түрме жазасына кесілген. Ол жиынтығы 20 жылды түрмеде өткізген.

Венесуэлада кәсіподақ жетекшісі 7 жылға сотталды

Венесуэла соты елдегі танымал кәсіподақ жетекшісі Рубен Гонзалесті жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Оған заңсыз жиын ұйымдастырған және өшпенділік қоздырған деген айыптар тағылды.

Құқық қорғаушылар кәсіподақ басшысына сот үкімі биліктің қысымы бойынша шығарылып отыр деп санайды. Гонзалес темір кенін өндіретін мемлекеттік кәсіпорында болған ереуілден соң айыпталған.

2009 жылы тамызда еңбекақының кешіктірілуіне наразы жұмысшылардың ереуілі мемлекеттік кәсіпорындағы жұмысты екі аптаға тоқтатып тастаған еді.

Кот-д'Ивуар астанасында БҰҰ өкілдеріне оқ атылды

Африкадағы Кот-д'Ивуар мемлекетіне қару-жарақ беруге салынған тыйымның бұзылғанын зерттеуге келген БҰҰ арнайы миссиясының өкілдеріне қарсы ел астанасында оқ атылған. Бұл туралы БҰҰ таратқан мәлімдемеде айтылды.

БҰҰ миссиясы "Беларусь бұл елге қару-жарақ эмбаргосы енгізілгеніне қарамастан Кот-д'Ивуар президенті Лоран Гбагбоның жақтастарына шабуылдаушы тікұшақтар мен әскери күштерге қажетті жабдықтар жеткізген" деген ақпарат бойынша тексеру жүргізбекші еді.

Кот д’Ивуарды ұзақ жылдар басқарып келген Гбагбо былтыр өткен президенттік сайлаудағы жеңілісінен кейін де билікті қолдан бергісі келмей отыр.

Қарашаның 28-інде өткен президент сайлауында Аллан Уаттараның жеңісін халықаралық қауымдастық мойындаған еді, алайда Лоран Гбагбо президенттіктен кетер сыңай танытпай отыр.

Ресейде «Полиция туралы» заң күшіне енді

Бүгіннен бастап Ресейде «Полиция туралы» жаңа заң күшіне енді.

Бұл заң ел президенті Дмитрий Медведевтің бастамасы бойынша әзірленіп, интернетте арнайы сайтта талқыланды. Мемлекеттік дума қабылдаған осы заң бойынша ресейлік милиция енді полиция деп аталатын болады.

Оппозициялық «Солшыл майдан» қозғалысының белсенділері жаңа заңға қарсы екендерін білдіріп, бүгін бірнеше пикет ұйымдастырмақшы.

Жаңа Зеландия зілзала құрбандарын еске алды

Бүгін Жаңа Зеландияда Крайстчёрч қаласындағы зілзалада қаза болған құрбандарды екі минут үнсіз еске алды.

Деректер бойынша, өткен аптадағы магнитудасы 6,3 балдық зілзаладан 240-қа жуық адам мерт болған. Табиғи апат Крайстчёрч қаласының инфрақұрылымына айтарлықтай зардап тигізіп, көптеген ғимаратты құлатып кетті.

Елдің премьер-министрі Джон Кей зілзала зардабын жою шығыны ел экономикасына 15 миллиард долларға түсетінін мәлімдеді.

Муаммар Каддафи: Ливия халқы мен үшін жанын беруге бар

Ливия басшысы Муаммар Каддафи өзін халық бұрынғысынша қолдайтынын, тіпті ол үшін жұрт «жанын беруге дайын» екендігін мәлімдеді.

Каддафи шетелдік журналистерге берген сұқбатында Ливиядағы көше шерулеріне тек «әл-Қаида» таратқан есірткіге елітіп алғандар қатысып жүр дегенді айтты. Ол батыс елдерін сатқындар деп атап, олар Ливияны отарына айналдырғысы келеді деп айыптады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен соң Еуропа Одағы да Ливияда наразылық шеруіне шыққандарды қатыгездікпен жазалаған Каддафи режиміне қарсы санкциялар енгізетінін жариялады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Муаммар Каддафиге қызметінен кететін уақыт жетті деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның есебі бойынша, бір аптада жүз мыңнан аса адам Ливиядан кетіп қалған.

Хиллари Клинтон: Каддафи үшін кететін уақыт болды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон дүйсенбі күні Ливия жетекшісі Муаммар Каддафиге тезарада биліктен кететін уақыт жетті деді.

Клинтон ханым бұл туралы Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары кеңесінде сөйлеген сөзінде айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы халықаралық қауымдастықты Ливиядағы дағдарысты тоқтатуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Ол Вашингтонның ұстанымы Каддафи режимі адамдарды өлтіріп, халқына қауіп төндіріп отырғандықтан талқылайтын еш нәрсе қалмады деген тұрғыда болады.

Тәжік президентінің ұлы Кеден қызметіне басшы болды

Бүгін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен баласы мемлекеттік кеден қызметіне жоғарғы қызметке келді. Бұл туралы Азаттықтың тәжік редакциясы хабарлады.

Кеден комитетінің атын атамаған өкілі хабарлағандай, Рустам Эмомали заңсыздықпен күрес департаментінің басшысы болып тағайындалған.

Тәжікстан мемлекеттік университетін тамәмдаған 23 жастағы Эмомали осыған дейін Мемлекеттік мүлік пен инвестициялар жөніндегі комитетте кеңесші болып қызмет атқарған. 2010 жылы ол Душанбе қалалық кеңесіне мүше болып сайланды.

Президент Эмомали Рахмон өткен жылы өзінің қызы Озода Рахмонованы сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындаған.

Еуро Одақ Ливияға қарсы санкцияны мақұлдады

Еуропа Одағы Ливия жетекшісі Муаммар Каддафи режиміне қарсы санкцияларды қолдады.

Онда Ливияға қару-жарақ эмбаргосы енгізіліп, Каддафи жақындарының есеп-шоттарын тәркілеп алып, олардың шетелге шығуына тыйым салынды.

Еуропа Одағының төрағалығын алған Венгрияның энергетика министрі бүгінгі шешімге Брюссельдегі Еуро Одақ елшілері бірауыздан келді деді.

Оның айтуынша, Еуропа Одағының санкциясы Ливиядағы бейбіт халықты күшпен басып-жаншыған қақтығысқа жауапты адамдарға және бұл елге қару-жарақ кіргізуге қарсы салынды.

Египет Мүбәрәк отбасының елден шығуына тыйым салды

Мысырдың жаңа үкіметі биліктен қуылған президент Хосни Мүбәрәк пен оның отбасына елден шығуға тыйым салып, есеп-шоттарын тәркілеуге нұсқау берді.

Бас прокурордың өкілі Мүбәрәк пен оның отбасы мүшелерінің жинаған байлығы тергеліп жатқандықтан, олардың шетелге кетуіне шектеу енгізілді деді. Ол Мүбәрәктің 30 жылдық билігі кезінде оның бала-шағасы миллиардтаған доллар ақша жинаған деген шағым қаралып жатқанын айтты.

Хосни Мүбәрәк өзіне қарсы бірнеше аптаға созылған наразылық шараларынан кейін ақпанның 11-інде қызметінен кеткен.

Сәлім Өтен президент Назарбаевтың үстінен шағым түсіргенін айтты

Қазақстанда президент сайлауына түсуге ниет танытқан Сәлім Өтен қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты кандидаттар тізімінен алып тастау жөнінде Жоғары сотқа шағым түсірді.

Сәлім Өтен дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында журналистерге берген сұқбатында: «Егер Назарбаев президенттікке кандидаттар тізімінен алынбаса, ондай сайлауға қатысу мен үшін масқара болады. Онда мен өз кандидатурамды алып тастаймын» деді.

Ол Назарбаев қасақана әрі бірнеше мәрте Конституцияның 12-бабының 3-бөлігін және 14-баптың талаптарын орындамай отыр дейді.

Өтеннің айтуынша, Жоғары сот оның шағымын бес күннің ішінде қарап шығуға уәде берген.

Сәлім Өтен сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясын да сотқа бергенін айтты.

БҰҰ өкілі әлем елдерін Араб шерушілерін қолдауға шақырды

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жетекшісі әлем елдерін Таяу Шығыстағы реформаларды қолдауға шақырып отыр.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссионері Нэви Пиллэй дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде, дүниежүзі елдері жаңа саяси өзгерістерді талап еткен шерушілердің дегеніне жетуіне көмектесуі керек, әйтпесе жаңа қауіп-қатер туады деген.

Ол бұл туралы 47 мүшесі бар Адам құқықтары кеңесінде айтып, Ливиядағы адам құқықтары жағдайына алаңдаулы екенін айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон да Женевадағы бұл жиында сөз алып, әлемнің сыртқы істер министрлерімен Ливияға қалай әсер ету мәселесін ортаға салады.

Бахрейнде шерушілер парламентке кіруге тосқауыл қойды

Бүгін Бахрейн шерушілері Ұлттық Ассамблеяның кіре берісіне тосқауыл орнатып, ел парламенті Шура жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті.

Бірнеше оқу орнынының студенттері де саяси реформаларды талап еткен шерушілерге қосылды. Кейбір студенттер Манама маңындағы мемлекеттік телеарнаға бет алған шерушілерге ілескен.

Бір апта бұрын басталған жаппай наразылық шараларынан қаза тапқандар саны 7-ден асты. Бахрейн патшасы шейх Хамад бин Иса әл-Халифа өткен аптада үкіметте аздаған ауыс-түйістер жасап, оппозиция мен үкімет арасында диалог орнату мақсатында қамаудағы 300 адамға рахымшылық жасаған болатын.

АҚШ президенті Барак Обама Бахрейн патшасының реформалар жасау міндеттемесі мен диалогқа шақырғанын құптап сөйледі.

Йеменде мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты

Бүгін Йемен қалаларында он мыңдаған адам наразылық танытып көшеге шықты. Олар елді 32 жыл басқарған президент Али Абдулла Салехтың орнынан кетуін талап етті.

Куәгерлердің айтуынша, Сана университетінің маңына 5 мың шеруші жиналған. Ал солтүстіктегі Ибб пен Худейда қалаларында мыңдаған адам, Таиз көшелеріне 10 мың кісі шыққан.

Абиян провинциясының билік өкілдері дүйсенбі күні қарулы адамдар оғынан екі әскер қаза тауып, 11 кісі жараланғанын айтты.

Қарулы топ қауіпсіздік күштерінің бақылау бекетіне шабуылдап, бір сарбазды өлтірген. Екінші шабуыл атыста жараланғандарды тасып бара жатқан көлікке жасалып, тағы бір әскер мерт болды.

Билік өкілдері бұл шабуылға әл-Қаиданы айыптап отыр.

Қазақстанның 10 азаматы Ливиядан оралды

Қазақстанның 10 азаматы жаппай тәртіпсіздік жайлаған Ливиядан елдеріне қайтып келді, 9 адам Мальтаға, Ұлыбританияға, Францияға кетті деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің өкілі Асқар Әбдірахманов дүйсенбі күні.

Оның айтуынша, Ливияда Қазақстанның әлі төрт азаматы қалған: оның екеуі - дипломатиялық қызметкерлер, біреуі - «Газпром» өкілі, біреуі - Ливия азаматының жұбайы.

Қасымов пен Елеусізов президенттікке кандидат ретінде тіркелді

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан патриоттар партиясынан ұсынылған кандидат - осы партияның басшысы, парламент сенатының депутаты Ғани Қасымовты және өзін-өзі ұсынған Мэлс Елеусізовті кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидат ретінде қабылдады.

Ғани Қасымовтың кандидатурасын 99 мың 728, Мэлс Елеусізовті 97 мың 830 сайлаушы қолдаған.

Кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары наурыздың 3-інде басталып, сәуірдің 1-і күні түнгі сағат 12-де аяқталады. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 3-іне белгіленген.

Тағы

XS
SM
MD
LG