Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Филиппин: Дауыл құрбандары 3621-ге жетті

Филиппиндегі тайфун салдары
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:53 0:00
Филиппинде "Хайян" тайфуны зардаптарын жойып, зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары қиындықтарға ұшырап жатыр. Бұл туралы тайфуннан үлкен зардап шеккен Таклобан қаласында бүгін Филиппин ішкі істер министрі Мар Роксас мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, зардап шеккендердің көпшілігі әлі гуманитарлық жәрдем алмаған.

Дауылдан құрбан болғандардың саны да артып келеді. Бүгін Филиппин билігі өкілдері табиғи апат құрбандарының ресми нақтыланған саны 3621 адамға жеткенін хабарлады. 600 мыңнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

Шет мемлекеттер Филиппинге азық-түлік пен дәрі-дәрмектер жіберіп жатыр. Инфрақұрылымы қираған аудандарға азық-түлік пен ауыз су тікұшақтармен жеткізілген.

"Хайян" дауылы осыдан бір апта бұрын, 8 қарашада Филипииннің орталық алты аралында тұрған еді. Желдің жылдамдығы сағатына 275 километрге, толқындардың биіктігі 5-6 метрге дейін жеткен. Табиғи апаттан 9,5 миллионға тарта адам зардап шекті.

АҚШ: «Тайваньчик»-тің серіктері айыбын мойындады

Ресейлік бизнесмен Алимжан Тохтахунов. Мәскеу, сәуір, 2013 жыл.
Ресейдегі ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі ретінде танымал, "Тайваньчик" деген лақап атпен белгілі ресейлік бизнесмен Алимжан Тохтахуновтың екі серігі Нью-Йоркте "халықаралық қылмыстық топ құрғандарын" мойындады.

Нью-Йорктің Оңтүстік округінің прокуроры Прит Бхарараның айтуынша, АҚШ азаматтары 53 жастағы Вадим Тринчер мен оның ұлы, 27 жастағы Евгений Тринчер Манхэттеннің федералдық сотында "заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырғанын және Ресей, Украина мен АҚШ-тағы белгілі тұлғаларға қызмет ететін спорттық ойындарға халықаралық бәс тігу жұмыстарын жүргізгендерін" мойындаған.

Прокурордың сөзіне қарағанда, күдіктілер Тохтахуновқа ондаған миллион АҚШ долларын жымқыруға көмектескен. Қылмыстық топтың өзге де мүшелерін жауапқа тарту шаралары қабылданып жатыр.

Алимжан Тохтахунов - Өзбекстанда туған, ұлты ұйғыр, қазір Ресейде тұрады. АҚШ-та оған "қаржы жымқырды, бопсалады және заңсыз құмар ойнады" деген айыптар бойынша іс қозғалып, Интерпол іздеу жариялаған. АҚШ Орталық барлау басқармасы мен Федералдық тергеу бюросы 2011 жылы Тохтахуновты дүниежүзіндегі ең қауіпті деген 10 қылмыскердің қатарына қосқан.

Обама Иранға жаңа санкциялар салмауға шақырды

АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 14 қараша 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Конгрессті Иранға ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер жанданып келе жатқан тұста жаңа санкциялар салмауға шақырды.

Ақ үйде сөйлеген Обама Тегеранды ядролық қарудан бас тартқызудың басты жолы - келіссөздер екенін айтты. Оның сөзінше, егер Иран уәдесінде тұрмаса, санкциялар қайта күшейтілуі мүмкін.

Обама әкімшілігі Тегеранды ядролық қаруға ие болуы ықтимал бағдарламасынан бас тартқызатын келіссөздер жасауға үндеп келеді.

Конгресс мүшелерінің көпшілігі санкциялар тек Иран уран байытудан нақты бас тартқан және ядролық қару жасаумен айналыспайтынына кепілдік берген жағдайда ғана жеңілдеуі мүмкін деп санайды.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Тегеран мен "алтылық елдерінің" (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) келіссөздері келесі аптада жалғасады.

Марченко: 20 мыңдық теңгені қайта жасау - шығын

Григорий Марченко, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы. Алматы, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Жоспарланған 20 мың теңгелік банкноттарды Ұлттық банктің жаңа төрағасы Қайрат Келімбетовтің қолын қойып, қайта жасап шығару 2,5 миллиард теңгеге түседі. Бұл туралы бүгін теңгенің айналымға шыққанына 20 жыл толуына орай өткен жиында Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко айтты.

- Егер жаңа төраға 20 мың теңгелік банкнотқа өз қолын қойып шығарғысы келсе, онда ол жұмысқа 2,5 милиард теңгеден астам қаржы кетеді, - деген Марченко.

Оның айтуынша, жаңа банкнотты бүгін, 15 қарашада қолданысқа шығару жоспарланғанымен ол ақша айналымға шықпаған.

Бұған дейін Григорий Марченконың қолы қойылған 20 мың теңгелік банкнотты 15 қарашада айналымға шығару жоспарланып отырғаны хабарланған еді.

Бүгін, 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы теңгенің айналымға енгеніне жиырма жыл толды.

Сирияда көтерілісші топ жетекшісі қаза тапты

Алеппода соғысып жатқан исламшыл көтерілісші топтардың жауынгерлері тұрғындарды тексеріп жатыр. Алеппо, 7 қараша 2013 жыл.
Сирияда президент Башар Асад әскерімен соғысып жатқан көтерілісшілердің бір тобының жетекшісі қаза тапты. Оппозициялық Aleppo News Network агенттігінің хабарлауынша, кеше елдің солтүстігіндегі Алеппо қаласында үкімет күштері жасаған әуе шабуылынан оппозицияшыл ең ірі қарулы топтардың бірі, Катарда орналасқан "Әл-Таухид" бригадасының жетекшісі Юсуф әл-Аббас қаза тапқан.

Көтерілісшілердің әскери базасына жасалған бұл шабуылдан тағы екі командир жараланып, Түркиядағы ауруханаға жеткізілген.

Алеппода екі аптадан бері Башар Асадқа жақтас Ирак шииттерінен және ливандық "Хезболла" тобынан құралған топтар қаланың көтерілісшілер басып алған аудандарын қайтару үшін қарулы күрес жүргізіп жатыр.

Пхеньян "Сирияға әскери көмек бергенін" жоққа шығарды

Солтүстік Корея ұшырған зымыран. 1 қараша 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Солтүстік Корея "Сирияға әскери көмек беріп жатқаны" туралы ақпараттарды жоққа шығарды. Бұл туралы Солтүстік Корея өкілінің мәлімдемесі KCNA агенттігінде ресми түрде жарияланды.

15 қазанда Jerusalem Post басылымында солтүстіккореялық тікұшақтың Сирияда президент Башар Асад жағында соғысып жүргені және оны Syrian Observatory for Human Rights ұйымы растағаны туралы мақала басылған еді.

Тағы бір мақалада солтүстіккореялық артиллерия офицерлерінің Сирияда жүргені, бірақ олардың соғыс қимылдарына тікелей қатыспайтыны туралы айтылды.

Сирия - Солтүстік Корея одақтастарының бірі. Пхеньян бұған дейін Сирияға плутоний реакторын салып берген еді. Бірақ оны 2007 жылы Израиль әуе шабуылы арқылы қиратқан. Солтүстік Корея Сириямен химиялық қару саласында да ынтымақтас деп саналады.

Ирак: діни мейрамдағы жарылыстардан 40 адам өлді

Шиит мұсылмандары Ашура мейрамын атап өтуде. Кербала, Ирак, 14 қараша 2013 жыл.
Иракта 14 қараша күні шииттердің діни жоралғылары кезінде болған жарылыстандан 40-тан астам адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.

Жарылыстар Иракқа әлем елдерінен жиналған шиттер Мұхаммед пайғамбардың немересі Хусейнді еске алатын Ашура мерекесін тойлап жатқанда болған.

Ең ірі жарылысты Дияла провинциясында шииттердің діни жоралғысы жүріп жатқан кезде денесіне бомба байлаған жанкешті жасаған. Ол жарылыстан 32 адам қаза тауып, 70-тен астам адам жараланды.

Бейсенбіде исламның шиттік тармағын ұстанатын жүздеген мың адам Ашура мерекесінің соңғы күнін атап өту үшін Кербала қаласындағы имам Хусейннің зиратына жиналған.

Шиттерге негізінен сүнниттер шабуыл жасайды.

Крандағы әйелдер қарсылығы бесінші күнге ұласты

Наразы әйелдер тұрып жатқан үй. Астана, 11 қараша 2013 жыл.
Астанада кранға шыққан екі әйелдің қарсылық акциясы бүгін бесінші күнге жалғасты. Астаналық әйелдер Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева үйлерін күреп, жер телімдерін мемлекет меншігіне алу үшін берілетін өтемақы сомасына наразылықтарын осыдан бес күн бұрын, 11 қарашаға қараған түні бастаған еді.

Туыстарының хабарлауынша, наразыларға кран басына тамақ пен су көтеруге әлі рұқсат етілмей отыр. Әйелдердің өздерінің айтуынша, олардың "күзгі суықта ас-сусыз отырғандарына бесінші күн". Олар алғашқы күндері құрылыс кранының иесі - шетелдік компания өкілдері тыйымға қарамастан жеткізіп берген көрпе мен шайдан басқа ешнәрсе алмады.

Наразы әйелдердің үйлері Назарбаев университеті мен Назарбаев интеллектуалдық мектебінің арасындағы құрылыс алаңында орналасқан. Олар үйлері тұрған жер телімін мемлекет қажетіне алынуына орай берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейді. Серікбаева мен Жолдасбаева даулы үйге 5 миллион теңге өтемақы тағайындаған сот шешімін өзгертуді талап етеді.

Вице-министр: "Протон" апатына төлем сұрадық

Ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының апатқа ұшыраған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.
Қазақстан Ресейден шілде айында "Протон-М" зымыран тасығышының апатқа ұшырауынан келген зардапқа өтемақы сұрады деп хабарлайды жергілікті агенттіктер. Өтемақы туралы қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов Астанада өткен Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің сұрақтарына берген жауабында айтқан.

"Соңғы апатқа қатысты біздің комитет келтірілген экологиялық зардап мөлшерін есептеді. Зардап мөлшерін Ресей жағына айттық. Елді дүрліктірмеу үшін экологиялық зардап мөлшерін айтпаймын. Қазір Ресей жағы біз есептеген соманы қарастырып жатыр. Бұл - келіссөздерде шешілетін мәселе, Ресейдің бұған қалай қарайтынын көреміз" деген Мұхамеджанов.

Вице-министр бұған қоса гептил отынын пайдаланатын зымырандарды ауыстыру мәселесі қарастырылғанын, Қазақстанның "Бәйтерек" жобасына қыруар қаржы салғанын" айтқан. "Бірақ "Бәйтерек" жобасына бөлінген қаржы жымқырылып кетті де, жоба іске аспай қалды" деген ол. Оның сөзінше, қазір "Протон-М" зымыран тасығышын украиналық "Днепр" зымыран тасығышына ауыстыру жайы қарастырылып жатыр.

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің төгілуі Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді.

Түрмедегі Pussy Riot мүшесі ауруханаға түсті

Pussy Riot тобының мүшесі Надежда Толоконникова сот залында тұр. Ресей, 26 шілде 2013 жыл.
Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан Pussy Riot панк-тобының мүшесі Надежда Толоконникова Сібірдегі түрмеге жеткізілген соң туберкулезбен ауырғандарды емдейтін диспансерге жатқызылған. Бұл туралы Толоконникованың күйеуі Петр Верзилов хабарлады.

Оның айтуынша, 14 қарашада телефон арқылы сөйлескен Толоконникова таяуда жариялаған аштықтан кейін әлсірегенін, қазір Красноярск қаласындағы аймақтық туберкулезден емдеу диспансерінде жатқанын жеткізген.

Ресей билік өкілдері Толоконникованың Мордовия Республикасындағы түрмеден Красноярск өлкесіндегі түзеу колониясына жеткізілгенін растаған. Ол қыркүйек айында Мордовиядағы түрме басшыларының "тұтқындарға шамадан тыс жұмыс істетуіне және өзін өлтіретінін айтып, қорқытуына" қарсы аштық жариялаған еді.

2012 жылы ақпанда Мәскеудегі құтқарушы Ғайса ғибадатханасында «Құдай ана, Путинді қуа көр!» деп ән айтқаны үшін Pussy Riot панк-тобына мүше үш қыз - Надежда Толоконникова, Мария Алехина және Екатерина Самуцевичтің үстінен «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 17 тамызда әрқайсысы екі жыл мерзімге сотталған. Екатерина Самуцевич 2012 жылы қазанда жазасы шартты мерзімге ауыстырылып, бостандыққа шыққан.

Қырғызстанда танымал заңгер соққыға жығылды

Белгісіздер соққыға жыққан заңгер Икрамиддин Айткулов. Інісі Хансар Айткуловтың Facebook-тегі парағында жарияланған сурет. 14 қараша 2013 жыл.
Бішкекте қырғызстандық оппозициялық саясаткерлер мен белсенділерді қорғап жүрген танымал заңгер Икрамиддин Айткуловты белгісіз біреулер соққыға жығып кетті. Оқиға 13 қараша күні кешкісін заңгердің үйінің жанында болған.

Миы шайқалып, аяқтары сынған Айткулов ауруханаға жатқызылған. Оның інісі Хансар Айткуловтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, заңгер соққыға жығылғанда әуелде есінен танып қалып, 14 қарашада өз-өзіне келген. Дәрігерлер қазір оның жағдайы бірқалыпты екенін айтады.

Айтқұлов оппозициялық "Ата Жұрт" партиясының үш жетекшісін, бұрынғы әлеуметтік қорғау министрі Равшан Сабировты және басқа да қырғыз шенеуніктерін қорғаған.

Бішкек полициясы бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі құрылды

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.
Қазақстанда тұтынушылар құқықтарын қорғайтын арнайы мемлекеттік орган құрылды.

Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығарған жарлықта денсаулық сақтау министрлігін қайта құру жолымен тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігін құрып, оған бірнеше ведомстводан кейбір міндеттер жүктелетіні айтылған.

Жарлық бойынша денсаулық сақтау министрлігі құрамныдағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті таратылады.

Жаңадан құрылған агенттіктің құзырына денсаулық сақтау министрлігінен тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын сақтау, монополияға қарсы агенттіктен - тұтынушылар құқықтарын қорғау, ал индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен -тұтынушылар құқықтарына қатысты бірнеше міндеттер берілген.

Балалар порнографиясына күдіктілер ұсталды

Көрнекі сурет.
Канада полициясы Торонтода орналасқан "балалар порнографиясын өндіретін ірі халықаралық желі әшкереленіп, 350-ге тарта адам тұтқындалғаны" туралы хабарлады.

Полиция ақпаратында күдікті топтың "Украина, Румыния және Германиядан барған балаларды қылмыстық әрекеттеріне пайдаланғаны" жөнінде айтылған.

Құқық қорғау орындарының мәлімдеуінше, әлемнің түрлі елдерінде жүргізілген арнайы операциялар барысында 348 адам тұтқындалып, 5 пен 12 жас аралығындағы 386 бала босатылған. Балалардың қатысуымен дайындалған порнографиялық өнімдер онлайн және DVD дискілер арқылы таратылып, оларды 94 елден тұтынушылар сатып алып отырғаны анықталған.

Тергеу деректері бойынша, қылмыстық желіні Торонтодағы Azov Films студиясының иесі Брайан Уэй есімді адам басқарған деген күдік бар. Осы іс бойынша тағы бір айыпталушы - Румынияның Залау қаласында жекпе-жек өнерін үйретумен айналысқан Маркус Рудольф Ротқа "ер балаларды азғырумен айналысқан" деген күдікке ілінген. Ол 2010 жылы тұтқындалған.

Билік өкілдері "Маркус Рудольф порнографиялық өнімнің бір данасын 1000 АҚШ долларына сатып келген" деген айып тағып отыр.

Германия экс-президентінің соты басталды

Германияның бұрынғы президенті Кристиан Вульф сот залында. Ганновер, 14 қараша 2013 жыл.
Ганноверде Германияның бұрынғы президенті Кристиан Вульфтің үстінен коррупцияға байланысты қозғалған іс бойынша сот басталды. Саясаткер 2012 жылы коррупция жанжалына байланысты отставкаға кеткен еді.

Кристиан Вульфке 2008 жылы Мюнхенде өткен сыра фестиваліне барғанда "қонақүйде жатқанына, түстік және кешкі асына 719 еуро өзге адамның ақшасынан төленген" деген айып тағылып отыр. Вульф оның есесіне жаңа фильм түсіруге демеуші іздеп жүрген режиссерге "көмектесуді сұрап Siemens компаниясына хат жазуға келіскен".

54 жастағы Вульф - Германияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сотқа тартылған алғашқы президенті. Ол президент қызметін 20 ай шамасында ғана атқарды.

Вульф кезінде канцлер Ангела Меркельдің ықтимал мұрагері саналған.

Саясаткер "сотта жеңіп шығатынына" сенімді.

Ыдырысов Сириядағы қазақтар туралы айтты

Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылар. Ютуб сайтынан алынған скриншот.
Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Сириядағы Қазақстан азаматтарына қатысты қандай да бір шешім тиісті тексеру аяқталған соң ғана қабылданатыны туралы айтты.

«Бұл біздің қоғам үшін өте маңызды мәселе екенін білемін. Бұл жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Ол жаққа тап болған адамдар туралы ақпаратты тексеріп жатырмыз, толық ақпаратты дәл анықтауға мүмкіндігіміз шектеулі екенін түсініңіздер. Бірақ ол адамдардың өз таңдауы болғандықтан қандай да бір күштеу шарасы қажет деп ойламаймыз» деген Ыдырысов журналистерге.

Сонымен бірге ол «қандай жағдайға тап болғандығына қарамастан» шетелдегі қазақстандық азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау өзі басқаратын министрліктің міндеті екенін атап өткен.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі «ақпарат мардымсыз болғандықтан», Сирияға «жиһад жасауға барған 150 қазақ» жайлы видеотаспадағы адамдардың Қазақстан азаматтары я емес екендігін анықтайтын «мәлімет жоқ екенін» мәлімдеген еді.

Кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Сирияда террорлық іс-әрекетке қатысқан» деген күдікпен екі Қазақстан азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған.

Қазақстан мен АҚШ қорғаныс министрлері кездесті

Қазақстан қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков АҚШ-қа сапарында осы елдің қорғаныс министрі Чак Хейгельмен кездесті деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Кездесуде министрлер екі елдің әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығының жай-күйі мен келешектегі дамуын талқылаған.
«Қазақстан үшін АҚШ стратегиялық серіктес саналады. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – әскери саладағы өзара іс-қимыл» деген Жақсыбеков.
Хейгель Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосып отырған үлесін атап өткен. Ол АҚШ-тың Қазақстанмен кадр даярлау, бірлескен жаттығулар өткізу, қорғаныс өнеркәсібі саласында ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін білдірген.

АҚШ-та мұнай өндіру импорттан асты

Биыл қазан айында АҚШ-та өндірілген мұнай көлемі соңғы 20 жылда бірінше рет импортталған мұнай көлемінен асып түсті. Бұл туралы АҚШ энергетика министрлігінің статистикалық басқармасы хабарлады.

Басқарманың дерегінше, қазанда АҚШ-та орта есеппен күніне 7,74 миллион баррель мұнай өндірілген. Ал бір күндік импорт көлемі 7,57миллион баррельден айналған. Бұған қоса АҚШ-тың мұнай өнімдері, оның ішінде бензин импортының көлемі 1991 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түскен.

Статистикалық басқарманың есептеулеріне сай, өндірілетін мұнайдың көбейіп, импортталатын мұнайдың азаю үрдісі жақын келешекте де сақталып қалады. Болжам бойынша 2014 жылы АҚШ-та өндірілетін мұнай көлемі күніне 8,5 миллион баррельге жетуі мүмкін.

Мұнай өндіру көлемінің артуы Техас және Солтүстік Дакота штаттарында ірі мұнай кеніштерінің игеріле бастауымен байланысты делінеді.

Президент Барак Обама әкімшілігі қазан айындағы АҚШ-тағы мұнай өндіру көрсеткішін маңызды жетістік деп атады.

Мұнай өндірудің артқанына қарамастан, АҚШ - әлемде мұнай импорттайтын ең ірі ел.

Ирактағы жарылыста 16 адам мерт болды

Ирактағы жарылыс. Көрнекі сурет.
Ирак шығысындағы әл-Садия қаласында бүгін жарылыс болып, салдарынан 16 адам қаза тапты. 65 адам жараланғандар санатында.

Оқиға шииттердің діни жоралғысы кезінде болды. Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.

Шииттер жарылыс сәтінде өздерінің діни Ашура рәсімінің соңғы оныншы күнін атап өтіп жатқан. Рәсімде олар 7 ғасырда қаза тапқан имам Хусейнді жоқтайды.

Мұндай шара барысында шиитер мен сүниттер қатарлас орналасқан елдерде адам шығынына ұласатын оқиғалар жиі болады.

Назарбаев: биыл жол апатынан 2400 адам қаза тапты

Жол апаты. Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовты қабылдады.
Биыл жыл басынан бері жол апаттарында 2400 адам қаза тауып, 80 мыңнан астам адам зардап шеккенін айтқан Назарбаев адам шығынын азайту шараларын ескерткен. Кездесуде Қалмұхамет Қасымов жалпы құқық бұзушылық фактілерінің көбейгенін, бірақ кісі өлтіру және тонау мен қарақшылық сияқты аса ауыр қылмыстардың азайғанын айтқан.
Министр Назарбаевқа жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық актілерге жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар даярланғанын айтты.
Қасымовтың айтуына қарағанда, заңдарға енгізілетін өзгерістерде қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру сияқты жол ережелерін бұзғандарды жүргізуші куәлігінен айыру, мас күйде көлік жүргізгендерге айыппұлды көбейту немесе алты айға қамау қарастырылған.
Кездесу соңында президент Қасымовқа құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, ішкі істер орындарында тәртіп пен заңдылықты күшейтуге қатысты тапсырмалар берген.

Хайыров әйелінің шағымы сотта қайта қаралады

Шынар Бисенбаева, терроризм айыбымен сотталған Саян Хайыровтың әйелі. Алматы, 6 қараша 2013 жыл.
Бүгін Алматы қалалық сотында терроризм айыбы бойынша 11 жылға сотталған Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаеваның Алмалы аудандық сотының үстінен берген шағымы қаралды. Бұл туралы сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Бисенбаева бұған дейін Алмалы аудандық сотына өткен жылы Алматы маңындағы арнайы операция кезіндегі ұлының өліміне байланысты Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті мен Алматы қалалық ішкі істер департаментінен (ІІД) 20 миллион теңге өтемақы өндіріп беруді талап етіп шағым түсірген еді. Бірақ Алмалы аудандық соты оның шағымын қараудан бас тарту туралы шешім шығарған.

Қалалық сот бүгін Бисенбаеваның шағымын Алмалы аудандық сотының қайта қарауына жіберетін шешім қабылдады.

Ресми деректерде былтыр Алматы маңында болған оқиғаларға, атап айтқанда Таусамал кентіндегі жеке меншік үйлердің біріндегі жарылысқа, Іле Алатауы паркіндегі жаппай кісі өлтіруге, Бағанашыл кентінде полициямен қарулы қақтығысқа «Хайыров тобының» қатысы бары» айтылады. Бұл оқиғалар кезінде арасында төрт әйел, жеті бала бар (соның ішінде Хайыровтың 10 жасар ұлы да) - барлығы 33 адам қаза тапқан.

Крандағы наразы әйелдерге су, тамақ алғызбады

Астаналық Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева шығып алған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.
Астана тұрғындары Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаеваның сот шешіміне қарсылық білдіріп, құрылыс кранына шығып алғанына бүгін төртінші күн.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кранды бақылап жүрген құрылыс алаңының күзетшілері мен полиция бүгін де екі әйелге тамақ, су және басқа да керек-жарақ әперуге рұқсат етпей қойған.

Астанадағы Назарбаев университеті мен Назарбаев интеллектуалдық мектебі арасындағы құрылыс алаңында қазір жалғыз қалған шағын үйде тұратын Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева крандағы қарсылық акциясын 11 қарашаға қараған түні бастаған.

Олар үйлері тұрғын жер телімін мемлекет қажетіне алынуына орай берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейді. Серікбаева мен Жолдасбаева даулы үйге 5 миллион теңге өтемақы тағайындаған сот шешімін өзгертуді талап етеді.

БҰҰ: Сириядағы қақтығыс Ливанға ауыр тиді

Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сириядағы қақтығыстардың салдары көршілес Ливанға ауыр тиіп жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қақтығыстар кесірінен шекарадағы зорлық-зомбылықтар көбейіп, Ливанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келген.

Бас хатшының сөзіне қарағанда, екі жарым жылға созылған қақтығыстардан 800 мыңнан астам сириялықтың Ливан жеріне босып кетуінен елде қаржылай, экономикалық және әлеуметтік қиындықтар туындап отыр.

13 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жасаған баяндамасында Пан Ги Мун Ливанның шекаралық аймақтарына жасалатын әуе шабуылдары мен атқылауларды айыптап, Сирия үкіметі мен көтерілісшілерді шекара аймағында зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

Сонымен бірге Пан Ги Мун Сирияда президент Башар Асад әскеріне көмектесіп жатқан "Хезболла" ұйымы сарбаздарын соғыс қимылдарын тоқтатуға үндеген.

Сирияда үкімет күштері мен оппозициялық топтардың өзара қарулы күрес жүргізіп жатқанына екі жыл болды. БҰҰ дерегі бойынша, Сирияда қақтығыстарда қаза тапқан адам саны 100 мыңнан асқан.

ЕО-ның Тимошенко ісіне қатысты миссиясы ұзарды

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко.
Украинада түрмедегі экс-премьер Юлия Тимошенкоға қатысты жағдайды бақылауға барған Еуропа Одағы (ЕО) өкілдерінің миссиясы 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін ЕО Шығыс Еуропа ынтымақтастығының саммитіне дейін ұзартылды.

Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневский мен Еуропарламенттің бұрынғы төрағасы Пэт Кокс басқаратын миссияны ұзарту туралы шешімді Еуропа парламенті қабылдаған.

13 қарашада Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшырған Тимошенконың шетелде емделуіне рұқсат ететін заң жобасын қабылдай алмаған еді. Парламент заң жобасын 19 қарашада қайта қарамақ.

Заң жобасының қабылдануына Тимошенко ісін "саясиланған" деп санайтын оппозициялық "Батькивщина" қозғалысының жақтастары, құқық қорғаушылар мен ЕО мүдделі.

ЕО Украина Тимошенконың Германияда емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамаса, Вильнюстегі саммитте Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімді тоқтататынын ескерткен.

2005-2007 жылдары Украина премьері болған Юлия Тимошенко 2011 жылы қазанда «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталды. Түрмеде оған дәрігерлер «омыртқасында жарық (грыжа) бар» деген диагноз қойған.

Түрмеде отырған кезде Тимошенконың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалды: тергеу орындары оған 1990 жылдардың екінші жартысында "Украинаның бірыңғай энергетикалық жүйелері" корпорациясын басқарған кезде қаржылай айла-шарғы жасаған" деген айып тақты.

АҚШ террористік топтар тізіміне екі ұйымды қосты

Нигериялық "Боко-Харам" экстремистік ұйымының жетекшісі Абубакар Шекау (ортада) мен ұйым мүшелері. Видеодан алынған скрин-шот, 25 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ нигериялық исламшыл "Боко-Харам" және "Ансар" топтарын террористік ұйымдар тізіміне крігізді.

АҚШ-та террористік ұйымдар тізіміне кірген топтардікі болуы мүмкін деп болжанған бірнеше банк есеп-шоттары жабылады. Бұдан өзге, ол топтармен кез-келген қаржылық операцияларды жасауға тыйым салынады.

Мемлекеттік департаменттің хабарлауынша, "Боко-Харам" мен "Ансар" топтары террористік ұйымдар тізіміне Нигерия үкіметінің экстремистерге қарсы күресіне көмектесу мақсатында кіргізілген.

"Боко-Харам" тобының "Әл-Қаида" террористік ұйымымен байланысы бар деп саналады. Ұйым Нигерияның солтүстігінде шариғат заңдарын енгізуді көздейді.

"Ансар" - "Боко-Харамнан" бөлініп шыққан ұйым. Екі ұйым да 2009 жылдан бері мыңдаған адамның өліміне жауапты деп айыпталып келеді.

АҚШ Ресейден тікұшақ сатып алудан бас тартты

Ресейдің Ми-17 тікұшағы Ауғанстанда ұшып жүр. (Көрнекі сурет)
АҚШ "Сирия үкіметін қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған" Ресейден тікұшақ сатып алуды тоқтатады. Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрлігі Ресейден 345 миллион АҚШ долларына 15 Ми-17 тікұшағын сатып алып, Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштеріне бермек болған.

Бірақ 13 қарашада қорғаныс министрлігі бұл жоспарынан бас тартатынын хабарлады.

Республикашыл сенатор Джон Корнин қорғаныс министрлігінің "Рособоронэкспорт" мекемесімен қару саудасынан бас тарту шешімін қолдады.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ конгрессмендері арасында Ресеймен қару-жарақ саудасын жүргізу келісіміне қарсылар көбейіп келеді.

Конгресстегі Республикашыл және Демократиялық партиялардың өкілдері Сирия президенті Башар Асад әскеріне қару-жарақ жеткізетін Ресейден әскери техника алуға қарсылық білдірген.

Тағы

XS
SM
MD
LG