Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда "Миранда ережесі" пайда болуы мүмкін

Көрнекі сурет.
Қазақстан полицейлеріне енді күдіктілерді ұстаған кезде оларға құқықтары туралы айтып беру міндеті жүктелуі мүмкін. Бұл туралы бүгін парламентте қылмыстық-процессуалдық кодекстің жаңа жобасын таныстыру кезінде бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель хабарлады.

АҚШ-та қолданылатын "Миранда ережесі" сияқты, жобаға полицейлерді күдіктіні ұстау кезінде оған құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде адвокат жалдау құқығы, ешнәрсе айтпай үнсіз қалу құқы барын және барлық айтқандары күдіктінің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін ескертуді міндеттейтін ережелер кіргізілген.

Меркельдің айтуынша, бұған қоса жаңа кодекс жобасында күдікті кінәсін мойындаған жағдайда және тергеу ісіне көмек көрсетсе жазасын жеңілдету мүмкіндіктері де қарастырылған.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің бұл нұсқасы қабылданар болса, Қазақстан Орталық Азияда заңнамасында "Миранда ережесі" қолданылатын алғашқы мемлекет болмақ.

Бас прокурор АҚШ-тың уақытша өкілімен кездесті

Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев.
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі міндетін уақытша атқарушы Джон Ордвеймен кездесті. Бұл туралы бас прокуратураның ресми сайты хабарлады.

Кездесуде Дауылбаев пен Ордвей негізінен терроризм және экстремизммен, трансұлттық қылмыспен күреске қатысты мәселелерді талқылаған.

Джон Ордвей бұған қоса Қазақстан әділет министрі Берік Имашевпен де кездесіп, адам саудасына қарсы күрес, сот шешімдерінің орындалуы мәселелеріне қатысты әңгімелесіп, пікір алмасқан.

Жерге ұқсас ғаламшар табылды

Жаңадан табылған Жерге ұқсас "Кеплер-78б" ғаламшары. НАСА түсірген сурет, 30 қазан 2013 жыл.
АҚШ ғалымдары Күн жүйесінен тыс орналасқан Жерге ұқсас ғаламшарды тапқандарын хабарлады.

Ғалымдар жаңа ғаламшар Жерге көлемі жағынан ғана ұқсас емес, онда темір мен тау жыныстары да бар дейді.

Кеплер-78б деп аталатын жаңа ғаламшар Күннен әлдеқайда кіші, 400 жарық жылына тең қашықтықтағы жұлдызды айналады.

Ресейде Әблязовтың адвокатының қамау мерзімі ұзарды

Елена Тищенко сот залында. Мәскеу, 3 қыркүйек 2013 жыл.
Мәскеудің Тверь аудандық соты қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың адвокаты Елена Тищенконы қамауда ұстау мерзімін 2014 жылдың ақпан айына дейін ұзартты деп хабарлады ресейлік "Коммерсант" басылымы.

Тищенконы қамауда ұстау мерзіміне қатысты сот отырысы 30 қазанда өткен. Сот тергеушілердің "Тищенконың ісі бойынша әлі біраз тергеу жүргізу қажет" деген сұрауын ескерген. Қорғаушылары Тищенконы 40 миллион рубль кепіл төлеп қамаудан босатуды сұрағанымен, сот тергеу тарабын қолдаған.

Адвокат Елена Тищенко 31 қыркүйекте Франциядан Мәскеуге келген бойда ұсталып, қазанның басында екі айға қамалған. Тергеу деректері бойынша, Тищенко Мәскеуде Әблязовтың "қылмыстық жолмен иемденген мүліктерін заңдастырумен айналысқан". Елена Тищенко - Украина азаматы, Францияда тұруға рұқсат алған.

Мұхтар Әблязов 31 шілдеде Францияның оңтүстігінде Украинаның сұрауы бойынша ұсталған еді. Оны "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп Қазақстан мен Ресей де сұратқан.

2005-2009 жылдары Қазақстанда "БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты "5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды" деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінген. 2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен.

Әзірге Франция соты Мұхтар Әблязовты абақтыда ұстап отыр.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі атауы өзгерді

Қазақстан үкіметі үйі. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қоршаған ортаны қорғау министрлігі "қоршаған орта және су ресурстары министрлігі етіп қайта құрылды" деп хабарлады президенттің ресми сайты.

Министрлікке "тұтынушыларға суды жеткізіп беру, жерасты суларын ұтымды және кешенді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеттері мен өкілеттіктері" берілген.

Махачкалада жараланғандардың бірі қайтыс болды

Ішімдік дүкеніндегі жарылыс. Махачкала, 30 қазан 2013 жыл.
Ресейдегі Дағыстан астанасы Махачкалада 30 қазанда дүкендерде болған жарылыстардан жараланған 18 адамның біреуі қайтыс болды деп хабарлайды Ресейдің тергеу комитеті.

Бұған дейін Ресей төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасаған баспасөз құралдары жарылыстардан екі адам қаза тауып, 15 адам жараланғаны туралы ақпарат таратқан еді.

Сәрсенбі күні Махачкаланың Совет ауданында алкогольді ішімдіктер сататын екі дүкенде араға бірнеше минут салып бірінен соң бірі екі бомба жарылған. Жараланғандар арасында құқық қорғау орындарының қызметкерлері де бар.

Бомба жарылған соң дүкеннің бірі өртенген. Жарылыс жасағандар бой тасалап үлгерген. Қазір оларды іздестіріп жатыр.

Заң орындары қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру" және "заңсыз қару-жарақ ұстау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Әуеде "Эйр-Астана" ұшағынан ақау шыққан

Embraer ұшағы. (Көрнекі сурет).
Сәрсенбі күні кешке "Эйр-Астана" компаниясының Астанадан Ақтауға ұшып шыққан ұшағы қозғалтқышынан ақау шығып, Астана әуежайына қайтып оралған. Бұл туралы әуе компаниясы Twitter-дегі аккаунтында хабарлады.

"30 қазанда компанияның Астана-Ақтау бағыты бойынша Embraer 190 ұшағы рейске шыққан. Ұшақ кесте бойынша 19 сағат 15 минутта ұшып шыққан. Әуеде ұшақтың оң жақ қозғалтқышында ақау барын байқаған ұшақ командирі - пилот инструктор Астана әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдап, апатты жағдайда қонуға рұқсат сұрады" делінген хабарламада. Ұшақтың әуежайға қайта оралуына Embraer ұшағын жөндеу және қызмет көрсету базасының Астанада орналасқаны да себеп болған.

Ұшақтағы 80 жолаушы Ақтауға басқа ұшақпен жеткізілген.

29 қаңтарда Алматы маңында Көкшетау-Алматы бағытында ұшып келе жатқан "Скат" әуе компаниясына тиесілі Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі және 16 жолаушы қаза тапқан еді.

Ресей: Тәжік пойызына бұзақылар шабуылдаған

Мәскеуге баратын тәжік пойызы. (Көрнекі сурет)
Ресей ішкі істер министрлігі "өткен жексенбіде Воронеж облысында Тәжікстан пойызына шабуыл жасағандар - бұзақылар" деп мәлімдеді.

Ресейдің көлік министрлігі бұған дейін жолаушылар келе жатқан пойыз вагондарына белгісіз адамдар тас лақтырып, 16 вагонның терезесін сындырғанын хабарлаған еді.

Азаттықтың Тәжік қызметіне берген жауабында Тәжікстан мемлекеттік теміржол компаниясының өкілі Мәскеу-Душанбе және Мәскеу-Худжанд бағыттарында кетіп бара жатқан екі пойызға шабуыл жасалғанын айтқан. Компания ресейлік әріптестеріне бұл оқиғаны жан-жақты тексеруді талап етіп, наразылық нотасын жолдаған.

Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі қызметкері жолаушылар пойызына шабуыл жасағандар "ұлтшылдық сипаттағы ұрандар айтып айғайлағандарын" мәлімдеді. Бірақ Ресей жағы шабуылдың ұлтшылдық астары барын жоққа шығарып, оқиғаны тексеріп жатқанын ғана хабарлады.

WP: АҚШ Google мен Yahoo-дан ақпарат ұрлаған

Хакер. (Көрнекі сурет).
Washington Post (WP) басылымы "АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігі (ҰҚА) Yahoo және Google интернет компанияларының ақпарат жинау орталықтарын құпия түрде бұзып, миллиондаған қолданушының электрондық жәшіктері мен басқа да мәліметтерін алғанын" хабарлады.

Басылым сәрсенбіде жариялаған мақаласында ҰҚА-ның бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнен алынған мәліметтерге сілтеме жасаған. Онда "Google мен Yahoo-дан ақпарат жинайтын MUSCULAR деп аталатын бағдарлама Ұлыбританияның арнайы қызметімен бірлесе жасалғаны" айтылады. WP-ның жазуынша, ҰҚА ақпараттарды интернет компаниялары пайдаланатын оптикалық кабельдерден алып отырған.

Сноуденнен алынған, мерзімі 2013 жылғы 9 қаңтарға тиесілі құжатта "ҰҚА күн сайын Yahoo мен Google-дің миллиондаған электрондық жазбаларын Форт-Мидтегі ақпарат жиналатын орталығына жіберіп отырғаны" туралы айтылады.

Аталған интернет компаниялары деректер жинайтын орталықтарының бұзылғанынан хабарсыз екенін мәлімдеді.

Forbes: Путин - әлемдегі ең ықпалды адам

Ресей президенті Владимир Путин.
Forbes журналы әлемдегі ең ықпалды адамдардың тізімін жасады. Тізімге мемлекет басшылары, қаржыгерлер, қайырымдылық істермен айналысушылар және бизнесмендер кіреді.

Бұл тізімді Ресей президенті Владимир Путин бастап тұр. Ол Forbes тізімінде былтыр бірінші болған АҚШ президенті Барак Обаманы ысырған. Кремль бұған қатысты түсінік беруден бас тартты.

Үшінші орында Қытай президенті Си Цзиньпин тұр. Одан кейінгі ықпалды адамдар тізімінде Рим папасы Франциск, Германия канцлері Ангела Меркель аталған. Папа Франциск осы тізімге алғаш рет енді.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи тізімде 23-орында, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 53-орында тұр.

Басылымның хабарлауынша, ең ықпалды адамдар рейтингі жүздеген кандидаттан іріктеліп жасалған. Тізімге кірген 72 адам - әлем халқының әр жүз миллионына бір-бірден келеді.

Каримоваға қатысты холдингтің есеп-шоты бұғауланды

Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға қатысы бар Terra Group медиа-холдингінің банктік есеп-шоттары бұғауланды.

Ташкентте орналасқан "ИнфинБанк" өкілінің Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлауынша, Terra Group холдингінің есеп-шоттары "ірі қаржылық заң бұзушылықтарға қатысты жүріп жатқан тергеулерге" орай бұғауланған.

Terra Group холдингі Гүлнара Каримоваға қатысы бар бірнеше телеарна және радио компанияларына, ақпараттық онлайн порталдарына иелік етеді.

Өткен аптада холдинг бақылайтын Ташкентте таралатын танымал үш радио, Каримованың бақылауындағы төрт телеарна хабар таратуын тоқтатқан еді.

Бұл ақпарат құралдары негізінен Каримованың бизнесін насихататтайтын хабарларды тарататын.

Terra Group өкілдері қазір холдинг жұмысын тоқтатқанын растады, бірақ бұл жағдайға қатысты толық ақпарат беруден бас тартты.

"Мұсылман бауырлардың" бір басшысы ұсталды

Эссам әл-Эриан, Египеттегі Еркіндік және әділет партиясы жетекшісінің орынбасары. Каир, 25 мамыр 2013 жыл.
Египетте "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жоғары шенді өкілі Эссам әл-Эриан қамауға алынды.

Батыстың және Египеттің ақпарат құралдарының хабарлауынша, Эссам әл-Эриан бүгін Каирдің шығысында ұсталған. Египеттің ішкі істер министрлігінің өкілінің айтуынша, Эссам әл-Эриан құқық орындарынан жасырынып жүрген.

Әл-Эриан "Мұсылман бауырлар" ұйымының саяси қанаты - Еркіндік және әділет партиясы басшысының орынбасары болған.

Еркіндік және әділет партиясы - 3 шілдеде әскерилер биліктен кетірген президент Мұхаммед Мурсиді қолдайды. "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жақтастары Мурсидің биліктен алынғанына наразылық танытып, полициямен болған қақтығыстарда мыңнан астамы қаза тапқан.

Бұдан соң "Мұсылман бауырлар" қозғалысына тыйым салынып, жетекшілері қамауға алынған.

ЕО Беларуське салған санкциясын ұзартты

Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің тулары. Көрнекі сурет.
Еуропа Одағы (ЕО) Беларуське салған санкцияларын тағы 12 айға ұзартты. Санкцияларды ұзарту туралы жасаған мәлімдемесінде ЕО Беларусьтегі саяси тұтқындарды қудалаудың жалғасып жатқанын, адам құқықтарының жиі бұзылатынын, демократиялық және құқықтық реформалар жасалмағанын айыптайды.

Өткен жылы ЕО Беларусьтің адам құқықтарын бұзуға қатысы болуы мүмкін 232 шенеунігі мен 25 компания өкілдерінің одақ елдеріне кіруіне тыйым салып, олардың активтерін бұғаулаған еді. Бұл санкция енді 2014 жылдың 31 қазанына дейін ұзартылды.

ЕО-ға мүше 28 мемлекет адам құқықтары мен демократияны көркейту жолында "Беларусьпен сыни қарым-қатынас ұстау саясатын ұстана беретіндерін" мәлімдеді.

Беларусь қарашада Вильнюсте өтетін ЕО-ның Шығыс ынтымақтастығы саммитіне қатыспақ. Бұл саммитке ЕО-мен тығыз байланыс орнатқысы келетін пост-советтік алты мемлекет өкілдері шақырылған.

Маусымда ЕО "дипломатиялық байланыстар орнату үшін" Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макейдің одақ елдеріне кіруіне салынған тыйымды алып тастаған еді.

Израиль палестиналық 26 тұтқынды босатты

Палестиналық тұтқындар босады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00
Израиль Таяу Шығыста бейбіт келіссөздерді қайта жандандыру туралы келіссөз негізінде 26 палестиналық тұтқынды түрмеден босатты.

Біразы түрмеде 20 жылдан астам уақыт отырып, босап шыққан тұтқындарды Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында салтанатпен қарсы алды.

Рамаллада тұтқындарды қарсы алуға байланысты сөйлеген Палестина президенті Махмуд Аббас палестиналықтар Израильдің "түрмедегі палестиналықтарды босатып, есесіне еврейлерге арналған жаңа қоныстар салуды жалғастыра беруді көздейтін кез-келген әрекетін" қабылдамайтынын айтты.

Палестиналықтардың босатылуы Израильде біраз қарсылықтар тудырған. Израильдіктердің кейбірі тұтқындарды "Израильге қарсы аса ауыр қылмыстар жасаған террористер" деп санайды.

Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауы, Газа секторы мен Иерусалимнің шығыс бөлігін басып алған 1967 жылғы соғыстан бері мыңдаған палестиналық Израиль түрмелерінде отыр. Олардың көпшілігіне "кісі өлтірді, жарылыстар мен атыстар ұйымдастырды және басқа да шабуылдар жасады" деген айыптар тағылған.

Қазақстан екі елмен экстрадиция келісімін мақұлдады

Көрнекі сурет.
"Қазақстан парламентінің мәжілісі бүгін Түркия және Қытаймен арада сотталған азаматтарды қайтару туралы келісімді ратификациялады" деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Қазақстан мен Түркия арасында сотталған азаматтарды бір-біріне қайтару туралы келісімге биыл 4 шілдеде Астанада қол қойылған еді. Ал Қытай мен Қазақстан арасында қылмыскерлерді қайтару туралы келісім 2011 жылы 22 ақпанда жасалған.

Мәжіліс бұған қоса Чехиямен қылмыстық істерге қатысты өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді де ратификациялаған.

Кэмерон: Лондон ірі ислам қаржы орталығына айналуы тиіс

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Дүниежүзілік ислам форумында. Лондон, 29 қазан 2013 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Лондонды әлемдегі ең ірі ислам қаржы орталығына айналдыру ниеті барын мәлімдеді. Бұл туралы ол 29 қазанда Лондонда өткен Дүниежүзілік ислам форумы кезінде мәлімдеді. Форумға әлемнен 1 мың 800-ден астам саясаткер мен бизнесмен қатысып жатыр.

Кэмерон Лондонның әлдеқашан ислам әлемінен тыс жердегі ең ірі ислам қаржы орталығы атанғанын айтады.

"Мен Лондонның ислам әлемінен тыс жердегі ең ірі ислам қаржы орталығы ғана болғанын қаламаймын. Лондонның Дубай және Куала-Лумпурмен қатар тұратын әлемдегі үлкен ислам қаржы орталығының біріне айналғаны дұрыс" деді ол.

Форумға қатысушылар арасында Ауғанстан президенті Хамид Карзай мен Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф бар.

Хамид Карзай форум барысында Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға қатысты Дэвид Кэмеронмен және Наваз Шарифпен кездесетінін айтады.

Форум 1 қарашаға дейін созылмақ.

"Арселор Миттал Теміртауда" төтенше оқиға болды

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының ғимараты. Көрнекі сурет.
"Теміртауда "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы кәсіпорнында болат қорыту кезінде сұйық қоқыс сыртқа атылды" деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар миннстрлігінің ақпаратына қарағанда, ыстық сұйық қоқыстан 44 жастағы ер кісі күйіп қалып, ауруханаға жатқызылған.

ДДСҰ: Сирияда полиомиелит індеті таралды

Сириялық босқындар мен олардың балалары. Сирия, 28 қазан 2013 жыл.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Сирияның солтүстік-шығысында балалар арасында полиомиелит індеті таралғаны туралы хабарды растады. Ұйым дерегінше, бұл ауру Таяу Шығыстағы миллиондаған балаға, әсіресе сириялықтар азаматтық соғыстан бас саауғалап барған Ливан мен Иорданиядағы балаларға қауіп төндіреді.

Associated Press агенттігіне берген сұхбатында ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Эстони Лэйк ДДСҰ-мен бірлесіп Сириядағы 2 миллион 400 мың балаға вакцина егуді жоспарлап отырғанын айтқан. Оның айтуынша, ЮНИСЕФ Сирия үкіметімен соғыс жүріп жатқан аудандарға бару туралы келіссөздер бастаған, бірақ көтерілісшілермен әзірге байланыс жасамаған.

Полиомиелиттен адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Індет бұзылған, лас азық-түлік арқылы таралады.

БҰҰ Кубаға қарсы эмбаргоны айыптады

БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысушылар. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2013 жыл. Көрнекі сурет.
БҰҰ Бас ассамблеясы осымен 22 жыл қатарынан көпшілік дауыспен АҚШ-тың Кубаға енгізген эмбаргосын айыптаған қарар қабылдады. Қарарды 188 мемлекет қолдап, АҚШ пен Израиль қарсы дауыс берді. Үш мемлекет - Микронезия, Маршалл аралдары және Палау қалыс қалды.

Бас ассамблея қарарының заңдық күші жоқ.

АҚШ Кубаға қарсы экономикалық және қаржылық санкцияны 1960 жылы - Гаванна АҚШ азаматтары мен корпорацияларына тиесілі мүліктерді мемлекет меншігіне алған соң енгізген еді. 1962 жылы Вашингтон Кубаға қарсы эмборгоны күшейтті.

Өткен жылы АҚШ кубалықтарға виза беру тәртібін жеңілдетті. Куба да өз азаматтарына шетелге шығуға жағдай жасады.

Навальныйге жаңа айып тағылды

Оппозиция жетекшісі Алексей Навальный.
Ресей оппозициясының жетекшісі Алексей Навальныйге "косметикалық Yves Rocher компаниясының ресейлік бөлімшесіндегі алаяқтық әрекеттер бойынша қаржы жымқырды" деген жаңа айып тағылды. Ресей тергеу комитетінің хабарлауынша, Навальный мен оның ағасы Олег компаниядан "26 миллион рубль қаржы жымқырды" деген күдікке ілініп, компанияның сұрауы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Егер кінәсі дәлелденсе, Навальный 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оппозиционер өзіне қарсы қозғалған істі "ақылға сыймайды" дейді.

Осы айдың басында сот Навальныйге "Кировлес" компаниясынан 16 иллион рубль қаржы жымқыру ісі бойынша тағылған айыпты күшінде қалдырып, оған бес жыл мерзімге шартты жаза тағайындаған.

Навальный тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеп, қудалауларды Ресей президенті Владимир Путинді ашық сынап жүргенімен байланыстырады.

Тәжікстан Сирияда азаматтары жүргенін растады

"Қазақстаннан Сирияға жиһад жасауға бардық" деген топ адам. YouTube сайты видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарипов "Сирияда оппозициялық топтар жағында соғысып жүрген шетелдіктер арасында тәжік азаматтары да бар" деген ақпаратты растады.

Абдуфаттох Шарипов Азаттықтың Тәжік қызметіне берген жауабында Сирияда президент Башар Асад билігіне қарсы оппозиция жағында соғысып жатқан тәжікстандықтар "елге оралса, Тәжікстанның қауіпсіздігіне қатер төндіретінін" айтқан.

Оның сөзінше, ресми Душанбе Дамаскіден Сирия территориясында "соғысып жүрген тәжікстан азаматтары" жайлы толық ақпарат беруді сұрамақ.

Сирияның бас мүфтиі Ахмад Бадр Хассун өткен аптада Мәскеуге сапарында "Сирия аумағында 100 мыңға тарта шетелдік оппозиция жағында соғысып жүр" деген еді. Мүфтидің дерегі бойынша, шетелдіктер қатарында 80-нен астам елдің (оның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа елдері мен постсоветтік мемлекеттердің) азаматтары бар. Ахмад Бадр Хассун Сирия аумағындағы соғысқа Тәжікстаннан - 190, Қазақстаннан 250-ге тарта адам қатысып жатқанын айтқан.

Бұған дейін YouTube-те 150 қазақстандықтың Сирияға "жиһадқа" барғаны туралы видео пайда болған еді. Арабша субтитрлер жазылған, қазақ және орыс тіліндегі шағын сұхбаттардан тұратын видеодағы адамдар өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)» деп сипаттайды.

Азаттық осы видеодағы бірнеше адамды анықтады.

"Көркею индексінде" Қазақстан 47 орында аталды

Legatum Institute ұйымының Prosperity Index 2011 есебі. Көрнекі сурет.
Лондонда орналасқан Legatum Institute ұйымы түзген әлем елдерінің 2013 жылға арналған көркею индексінде (Prosperity index) Қазақстан 47-орында аталды. Индекс жыл сайын 142 елдегі азаматтардың әл-ауқаты, денсаулығы мен өздерін бақытты сезіну көрсеткіштеріне негізделіп түзіледі.

Көркею индексіндегі алғашқы бес орынды Норвегия, Швейцария, Канада, Швеция және Жаңа Зеландия иеленген. АҚШ бұл тізімде 11-орында тұр.

Legatum Institute басшысы Джеффри Гедминнің айтуынша, соңғы бес жылда әлем тұрғындарының әл-ауқаты үздіксіз жақсара түскені байқалады. Ұйым әсіресе кәсіпкерлікпен айналысу, денсаулық сақтау және білім беру салалары жақсара түсті деген тұжырым жасаған.

Постсоветтік елдер арасында Беларусь - 58, Ресей - 61, Өзбекстан - 63, Украина 64-орынды иеленген.

Түркия ірі теміржол тоннелін іске қосады

"Мармарай" теміржол тоннелін салып жатқан құрылысшылар. Стамбул, сәуір, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін Түркияда Стамбулдың еуропалық және азиялық бөлігін жалғайтын "Мармарай" теміржол тоннелі ашылмақ.

Тоннельдің ұзындығы 13,6 километрді құрайды. Оның 1,4 километрі Стамбулды екіге бөліп, Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін жалғап тұрған Босфор бұғазының астымен жүргізілген. 55 метр тереңдікте салынған бұл нысан - әлемдегі ең терең жерасты тоннелі.

Түркия үкіметінің болжамынша, тоннель арқылы күніне 1,5 миллион адам тасымалданып, Стамбулдағы көлік қозғалысын біршама жеңілдетпек.

Жаңа теміржол тоннелі - премьер-министр Режеп Тайып Ердоған үкіметі жүзеге асырып жатқан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Тоннель құрылысы 2004 жылы басталған.

Стамбулда мұндай тоннель салу идеясы осыдан 150 жыл бұрын айтылған еді.

Бішкектегі АҚШ елшілігіне күдікті конверт келді

АҚШ елшілігіне кіретін орын. Бішкек, 9 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігіне ішіне белгісіз ақ ұнтақ салынған конверт келген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, елшілікке конверт 28 қазанда түскен.

Конверт қазір тиісті орындардың тексеруіне жіберілген. Кейбір ақпараттарда белгісіз ақ ұнтақтың адам денсаулығына зияны жоқ екендігі айтылады.

АҚШ елшілігіне конвертті кім, қандай мақсатпен жолдағаны белгісіз.

Елшілік әдеттегідей жұмыс істеп жатыр.

Doing Business: Қазақстан 50-орынға шықты

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясының "Doing Business 2013" есебі. (Көрнекі сурет)
Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы биыл дайындаған "Doing Business 2014" рейтингісінде Қазақстан 50 орынға көтерілді. Қазақстан бизнес жасауға қолайлы, жағдай жасалған елді анықтайтын бұл рейтингте былтыр 53-орында тұрған еді.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы дайындаған есеп бойынша, Қазақстан құрылыс жүргізуге рұқсат беру, жеке мүлікті тіркеу және төлем қабылетcіздігіне рұқсат ету салаларында біршама жетістікке жеткен. Бірақ несие беру, бизнесті бастау, инвесторларды қорғау критерийлері бойынша Қазақстанның көрсеткіштері нашарлаған.

Рейтингте постсоветтік елдер арасынан Беларусь - 63, Қырғызстан - 68, Молдова - 78, Ресей - 92, Украина - 112, Тәжікстан 143-орында тұр.

Рейтингті Сингапур бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Гонконг, Жаңа Зеландия, АҚШ және Дания иеленген.

Тағы

XS
SM
MD
LG