Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

СІМ Дубайға «ұсталған қазақстандықтар» туралы сұрау салды

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) «ұсталған қазақстандықтар» туралы хабарды анықтау үшін сол елдің билік органдарына сұрау жіберді. Бұл туралы сенбі күні Азаттыққа СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов хабарлады.

– Олардың ұсталғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін әзірге айта алмаймын, бірақ БАӘ-дегі біздің бас консулдығымызға олардың туыстарынан өтініш түскені рас. Қазір консулдық ресми тәртіппен БАӘ-нің тиісті органдарына сұрау жолдады. Әзірге оған ресми жауап келген жоқ, - деді ол.

Айтмаханов БАӘ-дегі Қазақстанның бас консулдығына қанша адамнан және кімдердің өтініш бергенін Азаттыққа айтпады.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде 30 қазанға қараған түні БАӘ-де оннан аса Қазақстан азаматтарын жергілікті билік орындары ұстап әкеткені туралы хабар тараған еді. Қазақстандық «Уральская неделя» газеті «ұсталғандардың екеуінің аты-жөндері Асылбек Шукранов және Нұрым Қуаныш екені белгілі» деп хабарлады. Басылым бұл ақпаратты БАӘ-нен, өз аты-жөнін атағысы келмеген қазақстандық хабарласып жеткізгенін айтады.

Шет мемлекеттерде «терроризмге қатысы бар» деген айыппен ұсталған немесе оққа ұшқан қазақстандықтар қатары жыл сайын өсіп бара жатқаны туралы Азаттық бұған дейін жазған.

Хан Саид Сажна - Пәкістандық Талибанның жаңа басшысы

Хан Саид Сажна (Халид). «Техрик-е-Талибан Пәкістан» тобы 2 қараша 2013 жылы жария еткен сурет.
Бүгін Пәкістанда үкіметке бағынбайтын қарулы топтар басшылары жиналып, осыдан бір күн бұрын қаза тапқан Хакимулла Мехсудтың орнына Хан Саид Сажнаны «Техрик-е-Талибан Пәкістан» қозғалысына басшы етіп сайлаған. Бұл туралы Машааль радиосы (Азаттықтың Пәкістандық қызметі) хабарлады.

Хан Саид Сажна (Халид деп те атайды) – Пәкістандағы қарулы топтар арасында белгілі тұлға. 2012 жылы Пәкістанның солтүстік-батысындағы түрмеге шабуылды осы адам ұйымдастырған деп саналады. Сол жолы түрмеден төрт жүзге жуық тұтқын қашып кеткен еді. Сондай-ақ басқа да шабуылдарға, соның ішінде 2011 жылы Карачидегі әскери-теңіз базасына жасалған шабуылға да Хан Саид Сажнаның қатысы бар делінеді.

Соңғы кезге дейін «Техрик-и-Талибан Пәкістан» қозғалысын басқарып келген Хакимулла Мехсудты 1 қараша күні Солтүстік Вазиристан провинциясында АҚШ-тың пилотсыз ұшағы әуеден соққы беріп өлтірген еді.

Қытайда фабрикада болған жарылыстан 11 адам өлген

Көрнекі сурет.
Қытайдың оңтүстігіндегі пиротехникалық заттар фабрикасында болған жарылыс салдарынан 11 адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жараланған. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдары бұл оқиға жұма күні Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында болғанын хабарлады.

Полиция осы кәсіпорынға қатысы бар деген болжаммен екі кәсіпкерді ұстаған. Жарылысқа не себеп болғаны анықталып жатқаны хабарланды.

Қытайда пиротехникалық бұйымдар шығаратын кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы салдарынан оқыс оқиғалар жиі қайталанады. Биыл маусым айында фейерверк зауыттарында болған екі жарылыс салдарынан 14 адам қаза болған. Оның алдында, ақпанда Хэнань провинциясында фейерверк артқан жүк автокөлігінде жарылыс болып, салдарынан оннан аса адам мерт болған еді.

Еуропа Кеңесі Бакуді саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс. Мәскеу, 11 сәуір 2013 жыл.
Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс Әзербайжанды Еуропа Кеңесіне төрағалық етпес бұрын елде либералдық өзгерістер жасауға шақырды.

Азақттық радиосына берген сұхбатында Мужниекс ресми Бакуді негізсіз айыптаулар бойынша түрмеде отырған әзербайжандық белсенділерді, журналистер мен оппозиция өкілдерін бостандыққа шығаруға, сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігін іс жүзінде құрметтеуге үндеді.

Еуропа Кеңесіндегі ауысым принципі бойынша, 2014 жылы мамырда Әзербайжан жарты жылға осы кеңеске төрағалық міндетін атқаруға кірісуі тиіс.

Өткен айда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мұсылмандардың Құрбан айт мерекесіне орай 152 тұтқынға рақымшылық жариялаған соң билікті сынаушы бірқатар тұлғалар түрмеден босап шыққан еді. Бірақ оппозиция белсенділері мен құқық қорғаушылар рақымшылыққа «саяси себептермен сотталған» өзге де тұтқындар ілінбей қалғанына наразылық білдірген.

Әзербайжанда биыл 9 қазанда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 85 пайызының қолдауына ие болған Ильхам Әлиев осымен үшінші мерзімге Әзербайжан президенті болып сайланды. Оппозиция сайлаудың ресми нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары «дауыс беру процесі кезінде кемшіліктер мен бірқатар мәселелер ұдайы байқалғанын» айтқан еді. АҚШ үкіметі ЕҚЫҰ бағасына қолдау білдірген.

Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясы «сөз бостандығына қатысты кейбір мәселелер болғанына қарамастан сайлау ашық, әрі демократиялық түрде өтті» деп баға берген.

Тәжік оппозициясы президент сайлауына бойкот жариялады

Президент сайлауы туралы жарнама. Қорғантөбе қаласы, Хатлон облысы, Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан социал-демократиялық партиясы (ТСДП) осы айда өтетін ел президенті сайлауына бойкот жариялады.

Жұма күні жариялаған мәлімдемеде оппозициялық партия сайлау науқаны «Конституцияны бұзып, мемлекеттік дәрежеде бұрмалаушылыққа жол беруге негізделіп» отырғаны туралы айтқан. Сонымен бірге ТСДП сайлауға түсуге ниет білдірген кандидаттардың шетелде жұмыс істеп жатқан тәжік азаматтарынан қолын жинауға тосқауыл қойылып, «бір жарым миллионнан астам тәжік мигранттарының» құқығы аяқасты болғанын айтады.

Бұған дейін Тәжікстан оппозициясы президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған Ойнихол Бобоназарованы сайлау комиссиясы тиісті мерзімге дейін тіркеуге қажетті 210 мың адамның қолын жинай алмады деп тіркемей қойған еді. Бобоназарова Азаттыққа берген сұхбатында сайлауға түсуден бас тартатыны туралы мәлімдеген.

Тәжікстанда 6 қарашада өтетін президент сайлауына үміткер алты адам тіркелген. Олардың арасында қазіргі президент Эмомали Рахмон да бар.

Сноуден АҚШ Конгресіне куәлік айтқысы келеді

АҚШ барлау қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден (сол жақта) мен Германия парламентінің депутаты Ханс-Кристиан Штребеле. Мәскеу, Ресей, 31 қазан 2013 жыл.
АҚШ барлау қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден АҚШ Конгресі алдында электрондық тыңшылыққа қатысты куәлік беруге ниетті. Бұл туралы Германия парламентінің депутаты Ханс-Кристиан Штребеле мәлімдеген. Ол бейсенбіде Сноуденмен Мәскеуде кездескен.

Жұма күні Германия ішкі істер министрі Ханс-Петер Фридрих осы елдің канцлері Ангела Меркельдің телефон әңгімелерін АҚШ Ұлттық агентігі жасырын тыңдап келгені туралы мәліметтерге қатысты Сноуден Германия билік орындарына куәлік беруге дайын екенін жеткізгенін айтқан болатын. Журналистерге әлгіндей деректерді Сноуден берген.

1 қарашада АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки «Эдвард Сноуден отанына тезірек қайтарылуы тиіс» деп мәлімдеген. Ол Сноуденге АҚШ заңнамасына сай құқықтық қорғау кепілдігі берілетінін айтқан. Бұған дейін Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни де осындай мәлімдеме жасаған еді.

Биыл жазда Ресейден уақытша баспана алған Эдвард Сноуден қазір сонда тұрып жатыр. АҚШ Сноуденді Ресейден қайтарып беруді сұрап отыр. АҚШ билігі Сноуденге «мемлекеттік құпияны жариялаған» деген айып таққан.

Жамбыл облысында көлік апатынан 3 адам мерт болды

Жол апатына түскен жолаушылар көлігі. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның Жамбыл облысында «Мерседес» маркалы шағын автобус пен «Камаз» жүк көлігі соқтығысып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 6 адам жараланған.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің (ҚТМ) хабарлауынша, оқиға 2 қарашада Астана уақытымен түнгі сағат 12.20-да Алматы – Ташкент тас жолының 441-шақырымында, Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында болған.

«Жол-көлік апаты салдарынан шағын автобуста отырған үш жолаушы сол жерде мерт болған. Автобус жүргізушісі мен бес жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алған, олар ауруханаға жеткізілді» делінген ҚТМ ақпаратында.

«Қаза болған үш әйелдің екеуінің аты-жөні белгісіз» деп хабарланды.

Бұған дейін, 31 тамызда Жамбыл облысында Алматы – Ташкент тас жолының бойында жүк көлігі мен жолаушылар автобусы соқтығысып, 10 адам мерт болған еді. Оның алдында, 25 тамызда Жамбыл облысының Қордай кенті маңында, Алматы – Ташкент тас жолындағы жол апатынан 10 адам опат болған.

Қазан айында үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр елде жол-көлік апаттарының көбейіп кеткенін, былтыр 2145 адам қаза болса, биыл жыл басынан бері 2273 адам мерт болғанын айтып, көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін күшейтуді тапсырған.

АҚШ әуежайындағы атыста бір адам оққа ұшты

Полицейлер әуежайдағы оқиғадан зардап шеккен адамды жедел жәрдем көлігіне апара жатыр. Лос-Анджелес, АҚШ, 1 қараша 2013 жыл.
Жұма күні таңтертең АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы халықаралық әуежайда бір адам оққа ұшып, алты кісі жараланды. Полиция әуежай ғимаратына кіріп, мылтықтан оқ жаудырған деген күдіктінің аты-жөні – Нью-Джерси штатының тұрғыны, 23 жастағы Пол Сиансия деп хабарлады.

Куәгерлер әуежайда оншақты рет атылған қару дыбысын естігендерін айтады. Оқиға салдарынан федералдық көліктегі қауіпсіздік басқармасының қызметкері қаза тауып, оның әріптесі аяғына оқ тиіп жараланған. Сонымен бірге тағы бірнеше жолаушыға оқ тиген. Қарулы адам мен күзетшілер арасында болған атыстан соң күдікті қолға түскен.

Зардап шеккен жеті жолаушыға медициналық көмек көрсетіліп, тағы бесеуі жергілікті ауруханаға жеткізілген. Олардың жарақаты қандай екені туралы ресми мәлімет жоқ, бірақ, дәрігерлер біреуінің жағдайы өте ауыр екенін айтқан.

Бейресми ақпарат бойынша, қарулы шабуыл жасаған адам да жараланған, оның сөмкесінен әуежай күзетшілері мен полицияның атына қоқан-лоққы сөздер жазылған қағаз табылған. Полиция бұл адам жалғыз өзі әрекет еткен болуы мүмкін деген болжам айтады.

Оқиға салдарынан Лос-Анджелес әуежайынан ұшатын және осында қонатын әуе рейстері уақытша шегеріліп, әуежайға баратын негізгі автокөлік жолы аз уақытқа жабылған.

Ақ үйдің баспасөз қызметі суыт оқиға туралы президент Барак Обаманың хабардар екенін айтты.

Пәкістанда Талибан басшысы қаза тапты

Пәкістандық Талибан қозғалысының жетекшісі Хакимула Мехсуд. Сурет 2008 жылы түсірілген.
Жұма күні Пәкістанның Солтүстік Вазиристан провинциясында АҚШ-тың пилотсыз ұшағы әуеден соққы беріп, осы елдегі Талибан қозғалысының жетекшісі Хакимула Мехсудты өлтірген. Бұл туралы ақпаратты Машааль радиосына Талибан өкілі растаған.

Барлау органдарындағы дерек көздерінің айтуынша, әуе соққысынан Мехсудпен бірге оққағары мен жүргізушісі де мерт болған. Рейтер агенттігі Мехсуд сенбі күні Солтүстік Вазиристанның орталығы Мираншах қаласында жерленетіні туралы хабарлады.

Мехсудтің қаза тапқаны туралы бұған дейін де бірнеше рет хабар тарағанымен, кейін оның тірі екендігі белгілі болған еді. 2009 жылы Талибан жетекшісі АҚШ пилотсыз ұшағының соққысынан қаза болған соң, қозғалыс басшылығына Хакимула Мехсуд келген болатын.

Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасындағы Солтүстік Вазиристан провинциясы Талибанның бақылауындағы аймаққа жатады. Жыл басынан бері бұл өңірде АҚШ пилотсыз ұшақтары Талибан басшыларына қарсы бірнеше рет әуеден соққы берді.

Өткен айда Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф АҚШ президенті Барак Обамамен кездескенде одан пилотсыз ұшақтар шабуылын тоқтатуды сұраған.

АҚШ-тың Washington Post газеті Пәкістан мен АҚШ үкіметтерінің құпия құжаттарына сілтеме жасап, "Исламабад бірнеше жыл бойы Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) солтүстік-батыс аймақтарында пилотсыз ұшақтардан шабуыл жасауына рұқсат беріп келгенін" хабарлаған еді.

Мемлекеттік хатшы АҚШ өкілімен кездесті

Қазақстан мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин.
Қазақстан мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин жұма күні АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен кездесті.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы "стратегиялық серіктестік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, мәдениет пен білім салалары бойынша кең ауқымды мәселелерді" талқылаған.

Тәжин екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетудің маңыздылығын атап өткен.

Өткен жиырма жыл ішінде АҚШ Қазақстан экономикасына 24 миллиард доллар инвестиция салған. Қазақстанда экономиканың жетекші салаларында 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр деп хабарлайды Қазақстан президентінің ресми сайты.

Бұған дейін Джон Ордвейдің Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевпен, әділет министрі Берік Имашевпен және ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездескені туралы хабарланған еді.

Агенттік бензин неге қымбаттағанын түсіндірді

Алматыдағы жанармай құю бекеттерінің бірі. (Көрнекі сурет)
АИ-92 маркалы бензин тапшылығының алдын алу үшін оның бағасы қымбаттатылды деп мәлімдеді бүгін Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлімдеді.

"Жыл бойына мұнай бағасы құбылып тұрғандықтан әр ай сайын бізге бағаны өзгертіп тұру қажет еді. Бірақ біз нарықты тұрақтандыруды жөн деп тауып, бағаны өзгертпедік. Ешқандай тапшылық болған жоқ әрі зауыттар қажетті сұранысты өтеп тұрды. Бірақ қазанда жағдай өзгеріп, АИ-92 маркалы бензиннің тапшы болу қаупі туындады" деді Оспанов.

Оның айтуынша, Қазақстанға қажетті АИ-92 маркалы бензиннің 40 пайызы импортталады. Қалғанын қазақстандық зауыттар өндіреді.

"Бензин тапшылығын болдырмау үшін және Ресейден жақсы бензин алу үшін бағаны қымбаттатып, 15 қыркүйектен бастап мұнай баррелінің орташа бағамы негізге алынды" деді ол.

25 қазанда Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің бағасы бұрынғы 110 теңгеден 115 теңгеге қымбаттаған еді.

Каримова қауіпсіздік қызметі басшысын айыптады

Гүлнара Каримованың Twitter-дегі парақшасынан скрин-шот.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятовты "елді басқаруға ұмтылып отыр" деп айыптады.

Twitter-дегі жазбасында Каримова Инаятов туралы "Өзбекстанның келесі президенті болу жолында күресін бастады" деп жазды. Бірақ "Инаятов өзінің танымалдығынан қорқады" дейді Каримова.

Инаятов Өзбекстандағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады.

Гүлнара Каримова бұған қоса өз бақылауындағы Terra Group медиа-холдингіне қатысты қаржылық тергеулерді сынап, "ойдан шығарылған" деп атады.

Соңғы күндері Каримованың бақылауындағы бірнеше радио мен телеарна қызметін тоқтатып, Terra Group холдингінің банктік есеп-шоттары бұғауланған.

Гүлнара Каримова Өзбекстанды 1990 жылдан бері басқарып отырған 75 жастағы әкесі Ислам Каримовтың ықтимал мұрагері саналып келген еді.

Қытай Пекиндегі "жарылысқа жауаптыны" атады

Пекин алаңындағы өрт
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00
Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжоу 28 қазанда Пекиннің "Тяньаньмэнь алаңында болған көлік жарылысына "Шығыс Түркістан ислам қозғалысының" содырлары жауапты" деп мәлімдеді. Бірақ ол бұдан өзге ақпарат бермеді.

28 қазанда Тяньаньмэнь алаңында жүрген жұрт арасына кіріп кеткен автокөлік алдымен жарылып, одан кейін өртенген еді. Оқиға алаңның солтүстік бөлігінде, «Жабық қалаға» кіретін қақпаға жақын тұстағы Мао Цзе Дуньнің үлкен суреті ілінген маңда болған. Кейін билік орындары оқиға салдарынан автокөлікте отырған үш адам және сол маңда жүрген екі жаяу жүргінші қаза болғанын мәлімдеді. Кейбір баспасөз құралдары "бұл оқиғадан 38 адам жараланған, арасында шетелдік туристер мен полиция өкілдері бар" деп хабарлады.

Пекин полициясы жарылысқа ұйғыр азаматтары - ер адам мен оның әйелі және шешесі кінәлі деп хабарлаған. Полиция бұдан өзге "шабуыл жасауға сөз байласты және террорлық актілер жоспарлады" деген күдікпен аты-жөні этникалық ұйғыр екенін білдіретін бес азаматты тұтқындаған.

"Шығыс Түркістан ислам қозғалысы" Пекиндегі жарылыс жауапкершілігін мойнына алған жоқ.

Бішкекте Серік Ахметов жүгін таситын көлік соқтығысты

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов.
Бүгін Бішкекте Қырғызстанға сапармен барған Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметовтің жүктерін алуға бара жатқан шағын автобус жол апатына ұшырады деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Қазақстан премьерінің жүгін алып келуі тиіс Ford Transit шағын автобусы қала көшелерінің бірінде жеңіл Honda Fit көлігімен соқтығысып қалған. Төтенше оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

Оқыс оқиғаны Азаттыққа Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы жол-патруль қызметінің кезекші қызметкері де растады.

Бүгін таңертең Бішкекке жұмыс сапарымен барған Серік Ахметов Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Олар екіжақты байланыс, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы қарым-қатынас мәселелерін талқылаған.

Қазақстанда әмбебап полицейлер қызметке кірісті

Патрульдік полиция. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда бүгіннен бастап әмбебап полицейлер қызметке кірісті. Бұған дейін әкімшілік және жол полициясы біріктіріліп, қайта жасақталған еді.

Астана қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әмбебап полицейлер "азаматтардың жеке бас және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті және жолдағы қауіпсіздікті сақтайды әрі қылмыстарды ашып, қылмыскерлерді ұстайды".

Әмбебап полицейлер әкімшілік полиция басқармасының құрамында болады.

Мухортованы психикалық ауруханадан шығарды

Мухортованы босатты
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:16 0:00
Жүктеп алу
Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова жұма күні Астанадағы "Психикалық денсаулық медициналық орталығынан" шығарылды деп хабарлады Азаттық тілшісі. Бұл орталықта ол 30 қыркүйектен бері өзіне тағайындалған психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесін күтіп жатқан. Бірақ сараптама нәтижесі әлі шығарылған жоқ.

- Бостандыққа шыққаныма қуанып тұрмын, - деді ол орталықтан шыққан соң Азаттыққа.

Ауруханадан босап шыққан Мухортованы туысы Наталья Абент пен "Қадыр-қасиет" қоғамдық бірлестігінің өкілдері күтіп алды.

Зинаида Мухортова Астанадағы орталыққа түскенге дейін бірнеше ай бойы Балқаштағы психиатриялық диспансерге мәжбүрлеп жатқызылған еді.

Мухортова Балқаш қаласының бірнеше тұрғынымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына және "Нұр Отан" партиясына депутат Ерлан Нығматулиннің үстінен шағым жазғаннан кейін қудалана бастаған.

Мухортоваға қатысты жағдай Азаттықта жазылған соң ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарына іліккен еді. Халықаралық ұйымдар оны "саяси себеппен қудаланып отыр" деп санап, Қазақстан билігінен оған тағылған айыптарды алып тастауды және өзгеше ойлайтындарды психиатриялық ауруханаға жатқызатын советтік әдісті тоқтатуға шақырған.

Израиль Сирия аумағына әуеден соққы берді

Сирия картасы. Көрнекі сурет.
Батыс ақпарат құралдары Израиль ұшақтары бейсенбіде Сирияның Латакия портты қаласына жақын маңдағы әскери базаға әуеден соққы бергені туралы хабарлады.

Сирия оппозициялық күштері базада ресейлік зымырандар сақталғанын айтады. АҚШ-тың аты-жөнін атамаған шенеунігі CNN-ге "Израиль зымырандар ливандық "Хезболла" ұйымына берілуі мүмкін деп санайтынын" айтқан.

Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымының хабарлауынша, 30 қазан күні кешке Латакия маңындағы әуе базасында жарылыс болған.

Ливан әскерилері 30 қазанда Израильдің алты әскери ұшағы Ливан территориясынан ұшып өткенін айтады.

Бұған дейін Израиль Дамаск маңындағы нысандарға қаңтарда бір рет, мамырда екі рет соққы берген. Шілдеде Латакия маңында орналасқан Сирия әскери-теңіз күштері құрылғысын жойып жіберген әуе соққысын да Тель-Авив жасады деген болжам бар.

SOHR: Сирияда қаза тапқандар 120 мыңнан асты

Минадан бүлінген автокөлік қаңқасы. Дамаск, Сирия, 30 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымының хабарлауынша, Сирияда 2011 жылы наурызда халық толқулары басталғалы бері қаза тапқан 120 мың 296 адам тіркелген. Олардың 42 мың 495-і - бейбіт тұрғындар.

Құқық қорғаушылардың дерегі бойынша, мерт болғандар арасында ливандық "Хезболла" ұйымының 187 сарбазы, үкімет күштері жағында соғысқан сириялық емес 61 сарбаз, кім екені анықталмаған 2 мың 772 адам бар.

Биыл 25 шілдеде БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сириядағы қақтығыстарда құрбан болған адам саны 100 мыңнан асқаны туралы мәлімдеген еді.

Ішкі істер министрі АҚШ өкілімен кездесті

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі міндетін уақытша атқарушы Джон Ордвеймен кездесті.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасымов пен Ордвей "қылмыспен күрес мәселелерін, қауіпсіздікке төнетін жаңа қауіп-қатерлермен күрестің жай-күйі мен келешегін" талқылаған.

Қасымов АҚШ өкілін қоғамдық тәртіпті қадағалау, қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен және ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформалардың барысымен таныстырған.

Джон Ордвей бұған дейін Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевпен және әділет министрі Берік Имашевпен де кездескен.

Украинада гейлерге қарсы акция өтті

Киевте гейлерге қарсы өткен акция. 3 қыркүйек 2013 жыл.
Украинадағы гейлер құқықтарына қарсылар Еуропа Одағымен (ЕО) ассоциация туралы келісімнен жыныстық азшылықтарды кемсітушілікке тыйым салатын ережені алып тастауды талап етті. Киев ЕО-мен келісімге қарашада Вильнюсте өтетін саммитте қол қоюды жоспарлап отыр.

Украиналық ата-аналар комитетінің ондаған мүшесі 31 қазанда Польшаның Киевтегі елшілігі алдында акция өткізіп, "жыныстық азшылық өкілдерін кемсітуге тыйым салу гомосексуалистер диктатурасын орнатуға соқтырады" деп мәлімдеді.

Акцияға қатысқандар қазір Киевте сапарда жүрген Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневскийдің атына хат жазып, оны "Украинаның отбасылық құндылықтарын сақтауға" шақырды.

Биыл ақпанда Украина Жоғарғы Радасына жыныстық азшылық өкілдерін кемсітуге тыйым салатын заң жобасы түскен. Жоба ЕО-мен ассоциация туралы келісімге қол қою мақсатында ұсынылған.

Жоғарғы Рада бұл заң жобасын әлі талқылап жатыр.

Өзбекстан БҰҰ азаптауға қарсы комитет жиынын тоқтатты

Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры Акмал Саидов.
Өзбек делегациясының басшысы Акмал Саидов БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде Өзбекстандағы азаптауды тоқтату шаралары қарастырылып жатқан жиынды ортасынан үзді.

Женевада өтіп жатқан жиында азаптауға қарсы комитет өкілдері Өзбекстандағы азаптау, азаматтарды мәжбүрлі түрде жұмысқа тартудың жиілеуі мен азаматтық қоғам шарттарының орындалмай отырғанына алаңдаушылық білдірген. Комитет әсіресе мақта алқаптарында балалар еңбегі пайдаланылатынын мысалға келтірген.

Жиын үстінде Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры және өзбек делегациясының басшысы Акмал Саидов бұған наразылығын білдіріп айқайлап, үстелді жұдырығымен қойып қалды.

Акмал Саидов БҰҰ азаптауға қарсы комитетін "саяси сыңаржақ ұстанымда" деп айыптап, "Өзбекстандағы адам құқықтарына қатысты берген баға үкімет ұсынған деректерге емес, үкіметтік емес ұйымдардың біржақты мәліметтеріне негізделген" деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті төрағасының орынбасары, Өзбекстандағы жағдайды бақылаумен айналысатын Фелис Гаер "ұйым тұжырымын нақты фактілерге сүйеніп жасайды" дейді.

Қазақстанда "Миранда ережесі" пайда болуы мүмкін

Көрнекі сурет.
Қазақстан полицейлеріне енді күдіктілерді ұстаған кезде оларға құқықтары туралы айтып беру міндеті жүктелуі мүмкін. Бұл туралы бүгін парламентте қылмыстық-процессуалдық кодекстің жаңа жобасын таныстыру кезінде бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель хабарлады.

АҚШ-та қолданылатын "Миранда ережесі" сияқты, жобаға полицейлерді күдіктіні ұстау кезінде оған құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде адвокат жалдау құқығы, ешнәрсе айтпай үнсіз қалу құқы барын және барлық айтқандары күдіктінің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін ескертуді міндеттейтін ережелер кіргізілген.

Меркельдің айтуынша, бұған қоса жаңа кодекс жобасында күдікті кінәсін мойындаған жағдайда және тергеу ісіне көмек көрсетсе жазасын жеңілдету мүмкіндіктері де қарастырылған.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің бұл нұсқасы қабылданар болса, Қазақстан Орталық Азияда заңнамасында "Миранда ережесі" қолданылатын алғашқы мемлекет болмақ.

Бас прокурор АҚШ-тың уақытша өкілімен кездесті

Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев.
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі міндетін уақытша атқарушы Джон Ордвеймен кездесті. Бұл туралы бас прокуратураның ресми сайты хабарлады.

Кездесуде Дауылбаев пен Ордвей негізінен терроризм және экстремизммен, трансұлттық қылмыспен күреске қатысты мәселелерді талқылаған.

Джон Ордвей бұған қоса Қазақстан әділет министрі Берік Имашевпен де кездесіп, адам саудасына қарсы күрес, сот шешімдерінің орындалуы мәселелеріне қатысты әңгімелесіп, пікір алмасқан.

Жерге ұқсас ғаламшар табылды

Жаңадан табылған Жерге ұқсас "Кеплер-78б" ғаламшары. НАСА түсірген сурет, 30 қазан 2013 жыл.
АҚШ ғалымдары Күн жүйесінен тыс орналасқан Жерге ұқсас ғаламшарды тапқандарын хабарлады.

Ғалымдар жаңа ғаламшар Жерге көлемі жағынан ғана ұқсас емес, онда темір мен тау жыныстары да бар дейді.

Кеплер-78б деп аталатын жаңа ғаламшар Күннен әлдеқайда кіші, 400 жарық жылына тең қашықтықтағы жұлдызды айналады.

Ресейде Әблязовтың адвокатының қамау мерзімі ұзарды

Елена Тищенко сот залында. Мәскеу, 3 қыркүйек 2013 жыл.
Мәскеудің Тверь аудандық соты қазақстандық бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың адвокаты Елена Тищенконы қамауда ұстау мерзімін 2014 жылдың ақпан айына дейін ұзартты деп хабарлады ресейлік "Коммерсант" басылымы.

Тищенконы қамауда ұстау мерзіміне қатысты сот отырысы 30 қазанда өткен. Сот тергеушілердің "Тищенконың ісі бойынша әлі біраз тергеу жүргізу қажет" деген сұрауын ескерген. Қорғаушылары Тищенконы 40 миллион рубль кепіл төлеп қамаудан босатуды сұрағанымен, сот тергеу тарабын қолдаған.

Адвокат Елена Тищенко 31 қыркүйекте Франциядан Мәскеуге келген бойда ұсталып, қазанның басында екі айға қамалған. Тергеу деректері бойынша, Тищенко Мәскеуде Әблязовтың "қылмыстық жолмен иемденген мүліктерін заңдастырумен айналысқан". Елена Тищенко - Украина азаматы, Францияда тұруға рұқсат алған.

Мұхтар Әблязов 31 шілдеде Францияның оңтүстігінде Украинаның сұрауы бойынша ұсталған еді. Оны "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп Қазақстан мен Ресей де сұратқан.

2005-2009 жылдары Қазақстанда "БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты "5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды" деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінген. 2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен.

Әзірге Франция соты Мұхтар Әблязовты абақтыда ұстап отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG